Демократияланудың толқындары. Саясаттанушы ғалымдар әлемдегі демократияландыру процесін үш кезеңге – үш толқынға бөлген:
1 Бірінші кезеңі, АҚШ-та XIX ғасырда демократияның қағидалар мен рәсімдер даярланып, І-ші дүниежүзілік соғыстың аяғына дейін Еуропа елдеріне тараған. І-ші демократияландыру толқынына Германияда нацизм, Италияда фашизм, КСРО-да тоталитаризм үстемдік құруы кедергі жасап, бұл процесс тоқырап қалды.
2 Екінші кезең, ІІ-ші дүниежүзілік соғыста фашизм жеңіліс тауып, Германияда, Италияда, Жапонияда демократия қайтадан орнап, оның қағидалары мен рәміздері кеңінен тарала бастады. Дегенмен де, ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында кейбір мемлекеттердің авторитарлық үрдіске қайта оралуына байланысты демократияландыру процесі қайта тоқырауға ұшырады.
3 Үшінші толқынның басталуына 1974 жылы Португалияда диктатор Салазар мұрагері Каэтанды өз әскері бас көтеріп, орнынан алуы себепші болды. Осындай жағдайға Испаниядағы Франко диктатурасы мен Грекиядағы әскери хунта да ұшырады. Бұл толқын Латын Америкасын қамтып, Оңтүстік-Шығыс Азияға тарай бастады. 1991 жылы Кеңестер Одағы құлап, ондағы 15 республика тәуелсіздік жариялап, демократиялық жүйені таңдады.
Бірінші толқын кейбір елдерде фашизм мен тоталитаризм етек алғаннан, екінші толқын кейбір елдердің авторитарлық билікке қайтып оралғанынан дағдарысқа ұшыраған болатын.
Қазіргі заманғы демократия теориялары мен түрлері. Бұл өлшемдерге сай келетiн кез-келген саяси тәртiптi «демократия формасы» деп атаймыз. Демократия ұғымына ағылшын саясаттанушысы Д. Хелдтiң теориялық моделiбойынша қарап көрелiк.
1) «Протективтi» (қорғаушы) демократия бойынша (Т. Гоббс, Дж. Локк, Ш. Монтескье, Дж. Мэдисон, И. Бентам, Дж. Милль). Бұл моделдi жақтаушылар демократия – азаматтарды билiктiң шырмауынан, жеке адамдардың заңсыз әрекетiнен сақтауға, жалпы мүдделер негiзiнде басқаруға көмектеседi деп санады. Егемендiк халықта, ол өз өкiлдерiн сайлау арқылы белгiлеп, соларға сенiм артады. Бұл моделдiң негiзгi айырмашылығы – мемлекет пен азаматтық қоғамның аражiгiн ажыратып, билiктегiлердiң қоғамдық өмiрге көп араласпауын қалайды, әсiресе экономикаға. Протективтi демократияның басты қағидасы – өндiрiс құралдарына жеке меншiк пен нарықтық экономика. Сондай-ақ, саяси топтардың бәсекелесуi құпталады.
2) «Дамушы» демократия (Ж.Ж. Руссо). Ұлы француз ағартушысының пайымдауынша, демократия тек мемлекеттiк механизм ғана емес, сонымен қатар адамдарды жетiлдiрушi қызметтi атқаруы қажет. Яғни, ол әрбiр адамның саяси шешiмдерге қатысуын армандады. Сонымен бiрге, ол билiктiң заң шығарушы және атқарушыға бөлiнуiн қалады.
Ж.Ж. Руссо пiкiрi бойынша алдыңғы саяси тәртiптердiң негiзгi кемшiлiктерi – билiктiң моралдық аспектiлерiне және оны пайдалануға назар аудармаулары.
Ж.Ж. Руссо ұсақ меншiктi жақтаушы, ол барлығы азаматтарға тең бөлiнуi керек деп есептедi және фабрикалық өндiрiске қарсы болды. Көп жағдайда оның көзқарасы утопиялық болды, сондықтан дамушы демократия еш уақытта iске аспады. Бiрақ жетiлген саяси тәртiптi iздеушiлерге теориялық көмектер бердi.
3) «Мемлекеттiң жойылуы» моделi (К. Маркс). К. Маркс еркiндiктi экономикалық езгi жойылуымен байланыстырды, әрі оның негiзгi агентi мемлекет болып табылады деп есептедi. Сондықтан мемлекеттiк емес жолмен дамуды марксизм шынайы демократия жолы деп атады. Яғни халықтың жиналыстары өз мәселелерiн шешушi органдарға айналуы тиiс едi. Бұл құрылыс коммунистiк революция жолымен орнатылады, онда белгiлi бiр кезеңге дейiн «пролетариат диктатурасы» сақталынады, негiзгi мiндеттi - өзiн-өзi басқаруға жағдай жасау. «Франциядағы азамат соғысы» атты еңбегiнде К. Маркс «жойылушы» мемлекеттiң институттық өзгешiлiгiн жазады. Оның негiзi халық жиналысы жататын сайланбалы органдардың пирамидасы, яғни тiкелей демократия болып табылады. Барлық қызмет орны – тек сайланбалы ғана емес, сондай-ақ шақырылып алына алады да. Билiктiң бөлiнуi, кәсiби бюрократия, әскер және полиция жоқ. Мемлекеттiң жойылуы әзiрге утопиялық идея.
4) «Жарысушы элитизм» (М. Вебер, И. Шумпетер). Демократияны техникалық механизм ретiнде қарастырады. Мемлекеттiк басқаруды дарынды және сауатты элитаның жүргiзуi тиiс екендiгi айтылады. Атқарушы билiк жүйесi өз жұмысын саясатқа араласпайтын бюрократия арқылы жүргiзгенi тиiмдi делiнедi.
Бұл моделге американ саясаттанушысы К. Мангеймнiң көзқарастары жақын. Ол еркiндiктердiң қоғамда сақталуы үшiн саяси элита әлеуметтiк-тарихи үрдiстердi оңды жаққа бұрып отыруы керек деген тұжырымдарды келтiредi. Бұны әлеуметтiк практикада жүзеге асыру үшiн «әлеуметтiк технологияны» қолдану керек (белгiлi бiр акциялар, реттеушi қадамдар арқылы) деген көзқарасты ұстанады. Сөйтiп, К. Мангеймнiң пiкiрiнше, «әлеуметтiк технологияны» қоғамдық-саяси процестердi реттеуде қолдану екi түрлi қауiптен құтқарады.
а) құндылықтар анархиясынан әрбiр адамның өзiнше ұстанымдармен жiктелiп кетуi;
б) қоғамдық өмiрдi жаппай (тотальды) түрде шектеуден. Бұл теорияны жақтаушылар Батыста көптеп саналады.
5) «Плюралистiк» (әралуандық) демократия (Д. Трумэн, Р. Даль). Саяси шешiм қабылдарда әртүрлi саяси топтардың қатысуын қолдайды. Ал, үкiмет сол сияқты күштердiң басын бiрiктiрушi, байланыстырушы қызметтi атқарғанын қалайды. Қоғамдық пiкiрдiң маңызын жоғары көтерудi мақсат етедi. Бұл тұрғындардың қатысуы жоғары болғандығымен, өзектi мәселелердi талқылауда саяси мәдениетiнiң белсендiлiгiмен астасып жататын құбылыс. Өйтпейiнше, әралуандылықты желеу етiп, ыдыратушы күштердiң арандату әрекеттерi көбеюi мүмкiн. Ал, ендi бiздiң елiмiздегi саяси-әлеуметтiк ахуал жөнiнде, олардың кейбiр үрдiстерi туралы айтатын болсақ, онда ескеретiн бiр жәйт бар: ол өтпелi кезеңге сәйкес келетiн кейбiр сипаттар. Мәселен, Қазақстан халқының саяси белсендiлiгi деңгейiн анықтауға арналған нақты социологиялық зерттеулердiң нәтижелерi бойынша, эксперттер арасында пiкiрлерге сүйенсек тұрғындардың негiзгi назары әлеуметтiк мәселелелерге шоғырланған. Бұл азаматтардың жалпы саяси белсендiлiгiнiң төмендiгiн бiлдiредi.
6) «Легальды» (жария) демократия (Ф. Хайек, Р. Нозик). Бұл құқық-тық қорғауды жақтайтын көзқарастаp. Ол ұжымдық принциптердi қолдаудың түбi диктатураға, тоталитаризмге апаратынын ескертедi. Демократиялық дамудың әртүрлi қырларын зерттеушiлер осы құқықтық мәселенiң (азаматтық, мемлекеттiк деңгейдегi) қазiргi өтпелi кезеңдегi елiмiз үшiн маңызды екенiн өз еңбектерiнде атап кетiп жүр. Бұл демократияны саясаттану тұрғысынан зерттеулердiң заң ғылымдарымен байланысатын тұсы екенiн де байқаймыз.
7) «Партиципаторлы» демократия (ағылшыншадан аудармасы – «қатысушы», Н. Пуланцас, К.Б. Макферсон, К. Пэйтмен). Негiзiнен азаматты тәрбиелеуге назар аударады. «Жеке азаматтар өздерiнiң мүдделерiн, өмiрлiк жоспарларын ұжымдық мүдделермен, қоғамдық қалыптармен үйлестiрiп отырса ғана демократиялану процесi жүредi» деген түсiнiктi ұстанады. Ол үшiн қоғамдағы әрбiр адамның жеке дауысы басқалармен тең болуы керек. Әрбiр адамда ұжымдық шешiмдердi қабылдауда өз пiкiрiн бiлдiре алатын мүмкiндiгi болуы керек, әркiм саяси мәселелердi анық түсiнуi қажет, халқында соңғы шешiм қабылдау құқы болуы керек, демос өзiнiң құрамына ақыл-есi дұрыс еместерден басқа азаматтарды енгiзуi керек.
Лекция-9. Сайлау және сайлау жүйелері 1. Сайлау демократияның міндетті шарты ретінде. Сайлау жүйелерінің мәні мен сайлау жүйелерінің негізгі түрлері. Сайлау жүйелерінің қазіргі концепциялары. Мажоритарлы сайлау жүйесі, оның түрлері мен модификациясы. Пропорционалды сайлау жүйесі, оның түрлі елдердегі ерекшеліктері. Аралас сайлау жүйелері.