4. Шоқан шығармашылығының зерттелуi. Ш.Уәлихановтың ғылыми еңбектерінің бір сыпырасы өткен ғасырдың орта кезінен бастап жарық көрді. Оның кейбір мақалалары мен «Жоңғария очерктері», «Алты шаһардың немесе Қытайдың Нан – Лу провинциясының (Кіші Бухара) шығыстағы алты қаласының хал – жайы», «Уәлихан төре көтерілісінің эпизоды» атты еңбектері «Орыстың императорлық географиялық қоғамы жазбаларының » 1861 жылғы кітаптарында жарияланды. Ш.Ш.Уәлиханов «Абылай» атты мақаласы орыс ғалымдары мен әдебиетшілері құрастырған « Энциклопедиялық сөздікте» басылды. Біраз мақалалары әскери журнал «Руский инвалидте» жарияланған.Ғалымның еңбектерінің кейбірі 1865 жылы Лондонда ағылшын тілінде басылды. Ш.Уәлихановтың басты – басты еңбектерінің жинағы 1904 жылы Н.И.Веселовскийдің редакторлығымен Петербургте басылып шықты. Бұл жинаққа ғалымның ғылыми еңбектері мен мақалаларының көпшілігі және қазақ, қырғыз халықтары ауыз әдебиетінің ол жинаған нұсқалары, достарының еңбектері енді. Ш.Уәлихановтың ғылыми өмірбаянын жасауда, оның жарқын өмірі мен ғылыми қызметін, асқан адамгершілік, озық азаматтық тұлғасын, биік рухани келбетін танып білуде бұл кітаптың мән – маңызы зор.
Ш.Уәлихановтың өмірі мен қызметін, ғылыми еңбектерін зерттеу ісі де өткен ғасырдың 1860 жылдарынан басталады. Орыстың императорлық географиялық қоғамының жазбалары, хабарлары мен ресми материалдары мен есептерінде, некрологтар және мақалаларда бағалы мағлұматтар, деректер, сипаттамалар бар. Оларда ғалымның өмірі мен қызметінің, қоғамдық, әлеуметтік- саяси, мәдени - әдеби көзқарастарының әр қыры мен сыр – сипаты қамтымған. Бұл материалдардың зерттеушілер үшін мәні ерекше болды. Шығармалары Веселовскийдің редакциясымен 1904 ж. алғ. рет шықты. 1949 ж екі тілде жарық көрсе, 1958, 1978 жж. 1 томдығы қазақ тілінде жарық көрді. Қазақ ғылымында Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Ш.Сәтпаева т.б-лар зерттеу жүргізді. С.Мұқанов соның негізінде көркем шығармалар жазды.
Бақылау сұрақтары: 1. Шоқанның өмiрi, ортасы, бiлiм алу жолы. Дүниетанымына орыс мәдениетiнiң әсерi.
2. Шоқан – саяхатшы, қоғам қайраткерi.
3. Шоқан - ғалым.
4. Шоқан – фольклорист, әдебиет зерттеушiсi.
5. Әдебиет үлгілерін, қазақ поэзиясын жүйелеуі.
6. Өмiрi мен шығармашылығының зерттелуi.