Лекциялар жинағы алматы ерте және орта ғасырлардағЫ Қазақстан


Қазақстан моңғол шапқын­шы­лығы ке­зеңінде



бет25/40
Дата08.12.2023
өлшемі0,56 Mb.
#135208
түріЛекция
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   40
Байланысты:
Kazahstan taryihy -2022-2023

Қазақстан моңғол шапқын­шы­лығы ке­зеңінде.
ХІІІ-ХҮ ғасырлардағы Қазақстан



  1. Шыңғыс­ханның Ор­та Азия және Қазақстанға шапқын­шы­лығы

  2. Ұлыс­тардың құры­луы

  3. Ал­тын Ор­да

  4. Ақ Ор­да мем­ле­кеті (XI­II-XV ғғ.)

  5. Моғолс­тан мем­ле­кеті (XIVғ. ор­та­сы-XVI ғ. ба­сы)

  6. Әбілхайыр хан­дығы (1428–1468 жж.)

  7. Ноғай Ор­да­сы (XIV аяғы – XVI ғғ.)

  8. Ба­тыс-Сібір хан­дығы (XI­II-XV ғғ.)

Монғолдардың Қазақстан аумағын жаулап алуы.ХІІ ғ. аяғы мен ХІІІ ғ. басында Монғолия жерінде қият-бөржігін тайпасының билеушісі Есугей баһадурдің баласы Темучин (1155-1227) билік еткен ірі көшпелі мемлекет құрылды. Ол 20 жылға созылған қиян-кескі күрес барысында Монғолияның бүкіл тайпаларын өз қол астына біріктірді. Егер бұрын Монғолияны мекендеген тайпалардың көпшілігі татар деген атпен (ең қуатты тайпалардың бірінің аты бойынша) белгілі болса, енді мемлекеттің нығаюына байланысты Монғолия тайпалары өздерін монғолдар деп атай бастайды да, бұл термин жинақтаушы этникалық-саяси мəнге ие болады. Қытай деректерінде бүкіл Монғолияның халқы «татарлар» деп аталған, осы атау араб, парсы, орыс жəне батыс еуропалық деректерге ауысқан.
Жалпы «татарлар» атауының шығыс-монғол-дық тайпалардың бір бөлігіне ғана қатысы бар. «Татар-монғолдар» жəне «монғол-татарлар» атауы кейін пайда болған. ХІІ-ХІІІ ғғ. межесінде монғол қоғамында феодалдық қаты-настардың қалыптасу процесі жүріп жатты. Бұл қоғам екі топқа - ақсүйек нояндарға жəне еңбекші халық - араттарға бөлінді.
1206 жылы көктемде Темучинді жақтаушы монғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы болып, онда ол Шыңғыс хан деген атпен монғолдардың əміршісі болып салтанатты түрде жарияланды. Шыңғыс хан тұсында Монғол империясының астанасы Қарақорым болды. Монғол мемлекеті əскери-əкімшілік ұйым негізінде құрылды. Мемлекет аумағы үш əскери əкімшілік аймаққа бөлінді. Əр аймақ бірнеше түменнен, түмен 10 «мыңдықтан», əр мыңдық - 10 «жүздіктен» тұрады. Армия темірдей тəртібі жəне жоғары əскери
дайындығымен ерекшеленді. Монғолдардың əскери басымдыққа жетуіне Шыңғыс ханның жауапты орындарға этникалық жəне əлеуметтік шығу тегіне қарамастан батыл да іскер адамдарды қоюы көп əсерін тигізді. 1207-1208 жж. Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошы Енисей қырғыздарын жəне Сібірдің оңтүстігіндегі «орман халықтарын» бағындырды. Қазіргі Шығыс Түркістан аумағында тұрған ұйғырлар монғолдарға бағынды. 1211 ж. Шыңғыс ханның қолы Солтүстік Қытайға енді, 1215 ж. олар Цзинь мемлекетінің астанасы Чжунду (Пекин) қаласын жаулап алды.
1217 жылы Цзинь империясы Хуанхэ өзенінің солтүстігінде орналасқан барлық иеліктерінен айырылды. Шыңғыс ханның негізгі мақсаты батыс елдерін - Орта Азия мен Иранды, Таяу Шығыс пен Кавказды, Шығыс Еуропаны басып алу болды. Батыста монғолдар 1211 жылы алғаш рет Жетісу жеріне келгенімен ұзақ тұрақтай алмады. Бұл жылы монғол əскерін Жетісуға Шыңғыс ханның қолбасшыларының бірі Құбылай бастап келген болатын. 1216 жылы Шыңғыс хан өзінің үлкен ұлы Жошыны қыпшақ даласында көшіп-қонып жүрген меркіттерді біржолата талқандауға аттандырды. Жошы Торғай даласында қыпшақтарға қарсы 60 мың əскерімен жорыққа шыққан хорезмшах Мұхаммедтің қолымен кездесіп қалды. Екі жақ күні бойы шайқасты, ал түнде монғолдар жаққан оттарын қалдырған күйі кері шегініп кетті. Монғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218 жылы қайта басталды. Осы жылы қаңлы, найман жəне керей тайпалары жайлаған Жетісу жеріне алғашқы соққы берілді. Бұл кезде Жетісуды наймандардың Күшлік ханы билеп тұрған еді. Оған қарсы Шыңғыс хан өзінің таңдаулы қолбасшыларының бірі Жебені жіберді. Монғолдар жергілікті халыққа ислам дінін жария түрде ұстануға рұқсат етіп, Күшліктің мұсылмандарды қудалауына байланысты халықтың наразылығын тиімді пайдаланды. Сонымен қатар Жетісу халқын өз жағына тарту үшін Шыңғыс хан бұл өлкеде тонаушылық пен қырғынға тыйым салды. Көптеген елді мекендер, соның ішінде Баласағұн қаласы ұрыссыз берілді, ал Күшлікті монғолдар Бадахшанда ұстап, өлтірді. Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін монғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Бұл өңірге басып кіруге «Отырар апаты» деп аталатын оқиға сылтау болды. 1218 жылы жазда Шыңғысханның тапсырмасымен құрамында көпестері мен монғол барлаушылары бар, барлығы 450 адамнан тұратын 500 түйеге теңделген жүгі бар керуен Отырарға аттанады. Отырар билеушісі Қайыр хан көпестерді жансыздар деп күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырады, керуен тоналады. Бұған шамданған Шыңғысхан оның қарымтасы ретінде хорезмшах Мұхаммедтен Қайыр ханды ұстап беруді талап етіп, елшілерін жібереді, ал хорезмшахтың келген елшілерді өлтіруі соғысқа сылтау болады. Шыңғысхан Орта Азияны бағындыруға өз вассалдарының жасақтарымен қоса жалпы саны 150 мың адамы бар қалың қол жіберді.
Əскери жорық 1219 жылы қыркүйекте Ертіс жағалауынан басталды. Отырар қаласы қоршауға алынды. Өзінің əскерін үш топқа бөлген Шыңғысхан бір бөлігін Отырарды алу үшін ұлдары Шағатай мен Үгедейге қалдырды, үлкен ұлы Жошы бастаған екінші бөлігін Сырдарияның төменгі ағысына аттандырды. Өзі Бұқараға бет алды. Отырар билеушісі Қайыр хан ерлікпен шайқасты, ол басқарған əскер мен қала тұрғындары басқыншыларға қарсы табан тіресе қарсылық көрсетті, қаланы 5 ай бойы ұстап тұрды. Бесінші айдың аяғында хорезмдік əскербасы Қараджа хаджиб опасыздық жасап, қаланың қақпасын ашып, 10 мың əскерімен монғолдар жағына шығып кетіп, оларды қалаға жіберіп қойды, кейін оның өзі осы опасыздығы үшін монғолдар тарапынан өлтірілді. Қайыр хан өз жауынгерлерімен қамалда тағы бір ай қорғанды. Бірақ күш тең болмады, қамал қиратылды, 1220 жылы ақпанда Отырар қаласы алынды, Қайыр хан қолға түсіп, қатал жазаланып өлтірілді.
Отырар сияқты Сыр бойындағы Сығанақ, Ашнас жəне т.б. қалалар тұрғындары да монғолдарға қатты қарсылық көрсетті. Араб жəне парсы тіліндегі тарихи деректерде монғолдар халқын түгелдей қырып, күл-талқан қиратқан отыз шақты қалалар аталады. Олардың ішінде оңтүстік қазақстандық Отырар, Сығанақ, Ашнас қалалары бар. Монғолдар Сырдария өңіріндегі қалаларды бағындырып, Орта Азияға қарай жылжыды. Үргенішті қоршауға алу бірнеше айға созылды. Монғолдар Бұқарды, Самарқанды алды, Хорезм жаулап алынды. 1221 жылы көктемінде монғолдар Орта Азияны жаулап алуды аяқтады.
Енді соғыс Хорасан, Ауғанстан жəне Солтүстік Индия аумағына ауысты. Қолбасшылар Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30 мыңдық əскер Солтүстік Ираннан шығып, 1220 жылы Кавказға басып кірді. Бұл əскер армян, грузин, алан, қыпшақ жəне орыс əскерлерін Қалқа өзенінің бойында талқандап, 1224 жылы Шығыс Дешті Қыпшақ даласы арқылы Шыңғысханның Ертіс бойындағы ордасына оралды.
Сөйтіп, 1219-1224 жж. монғол шапқыншылығы нəтижесінде Қазақстан Шыңғысхан империясының құрамына кірді. Шыңғысхан көзінің тірісінде ұлан-байтақ аумақты алып жатқан жаулап алған ерлерін бəйбішесі Бөртеден туған ұлдарының санына қарай төрт ұлысқа бөлді. Кіші ұлы Төле Шыңғысханның негізгі жұртын - Монғолияның өзін, сондай-ақ монғолдың тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын иеленді. Үшінші ұлы Үгедейге Монғолияның батыс бөлігі, Жоңғария мен Шығыс Түркістан аймағы қарады. Оның ұлысының орталығы жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағында орналасты. Шыңғысханның екінші ұлы Шағатайдың иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан Əмударияға дейінгі, яғни Жетісу мен Мəуераннахрды қамтыды. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының үлесі Ертістен батысқа қарай төменгі Еділге дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты қамтыды. Сонымен Қазақстанның аумағы монғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен бөлігі - Жошы ұлысының құрамына, Оңтүстік жəне Оңтүстік-Шығыс Қазақстан - Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі - Үгедей ұлысына кірді.
1227 жылы Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін 1235 жылы Қарақорымда монғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысында Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасау туралы шешім қабылданды. Монғол əскерін Шыңғыс ханның немересі Батый басқаратын болды. Шығыс Европаны бағындыруға аттанған Батый басқарған монғол армиясының көпшілік бөлігін қыпшақтар құрады. Сондықтан деректерде оның əскері қыпшақтық деп аталған. 1236-1242 жж. Еділ Бұлғариясын, орыс княздіктерін бағындырып, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдовияны, Валахияны, Трансильванияны талқандап, Батый Еділдің сағасына қайта оралды да, мұнда жаңа монғол мемлекеті - Алтын Орданы құрды. Бұл мемлекеттің аумағы шығыста Ертіс өзенінен батыста Еділ мен Əмударияның төменгі сағасына дейінгі орасан зор жерлерді алып жатты.
Алтын Орда Шығыс Дешті Қыпшақ, Хорезм жəне Батыс Сібір аумағының бір бөлігін қамтыды. Бастапқыда астанасы Астрахань маңындағы Сарай-Батый қаласы болды, кейін астана Сарай-Берке қаласына Еділ бойындағы жоғарырақ жерге көшірілді. Алтын Орда көпұлтты мемлекеттік құрылым еді. Ол əр алуан халықтар мен тайпалардан құралды. Монғолдардың өздері тіпті аз еді. ХІV ғасырда монғолдар іс жүзінде түріктеніп кеткен еді, ал Алтын Орданың халқы «татарлар» деп атала бастады. Сонымен, белгілі шығыстанушы Л. Н. Гумилев атап көрсеткендей (Қиял патшалығын іздеу. Алматы, 1992, 208-б.) «Жеңген монғолдар өздері құрған мемлекетте азшылықта қалып, жеңілген жəне бағындырылған халықтар шын мəніндегі қуатты күшке айналып шыға келді. Ал тақта мығым отыруды қалаған басқарушылар бұл күшпен барған сайын жете санасуға тиісті болды». Алтын Орда алғашқы кезде Монғол империясының бір бөлігі болды, сөйтіп, əуелгі кезде монғолдың ұлы ханына қарайтын, бірақ Батый хан (1242-1256) өзін тəуелсіз билеуші ретінде ұстады. 1260 ж. Монғол империясы тəуелсіз ұлыстарға бөлінді. Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256-1266) тұсында дербес мемлекетке айналды. Ол елді басқарған кезде Алтын Орда Монғол империясынан біржолата бөлінді. Одан кейінгі Мөңке-Темір хан (1266-1280) тұсында Алтын Орда тұңғыш рет өз атынан теңге құя бастады. ХІІІ ғасырдың 80- жылдары Алтын Ордада беклербек Ноғайдың есімімен байланысты дағдарыс басталды. Ноғай Шыңғысханның бір ұрпағы ретінде Батый мен Берке кезінде мемлекеттегі екінші адам болды. Оның ниеті өзінің дербес мемлекетін құру еді. Ол өзіне Дунай, Днестр, Днепр бойындағы елдерді бағындырып алды. Тоқты хан кезінде (1298-1312) алауыздық өзара күреске ұласып, 1300 жылы Ноғай жеңіліс тапты, содан кейін ғана Алтын Орданың бірлігі қайтадан қалпына келтірілді. Өзбек ханның (1312-1342) жəне оның баласы Жəнібектің (1342-1357) тұсында Алтын Орда барынша күшейді.
1312 жылы Өзбек хан исламды мемлекеттік дін етіп жариялады. Орыс княздықтары Алтын Ордаға тəуелділіктерін мойындап, ұлы ханның қолынан «князь» атағын алып, алым-салық төлеп тұрды. Бірақ билеушілердің хан тағына таласып, өзара қырқысуының салдарынан Жəнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Орданың құлдырауы басталды. 1357-1380 жылдары ондаған хан ауысады. Сөйтіп, бұл жылдар Алтын Орда тарихында «Ұлы дүрбелең кезеңі» деп аталады. 1380 жылы Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамай Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс əскерінен жеңіледі. Жошының ұрпағы Тоқтамыс хан Мамайдың əлсірегенін пайдаланып, Алтын Орда билігін тартып алады. Өз билігін əскери жеңістермен нығайту үшін ол 1382 жылы Мəскеуге жорық жасап, оны талқандап, өртейді. Ол сонымен қатар Мəуераннахр мен Кавказдың ар жағына бірқатар жорықтар жасайды. Тоқтамыстың кезінде (1380-1395) Алтын Орда уақытша күшейеді.
Бірақ ХІV ғ. соңында Əмір Темір Алтын Ордаға бірнеше рет жорық жасап (1389, 1391, 1395 жж.), оны ойрандап кетеді. Алтын Ордаға Темір мемлекетімен болған соғыс өте ауыр тиді. Осы соққыдан ол оңала алмайды. ХV ғ. орта кезінде Алтын Орда құлайды. Ол Сібір хандығы, Ноғай Ордасы, Қазан хандығы, Қырым мен Астрахан хандықтарына бөлініп кетеді. Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік құрылысының негізгі бастамасы сақталды. Жошы ұрпағының мемлекеті саяси құрылысы жағынан ұлыстарға бөлінген, өз кезегінде ұлыстары неғұрлым ұсақ үлес-иеліктерге бөлшектенген əдеттегі көшпелі мемлекет болған еді. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде қызмет адамдарынан, əскери ақсүйектерден құралған əкімшіл-чиновниктік аппараты маңызды орын алды. Армияны жəне мемлекеттің ішкі істерін басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Алтын Орданың билеушісі - хан ондағы барлық қарулы күштердің бас қолбасшысы саналды. Ханның атынан бүкіл əскери істі беклербек басқарды, ал азаматтық биліктің басында уəзір тұрды. Беклербек уəзірден дəреже жағынан жоғары тұрды. Ол басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарды басқарды жəне азаматтық істерді шешкен кезде жоғары сот билігін атқарды. Алтын Ордада атқарушы орган - диуанның басында уəзір тұрды. Атқарушы өкіметтің орталық органы - диуанның қарауында қаржы, салық жəне басқа ведомстволар болды. Диуанның хатшысы бітікші деп аталды. Уəзір мемлекетті азаматтық тұрғыдан басқару ісінде ханның кеңесшісі болды. Мемлекеттік басқару жүйесінде даруғалар мен басқақтар маңызды орын алды. Даруғалар негізінен салық жинаумен айналысты, басқақтар басқару міндетін де атқара отырып, жергілікті халыққа əскери бақылауды жүзеге асырды. Олар сонымен қатар қалалар мен бағынышты ұлыстардан алым-салық та жинады. Монғол əскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін өзінің зардабы жағынан ауыр апат əкелді. Ол көптеген халықтардың экономикалық жəне мəдени прогресін, олардың саяси, əлеуметтік жəне этникалық дамуын тежеді. Монғолдардың шапқыншылығы салдарынан өндіргіш күштер əлсіреді. Көптеген қалалар қиратылып, ортағасырлық қала мəдениетіне үлкен зиян келтірілді. Əсіресе,
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі отырықшылық өмір мен егіншілік мəдениетіне бұл ауыр соққы болып тиді. Бағындырылған халықтан алынатын алым-салық та ауыр жəне көп болды. Зерттеушілердің айтуынша салықтың 20 шақты түрі болған. Дегенмен, монғол басқыншылығының апатты зардаптарымен бірге кейбір жағымды жақтары да болған. Монғол өкіметтері сауда-саттық пен халықаралық байланыстың дамуына жағдай жасады, жер-жердің бəрінде пошта жəне көлік қатынасы қызметін енгізді. Монғолдар бір орталыққа бағынатын өкімет идеясын əкеледі, бұрын ұйымдаспаған тайпалардың басын қосады. Көшпелі өмір тəртібін Шыңғысханның заңдар жинағы - «Ясасына» сəйкес келтіре бастайды. Кейін «Ясаның» кейбір нормалары қазақ заңдарында белгілі дəрежеде пайдаланылады. Мемлекеттіліктің əлеуметтік ұйымы мен түрлерінің көптеген нормалары монғол дəуірінен кейін Қазақстанда пайда болған мемлекеттік құрылымдарда пайдаланылды. Монғол жаулаушылығы Қазақстан жеріндегі этникалық процестер барысына да үлкен əсер етті.
Монғол дəуірінен кейінгі кезең Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу жəне Оңтүстік Қазақстан халықтарының бірігуімен сипатталады. ХІV-ХVІ ғғ. Қазақстанның бұл бөлігі Түркістан деп аталды. Осы кезеңнің бастапқы сатысында Дешті Қыпшақтағы, Орта Азиядағы (Мəуераннахр) Шыңғыс əулетінің иеліктерінде монғол дəуірінің ыдырау үрдісі жүріп, бірнеше мемлекеттер құрылды: Ақ Орда, Моғолстан, Əбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы.
Ақ Орда. ХІІІ-ХV ғ. басында Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде Ақ Орда мемлекеті өмір сүрді. Ол монғол шапқыншылығынан кейін Қазақстан жерінде пайда болған бірінші ірі мемлекет. Ақ Орданың негізін қалаушы - Жошының үлкен баласы Орда Ежен (1226-1280 жж.). Рашид əд-Диннің жазуына қарағанда (ХІV ғ.), Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын) əкесінің көзі тірісінде Жошының үлкен ұлы Орда Ежен алады. Əбілғазының айтуынша (ХVІІ ғ.) осынау жерді оған інісі Батухан ХІІІ ғ. орта кезінде бөліп береді. Орданың мирасқорлары іс жүзінде дербес билеушілер болды. ХІV ғ. 2- жартысында Алтын Орда билігі əлсіреп, Ақ Орда күшейіп, дамудың ең жоғары сатысына жетті. Аумағы: Батысында Жайық өзенінен шығыста Ертіс өзеніне дейінгі, оңтүстікте Сырдария алқабы, Арал теңізінің солтүстік-шығысынан солтүстікте Оңтүстік Сібір ормандарына дейінгі жерлер. Астанасы - Сығанақ (Сырдарияның орта ағысы). Халқы - түрік тілді тайпалар. Ақ Орданың саяси тарихы бірінші кезеңде Шығыс Дешті-Қыпшақ жерін Алтын Орданың билігінен азат ету жолындағы ұзақ күреспен өтеді, кейінірек Ақ Орда хандары Алтын Орда ісіне араласады, ал өз тарихының соңғы кезінде Мəуераннахр билеушісі əмір Темір мен оның ұрпақтарының басқыншылығына қарсы күреседі. Мемлекетті Орда Ежен тегінен шыққан хандар басқарды. Алғашқы ханы - Сасы Бұға (1309-1315), мұрагері - Ерзен хан (1315-1320). Ақ Орданың Алтын Ордадан оқшаулануы ХІV ғ. 2-ширегінде Ерзен мен Мүбəракқожа тұсында басталды. Мүбəрак-қожа хан (1320-1344 жж.) Алтын Ордаға бағынбай дербес саясатжүргізуге тырысты. Шымтайдың (1344-1361 жж.) ұлы Орыс ханның кезінде (1361-1376 жж.) Ақ Орда Алтын Ордадан бөлініп, тəуелсіз хандық болып жарияланды. Ақ Орда Орыс хан тұсында едəуір нығаяды. Əйгілі тарихшы Қадырғали Жалайырдың айтуынша Орыс хан өз заманының қуатты да құдіретті, батыл билеушісі болған. Ол ең алдымен Ақ Орданың саяси тəуелсіздігін нығайтуға мейлінше күш жұм-сады. Оның сыртқы саясаты негізінен Əмір Темірдің шапқыншы-лық жорығына тойтарыс беруге бағытталды. Ал ішкі саясаты Ақ Орданың экономикасын өркендетіп, мемлекеттік қуатын арттыруды көздеді, ол ең алдымен Сырдария алқабындағы отырықшы егінші аймақтардың егін шаруашылығын өркендетуге жəне осы өңірдегі шаруашылық, мəдениет орталығы болған қалаларды көркейтуге баса мəн берді. Орыс хан Алтын Орда тағы жолындағы күреске белсене қатысты. Ол хан болып нығайып алған соң ішкі феодалдық қырқысты жойып, Алтын Орданы өзіне бағындыруға əрекет етті. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін 1368 жылы Еділ бойына жорық жасайды. 1374-1375 жж. Сарай-Беркені, Қажы-Тарханды (Астрахань) алып, Кама бұлғарларын бағындырады. Бірақ Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамайды жеңе алмайды жəне бұл кезде Ақ Орданың өзіне Əмір Темір тарапынан қауіп төнгендіктен Орыс хан Сырдария бойындағы өз иелігіне қайтып оралады. Ол өзінің қайтар жолында Алтын Орданы жаулау кезінде өзіне көмекке келмеген Жошы əулетінің бірі Маңғыстау аймағының билеушісі Түй-Қожаны өлтіреді. Оның баласы Тоқтамыс Əмір Темірге барып паналайды. Темір бұл жағдайды пайдаланып, Тоқтамысты көп əскермен Ақ Ордаға жібереді. Тоқтамыстың алғашқы жорығы (1374-1375) сəтсіз аяқталды, Ақ Орда əскерлері оның əскерлерін талқандады.
Бұл соғыста Орыс ханның баласы Құтлық Бұқа қаза болды. Əмір Темірден жаңадан əскер алған Тоқтамыстың екінші жорығы да Орыс ханның ұлы Тоқтақия басқарған Ақ Орда əскерлерінен жеңілді, тек төртінші жорығынан кейін ғана Тоқтамыс Ақ Орда тағына отырды. Темір басқыншылығына қарсы күрестің негізгі ауыр салмағы Орыс ханға түседі. Ұрыс барысында Орыс хан қаза тапты. Тоқтамыс Орыстың баласы Темір-Мəлікті (1376-1379 жж.) 1379 жылы жеңіп, Ақ Орда билеушісі болды. Ақ Орданың əскери күшіне ие болған Тоқтамыс 1380 жылы Алтын Орданы алды. Сөйтіп, ол бір мезгіл (1380-1395 жж.) Ақ Орда мен Алтын Ордаға хан болды. ХІV ғасырдың 80-жылдары Тоқтамыс Ақ Орда мен Алтын Орда жерін түгел бағындырып, Əмір Темірге қарсы шықты. Осы кезде Əмір Темір мен Тоқтамыс арасындағы ұзаққа созылған қанды соғыс басталды. 1395 жылы Кавказдағы Терек өзенінің аңғарындағы шешуші шайқаста Əмір Темір Тоқтамысты жеңіп, Алтын Орданы талқандады. ХІV ғ. аяғы - ХV ғ. басында сыртқы саяси ауыр жағдайлар мен ішкі қырқыстар кезінде Ақ Орда əлсіреп кетті. Ақ Орданың əлсіреу себептері: Əмір Темірдің тонаушылық жорықтары жəне ішкі тартыстар. 1423-1428 жж. Орыс ханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ Ордадағы өз əулетінің билігін қалпына келтірді. Ақ Орданың соңғы ханы Барақ Самарқанның билеушісі Темірдің немересі Ұлықбекті жеңіп, Сырдарияның бойындағы көптеген қалаларды өзіне қаратады. Бірақ ол көп ұзамай қаза табады, сосын Ақ Орданың жеріндегі билік Шайбан ұрпағы Əбілқайырдың қолына көшеді. Саяси жағынан іс жүзінде дербес, экономикалық жағынан тəуелсіз болған, сыртқы саясатта өзіндік бағыт-бағдары, билеуші хандарының əулеттік жөн-жосығы бар Ақ Орда мемлекеттік бірлестігі ХІV-ХV ғғ. Шығыс Дешті-Қыпшақ пен Түркістан жеріндегі этникалық топтардың, тайпалар мен халықтардың бастарын қосып, біріктіруде маңызды рөл атқарды. Кейін Ақ Орда мемлекеті Қазақ хандығының құрылуына негіз болды.
Моғолстан хандығы. ХІV ғ. ортасы - ХVІ ғ. басында Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аумағы Моғолстан мемлекетіне кірді. Бұл мемлекет ХІV ғ. ортасында Орта Азияның солтүстік-шығыс бөлігі, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерінде Шағатай ұлысы ыдырағаннан кейін құрылды. Моғолстан мемлекетінің негізін салушы - дулат тайпасының көсемі Əмір Болатшы. Алғашқы ханы - Тоғылық Темір (1348-1362 жж.), ол Моғолстан билеушілері əулетінің негізін салды. Астанасы - Іле алқабындағы Алмалық қаласы болды. Аумағы: Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістан. Орталық аймағы - Жетісу. «Моғолстан» атауы «монғол» сөзінен шыққан. Өйткені түрік жəне парсы деректерінде монғолдарды осылай атаған. Халқы: дулаттар, қаңлылар, керейттер, арғындар, үйсіндер, барластар т.б. түрік жəне түріктенген монғол тайпалары. Олар мемлекет атауына сай моғолдар деп аталды. Осынау тайпалардың Жетісуды жайлайтын едəуір бөлігі кейін қазақ халқының құрамына енеді, ал оның Тянь-Шань өңірі мен Шығыс Түркістанды мекендейтін екінші бөлігі қырғыздар мен ұйғырлар құрамына кетеді. Осылардың ішінде дулаттар ең қуатты тайпа болды. Билеушінің дəрежесі - хан. Моғолстанда мемлекеттің саяси басшысы жəне жер-судың жоғарғы иесі хан болған. Дулат тайпасы əмірлерінен ханның көмекшілері - ұлысбектер тағайындалды. Хандық кеңес мемлекеттің ішкі жəне сыртқы істері, əскери жорық жəне жайылымдық жерлерді бөлумен айналысты. Ақсүйектер жерді шартты түрде иеленудің ихта, инджу, сойырғал сияқты түрлері пайдаланған. Көшпелі аудандарда жер қауымның қарауында болған. Бірақ мал ақсүйектер қолында шоғырланғандығы себепті көшпелі аудандарда қоныс-өрістердің көпшілігі солардың меншігінде болды. Салықтың бірнеше түрі жиналды. Қала мен ауыл тұрғындарынан, егіншілер мен көшпелі халықтан алынатын салықтар, деректерде көрсетілгендей, қалан, күпшір, зекет, тағар, баж жəне қарадж деп аталған. Сондай-ақ халық əскери, кірешілік, еңбек, пошта т.б. əртүрлі міндеттерді атқарған. Иеліктерді қайта бөлуге бағытталған соғыстар мен өзара қырқыстар халық бұқарасының халін ауырлатты. Моғолстанның алғашқы ханы Тоғылық Темір өз билігін нығайту үшін ислам дінін тірек етті.Моғолстанның саяси тарихында феодалдық соғыстар мен ішкі қырқыс, көрші мемлекеттер тарапынан жасаған шапқыншылықтарды тойтару жағы өте көп болған. Тоғылық Темір 1361 жылы Мəуераннахрды түгел басып алып, баласы Ілияс Қожаны билеуші етіп қойды. Кейін ол əкесінің орнына 1362-1385 жж. Моғолстанның билеушісі болды. Оның тұсында өзара қырқысу соғыстары басталып, Моғолстан бірнеше бөлікке бөлінді: Дулат əмірі Қамар ад-Дин - Жетісуды, Енке төре - Іле мен Тарбағатайды биледі. Осыны пайдаланған Əмір Темір ХІV ғасырдың 70-80-жылдары Моғолстанға оншақты рет шапқыншылықтар жасайды. Қызыр Қожа хан (1385-1399 жж.) өзін Темірдің вассалы деп мойын-дайды. Қызыр Қожаның ұлы Мұхаммед хан тұсында (1408-1418) елдің жағдайы біраз нығайды. Оның кезінде Моғолстанның Темір тұқымынан тəуелсіз болуға қолы жетеді. Біраз уақыт өзара қырқыс пен талас-тартыс толастайды. Мемлекетті бір орталыққа бағындыру үшін Мұхаммед хан исламды енгізуге күш салады. ХV ғ. 1- жартысында Моғолстанға ойраттар шапқыншылығы жиіледі. Уайс хан (1418-1428) ойраттарға батыл қарсылық көрсетті, олармен ұзақ соғыс жүргізді. Ол өз ордасын Тұрфаннан Ілебалық деген жерге көшіруге мəжбүр болады. Уайстың баласы Есен Бұға хан (1433-1462) ХV ғ. 30-жылдарының басында өкімет билігін иеленді. ХV ғ. 50-жылдарының аяғында Батыс Моғолстанға Жəнібек пен Керей бастаған тайпалар көшіп келді. Моғолстан ханы Есен Бұға оларға жер бөліп берді. Мұндағы Есен Бұғаның мақсаты: - қазақтарды ойраттарға жəне Темір əулетіне қарсы əскери күш ретінде пайдалану;- қарсыласы Əбілқайыр мен інісі Жүніске қарсы қою.Жүніс хан тұсында (1462-1487) мемлекет жағдайы біраз ны-ғаяды, бірақ ол 1472 жылы Жетісуға шабуыл жасаған ойраттардан жеңіліп қалады. Жүнісханның баласы сұлтан Махмұт хан (1487-1508) Жетісуда жəне Сырдария қалалары үшін қазақ хандарыменсоғысады. Моғолстан билеушілерінің ең соңғысы Жүніс ханның немересі Сейітхан 1514 жылы Қашғарияны басып алып, Шығыс Түркістанда Моғолия атты жаңа мемлекет құрады. Жетісудағы қазақ рулары мен тайпалары 60 ж. бастап Қазақ хандығының құрамына енеді.
Осылайша, ХVІ ғ. басында феодалдық өзара қырқыстар, халық наразылығының жиілеуі жəне олардың Қазақ хандығына барып қосылуы салдарынан Моғолстан ыдырап, жеке мемлекет болып өмір сүруін тоқтатты. Моғолстан Қазақ хандығының құрылуына жəне қазақтың өз алдына жеке халық болып қалыптасу барысын аяқтауына аумақтық тірек, саяси-экономикалық негіз болды.
Əбілқайыр хандығы. ХV ғ. 20-жылдарында Қазақстанның орталық, батыс жəне солтүстік-батыс аймақтарында тəуелсіз феодалдық иеліктер пайда болды. 1428 жылы Шайбан ұрпағы Əбілқайыр (1428-1468) осы аймақтардағы билікті қолына алды. Ол Сырдария бойындағы қалалар мен Хорезм үшін Темір ұрпақтарымен ұзақ соғысты. Шығыс Дешті-Қыпшақтың бытыраңқы тайпаларының басын қосып «Көшпелі өзбектер мемлекетін» құрды. Əбілқайыр хандығының аумағы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірінен солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі ұлан байтақ жерді алып жатты. Астанасы - алғашқыда Тура, 1431 жылдан Орда-Базар, 1446 жылдан Сығанақ. Халқы - өзбектер деп аталған түрік тайпалары (қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, маңғыттар, қарлұқтар, қаңлылар, үйсіндер т.б.). Елді 40 жыл билесе де, Əбілқайыр хан мемлекетінің ішкі саяси жағдайын тұрақты ете алмады. Мемлекет бір орталықтан басқарылмай бірнеше иеліктерге бөлініп, оларды Шыңғыс əулетінің билеушілері басқарып, олардың арасында билік үшін толассыз соғыстар тоқтамады. Əбілқайыр хан өз билігін нығайтып, жаңа жерлер қосып алу үшін көптеген соғыстар жүргізіп 1430 жылы Тобыл өзені бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды жеңді, Хорезмді басып алып, Үргенішті талқандады. Сырдария өңіріндегі далада Жошы əулетінің Махмұд жəне Ахмет хандарын жеңіп, Орда-Базар қаласын тартып алды. 1446 жылы Мұстафа ханды тізе бүктіреді. Сырдария бойындағы Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркөкті жаулап, Сығанақты астана етті. ХV ғ. 50-жылдары Самарқанд, Бұхарды шабуылдап, осы өңірдегі Темір ұрпақтарының ішкі саяси өміріне араласты. Бірақ та 1457 жылы Өз Темір бастаған ойраттардан Сығанақ түбінде жеңіліп, онымен өзін қорлайтындай ауыр шарт жасасты. Бұл жағдай Əбілқайыр ханның саяси беделін төмендетті. Нəтижесінде ХV ғ. 50-жылдарының аяғында Көшпелі өзбектер мемлекетінен Жəнібек пен Керей сұлтандар бастаған халықтың бір тобы Моғолстанға көшіп кетті. Оларды жазалау үшін 1468 жылы
Əбілқайыр хан Моғолстанға жорыққа аттанып, жолда кенеттен қайтыс болды. Осыдан кейін Əбілқайыр хандығы ыдырап кетті. Əбілқайырдың мұрагері Шайх-Хайдар хан ішкі тартыста өлтірілді. Ал, Əбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани (1470-1510) қазақ хандарымен Сырдария мен Қаратау аймағындағы қалалар үшін ұзақ соғыс жүргізді. Қазақ хандығы құрылғаннан
кейін Əбілқайырдан тараған Шайбанилер ұрпағының Шығыс Дешті-Қыпшақтағы билігі бітеді. Бұл жерлердегі билік қазақ хандарына толық көшті. ХVІ ғ. басында көшпелі өзбектердің бір бөлігі Шайбанилердің бастауымен Мəуераннахрға көшіп кетті. Ондағы Темір ұрпақтарының билігінің əлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы өкімет билігін тартып алды. Қазақстан жерінде қалған тайпалар Қазақ хандығының қол астына қарайды.
Ноғай Ордасы. Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған мемлекеттік бірлестіктің бірі - Ноғай Ордасы. Ол ХІV-ХV ғасырларда Батыс Қазақстанның бір бөлігін алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы Алтын Орданың беклербегі, əскерінің қолбасшысы, Жошы ханның немересі (1260-1306) Ноғай есімімен байланысты. Берке хан өлгеннен кейін Доннан Дунайға дейінгі жер Ноғайдың бақылауында болды. Оның құрамындағы рулар Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанды. Ноғай Ордасының негізін салушы- əмір Едіге (1395-1419). Ол 15 жылдай Алтын Орданы билеп (1396-1411), «ұлы əмір» атанған. Шыңғыс əулетінен хан сайлау Едігенің қолында болған. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан Едігенің кезінде бөлектене бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы Нұраддин (1426-1440) тұсында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХV ғ. ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Аумағы: Еділ-Жайық арасы. Астанасы - Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болды. Халқы - маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама жəне т.б. сияқты түрік тайпалары. Ноғай Ордасы этносаяси бірлестік ретінде пайда болды, оған енген тайпалар ХV ғ. аяғында қалыптасқан ноғай халқының негізін құрады. Ноғай Ордасында ұлыстық басқару жүйесі қалыптасып, бір орталыққа бағынған өкімет болды. Орда билеушісі - хан. Ұлыс басында мырзалар тұрған, олар өз иеліктерінде шексіз билік жүргізіп, ұлыстың ең шұрайлы жайылымдары мен өрістерін иемденген. Ұлыстың қатардағы көшпелі малшылары мырзалармен бірге көшіп-қонып, алым-салық төлеп отыруға, соғыс жорықтарына қатысуға міндетті болған. Орданы Едіге ұрпақтары басқарды. Мұрагерлік жолмен берілетін əкімшілік, əскери, елшілік билік князьдің қолында болды. Ордада жорыққа 300 мың жауынгер шығарылды. Ноғай Ордасының тарихы Еділ бойы мен Сібірдегі, Орта Азия мен Қазақстандағы көрші мемлекеттер тарихымен тығыз байланысты. Ноғайлар тарихы əсіресе көшпелі өзбектер мен қазақтар тарихына айрықша жақын. Ембі мен Сырдария арасында көшіп жүретін ноғайлар қазақтармен ұдайы араласып-құраласып байланысып жатқан. Басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты Ноғай Ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырды. Ноғайлардың солтүстік-шығыстағы өріс-қоныстары Сібірге дейін созылып жатады, ал оңтүстік-шығыста олар кейде Сырдария бойында, Арал теңізі жағасында көшіп жүрген. Олардың билеушілері Уақас би маңғыт, Мұса мырза, Жаңбыршы жəне басқалары Əбілқайырға Сырдария бойындағы қалаларды жаулапалуға жəрдемдеседі. Кейін ноғайлар қазақ хандарымен соғысса, енді бірде татуласып, одақ құрып отырған. Ш. Уəлиханов ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан Орда» деп атаған. Ал Хақназар хан «қазақтар мен ноғайлар ханы» атанған. ХVІ ғасырда Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық, саяси байланысы дамыды. ХVІ ғ. 2- жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге: Үлкен Ноғайлы (Еділдің шығысы) жəне Кіші Ноғайлыға (Еділдің батысы) бөлінді. Осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енді. Осылайша Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен рөл атқарды.
Ба­тыс-Сібір хан­дығы (XI­II-XV ғғ.). XI­II-XV ғасыр­лардағы Ба­тыс Сібір. Сібірдің жерінде бірша­ма түрік тай­па­лары ме­кен етті. Ба­тыс Сібір ал­ды­мен Жо­шы ұлы­сына, кейіннен Шай­ба­ни хан­дығына қарай­ды. Ба­тыс Сібірдің ор­та­лығы – Тұра қала­сы. 1428 жы­лы Ба­тыс Сібірді Әбілқайыр ба­сып ал­ды.
Көшім тұсын­дағы Сібір хан­дығы. Тер­ри­тори­ясы: Ба­тыс Сібір, Орал өңірі, Ертіс, То­был өзен­дерінің ала­бы
Құра­мын­дағы тай­па­лар: ке­рей, қып­шақ, най­ман, арғын, жа­лайыр, хан­ты, ман­сы т. б. Ас­та­насы- Ис­кер қала­сы.
1563 жы­лы хан тағына Көшім отыр­ды. Ал­ты ұл тай­па­сынан шыққан Көшім 1510 жы­лы Ноғай ор­да­сын­да дүни­еге кел­ген. Ол 1555 жы­лы Сібірде билік жүргізген Тайбұған­мен соғысып, оны жеңеді.
Эко­номи­касы мен мәде­ни­еті. Көшімнің кезінде Сібір хан­дығын­да көпте­ген қамал­дар мен бекіністер, ғима­рат­тар са­лына­ды. Көшімнің тұсын­да Сібір халқы ис­лам дінін қабыл­дай­ды. Сібір хан­дығын­да, негізінен, са­уда мен аңшы­лық да­мыды.
Са­яси құры­лысы. Жоғарғы би­ле­уші – хан, хан кеңесі – ди­ван, кеңесшілер – ата­лықтар, уәзірлер – қара­ша Сібір-Ре­сей қаты­насы. Сібір ха­ны Көшім Ре­сейдің шығысқа қарай ұмты­лу­ына ке­дергі жа­сауға ты­рыс­ты. 1574–1575 жыл­да­ры сібірге бар­лауға жіберілген Иван Гроз­ный­дың от­ря­дын Көшім хан қырып тас­тай­ды. 1582 жы­лы Көшім әскер­лері ата­ман Ер­мактың от­ря­дынан жеңіледі. 1582 жыл­дың күзінде ата­ман Ер­мак 600-ге жуық ка­загы­мен Ис­кер қала­сына ша­бу­ыл жа­сай­ды. Көшім әскері жақсы қару­ланған Ер­мак от­ря­дынан жеңіледі. 1584 жы­лы Көшімнің адам­да­ры Ер­макты өлтіреді. 1598 жы­лы орыс әскер­леріне қар­сы ұйым­дасты­рылған шайқас­та Көшім жеңіліп, Шығыс Қазақстан жеріне қаша­ды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет