№11 лекция
ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ СӨЗДІКТЕРДІ ШЫҒАРУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
1990 жылдардан кейін қазақ терминологиясында жаңа көзқарас, бағыттардың пайда болуына байланысты терминологиялық сөздіктер де көптеп шығарылып, практикалық қазақ терминографиясында көптеген жұмыстар шығарыла бастады. Бірақ олардың көпшілігі терминография теориясында жалпы тіл білімінде қалыптасқан негізгі принциптер мен талаптарды ескере бермейді. Сондықтан бұл терминологиялық сөздіктер кейбір терминдердің қалыптасуына ықпал еткенімен, салалық терминдер жүйесін реттеуде, бірізге түсіруде әлсіз болып отыр. Бұл практикалық терминографияда ескеруге тиісті, сақталуға тиісті кейбір басты талаптарды теориялық терминография тұрғысынан анықтап, көрсетіп беруді қажет етеді. Яғни, қазақ терминографиясының зерттеу нысанына жататын маңызды мәселелердің бірі – терминологиялық сөздіктерге қойылатын талаптар. Бұл сөздіктердің сапалық жағынан жақсаруына ықпал ететін, сөздік жасау тәжірибесінде үнемі қадағаланып, дамып отыруға тиісті, терминдердің бірізге түсірілуімен тығыз байланысты, олардың жүйеленуіне ұйтқы болатын мәселелердің бірі екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Терминологиялық сөздіктерде сақталуға тиісті талаптарды бір ғана зерттеу арқылы немесе ғылыми мақала арқылы түгел көрсетіп беруге болады және олардың қатары 17 шектеулі деп айта алмаймыз. Дегенмен, мейлі практикалық терминография тұрғысынан болсын, теориялық терминография тұрғысынан болсын олардың бастыбасты түрлері мен соған сәйкес сол талаптардың негізінде терминологиялық сөздіктер құрылымында көзделетін мақсаттар көрсетілген жөн. Ал, тәжірибе барысында айқындалып жататын немесе әр сөздік түріне қатысты сөздік түзу ісінде байқалып жататын өзіндік ерекшеліктер мен талаптар осы негізгі талаптардың қатарын толықтырып, терминографияның жан-жақты дамуына үлес қоса алмақ. Мұндай тұжырымдар тізбегін түйіндей келіп, зерттеу нәтижесінде байқалған бірқатар талаптарды көрсетуге болады.
Терминологиялық сөздіктердің қатары қазақ тіл білімінде жетерлік. Соған байланысты бұл салаға қатысты шешімін табуды талап ететін сұрақтар қатары да баршылық. Соңғы кезеңдерде олардың санының көбеюімен байланысты аталған саладағы сұрақтар да көбейе түсті. Сонымен бірге терминологиялық сөздіктерге қатысты маңызды сұрақтардың шешімін табуы терминография саласын қалыптастырып, лексикографиядан ара жігін ажыратып көрсету үшін де тиімді болмақ.
Аталған терминологиялық сөздіктердің сапалық жағынан жақсаруы да осы терминография саласының дамуымен тікелей байланысты. Сондықтан бұл саланың дамуы үшін терминологиялық сөздіктерді жасаудың тиімді әдіс-тәсілдерін зерттеумен айналысу, әр түрлі терминологиялық сөздік түрлерін анықтау және оларға тән ерекшеліктер мен олардың әрқайсысының мақсаттарын айқындап көрсету, сөздіктердің құрылымдық ерекшеліктерін анықтау, терминологиялық сөздіктерді арнайы ерекше тілдік нысан ретінде қарастыру және терминологиялық сөздіктерді автоматтандыру (информатика тіліне салып, программалау) сияқты т.б. толып жатқан бірқатар маңызды жұмыстарды іске асыру қажет.
Сонымен, терминографиядағы маңызды мәселелердің бірі – терминологиялық сөздіктерге қойылатын өлшем-талаптар. Бұл сөздіктердің сапасына ықпал ететін оның деңгейін көтерумен тығыз байланысты бірден-бір сұрақтардың бірі. Терминография саласын зерттеген тілші-ғалымдар осы уақытқа дейін терминологиялық сөздіктерге тән бірнеше талаптарды, яғни өлшемдерді әр қырынан атап көрсетеді. Мұндай еңбектердің қатарына Л.В.Щербаның, А.Гердтың, С.В.Гриневтың және т.б. ғалымдардың еңбектерін атай аламыз. Олардың әрқайсысы терминологиялық сөздіктердің құрылымына әр қырынан тоқтала отырып, соған сәйкес сөздіктерге қойылатын талаптарды белгілеп береді. Бұл талаптардың орындалуы сөздік сапасына тікелей әсер ететіндігі сөзсіз. Себебі, көрсетілген талаптар әр сөздіктің негізделген мақсатымен тікелей байланысты. Мысалы, Л.В.Щерба өз еңбегінде терминологиялық сөздіктерге тән нормативтік, қажетті лексиканың толық қамтылуы, олардың бірізді жүйемен берілуі, сөздіктің белгілі мақсатты көздеуі, хронологиялық тәртіпті сақтауы сияқты бірнеше өлшемталаптарды атап көрсетеді.
Ал осы терминография саласымен айналысатын орыс тілшісі С.В.Гринев өз мақаласында сөздіктердің құрылымына, автордың ерекшелігіне, қамтыған тақырыбына (саласына), қай мерзімдегі тілдік материалдарды қамтуына, сөздіктің қамтыған тіліне, мақсатына, қызметіне, көлеміне және тілдік лексиканы беру тәсілдеріне байланысты бірнеше өлшем-талаптарды қарастырып, атап өтеді.
Терминографиядағы ең басты мәселелердің бірі терминологиялық сөздіктердің түрлерін анықтап, жүйелеу. Өйткені сөздік түрлерінің анықталуы олардың құрылымдық ерекшеліктерінің, мақсаты мен қызметі сияқты қосымша өлшемдерінің 18 айқындалуына мүмкіндік бермек. Бұл терминологиялық сөздік жасаушылар мен сөздікті қолданушылардың жұмысын жеңілдетіп, әр түрлі сөздіктердің құрылымындағы айырмашылықтарды ажыратып, сөздік құрылымдарының олардың қызметіне сәйкес болуын қамтамасыз еткен болар еді. Сондықтан терминологиялық сөздік түрлерінің жүйеленуі терминологиялық сөздіктерге қатысты өзге де сұрақтардың шешімін табуға көмектеспек. Бұл жөнінде аталған мақаласында С.В.Гринев: «Основными проблемами современной теории терминографии являются: создание надежной классификации и типологии специальных словарей...»,-дей келіп, одан әрі: «Проблемы создания надежной типологии словарей специальной лексики являются первоочередной по отношению к общей проблеме выработки методологии создания словарей, так как определение и всесторонний анализ существующих типов словарей необходимы для установления общих принципов их создания, учета особенностей реализации этих принципов при подготовке отдельных разновидностей словарей и выработки единообразных подходов к описанию лексики в однотипных словарях»,-деп көрсетеді.
Демек, әр сөздік түрін жасаудың нақты әдістемесін көрсетіп, қызметі мен мақсатына сәйкес оларды жасауда ұстанатын принциптерді анықтау қажет.
Сондықтан қазақ терминографиясындағы терминологиялық сөздіктерге тән маңызды деген талаптарға тоқталып өту қажет.
Сөздіктерге қойылатын өлшем-талаптардың бірі – олардың мақсаты мен қызметіне байланысты түрлері. Қазақ терминологиялық сөздіктерін негізінен аударма сөздіктер және түсіндірме сөздіктер ретінде қарастырған дұрыс. Түсіндірме сөздіктердің өзі қазақ терминографиясында аз деуге болады. Соңғы жылдары әр салаға қатысты шығып жатқан терминологиялық сөздіктердің дені де аударма мақсатындағы сөздіктер. Тіпті 31 томдық сериялық сөздіктің (2000) құрылымы да екі тілдегі аударма сөздік болып табылады. Терминологиялық сөздіктерге тән ерекшеліктердің бірі – олардың мақсаты. Олар қызметіне байланысты аударып беру, түсіндіру, ақпарат, мәлімет беру сияқты мақсаттарды көздейді. Алайда, аталған мақсаттардың жүзеге асырылуы үшін олардың құрылымы көздеген мақсаттарға сәйкес келуі тиіс. Мысалы, аударма сипатындағы сөздік болғандықтан, екінші тілдегі баламасы толық аударма түрінде берілуі тиіс. Өкінішке орай, қазақ терминографиясындағы сөздіктердің аударма сөздіктердің көпшілігі осы талапқа жауап бере бермейді. Себебі, кірме терминдер көп болғандықтан олардың орыс тіліндегі нұсқасы да, қазақ тіліндегі нұсқасы да сол қалпында қайталанып беріледі. Мұндай жағдайда терминді аударып беру мақсаты, сөздіктің негізгі қызметі орындалмайды. Сондықтан аударма сөздіктерге кірме терминдерді беретін өзгелеу құрылым қажет.
Терминологиялық сөздіктерге тән келесі талап – олардың қамтитын тілдері жөнінде. Қазақ терминографиясындағы сөздіктер негізінен орыс, қазақ тілдерін қамтиды. Әрі екі тілді сөздіктер болып келеді. Ал үш тілді сөздіктер соңғы уақыттардың еншісінде ғана пайда бола бастады. Өзге тілдерге қатысты терминологиялық сөздіктер қазақ терминографиясында да жоқтың қасы. Орыс, қазақ тілдерін негізге алған терминологиялық сөздіктердің өзі негізінен орысша-қазақша түрінде болып келеді. Ал қазақша-орысша сөздіктер қатары соңғы кезеңдерде ғана пайда бола бастады. Тілдің кейін немесе алдында орналасуының өзі терминологияда да, лексикографияда да маңызды рөл ойнайды. Мұны арнайы мақалада қарастырған болатынбыз.
Қазақ терминографиясына қатысты терминологиялық сөздіктерге қойылатын өлшемнің бірі – олардың құрылымымен байланысы. Аударма сөздіктер екі тілде болғандықтан реестр түрінде, яғни тізбе түрінде келеді. Құрылымына қатысты ерекшеліктер, олардың жасалу тәсілдерімен, мақсатымен де тығыз байланысты. Яғни, бұл талаптар сөздіктің құрылымында бір-бірімен тығыз байланысты түрде жүзеге асырылады.
Келесі өлшем – сөздіктердің көлеміне қатысты. Көлемі жағынан қазақ терминографиясындағы сөздіктер шағын, орташа және көлемді сөздіктер болып келеді. Қазақ терминографиясында қамтитын саласы мен мақсатына байланысты әр түрлі көлемдегі сөздіктерді көрсетуге болады.
Терминологиялық сөздіктерге тән бір ерекшелік – қамтыған саласына қатысты. Әр саланың терминдеріне арналған терминологиялық еңбектер жеке авторлар тарапынан көптеп шығарылуда. Бұл үрдіс кеңестік дәуірден бері шығып келе жатқан терминологиялық сөздіктердің барлығына тән. Әр сөздік жеке салалардың терминдерін қамтиды. Тек жалпы редакциясын профессор С.Аманжолов басқарған, мүмкіндігінше барлық салалардың терминдерін қамтыған 12 томдық сериялық сөздік (1956-1962) пен соңғы шыққан 31 томдық терминологиялық сөздіктер (2000) барлық салалардың терминдерін әр томда жинақтап, топтастырып қамтыған.
Қажетті терминдерді беру тәсілдеріне келсек, қазақ терминографиясында аударма сөздіктер көп болғандықтан олар негізінен алфавит реті арқылы беріледі. Ал ішкі жүйесіне, ғылыми құрылымына негізделген оқулық сөздіктер мен идеографиялық (мысалы, тезаурус сөздік) жүйелеуші сөздіктер қазақ терминографиясында жоқ деуге болады. Мұндай тәсілдермен беру де терминологиялық бірліктерді сөздік құрылымында жүйелеу үшін тиімді болмақ.
Біздіңше, терминологиялық сөздіктерге қойылатын талаптардың тағы бірі – олардың шығарылу мерзімінің жиілігімен де байланысты. Өйткені, шығарылған сөздікті басқа автордың құрастыруымен басып шығарудың өзі еңбек болғанымен, мақсаты мен қызметі тұрғысынан терминографиялық тұрғыдан ешқандай нәтиже бере қоймайды. Сондықтан, әр салаға қатысты терминдердің әр автор тарапынан қайта басылып шығуында белгілі бір мақсаттар мен ұстанатын тиімді принциптер болуы тиіс. Бұл сөздік сапасына да жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік берер еді. Әйтпесе, қазіргі сөздіктердің саны көп болғанымен, олардың терминдерді жүйелеуші, реттеуші, үйлестіруші қызметі сырт қалып жатады.
Осымен байланысты тағы бір талап – терминологиялық сөздіктерде берілетін терминдердің бірізділігі. Бұл жоғарыда айтып өткендей, Л.В.Щербаның еңбегінде көрсетілген нормативтілік сияқты талаптармен сәйкес келеді. Тіпті, әр сөздікте бір терминнің әр түрлі нұсқада берілуінің өзі сөздік шығару механизмін қарастырып, реттеп, қадағалап отыруды қажет етеді.
Жинақтай айтқанда, аталған терминологиялық сөздіктерге қойылатын талаптардың әрқайсысы арнайы қарастыруды қажет ететін өзекті мәселелер. Олардың терминологиялық сөздіктердің жасалуы барысында сақталуы сөздіктердің сапасын арттырып, терминдерді жүйелеу ісіне ықпал еткен болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |