ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХІХ Ғ. ІІ-ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ДАМУЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ДАМУЫ
1. Қазақстандағы XIX ғ. 60–90 жж. әкімшілік-саяси реформалар: 1867–1868 жж.; 1886–1891 жж. әкімшілік реформалар.
3. Қоныс аудару саясаты (XIX ғ. 1870–1880 жж.) Ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы
4. Орал, Торғай облыстарындағы көтеріліс (1868–1869 жж.) Маңғыстаудағы көтеріліс (1870 ж.)
5. XIX ғ. бірінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті
XIX ғ. екінші жартысында Ресейдің капиталистік өнеркәсібі мен Қазақстандағы ауылшаруашылық өндірісі арасындағы қатынас күшейді. Сауда және өсімқорлық капиталы Ресейдің орталық губерниялары мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сонымен бірге өлкенің өз ішінде де тауар айналысының өсуін шапшаңдатты. Қазақ шаруашылығының рынокпен байланысының ұлғаюына патша өкіметінің салық саясаты үлкен ықпал жасады. Қазақтарға ақшалай көптеген салықтардың салынуы, олардың өнімдерінің бір бөлігін рыноктар арқылы саудаға салуға мәжбүр етті. Мал мен астық барған сайын тауарға айналды.
70–80 жылдарда Ресейде фабрикалық тоқыма өндірісінің шапшаң өсуімен байланысты Қазақстан базарларына Ресейден мата көп келетін болды. Сонымен бірге күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдар (самауыр, қазан, шалғы, орақ, кетпен, ошақ, балта, пышақ, т. б.) көтеріңкі бағамен сатылды. Қазақстан бұл тауарларға айырбасқа мал мен мал шаруашылығында өндірілетін шикізат берді. Қазақ халқы айырбас шартының қандайына болса да келісуге мәжбүр болды, өйткені ол өзіне қажетті тауарларды еш жерден сатып ала алмайтын еді және шаруашылығының артық өнімдерін тиімді өткізе алмады.
Ресей саудагерлері Қазақстанда сауданың жаңа түрін – жәрмеңкелік сауданы енгізді. Қазақстандағы тұңғыш жәрмеңке 1832 жылы Бөкей ордасында Хан ордасы жанынан ашылды. Кейіннен Ақмола облысы Тайыншакөл, (Петропавл маңында), Константиновск (Ақмола), Петровск (Атбасарда) және 50 ден астам ұсақ және орташа жәрмеңкелер жұмыс істеді. 1848 жылы Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесі, ал кейіннен Шар (Семей облысы), Қарқара (Жетісу), Әулиеата (Сырдария облысы), Ойыл, Темір (Орал облысы) жәрмеңкелері жұмыс істеді.
Қазақстанда сауда капиталының пәрменді түрде енуімен өлкеде сауданың тұрақты формалары: дүкендер, көтерме сауда қоймалары көбейді.
XIX ғасырдың 80–90 жылдарында Қазақстанда өсімқорлық сауда жаппай тараған кез еді. Өлкеде тауар айналымы өскен сайын өсімқорлықпен қатар, банктер мен басқа да кредит мекемелері беретін қарыздардың капиталистік формалары орын ала бастады.
Қазақстанда капиталистік түрдегі сауда-саттықтың күшеюі жергілікті сауда буржуазиясының қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Осы кезде, Қазақстанда 30дан астам қалалар мен 400 казак-орыс поселкалары пайда болды. Қалаларда әскери адамдар, құрметті азаматтар мен саудагерлер, қазақ ұлықтары тұрды. Қала халқының көпшілігі кедейленген шаруалар мен майда кәсіпорындарының жұмысшылары болатын.
XIX ғасырдың аяғында Ресей капиталистері Қазақстанда өнеркәсіп өндірісін ұйымдастырып, мұнда өздерінің қаржыларын әкеле бастады. Жер мен шикізат арзан еді, жұмысшылардың жалақысы төмен болды. Мұның өзі банк мекемелерінің ашылып, олардағы ақша айналым қатынастарын күшейтті. 1871 жылы Қазақстанда алғашқы ашылған банктердің бірі – Петропавлдағы негізгі капиталы 40 мың сом болатын қалалық қоғамдық банк еді. 1875 жылы Ташкентте Мемлекеттік банк бөлімшесі құрылды.
Табиғи қазба байлықтарға өте бай Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі өлкенің өнеркәсіп өндірісінің маңызды саласы бола бастады. 1896 жылы бір ғана Қарқаралы уезінде 70-ке жуық шағын мыс, 170 күміс-қорғасын, 3 темір т. б. рудниктері жұмыс істеді. XIX ғасырдың аяғында Жайық өзені мен Каспий теңізі жағалауында балық аулау кәсіпшіліктері капиталистік кәсіпорындарға айналды. Шымкент пен Түркістанда негізінен мақта тазалайтын бірнеше зауыт істеп тұрды. Арал теңізінде, Павлодар уезіндегі Қарабас көлінде, Орал облысы Басқұншақ кәсіпшілігінде тұз кен орындары ашылды.
XIX ғ. 70-ші жылдары ішкі Ресейден Қазақстанға темір жол тартыла бастады. 1874–1876 жылдары Орынбор темір жолы салынып, ол Торғай облысы мен Орынборды Орталық Ресеймен жалғастырды.
Сонымен, капиталистік қатынастардың қазақ даласына енуі өлкеде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі және жартылай көшпелі халықтың патриархалдық-феодалдық қатынастарының ыдырау процесін жеделдетті. Елде өнеркәсіптің жаңа салаларын туындатып, қоғамдық еңбек бөлінісіне және жұмысшы табы кадрларының шығуына себебін тигізді.
Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформа - патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының маңызды бөлігінің бірі болып табылады. Өйткені, ол əкімшілік құрылыс, жер қатынастары, сот құрылысы, халыққа білім беру, дін мəселесі сияқты қазақ қоғамының шешуші салаларының бəрін қамтыған болатын.Қазақстанға əкімшілік басқару жүйесін енгізудегі патша үкіметінің алдына қойған басты мақсаты аймақтағы отаршылдық саясатын күшейту болды. Осыған орай, 1867 жылы 11 шілдеде патша жарлығымен империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығы құрылса, ал 1868 жылы Орынбор жəне Батыс Сібір генерал-губернаторлықтары құрылды. Реформаның ең басты жəне негізгі міндеті - «қазақ даласын Ресейдің басқа бөліктерімен бірте-бірте қосып жіберу» үшін Ресейге бағынышты халықтарды бір басқару жүйесінің құрамына біріктіру. Сөйтіп, жергілікті ақсүйектерді биліктен ысырып тастап, ру басшыларын əлсіретіп, ойға алған іс-шараларды оңтайлы жолмен оңай əрі тез жүзеге асырып отыру. Жалпы алғанда, реформалар патшалық үкіметтің қазақ даласының жергілікті тұрғындарын жəне аймақтық табиғат байлықтарын еркін пайдалану үшін орыс капиталына анағұрлым тиімді жағдай қалыптастыру əрекетінен туған еді. Экономикалық шаралар негізінде қазақтардың қыстауы мен жайлаулық жерлерін мемлекет меншігіне кесіп, казак əскери бөлімдері мен орыс шаруаларын орналастыру үшін «артық» жер мөлшерін анықтау ісіне экспедициялар жабдықталды. Мұның өзі қазақ жерін пайдалануынан алып, барша қазақтың жерін Ресейдің мемлекеттік меншігі деп жария ету арқылы Қазақстанның империя отарына айналғандығын дүниеге паш ету болды. Патша үкіметінің 1886 жылғы Түркістан туралы ережесі жəне 1891 жылғы Далалық облыстарды басқару туралы Ережесі сол орыс билігін одан ары нығайтып, қазақ даласындағы отарлық езгі мен қанаудың күшеюін тереңдете түсті. 1867-1868 жж. реформа арқылы патша өкіметі қазақ дала-сын толық отарлауға тырысты. Сондықтан да Қазақстан аумағы облыстарға бөлініп, ал облыстар əкімшілік орталықтарына, қазақ даласымен байланыссыз жататын əртүрлі генерал-губернаторлықтарға бөлшектенеді. Мысалы, Торғай мен Орал облыстары - Орынбор; Ақмола жəне Семей облыстары - Батыс Сібір; Жетісу мен Сырдария - Түркістан генерал-губернаторлықтарының құрамына кірді. Бұрынғы ішкі Бөкей хандығының аумағы уақытша Торғай облыстық басқармасына бағынышты болып қалғанымен, ол ұзаққа созылмай, 1872 жылдан бастап Астрахань губерниясының құрамына кірді. Ал Маңғыстау түбегінің аумағы 1870 ж. қазақтардың көтерілісіне байланысты Кавказ əскери округінің билігіне өтті. Бұлай бөлшектеулер мен басқаруға өзгерістердің енуінің өзіндік себептері болды. Бұл туралы профессор Б. Сүлейменов: «Патшалық үкіметтің ойынша, Қазақстан жерін түрлі генерал-губернаторлықтар мен əскери округтерге бөлшектеу, қазақ халқының ұлттық бірлігінің қалыптасу жо-лына кедергі болып, қазақ халқын отарлық езгіде ұстауды жеңілдетуі тиіс еді» - дейді.
1867-1868 жж. реформалардағы басты бағыттардың бірі Қазақстанда күшті əскери-бюрократиялық аппарат құру болды. Ол аппарат əртүрлі жеңілдіктерге: анағұрлым жоғары еңбекақы, екі есе төлем, қызметтен босаған кездегі жоғары зейнетақыға қызығатын чиновниктерден құралды. Зерттеуші ғалым К.А. Жиреншин өз еңбегінде: «Отаршылық əкімшілік аппараты қазақ даласының жағдайынан бейхабар, білімі таяз адамдардан, ең бастысы, өз қызметін өміріндегі өтпелі кезең деп санап, сол уақыт ішінде тез ауқаттанып алуды көздеген офицерлерден жасақталған болатын. Генерал-губернаторлықтардың басты басқару аппаратын генерал-губернатор, оның кеңсесі жəне тапсырма орындаушы чиновник-тер құрды. Генерал-губернаторлар əскери жəне азаматтық билікті толығымен өз қолдарына жұмылдырды, сонымен қатар қазақ
даласындағы əкімшілік құрылысының принципі - жаңа отаршылық реформа бойынша билікті толығымен əскери ведомствоның қолына беру болды» - деп, патшалық үкіметтің құйтырқы саясатының табиғатын айқын да ашық көрсетіп береді.Бұл тұстағы генерал-губернаторлардың билік шараларын іске асыратын басқару жүйесі мынадай үш бөлікке бөлінді: облыстық басқармалар, уездік басқармалар жəне жергілікті басқармалар. Облыстық əкімшіліктің басқарма басшылығында əскери жəне азаматтық билік ететін əскери-губернатор тұрды.
1868 ж. Ереженің 22-23-бабында дала облыстарының əскери-губернаторлары облыстардағы əскери қолбасшыларға теңестірілетіні көрсетілген жəне де олар өз облыстарының аумағындағы орналасқан казак əскерлерінің тағайындалған атамандары болып саналатын. Облыстар өз кезегінде уездерге бөлінді. Уездік басқарманың басшылығына орыс чиновниктерінің ішінен облыстық əскери-губернатордың ұсынысы бойынша генерал-губернатор бекітетін уезд бастығы тағайындалды. Жаңа əкімшілік жүйе бойынша уездегі барлық билік жүйесі толығымен уезд бастығының қолына шоғырландырылды. Ереженің 42-65 баптары бойынша, уезд бастықтарына мынадай міндеттер жүктелді: жергілікті басқару орындарына жүктелген міндеттердің орындалуын қадағалау, уезде тыныштық пен тəртіпті сақтау, алым-салықтың жиналуын бақылау жəне халықтың денсаулығын сақтау. Уезде орналасқан əскери бөлімшелер, мекемелер мен бекіністер уезд бастықтарына бағынышты болды.
1867-1868 жж. реформа ел мен жерді басқарудағы патшалық үкіметтің алғашқы буыны болып табылатын жергілікті басқармаға көңіл бөлді. Əрбір уезд болыстарға, ал болыстар ауылдарға бөлінді. Е.Г.Федоров «Қазақстан - патша үкіметінің отары» атты еңбегінде: «Патшалық қазақ тұрғындарының орталықтарын əдейі бөлшектеді, барлық басқару жүйесін бөлшектеу арқылы қазақ халқының мəдени дамуын тежеп, халықты қараңғылықта ұстауды көздеді»,- деп көрсетеді.
Уездер аумақтық белгі бойынша бір болысқа 1000-2000 киіз үй жəне бір ауылға 100-ден 200-ге киіз үй кіретіндей болып есептелген болыстар мен ауылдарға бөлінді. Болыстар шаруашылық жағынан біріккен ауылдардан тұрды. Осыған байланысты жаңа жағдайда қазақтардың рулық қатынастар бойынша тарихи бөлінуі заңды түрде жойылды. Ру басында ақсақал тұрғанда, оның сөзі мен ісі билік күшке ие жағдайында патша үкіметінің дала тыныштығы үшін қорқуы заңды нəрсе болатын. Граф Паленнің Түркістан аймағын тексеру жөнінде есеп беруінде: «Бұл шараны іске асырудағы мақсат рулардың үлкен аймақта бір қалыпты орналаспауы əкімшілік басқару жүйесіне кедергі туғызды жəне көптеген біріккен ру басында ру ақсақалдары тұрған жағдайда дала тыныштығын ұстап тұруда көп қиындықтар туғызуы мүмкін еді»,- деп ондай биліктің күштілік себебін тап басып жазуы осының айғағы. Елге сүйенген ру басы кей жағдайда əкімшілік талаптарды орындамауы да əбден мүмкін екені шындық.
1867 ж. Ереженің 85-бабына сəйкес болыстардың басында қазақтардан сайланған болыс басқарушылары, ал ауылдардың басында старшиналар болды. Ережеде «болыстық жəне ауылдық старшиналарды халық сайлайды» деп нақты көрсетілген. Бір қарағанда сайлау демократиялық негізде жолға қойылған болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде патша үкіметі сайлауды өз мақсатына орай жүргізіп отырды. Сайланған болыс басқарушыларын - облыстық əскери губернаторы, ал ауылдық старшиналарды уезд бастығы бекітетін еді. Отаршылар əкімшілігі ұсынылған кандидаттар көңілінен шықпаса бекітпей тастап, жаңа сайлау белгілеуі де мүмкін болатын. Болыс басқарушыларын сайлауға - уезд бастықтары, ал ауылдық старшиналарды сайлауға болыс басқарушылары міндетті түрде қатысатын. Болыс басқарушылары тікелей уезд бастығына бағынышты болды жəне оның барлық бұйрықтарын орындауға міндетті еді, ал ауыл старшиналары болыс басқарушысына тікелей бағынышты бола отырып, болыс басқарушысына жүктелетіндей міндеттерді орындады.
Реформаларды жүзеге асыруда патша үкіметі саяси-экономикалық іс-шараларымен қатар өлкені мəдени жəне рухани жағынан да отарлауға басты назар аударған болатын. Халық ағарту ісі патшалықтың сыртқы саясатының үлкен де маңызды саласы болып табылатын. Бұл сала патша үкіметі отарлау саясатының өзекті құралы десе де болады. Бұл саясат Ресейдің қарамағындағы
ұлттарды біртіндеп христиан дініне кіргізу арқылы орыстандырып, сөйтіп империяның тұтастығын арттыруға арналған еді.
Осыған байланысты, 1867-68 жж. реформада халық ағарту ісінде жүргізілетін шаралар жан-жақты қарастырылды. Онда: «Дала тұрғындарына бастапқы білім беру үшін алғашқы кезде уездік басқарма орналасқан жердің бəрінде ұлт айырмашылығына қарамастан ортақ мектеп ашу ке-рек»,- деп көрсетілді. Осыны негізге ала отырып мектептер, гимназиялар ашылды. 1868 жылғы Ереженің 251-бабында діни істер Орынбор муфтиінің қарауынан алынып, азаматтық басқарманың қарамағына берілді. Молдалар сайланатын болды. Оларды бекіту тұтқасы орыс əкімшілігінің қолына тиді. Бастауыш мектептерде мұсылман дінін уағыздаушылардың қызметі шектелді. Əкімшілік қазақ мектебіне сабақ беретін ұстаздардан орыс тілін білуді талап етті. Елде орын алып жатқан аумақтық-əкімшілік үрдістер Қазақстанның əлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай өзгерістер əкеліп, отарлық саясаттың жаңа салық жүйесін енгізді. Қазақстанда отырықшылық пен жер шаруашылығының көлемінің ұлғайғандығына қарамастан салық төлеушілердің басым бөлігін көшпенділер құрады. Мəселен, 1880 жылы 90,5 % құраса, 1897 жылы 82,0 %-ға жетті. 1867-1868 жылдардағы əкімшілік реформалар қазақтардың жаңа көтерілісін туғызды. XІX ғасырдың 60- жылдарының алғашқы жартысында Қазақстанда, əсіресе Кіші жүзде отаршылдыққа қарсы жаппай халық наразылықтары өріс алды. Көшпелі халықтың ашуызасын туғызған патша үкіметінің салық саясатының күшеюі болды. Оның үстіне қатардағы көшпенділер мен ауқатты отбасылар бірдей міндеткерлік атқарды. Сондай-ақ, жаңа əкімшілік бөліністер ғасырлар бойы пайдаланып келген көшпелі халықтың маусымдық жайылымдарды пайдалану үрдісіне нұқсан келтірді. Салықтар мен міндеткерліктердің күрт көбейтілуі мен əкімшілік-аумақтық бөліністердің дұрыс жүргізілмеуі 1868 жылғы Орал мен Торғай облыстарында орын алған ұлттық бас көтерулердің басталуына түрткі болды. 1868 жылдың желтоқсан айында стихиялық түрде басталған көтеріліс 1869 жылдың қазан айына дейін созылды. Нашар қаруланған, бірақ жер жағдайын жақсы білетін көтерілісшілер өздеріне қарсы қимылдаған патша үкіметінің жазалау топтарын «қарақшылық» шабуылдарға ұшыратты. 1868 жылы 6 мамырда құрамында 200 қылышты жəне жаяу əскері бар Штемпель отряды Орынбор бағытындағы Жамансай көлі маңында қазақ жасақтарымен кездеседі. Жазалау тобы көтерілісшілерге тегеурін бере алмай, жетінші күні азық-түлігінің таусылуына байланысты кері қайтады. 1869 жылдың наурызы мен маусым айының аралығында болыс, би, сұлтан жəне старшиндарға қарсы 41 рет шабуыл ұйымдастырылады. Оған 3 мыңға тарта жасақ қатысты. Торғай мен Орал облыстарында көтеріліс өртінің ұлғаюына байланысты жергілікті үкімет орындарымен қатар орталық үкімет те көтерілісшілерді жазалауға отряд
топтарын жөнелтті. Орал облысы аймағына подполковник Рукин, граф Комаровский отрядымен бірге, генерал-губернатор Веревкин басшылығындағы отряд аттандырылды. Көтеріліс ұйымдаспаған, өзара келіспеушіліктер мен соғыс тактикасының нашар болуына орай басылып, жанышталды. Сол сияқты 1870 жылғы Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісі де осындай сипатта болды. Жаңа жүйе бойынша енгізілген салық жүйесі Маңғыстау халқының үкіметке қарсы наразылығын туғызды. Маңғыстау приставы подполковник Рукин дала тұрғындарының қиын жағдайымен санаспай, адайлардан 1869-1870 жылдар үшін шаңырақ алымын жаңа салық жүйесіне сəйкес дереу енгізуді талап етті. Көптеген жергілікті тұрғындар, соның ішінде Бозашы түбегінің балықшылары Рукиннің талабын орындаудан бас тартты. Адайлардың жайлауға көшуін күштеп тоқтатқан Рукиннің ойланбай жасалған əрекеттері жер-жерде көтерілістің шығуына себеп болды. 1870 жылдың наурызында Рукиннің отряды көтерілісшілердің үлкен тобымен кездесіп, қоршауда қалады. 25 наурызда ашық қақтығыс кезінде 20-ға жуық жазалаушы қаза тауып, отряд командирі Рукин өз-өзіне қол жұмсайды. Жеңіс жігерлендірген көтерілісшілер сəуір айының басында Николаев станциясына, Александровск фортына шабуыл жасады, алайда, олар сəтсіздікке ұшырады. Көтерілісшілер саны 10 мыңға жетті. Патшалық өкімет орындары қазақтардың батылдығынан қорқып, қосымша əскери көмек сұрауға мəжбүр болды. Кавказдан тың күштердің келуі күштердің арақатынасын өзгертіп, көтерілісшілер Үстірттің баруға қиын аудандарына шегінді. Осы тұста Англия үкіметінің Иранға деген ықпалы арта түседі. Патша үкіметі ендігі кезекте Хиуа хандығына қарсы шаралар ұйымдастырды. Маңғыстау аймағына Хиуа билеушілері адайлар қозғалысын қолдау үшін 4 зеңбірегі бар 6 мыңдық жасақпен қимыл жасауды ұйғарды. Бірақ шектес аудандарда Хиуаның əскери қыр көрсетуі нақты нəтижелер бермеді, дегенмен аймақтағы жағдайды едəуір шиеленістірді. Маңғыстау аймағы 3 айға жуық патша əскерінің қол астына қарады. Патша үкіметі көтерілісшілерді жаппай жазалайды. Осы тұста генерал-губернатор Н.А. Крыжановский əскери министр Милютиннің «көтерілісшілерді жазалау» туралы нұсқауын жібереді. 1870 жылы желтоқсанда көтеріліс жеңіліс тапқан соң, көтеріліс басшылары И. Тіленбаев, Д. Тəжиев, Е. Құлов жəне олардың серіктері 3 мың шаңырақпен Хиуа хандығының шегіне өтіп кетеді. Сөйтіп, бұқаралық сипатына қарамастан, көтерілістің негізгі қозғаушы күші - қазақ шаруалары өз қатарларын берік біріктіруге қол жеткізе алмай, Маңғыстау облысындағы халықтық-азаттық күрес жеңіліске ұшырады. Көтеріліс аяусыз жанышталып, адайларға соғыс шығыны ретінде 90 мың қой салық салынды. Маңғыстау көтерілісі өз кезегінде патша үкіметінің отарлау саясатына қазақ халқының қарсылығының айқын көрінісі болды.Жалпы XІX ғасырдың екінші жартысындағы реформалардың болмысы туралы, қорыта айтқанда, мынандай түйін жасауға болады. Патша үкіметі Қазақстанға енгізген əкімшілік реформалары негізінде оның саяси дербестігін толығымен жойып, қазақ жерінде империя құрамындағы əкімшілік басқару жүйесін орнатты.
Патша үкіметінің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанда жүзеге асырған əкімшілік реформалары қазақ елінің саяси тəуелсіздігін біржола жойғанымен, бұл реформалар көп ұзамай-ақ патшалық əкімшіліктің қазақ қоғамының ішкі өміріне тереңдеп еніп, оны игеріп алып кетуге əлі де болса əлсіз екендігін көрсетіп берді. Мұны жақсы түсінген патшалық əкімшілік ХІХ ғасырдың 60-жылдарының орта тұсынан бастап Қазақстанды отарлаудың «ең
сенімді» жолына түсті. Ол Орталық Ресейден орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аударту еді. Патшалық Ресейдің қоныс аудару саясаты бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылды. Қазақстан тарихнамасында бұл қоныс аудару саясаты үш кезең бойынша бөліп қарастырылады. І кезең ХІХ ғасырдың 70-80 жылдар аралығын қамтиды, ол 1889 жылғы 13 шілдедегі жарлық шыққанға дейін созылды. ІІ кезең ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан 1905 жылға дейінгі уақыт аралығын қамтиды. ІІІ кезең 1906 жылдан 1916 жылдар аралығын қамтиды. Қазақстанға орыс жəне украин шаруаларын қоныстандыру ХІХ ғасырдың 70-жылдарының соңы 80-жылдардан бастап қарқынды жүргізілді. Қоныс аударудың алғашқы кезеңі өз еркімен қоныс аударған шаруалар қозғалысымен анықталып, патша үкіметі өз еркімен қоныс аударғандар жағдайын реттеу мақсатына бірқатар жеке заң-актілермен, нұсқаулар қабылдады. Онда көзделген мақсат - қоныс аударуды үкімет өз қадағалауына алып, оған көмек көрсету болды. Оған алдын ала дайындық шаралары жасалды. Мəселен, Жетісу облысы əскери губернаторы Колпаковский бастамасы бойынша Жетісуға шаруалардың қоныс аударуы туралы «Уақытша ереже» əзірленді. Бұл құжат 1868 жылдан бастап 1883 жылға дейін күшін сақтады. «Уақытша ереже» бойынша орыс қоныс аударушыларына (ерлерге) 30 десятина жер беру, 15 жылға алым-салық жəне түрлі міндеткерліктерден босату, 100 сом мөлшерінде көмек беру жəне басқа жеңілдіктер анықталып, көрсетілді. Қоныс аударған шаруалар жағдайына қатысты оларға жасалатын жеңілдіктер туралы жаңа ережелер ХІХ ғасырдың 80-жылдарынан дайындалды. Оларда да жаңа келіп қоныс тебушілер үшін берілетін жеңілдіктер сақталды, тек жер мөлшері аздап төмендеді. Айталық, 1886 жылғы дайындалған: «Түркістан генерал-губернаторын басқару туралы Ереже» бойынша 10 десятина (ерлерге) жер беру, қоныс аударушыларды алым-салық жəне міндеткерліктен 5 жылға дейін босату, кейінгі жылдары алымды тек жартылай төлеу жеңілдіктері сақталды.Арнайы ереже 1889 жылғы 13 шілдеде қабылданды. Онда қоныс аудару тек Ішкі істер министрлігі жəне Мемлекеттік мүлік министрлігі арқылы алдын ала шешілуі қажет делінген. Тиісті үлестік мөлшері жергілікті өкімет құзырына берілді. Мұнда үлкен астар жатқаны ешқандай құпия еместі. «Ережеде» шаруалардың қоныс аударып, тұрақтайтын аудандары нақты анықталып көрсетіледі: Жетісу,
Ақмола жəне Семей облыстарының аумағына орыс-украин шаруалары көптеп қоныстануы белгіленді. Атамекенінен қоныс аударған шаруаларға қажетінше жерді үлестіру кеңінен жүргізілді. Тек 1885 жылды қоса алғанда, Ақмола облысы қазақтары жерінен 251779 десятина мөлшерінде тартып алынды. Онда 10 940 ер адамы бар 24 қоныс аударушылар бөлімшесі (учаскелері) құрылған еді. Семей облысы бойынша 33 064 десятина егістік жер жергілікті тұрғындар
иелігінен алынды. Жетісу облысынан 12 жылда (1868-1880 жж.) 3324 отбасы қоныс аударып, оның 2099 селолық құрылымға біріксе, 1225 отбасы қалаларда тұрақтанды.1889 жылғы Заң күші Торғай жəне Орал облыстарына да тарал-
ды. Заң қоныс аудару мəселесін үкімет құзырында қалдырды, қоныс аударушылар үшін арнайы рұқсат қағаз қажет болды. Түйіндеп айтсақ, патша өкіметі орыс шаруаларының еркінше қоныс аударуын қадағалап, реттеуді көздеді. Алайда шаруалардың өз еркінше қоныс аударуы ретсіз қозғалыс болып қала берді.Патша үкіметі өзінің қоныс аудару саясатын қарқынды жүргізуді
көздеп, 1892-93 жж. Ұлы Сібір темір жол құрылысын бастады. Қазақтар жерін экономикалық игеру мақсатында «артық», «бос» жатқан жерді анықтайтын түрлі экспедиция құрылып, жедел жұмысқа кіріскен еді. Комиссиялар алдында қойылған талап біреу - барынша көп мөлшерде қазақтар жерінен «бос», «артық» деген жерді анықтау арқылы қоныстанушылар «қорын» толықтыру болды. Сондай-ақ, жергілікті əкімшілік басқару жүйесін қалыптастыруға үлкен назар аударылды. Нəтижесінде ХІХ ғасыр соңына қоныс аударушылар басқармасының орталықтандырылған біртұтас жүйесі құрылды. Транссібір темір жолы қазақ жерінің солтүстік өлкесі арқылы жүргізілді. Ақмола облысы əкімшілігіне қараған осы өңірде құрылған 5 уездің 3 уезінен 160 мың келімсек орыс-украин шаруаларын қоныстандыру үшін 2241503 десятина жер бөлінді. Мұнда, экономист Ф.А.Щербина басшылығымен «қоныстанушылар қорын»
жасау үшін арнайы статистикалық экспедиция жасақталды. Арнайы экспедиция 1896-1902 жылдарда Ақмола, Торғай жəне Семей облыстарының 12 уезін қамтып, қазақтардың мал шаруашылығына қажетті пайдаланатын «нормасын» «187 десятина жер 24 мал басына жеткілікті» - деп анықтады. Зерттелген 8 уездің жергілікті қазақтарға тиесілі жер мөлшері - 51 %, қалған 49 % жері «қоныс аударушылар қорында» қалды. Экспедиция жұмысы нəтижесімен қанағаттанбаған патшалық əкімшілік қазақтар пайдалануындағы жер «нормасын» азайтып, «артық» деген жерді қосымша анықтау арқылы жоғарыда аталған уездер бойынша «қоныстанушылар қорын» 63% дейін көбейтті. Қоныс аударушылар қатары жылма-жыл артып, олар тұрақтанған жерлерде мыңдаған қоныстар пайда болды. Қазақстанның солтүстік, батыс жəне шығысында жаңа келіп қоныстанған орыс жəне украин шаруаларымен қоса, орыс-казак станицалары салынды. Мəселен, Ақмола, Торғай жəне Орал облыстарында тұрғын қазақтармен салыстырғанда, келімсек орыс-казактар жəне орыс, украин шаруалар есебінен жалпы халық саны өсті. 1897 жылғы жалпы ресейлік халық санағы бойынша, тек бір Ақмола облысында орыс тұрғындарының көрсеткіші 33 % жеткен. Қазақстанның оңтүстігінде 14 мыңдай орыс, украин жəне əскери
адам қоныстанды. ХІХ ғасырдың 80-жылдарында мұнда 5 уезд жəне 80-нен астам елді мекендер пайда болды. Патшалық үкіметтің жедел қарқында жүргізген қоныс аудару саясаты нəтижесінде келімсек орыс, украин шаруаларына ең шұрайлы жайылымдық, егістік, су көздеріне бай, орманды жерлер берілді. Тұрғылықты қазақтар болса, сусыз, малға тиімсіз аймақтарға зорлықпен, түрлі амал-айламен қоныстарынан көтеріле көшуге мəжбүр болды. Қоныс аудару салдарынан жергілікті тұрғын саны азайып, демографиялық ахуал күрделене түсті. Қазақтар сан жағынан 1897 ж. санақ бойынша 87 %-ке дейін азайды. Келімсек орыс жəне украиндардың саны 532,7 мыңға, татарлар - 55,4 мыңға, өзбектер - 73,5 мыңға, ұйғырлар - 56 мыңға артқан. Бұл сандық көрсеткіштер жаңа ХХ ғасырда ұлғая түсті.Патша үкіметі 1901 жылы Жарлық шығарды, онда жеке адамдарға қазыналық жерлерден үлестік жер бөліп беруге рұқсат етілді. Қазақтар жері қазыналық деп есептелді жəне 1867-68 жылдар ре
формасына сəйкес мемлекеттік меншік болып жарияланған болатын. 1904 жылы Қоныс аудару басқармасы құрылып, оған орталық Ресейден шаруаларды қоныс аударту ісін қадағалау толығымен жүктелген еді.1904 жылы 6 маусымда шыққан енді бір заңда «село тұрғындары мен мещан-егіншілердің өз еркімен қоныс аударуы туралы» делінген. Бұл аталған заңдық күші бар құжаттардың барлығы қазақ халқын өз ата-қонысы болған туған жерден ығыстырылуға, тұрмыс ауыртпалығын бастан кешуге, мəжбүрлікке душар етті. XІX ғасырдың соңында Қазақстанға орыс шаруаларымен қатар ұйғырлар мен дүнгендер де қоныс аударды. Өйткені 1871-1881 жылға дейін Іле аймағы патшалық Ресейдің қол астында болды. 1881 жылы 12 ақпанда Қытай мен Ресей арасында «Петербург шартына» қол қойылды. Шарттағы 17 баптың алғашқылары келісімнің мəнін жан-жақты ашып көрсетті. Мысалы, шарттың 3-бабында: «Іле аймағының тұрғындарына Қытай қоластындағы мекендерінде қалу немесе Ресей жерлеріне көшіп, Ресей азаматтығын қабылдау ұсынылады» - деп қарастырылған. Ұйғырлар мен дүнгендерді Жетісуға қоныстандыру арқылы патша үкіметінің көздеген мақсаты - оны жергілікті халықтың ұлт-азаттық көтерілісіне қарсы қолшоқпар ретінде пайдалануды көздеді. Бұл мəселе бойынша арнайы комиссия құрылып, қоныс аударғандарды Шелек жəне Іле өзенінің аралығында орналастыру туралы шешім қабылданды. Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуы 1881-1883 жылдар аралығында жүзеге асырылып, 1884 жылдың басында 9572 ұйғыр отбасы қоныс аударды, оның 24628 ер адам болса, ал 20745 əйелдер болды, барлығы 45373 адам еді. Сонымен қатар, Қазақстанға барлығы 5055 дүнген қоныс аударды.Қоныстанушылардан жаңадан 5 болыс: Жаркент, Ақсу-Чарын (қазіргі Ұйғыр ауданы), Малыбай (Шелек ауданында), Қорам (Шелек ауданы), Қарасу (Еңбекшіқазақ ауданында), Кетпен болыстары құрылды (қазіргі Жаркент ауданында). Жаңа құрылған болыстың басшысы болып сол бұрынғы Іле аймағында болған басшылар сайланды. Дүнгендер мен ұйғырлар өздерімен бірге Жетісуға жасанды жолмен суландырылатын егіншіліктің əлдеқашан қалыптасқан дəстүрлерін əкелді. Ұйғырларда күріш өсіру дүнгендердегі сияқты
негізгі дақылға айналған жоқ. Олар негізінен бау өсіріп, бақша салумен айналысты (халықтың шамамен алғанда үштен екісі). Дүнген шаруашылықтарының үштен екісінен астамында бау да болды.Сонымен, қорыта айтқанда, орыс шаруаларын қазақ өлкесіне қоныстандыра отырып, қазақ халқын шаруашылыққа жарамды жерінен айыру процесімен бір мезгілде отарлаушы əкімшілік жүйесінің жаңа жағдайға байланысты одан əрі жетіліп, нығая түскендігін, сондай-ақ отарлау ісінің құрамды бөлігі қазақтарды орыстандыру, шоқындыру шараларының да жүйелік, мақсаттылық сипат алғандығын байқаймыз.
Қазақ халқының ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы мəдениеті ежелгі қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ халқын құраған ұлыстар мен тайпалардың материалдық мəдениеті мен рухани мəдениетінің заңды жалғасы жəне жаңа заманға сай дамып қалыптасқан түрі болды. Рухани мəдениеті: Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мəдениетінің маңызды бір саласы - қазақ шежіресі екені анық. Қазақтың байырғы салт-дəстүрі бойынша əрбір қазақ азаматы өзінің жеті атасын білуге тиісті еді. Мұны балаларына үйрету əрбір атаның, отбасы тəрбиесінің негізі болды. Тек ата-анасынан айырылған жетімдер ғана мұндай тəрбиеден қалған. Соның үшін қазақ қауымы “жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары” дейді. Ру, тайпа жəне жүздің шежіресін таратып айта алатын адамдар халық ішінде құрметтеліп “шежірешілер” деп аталды. Ерте заманда шежіре ауызша түрде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілсе, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда бірсыпыра шежірелік жинақтар таспаға түсірілген. Олар: “Көшен-Қарауыл шежіресі” (ХVІІІ ғ.), “Жəңгір хан шежіресі” (1835), Ш.Уəлиханов жазып алған “Ұлы жүздің шежіресі” жəне т.б.
Сол сияқты ХVІІІ ғасыр “ақындар поэзиясы ғасыры” деп аталған. Қазақ мəдениеті мен əдебиетінің өте құнды мұралары - ақын-жыраулардың өлең-жырларында халықтың өмір тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез-құлық өлшемі, сол дəуірдің рухы бейнеленді. Олар халық басына келген қайғыға да, жұрт кенелген мерейге де ортақ болды. Ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды.
ХVІІІ ғасырда танымал болған Ақтамберді, Тəттіқара, Үмбетей, Бұқар, Шал, Көтеш секілді жыраулар өз өмірінде ұшан-теңіз жыр шығарды. Қазақ əдебиеті тарихында көрнекті орын алатын ХVІІІ ғасырдағы атақты жырау Бұқар Қалқаманұлының (1668-1781) бірнеше шығармалары сақталған. Ол тəуелсіздікті сақтау жəне нығайту идеясын білдірген көрнекті дидактикалық өлең-толғаулар шығарған. Қазақ ханы Абылайды қолдап, əртүрлі даулар мен таластарды шешкен. Жырау қазақтың барлық үш жүзін біріктіріп, бір орталыққа қараған күшті мемлекет болуын армандады.
Тəттіқара, Үмбетей, Шал, Көтеш сияқты жыраулардың жырлары халық жадында үзік-үзік сақталған. Үмбетейдің Бөгенбай батырдың қайтыс болуына арналған естірту жыры - жоқтауы белгілі. Үмбетей жоқтауында Бөгенбай - халық қорғаушысының мінсіз бейнесі. Ал Тəттіқара ақын қатардағы жауынгер ретінде көптеген шайқастарға қатысып, жорықта туған толғауларында жауынгерлерді бостандық жолындағы күресте қандай да болсын қиыншылықтың алдында бас имеуге шақырады.
XІX ғасырда қазақ əдебиеті ұлттық дарынды тұлғалардың көптігімен де, бір-біріне ұқсамайтын дара туындылардың сан қырлы сипатымен де ерекшеленді. Бұл дəуірде айтыс өнері дамып, даңқты ақындар Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Сүйінбай, Шернияз, Біржан, Бақтыбай, Жамбыл сияқты əйгілі ақындар қатары Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тəрбие, Ақбала жəне басқалар сияқты ақын қыздардың есімдерімен толықты деуге болады. Түрі мен мазмұны жағынан айтыстар бір-біріне ұқсамайды. Олардың кейбіреулерінің негізгі мазмұнында халықтың өмірі, оның шаруашылық-тұрмыстық проблемалары, рулық қоғамдастықтың ерекшеліктері сөз болса, Біржан мен Сара айтысында қазақ əйелдеріне жеке бостандық беру мəселесі көтеріледі.
Мұндай айтыстармен қатар бірін-бірі қалжыңмен қағыту, танысу, амандасу, көңіл көтеретін əзіл-оспаққа құрылған айтыс түрлері де аз кездеспейді.Осы кезеңнің музыкалық мəдениетінде Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) өзіндік даралығымен көрінді. Ол 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісінің белсенді қатысушысы ғана емес, көтерілістің “жаны” мен “жылнамашысы” болды. Оның “Исатай көтерілісі”, “Исатайдың өлердегі сөзі” сияқты шығармалары көтерілісті жан-жақты сипаттады. Сол сияқты Шернияз Жарылғапұлы (1817-1881) Кіші жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің жыршысы жəне ту көтерушісі болды. Жалынды жырларымен халықты күреске үндеді. Шығармалары қайшылыққа толы, күрделі тұлға саналған зар-заман ақындары да қазақ əдебиетінде өзіндік орын алады. Зар-заман ақындарының көрнекті өкілдері - Дулат Бабатайұлы (1802-1874), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881), Мұрат Мөңкеұлы (1843-1909). Олар қазақ халқының өмірін ақиқатпен жырлаған ақындар болды. Ахмет Байтұрсыновтың “Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуында” деп тұжырымдағаны сияқты, бұл ақындар да қара басын күйттеген ақын емес, халқының үні мен елдің мұңын жеткізуші болды. Зар-заман ақындары өмір сүрген кезең патшаның отаршылдық саясаты дəуірлеп, қазақ жерінің нағыз талауға түскен кезі еді. Мəселен, Мұрат Мөңкеұлы “Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Əттең, бір қатты дүние-ай” сияқты толғау-дастандары арқылы қазақ жерін отарлаушыларды батыл əшкерелеп, озбыр саясатқа қарсы тұрса, Дулат Бабатайұлы “Бейшара менің қазағым”, “О, Сарыарқа, Сарыарқа” өлеңдері арқылы қазақтың ауыр тұрмысын бейнелейді.ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ақын-жыраулық поэзиямен қатар шығыстық ақындық дəстүр үлкен орын алды. Қазақтың дастандары араб-парсы əдебиетімен, фольклорымен байланыста болды.
Абай қазақтың классикалық əдебиетіне дастандар алып келді. (“Ескендір”, “Масғұт”, “Əзімнің əңгімесі”). Абай (Ибраhим) Құнанбайұлы (1845-1904) өзі туған ортадан шоқтығы биік тұрды. Оның пікірінше, əрбір ойлы адам қоршаған өмір шындығына өзінің саналы көзқарасын қалыптастыруға тиіс. Абайдың бүкіл шығармашылығы əрекетсіздік пен жалған ұятқа деген ымырасыздық идеяларына толы. Ол ел ішінде бірлік пен татулық болғанда ғана қоғамның
негізгі күштері - ғылым, алдыңғы қатарлы идеялар, мəдениет толық көлемде дами алады жəне бүкілхалықтық игілік əкеледі деп санады. Қоғамды алға дамыту жолдарын үнемі іздестіріп отырды. Яғни, бұл даму егіншілікті, қолөнерді, сауданы дамытумен тығыз байланыстырылды. Ұлы ақын: Егіннің ебін, Сауданың тегін Үйреніп, ойлап, мал ізде” деген болатын. Сол сияқты ақын орыс əдебиеті жəне мəдениетімен таныс болды. М.Ю. Лермонтов, А.С.Пушкин, Н.Крылов шығармаларын аударумен шұғылданды. Орыс əдебиеті үлгілерін қазақ халқы арасына тұңғыш таныстырушы болып, олардың өскелең идеяларын насихаттады.
Осы кезеңнің дара тұлғаларының бірі ретінде Ш.Уəлихановты (1835-1865) атаймыз. 1856 жылы Ш.Уəлиханов екі экспедицияға қатысады. Біреуі Орталық Тянь-Шань арқылы Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі, екіншісі - дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар. 1857 жылы Уəлиханов Алатау қырғыздарына тағы да сапар шегіп, қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны “Манасты” көшіріп алды. Ыстықкөлге экспедиция кезінде Ш.Уəлиханов тарихи деректермен қатар көненің көзі - ерте заман бұйымдарының құнды үлгілерін жинады. “Ыстықкөлге барған сапардың күнделігі”, “Қытай империясының батыс провинциясы жəне Құлжа қаласы”, “Қырғыздар туралы жазбалар” деген тарихи-этнографиялық туындылары жоғарыда аталған сапарларының нəтижесі болатын. Ш.Уəлихановтың ғылыми қызметі Орыс географиялық қоғамының назарын аудартып, 1857 жылдың ақпанында ол қоғамның толық мүшелігіне қабылданады. Оның ғылыми мұрасы Қазақстанның жəне көп ұлтты Ресейдің, басқа да халықтардың проблемаларының өзекті тұстарын қамтиды. Шоқан Орта Азия мен оған іргелес жатқан аймақтар халқының географиясын, этнографиясы мен фольклорын зерттеуге де үлкен үлес қосты. А.Құнанбаев пен Ш.Уəлиханов XІX ғасырдағы екі үлкен білім жүйесінің өкілдері болды: діни (мұсылмандық) жəне зайырлы (орыстық).
Мектеп пен медреселерде діни білім беріліп, молдалар мен мұғалімдер даярланды. Медреселерде теологиялық діни білім философия, тарих, əдебиет, астрономия, медицина, математика, лингвистика пəндерін оқытса, зайырлы оқу орындары қазақтарды Ресейге қызмет ету мен орыс мəдениетіне қызығушылық жолдарына салды. Олар отарлау аппараттарына шенеуніктер, аудармашылар, оқытушылар, əскерилер, дəрігерлер даярлады. Орынбордағы зайырлы оқу орындарының бірін 1857 жылы танымал жаңашыл-педагог, ағартушы Ы.Алтынсарин аяқтайды. Ы.Алтынсарин (1841-1889) бастамасымен жəне тікелей қатысуымен Қазақстанда халықтық азаматтық мектептер желісінің құрылуына қол жеткізілді. Ол, əсіресе, қолөнер жəне ауылшаруашылығы училищелерін ашуға көп күш-жігер жұмсап, байырғы халық арасынан Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлауға ерекше мəн берді. Ы.Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап “Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы” жəне “Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық” атты оқу құралдарын жазды. Орыс кластарына қазақ тілінен сабақ беріп, ол ұлттық əдебиет пен мəдениетті дамыту, қазақ əдеби тілін қалыптастыру жолында жемісті еңбек етті.
XІX екінші жартысында Қазақстандағы музыка өнерінің дамуына Құрманғазы Сағырбайұлы, Дəулеткерей Шығайұлы, Тəттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты композитор-музыканттар үлкен үлес қосты. Домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты музыкалық аспаптар арқылы түрлі эпостарды, тарихи дастандарды, аңыз-əңгіме мен жырларды орындап отырды. Аталған композиторлардың дүниетанымы тарихи тұрғыда шектеулі бола тұрса да, олардың шығармаларында əлеуметтік қайшылықтар бейнеленді.
Біржан Қожақұлы, Мұхит Мералиев, Ақансері Қорамсаұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Құлтума Сармұратұлы сияқты жəне тағы басқа көптеген ақын, əнші, композиторлардың шығармашылық жəне орындаушылық шеберлігі арқасында қазақ əн мəдениетінің классикалық үлгілері дамып, жоғары дəрежеге көтерілді. Материалдық мəдениеті: Қазақтардың XVІІІ-XІX ғасырлардағы материалдық мəдениетінің күйі қоғамның экономикалық даму деңгейімен анықталды. Оның даму барысына көшпелі қазақтар экономикасының дамуындағы басты фактор ретінде көшпелі мал шаруашылығы əсер етті. Бұл жағынан алғанда егіншілік, сауда-саттық, көрші халықтардың ықпалының маңыздылығы да аз болған жоқ. Отырықшы халықтар өмірінде жер шаруашылығы үлкен рөл атқарса, көшпелі халықтарда мал шаруашылығы маңызды болды. Қазақ көшпенділерінің салт-дəстүрі, діни-наным сенімі, тұрмысы көшпенділік өмірмен тікелей байланысып жатты. Көшіп-қону мал өсірушілерге маусымдық жақсы жайылымдарды пайдаланып отыруға мүмкіндік берді. Көшіп-қону көбінесе меридиан (оңтүстіктен солтүстікке) бағытымен жүрді. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен бір аумақта болды. Əрбір рудың өзінің көш жолдары болды. Қазақтың мал шаруашылығының өріс, қоныстары жылдың төрт маусымына қарай қыстау, көктеу, жайлау жəне күзеу деп төртке бөлінді. Жаздық жайылым қазақтардың ортақ пайдалануында болып келсе, көктеу мен күзеу бір орында болды. Қыстауда малшылар құйма кесектен қаланған үйлерде қыстады, жылдың басқа мезгілдерінде киіз үйлерде тұрды. Киіз үй - көктем, жаз жəне күз мезгілдерінде қоныстан-қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы айқыш сағанақтардан көктелген керегеден тұрғызылды. Кереге жиналмалы болып бөлек-бөлек қанаттан жасалды. Ал керегеден жоғары жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылды. Уықтардың аяғы дөңгелене жайыл-
ған керегенің аша басына айқастыра байланып, ұшы (қаламшасы) шаңырақтың көзіне шаншылды. Шаңырақ - үй күмбезінің төбесі əрі терезесі. Үй ағашының сыртынан арнаулы киіздер, қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түңлік жабылды. Үйдің ортасында ошағы, оң жағында төсек, оның тұсында тұскиіз ұсталып, төсекті қоршап шымылдық тартылады. Үйдің төріне жүкаяқ қойылып,
оның үстіне көрпе-жастық жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, қазан-аяқ, саба сияқты ыдыстар қойылып, ол шимен қоршалған. Көшпелі мал шаруашылығына күрделі еңбек құралдары керек болған жоқ. Жылқы ұстау үшін құрық, арқан пайдаланылды, қайыстан немесе жылқының жал-құйрығынан тұсау мен шідер жасалды, құлын мен бота байлауға жуан арқан мен ноқта пайдаланылса, мал суғаруға науа мен қауға пайдаланылды. XVІІІ ғасырдың аяғында қазақ даласына орыстардың қыста шөп дайындауға арналған шалғылары біртіндеп тарала берді.
Ал, XІX ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолданыла бастады.Қазақстанда суармалы егіншіліктің ежелгі ошақтары ертеден болып келген. Осыған байланысты қазақтарда егіншілік құралдары-ның қарапайым түрлері болды. Мəселен, тісағаш, егін оратын орақ, ағаш күрек, сыпыртқы - егіншілік құралдарына жатқызылды. Егісті суғару үшін суды көтеріп шығаратын əртүрлі құралдар - атпа, шығыр, сондай-ақ кетпендер мен күректер пайдаланылды. Оларды жергілікті ұсталар өздері дайындап отырды.Салт атқа арналған əбзелдерді қоспағанда қазақтың мал шаруашылығына жəне егіншілікке байланысты негізгі еңбек құралдары Қазақстанның бүкіл аумағында бір-бірімен ұқсас болды. Қазақтың ат-тұрман əбзелінің ішіндегі ердің сыртқы түрі мен дайындау тəсілінде жергілікті ерекшеліктер байқалады. Ердің ең көп таралған түрі - қайыңнан шауып жасалған, алдыңғы қанаты кең “қазақ ері” болып табылады. Оңтүстік Қазақстанда ердің “құранды ер” дейтін түрі таралған. Ер-тұрман əбзелдерін жасау, негізінен, ершілердің ісі болған. Олар тек қана ердің өзін емес, сонымен бірге бүкіл ат əбзелдерінің бəрін - тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүген, айыл, үзеңгі, таралғы, қамшы жəне т.б жасап, оларды əсемдеп, көркемдеп отырған.
Сондай-ақ қайыстан ат-тұрман əбзелдерін өретін шеберлерді “өрімші” деп атаған. Қазақтардағы көшпелі тұрмысқа бейім шаруашылықтың үстемдігі алуан түрлі қолөнерінің - тоқымашылықтың, киіз басудың, ағаш, металл, тері, сүйек жəне мүйіз өңдеудің дамуына себепші болды. Тоқымашылықпен жəне киіз басумен көбіне əйелдер айналысты, олар негізінен алғанда үйге керек-жарақтардың тоқымашылық пен ісмерлікке қатысты заттарын: кілемдер, алашалар, шекпендер, киіз үй ішіндегі алуан түрлі басқұрлар, бау-шулар, текеметтер, сырмақтар, аяққаптар жəне т.б дайындады. Қыстаулардағы отырықшылыққа бейімделген тұрғын үйлердің дамуы, үй-жайлар санының көбеюі жəне орыс мəдениетінің ықпалы тұрғын үйлердегі керек-жарақтардың едəуір өзгерісіне əкеп соқты. Дəстүрлі үй бұйымдарының орнына əйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын əртүрлі сандықтар пайда болды. Қазақтардың ұлттық киімінде этнографиялық белгілері сақталып қалғанымен, олардың да пішіні мен түрлеріне өзгерістер енді. Ер адамдар бітеу пішілген, кеудесінде тік өңір қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Ер адамдардың көп таралған сыртқы киімінің түрі шапан болды. Ол көбінесе фабрикалық маталардан тігілді. Ауқатты қазақтар түрлі-түсті бұқара жібегінен, барқыттан қымбат матамен əдіптеп тігілген шапан киді. Қазақтар əдемі “мəуіті шапан” мен “мəуіті шекпен” де дайындады. Олардың қос шабуынан өрнек салынды. Шабудың төменгі жағынан тілік қалдырылып, жұқа түйе жүннің тоқымасынан тігілді. Қазақстанның барлық облыстарында қазақтардың кеңінен қолданылған қысқы сырт киімінің ежелгі түрлерінің бірі - күпі көктемде қырқылған түйе немесе қой жүнінен дайындалды. Сырт киетін қысқы киімнің қадірлісі аң жəне үй жануарларының терісінен тігілген ішіктер болды. Қазақтардың көбінің қолы жететін жəне кең таралған қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Енді аяқ киім түрлеріне келетін болсақ, қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мəсілер болды.
XVІІІ ғасырда қазақтардың жазда киетін өкшесі биік, тұмсығы қайқы етіктері XІX ғасырдың екінші жартысында жоғала бастады. Барлық жастағы ер адамдар қыс кезінде негізінен ішінде киіз байпағы бар ұзын қонышты саптама етік киді. Неғұрлым ауқаттылары жаз кезінде былғары кебісі бар мəсі киіп жүрді. Бұл аяқ киімдердің барлығы оң жəне сол аяқ деп бөлінбей бірдей тігілетін. Бас киім түрлеріне келетін болсақ, ересек ер адамдардың барлығы шаштарын алдырып, басына тақия, тебетей киді. Бұның сыртынан тігілген терісіне сəйкес сусар, пұшпақ жəне елтірі деп аталатын бөріктер киді. Əйелдердің киімдері жас ерекшеліктеріне сəйкес бір-бірінен біршама ерекше болды. Қазақ əйелдері ерекше сəнді киініп, киімдерінің сыртынан тағатын кемер белдіктерін күміспен күптеп, алтынмен аптап, қымбат бағалы тастармен əшекейлеп отырды. Əйелдердің жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты бас киімдері де ерекше болды. Мəселен, жас қыздар шет-шетіне моншақтан немесе бағалы металдан шекелік тағылған, бай нақышты үкілі тебетей - “қасаба” киді. Ұзатылған қыздың бас киімі сəукеле бір жылдан соң ақ мақта-матадан дайындалған кимешекпен ауыстырылатын еді. Мал шаруашылығына негізделген қазақтардың тұрмысы олардың ішетін тамақтары мен ыдыс-аяқтарынан айқын көрінеді.
Негізгі тамақтары ет-сүт өнімдері болды. Қазақтар ыдыс пен керек-жарақтарды көбінесе сынбайтын материалдардан: ағаштан, теріден, киізден жəне шұғадан жасаған. Олар: торсық, саба, күбі, қазан, таба,
ожау, астау, ағаш табақтар, мес, мал саууға арналған көнек жəне т.б. Көшкен кездерінде ыдыс-аяқты сыртқы беті түрлі-түсті құрақтармен өрнектелген арнаулы киіз қаптарда (аяққаптарда) сақтаған. Сусымалы мал өнімдері үшін тоқыма қаптар дайындаған. Сүр ет пен сары майды ағаштан жасалған кебежелерде сақтаған.Сөйтіп, XVІІІ ғасырдың аяғы мен XІX ғасырда қазақтардың рухани жəне материалдық мəдениетінде көшпелі жəне жарты-
лай көшпелі тұрмыс-салтына байланысты дəстүрлі ерекшеліктер сақталып қалды. Сонымен, қорыта айтқанда, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы əкімшілік реформалар Ресейдің қазақ жеріндегі саяси-əкімшілік, əлеуметтік-экономикалық үстемдігін нығайтуға, қоныс аударушы орыс шаруаларын өзінің саяси-əлеуметтік тірегіне айналдыра отырып, қазақтарды орыстандыру, шоқындыру негізінде империяның тұтастығын күшейтуді көздеді.
Достарыңызбен бөлісу: |