Бақылау сұрақтары:
1. Есімдік сөзжасамы туралы түсінік, оның зерттелуі
2.Дара есімдіктердің жасалуы
3.Күрделі есімдіктердің жасалуы
Әдебиеттер:
Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.
Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-Алматы, 2000.
Төлеуов Ә. Сөз таптары. -Алматы, 1982.
Қазақ грамматикасы. -Астана, 2002.
Қазақ тілінің грамматикасы.- Алматы, 1967.
Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. -Алматы, 1989.
№25 лекция. Тақырыбы: Үстеудің сөзжасамы
Жоспар:
Үстеу сөзжасамы туралы түсінік, оның зерттелуі
Үстеудің синтетикалық тәсілмен жасалуы
3.Үстеудің аналитикалық тәсілмен жасалуы
Лекцияның мақсаты: Үстеу сөзжасамын, оның зерттелуін, үстудің синтетикалық тәсілмен және аналитикалық тәсілмен жасалуын түсіндіру.
Лекцияның мазмұны: 1. Үстеу сөзжасамы туралы түсінік, оның зерттелуі
Үстеудің сөзжасамы деп үстеудің сөзжасамдық бірліктерінің белгілі сөзжасамдық тәсілдер арқылы туынды үстеулер жасауы аталады. Мысалы, балаша қуанды, қыстай оқуда болды, ілгері басқан жас, тырым-тырақай қаша жөнелді, алдын-ала ескерту керек, ала жаздай не бітірдің? дегенде түрлі туынды үстеулер келтірілді.
Үстеудің басқа сөз таптарындай күрделі сөзжасамдық жүйесі болмаса да, өзіндік ерекшелігі бар, белгілі зандылықтары мен шағын сөзжасамдық бірліктері бар, тілдің сөзжасамдық тәсілдерінің бәрі дерлік қызмет ететін сөзжасамдық жүйесі бар.
Үстеудің сөзжасамдық жүйесінің басқа сөз таптарынан ерекшелігі - олардың жалғаулардың түбірге кірігіп, көнеруі арқылы туынды үстеудің жасалуы. Мысалы, алға, бірге, әзірге, баяғыда, күнде, лезде, төтеден, етпетінен, әуелден, жайымен, ретімен, түйдегімен сияқты үстеулер түбір сөздерге барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғауының кірігіп көнеруінен жасалған. Бұл тілдік құбылыс басқа ірі сөз таптарында жоқтың қасы. Тек сын есімде өзге, басқа сияқты жекелеген сөздер ғана осы жолмен қалыптасқан. Үстеудің сөзжасам жүйесінде бұл тәсіл арқылы аумақты бір топ туынды үстеулер жасаған. Сондықтан оны үстеу сөзжасамының өзіндік ерекшелігі деп тану керек.
Үстеу де - өзінің құрамын басқа сөз таптары арқылы толықтыратын сөз табы. Анық айтқанда, үстеудің жасалуында басқа сөз таптарының лексикалық бірліктері негіз сөз қызметін атқарады, өзі де ол қызметке қатысады. Олардан үстеудің өзінен басқа мына сөз таптарын атауға болады: зат есім, сын есім, сан ,есім сөздер мен есімдіктер. Мысалы, әдейілеп келдім, бүтіндей жұтады, екіншілей айтпа, назарын бүтіндей аударды дегендегі әдейілеп-үстеуден, қыстай-зат есімнен, бүкілдей-сын есімнен, екіншілей сан есімнен, бүкілдей есімдіктен жасалған.
Үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары шағын, алайда олар арқылы тілде бірсыпыра туынды үстеулер жасалған.
Тілде қалыптасқан сөзжасамдық тәсілдердің бәрі дерлік туынды үстеу жасауға қатысады.
Туынды үстеу жасауда синтетикалық тәсіл бірсыпыра қызмет атқарады. Ғалым Қ.Есенов үстеудің 27 сөзжасамдық жұрнағын көрсеткен . Рас, оқулықтарда олардың саны аз көрсетіліп жүр. Туынды үстеу жасауда аналитикалық тәсіл де елеулі қызмет атқарады, ол арқылы жасалған күрделі үстеулер бірсыпыра: бұратала (бір жолата), биыл, бүгін, жайбарақат, жаздыгүні, аққұла (қыдыру), алатөбеде, бірқыдыру, біржола, бірсыпыра, алмағайып, жеделғабыл, әр заманда, бір жақты (шешті),күн бұрын, түн ауа, алдын ала, бер жақ, соңғы рет, елең-аланда, күні кеше, ертеден кешке дейін, күндерде бір күн т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |