Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009


 Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан



Pdf көрінісі
бет52/76
Дата27.11.2023
өлшемі1,99 Mb.
#129183
түріЛекция
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   76
Байланысты:
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

2. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан.
Қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі
Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) 
басталды. Соғысқа дейінгі тұста Ресейде жаңа өнеркəсіп салалары 
жедел қарқынмен дамыды. Өнеркəсіп орындары ел экономикасы-
ның дамуына үлес қосумен қатар, соғыс қажеттілігіне орай ірі 
мемлекеттік тапсырмаларды да атқарды. Өнеркəсіп өндірісінің 
ішінде металлургия өндірісі үлкен жетістіктерге жетті. Əйткенмен, 
Ресей соғысқа дайындықсыз, əскери-өнеркəсіптік əлеуеті төмен, 
көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия əскери-техникалық 
жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. Соғыс басталған соң жалпы 
империяда, ішінара Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі 
бірте-бірте кеми берді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасының құлды-
рауына əкеліп соқты. Ауыл шаруашылығы өлкедегі егіншілік 
облыстар бойынша біркелкі дамымады. Ол құнарлы, егіншілік 
шаруашылығын жетік меңгерген аудандарда жақсы дамыды. Соғыс 
егін шаруашылығына да елеулі өзгерістер енгізді. Ең алдымен, ауыл 
шаруашылық бақша дақылдарының егіс көлемі ұлғайды. Мəселен, 
Қазақстан бойынша күзгі бидайдың егіс көлемі 1913 жылмен 
салыстырғанда 1917 жылы 63,5%-ға, жазғы бидай — 8,4%-ға, тары 
— 22,1%-ға, картоп — 46,3%-ға қысқарды. Ал бақша дақылдарының 
егіс көлемі 433,8 мың десятинадан 1115,0 мың десятинаға дейін, яғни 
екі еседен астам көбейді. Өлкенің солтүстік-батыс жəне батыс об-
лыстары бойынша дəнді дақылдардың өнімділігі 1914 жылдан 1917 


194
195
жылға дейін əр десятинадан алынатын 38,7 пұттан 29,8 пұтқа дейін 
төмендеді. Соғыс жылдарындағы өлке егіншілігі жағдайының си-
патты ерекшелігі оның жүргізілуі деңгейінің төмендігі болды. 
Бұл енгізілген ауыспалы егіс жүйесінің болмауынан, жердің жəне 
тұқымдық материалдардың өңделу сапасының төмендігінен көрінді. 
Егіс көлемі мен өнім көлемінің қысқаруының негізгі себебі жұмыс 
күшінің жетіспеуі болатын. Мəселен, Ақмола облысының Көкшетау 
уезінен ғана 1915 жылы армияға ауыл шаруашылығымен айналы-
сып келген орыс тілді халықтың 39%-ы шақырылды. Қазақстанның 
басқа да аймақтарында мұндай көріністер байқалып тұрды.
Ер азаматтарды жаппай майданға алу мал шаруашылығының 
да құлдырауына əкеліп соқты. Оған сан жəне сапа жағынан үлкен 
зардап келтірді. Ұсақ мал көбірек, ал ірі мал азырақ өсіріле баста-
ды. Байырғы халықтың басым көпшілігі тұратын жерлерде жылқы, 
түйе, ірі қара мал саны кеміді. Мəселен, Ішкі Ордада 1915 жылы 
жылқы саны 310,3 мың болса, ал 1916 жылы 160,2 мың болып, үлес 
салмағы жөнінен 48,5%-ға кеміп кетті. Маңғыстау уезінде, Сыр-
дария мен Жетісу облыстарында да осындай көріністер байқалды. 
Соғыс жылдарында қазақтың мал шаруашылығы, бірінші кезекте, 
мал жайылымдық алаптарды тартып алу салдарынан зардап шекті. 
1913-1917 жылға дейін қазақ халқынан жалпы көлемі 764,4 мың де-
сятина жайылымдық алқаптың жылқы — ірі қара жайылатын 190 
жайылымы тартылып алынды жəне жалға алуға даярланды. 
Мал санының қысқаруы, ең алдымен, қазақ халқының ар-
мия қажеттері үшін мəжбүрлеу тəртібімен ет беруге міндетті 
болғандығынан орын алды. Сан миллиондық армияның өсе 
түскен қажеттерін қанағаттандыру мүмкін емес еді. Өйткені қазақ 
шаруашылығында мал саны жылдан-жылға азая берді. Сондай-ақ 
соғыс жылдарындағы мал санының қысқаруына ауық-ауық өткізіліп 
тұратын реквизиция да əсер етті. Осы жылдарда Түркістан өлкесінен 
300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе əкетілді. 1914 жылдың 
ішінде Жетісудан ғана 34 миллион сомның малы мен мал өнімдері 
тасылып əкетілді. Қазақ шаруашылықтарында малды реквизициялау 
жəне жылқы малын есепсіз пайдалануға байланысты мал санының 
қысқаруы село мен ауылда шаруашылықты қалыпты жүргізуге кері 
əсер етті. Жылқы малы, əсіресе солтүстік облыстарда азайып кетті. 
Соғыс жылдарында армияны жабдықтау үшін мол мөлшерде азық-
түлік даярлау, мал жəне ет өнімдері бағасының өсуіне əкеліп соқты. 
Осыған байланысты бұл кезеңде өлкеде анағұрлым арзан ет беретін 
сала — шошқа шаруашылығы жедел дами бастады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркəсібі 
де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркəсібінің 
маңызды салаларының бірі Успен жəне Сасық-Қарасу кеніштерінен 
темір кенін өндіру арта түсті. Бұл кеніштерден 1914 жылы — 246 
пұт, ал 1916 жылы — 1551 пұт темір кені өндірілді. Соғыстың үш 
жылы ішінде темір кенін өндіру 6,3 есе ұлғайды. Салықтардың 
жоғарылығынан, қатынас жолдарының қашықтығынан, құрал-
жабдықтардың жетіспеуі салдарынан жəне басқа себептерден 
алтын кеніштерінің саны қысқарды. Түсті металдарға деген 
қажеттіліктердің артуы жəне олардың бағасының күрт өсуі соғыс 
жылдарында түсті металлургияның, əсіресе, Риддер жəне Соколь-
ский кеніштерінің дамуына түрткі болды. Түсті рудалар өндіру 
1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 25,3 есе өсе түсті. Бірінші 
дүниежүзілік соғыс жылдарында мыс рудасын, негізінен “Спасск 
мыс рудалары” акционерлік қоғамы мен “Атбасар мыс кендері” 
акционерлік қоғамы өндірді. Бірақа, мыс кенін өндіру жылдан-жылға 
кеми берді. Жер қойнауын жыртқыштықпен пайдалану “Спасск мыс 
кені” акционерлік қоғамының Успен кенішіндегі барлық бай кенді 
(құрамындағы мыс 25%) алып қоюына əкеп соқты. Соғыс жылда-
рында Сарысу байыту фабрикасы салынды. Ол революцияға дейін 
құрамында 25—30% мыс бар 128 мың пұт шикізат өндірді.
Көмір өндіру Семей, Торғай, Ақмола облыстарында жүргізілді. 
Соғыс жылдарында Екібастұз кен орындары елеулі рөл атқарды. 
Ол Екібастұз қорғасын-мырыш зауытын, Ертістегі жекеше кеме 
қатынасын, Оралдағы Боголовск жəне Қышым зауыттарын көмірмен 
жабдықтап отырды.
Өңдеуші өнеркəсіп соғыс мұқтаждығына ет-сүт өнімдерін, 
былғары тауарлар жəне басқа да тұтыну заттарын беріп отыр-
ды. Əсіресе, былғары тауарларын өндіру өсті, бұл кезеңде өлкеде 
139 былғары кəсіпорны жұмыс істеді. Олар негізінен Семей жəне 
Ақмола облыстарында орналасты жəне бүкіл ауыл шаруашылық 
өнімінің 64,3% -ын өңдеді. Шынына келгенде, былғары, тері жəне 
ішек-қарын өндірісінің майдагерлік кəсіпорындары одан əрі ұқсату 
үшін Ресейдің ірі өнеркəсіп орталықтары — Пермь, Вятка, Рига 
қалаларына өнім жеткізіп берді. Соғыс жылдарында интенданттық 
армия тарапынан былғары аяқ киімге жəне тері тондарға сұраным 
ерекше өсті. Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраныс ұлғайып, 
өлкеде шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы əскери тапсы-
рыс орындап, шинельге арнап шұға дайындай бастады, сол сияқты 
соғыс сұранымына ет өнімін дайындауда Петропавлда ет-консерві 


196
197
комбинаты ашылса, Оралда мал соятын арнайы орын ашылды. 
Өлкеге дайын өнім, киім-кешек пен аяқ киім əкелудің қысқаруына 
байланысты соғыс жылдарында осы қажетті бұйымдарды тігетін 
шеберлердің саны көбейді. Мəселен, 1916 жылы Верный қаласында 
140 адам жұмыс істеген ірі шеберхана болды. 
Өнеркəсіп орындарындағы жұмысшылардың, қалалардағы 
еңбекшілердің жағдайы күрт нашарлады. Кəсіпорындарда жас 
балалардың, жасөспірімдердің, əйелдер мен соғыс тұтқындарының 
еңбегі кеңінен қолданылды. Жұмысшылар тəулігіне 10—12 сағат, ал 
кейде 16 сағаттан жұмыс істеді. Жұмысшылардың нақты жалақысы 
үнемі төмендей берді. Мəселен, Спасск зауытында 1914 жылы 
күндік жұмыс үшін — 1 сом 04 тиын, 1915 жылы — 94 тиын төленді. 
Мұндай жағдай өнеркəсіп орындарында барлығында дерлік болып 
жатты.
Селолар, қалалар мен ауылдар еңбекшілері жағдайының нашар-
лауы 1914 жылдың өзінде-ақ Қарағанды, Екібастұз шахталарында, 
Орынбор, Ташкент жəне Транссібір теміржолдары жұмысшылары 
арасында бас көтерулер мен ереуілдерге алып келді. Тіпті, соғыс 
жылдарында Қазақстанда халық бой көтеруінің бірі “əйелдер бүлігі” 
дейтіндер болды, оларды өкімет орындары үкіметке қарсылық деп 
қарады. 
Шаруалар көтерілістері Қазақстанның солтүстік аудандарын да 
қамтыды. Мəселен, 1916 жылы 21 наурызда Торғай облысы Ақтөбе 
уезінің Ақбұлақ селосында 30 адам болатын солдат əйелдерінің то-
быры көпестер — Незвановтың, Пряткиннің дүкендерін қиратады. 
Халық бұқарасының мұндай бой көрсетулерінің толқыны 
Қазақстанның басқа да аймақтарында орын алды. 1916 жылдың 
орта шеніне қарай жұмысшылардың үкіметке ашынуы үдей түсті. 
Нəтижесінде бұл жағдайлар қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысына 
зор ықпал жасады. 
1916 жылы 25 маусымда патшаның Қазақстан, Орта Азия, Сібір 
тұрғындарынан 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын тыл 
жұмысына алу туралы жарлығы шығады. Бұл жарлық 1916 жылғы 
ұлт-азаттық көтерілісінің басталуына себеп болды. Шілденің бас 
кезінде Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік стихиялы 
наразылықтар басталып, көп ұзамай қарулы көтеріліске ұласты. 
Халық ашу-ызасының алғашқы соққыларына тылдағы жұмыстарға 
алынатындардың тізімін тікелей жасаған болыс басқарушылары, 
ауыл старшындары жəне патша əкімшілігінің басқа да төменгі билік 
иелері ұшырады. Іс жүзінде тізімдер жасау жүйесі жаппай парақор-
лық пен бұрмалаушылыққа жол ашқан болатын. Оның үстіне 
патшалық өкімет орындары лауазымды адамдарды, болыстарды, 
село жəне ауыл басқарушыларын, байырғы тұрғындардан шыққан 
төменгі шенді полицейлерді, имамдарды, молдалар мен мүдəристерді, 
ұсақ кредит мекемелеріндегі есепшілер мен бухгалтерлерді, жоғары 
жəне орта оқу орындарындағы оқушыларды, үкіметтік мекемелердің 
шенеуніктерін, дворян жəне құрметті азамат құқықтарын пайдала-
натын адамдарды əскерге алудан босатты.
Стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, қарулы 
көтеріліске ұласып, оның ірі ошақтары (Жетісу мен Торғайда) пай-
да болды. Көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтыды. Бұл көтерілістің 
басты мақсаты ұлттық жəне саяси азаттық болды. Сол арқылы ол 
қазақ халқының бостандық пен тəуелсіздік жолындағы бұрынғы 
бүкіл күресінің қорытындысын шығарды. Көтерілістің негізгі күші 
ұлттық шаруалардың қалың тобы, сондай-ақ сол кезде туып келе 
жатқан жергілікті жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер бол-
ды.
Сонымен бірге көтерілістің ұлт-азаттық сипатта болуы себепті 
қазақ халқының барлық топтарының өкілдері (екінің бірінде бай-
лар, болыс басқарушылары, билер), сондай-ақ демократияшыл 
зиялылардың жекелеген өкілдері қатысты.
Қазақстанның əртүрлі аудандарында пайда болған стихиялы 
қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат ала бастады: Жетісуда (бас-
шылары: Бекболат Əшекеев, Ұзақ Саурықов, Жəмеңке Мəмбетов, 
Тоқаш Бокин, Əубəкір Жүнісов, Серікбай Қанаев, Монай жəне Мұқан 
Ұзақбаевтар жəне т.б.) жəне Торғайда (басшылары — Əбдіғаппар 
Жанбосынов, Амангелді Иманов, Əліби Жангелдин жəне басқалар) 
оның ірі ошақтары пайда болды.
Жетісудағы көтеріліс тарихын: 1) шілде — стихиялық наразылық 
көріністері, 2) тамыз — оның қарулы көтеріліске ұласуы жəне 3) 
қыркүйек-қазан — көтерілістің біртіндеп бəсеңдеуі жəне жеңіліс та-
буы деген кезеңге бөлуге болады.
М.Тынышбаевтың мəліметі бойынша, 25 маусымдағы патша 
жарлығы Жетісу қалаларында 8 шілдеде белгілі болған. Облыстың 
жекеленген уездерінде жұмысшыларды шақыру туралы телеграм-
малар одан бұрын, 2 жəне 3 шілдеде келіп түскен. Шілде айының бас 
кезінде-ақ толқулар Верный уезінің батыс жəне оңтүстік бөліктерін 
қамтып, оларда көтерілісшілерге Бекболат Əшекеев, Тоқаш Бо-
кин, Аққоз Қосанұлы жəне басқалар басшылық етті. Соғыс ошағы 
ұлғайып, халық наразылығы үдеп кетуіне орай, патша үкіметі 


198
199
ендігі тұста көтеріліс қимылдарын басу үшін іс-шаралар қолдануды 
ұйғарды. Нəтижесінде 17 шілдеде Жетісуда жəне Түркістан өлкесінде 
соғыс жағдайы жарияланып, патша үкіметі мұнда ірі əскери күштер 
алып келді. Əскери гарнизондарды нығайтып, Жетісудағы қоныс 
аударушы халықтың ауқатты топтарынан қазақ жəне қырғыз 
көтерілісшілерін жазалау үшін қарулы отрядтар құрды. Жетісу об-
лысы Жаркент уезі көтерілісшілерінің Асы жайлауында, Қарқараның 
таулы алабында, Самсы, Кастек, Нарынқол, Шарын, Жалаңаш, 
Құрам елді мекендері аудандарында, Лепсі уезінің Садыр-Матай 
болысында жəне басқа жерлерде патша жазалаушыларымен ірі 
қақтығыстар болады.
Осындай жағдайда Верный уезінде Б.Əшекеев Жетісудың 
бытыраңқы көтерілісшілер топтарын біріктіру үшін шаралар 
қолданып, 1916 жылғы 13 тамызда Ошақты деген жерде əртүрлі 
болыстар өкілдерінің съезін шақырады. Съезде тыл жұмыстарына 
адамдар алу туралы жарлық шығарған үкімет орындарына қарулы 
қарсылық көрсетуге дейін барып, бағынбауға шешім шығарды. Өз 
жақтастарымен Үшқоңыр тауындағы Ошақты сайына орнығып алған 
Б.Əшекеев қарулы қарсылыққа дайындала бастады, сонымен бірге 
көтерілісшілердің қатарын жаңа күштермен толықтыру жөнінде 
шаралар қолданды. Алайда, бұл əрекеттер айтарлықтай жетістіктер 
бермей Б.Əшекеев басшылығымен орын алған Жетісудағы ұлт-
азаттық көтеріліс басылып-жаншылады. 7 қыркүйекте Верный 
қаласында Верный əскери гарнизонының соты болып, көтеріліс 
басшыларының бірі Б.Əшекеевті өлім жазасына кесіп, дарға асу 
туралы үкім шығарды. Соттың үкімін облыстың əскери губернато-
ры Фольбаум нақ сол күні бекітіп, үкім бір күннен соң, яғни 1916 
жылғы 9 қыркүйекте Верныйдың жанындағы Боралдай деген жерде 
орындалады. 
Сотсыз жəне тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен 
Түркістан өлкесінде 1917 ж. 1 ақпанына дейін 347 адам өлім жаза-
сына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге жабылуға 
кесілді. Патша өкімет орындары қудалаған 300 мың қазақтар мен 
қырғыздар немесе Жетісудың байырғы тұрғындарының төрттен 
бірі Қытайға қашуға мəжбүр болды. 
Дəл осындай көтерілістің ірі ошақтарының бірі — Торғай өңірі 
болды. Көтерілісшілер саны 50 мыңға жетеді. Бұл кезде Торғай уезі 
негізінен қыпшақ жəне арғын рулары шоғырланған 13 болыстан 
тұратын. Көтерілістің бастапқы кезеңінде толқулар қыпшақтар ме-
кендеген Қайдауыл, Аққұм, Қаратоғай, Сарытоғай, Қарақопа болы-
старын, сондай-ақ негізінен арғындар мекендеген Тосын, Майқарау, 
Сарықопа, Наурызым, екінші Наурызым болыстарын қамтыды. 
Көтерілістің етек жаюы барысында Əбдіғаппар Жанбосынов қыпшақ 
көтерілісшілерінің ханы етіп жарияланса, Шолақ Оспанов арғын 
көтерілісшілерінің ханы болып сайланады. Кейіннен 1916 жылы 21 
қарашада 13 болыс (6 болыс арғын, 6 болыс қыпшақ, 1 болыс най-
ман) өкілдерінің құрылтайында халық арасындағы атақты Нияз 
бидің ұрпағы Əбдіғаппар Жанбосынов көтеріліске шыққан Торғай 
уезінің ханы болып сайланады. Құрылтайға қатысушылардың 
келісімімен Кенесары Қасымовтың серігі, атақты Иман батырдың 
немересі Амангелді Иманов көтерілісшілердің сардарбегі болып 
тағайындалады. Орталық Ресейден келген жəне көп кешікпей 
көтерілісшілерге қосылған, осы жерлерде туып-өскен Əліби Жан-
гелдин көтерілісшілердің “рухани көсемі” болды. Ондаған мың 
ұйымдаспаған көтерілісшілерден Ə.Жанбосынов, А.Иманов жə-
не олардың ең жақын серіктері ондықтарға, жүздіктерге жəне 
мыңдықтарға бөлінген тəртіпті жасақ құрды. Əрбір қолды басқаруға 
тиісінше онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалды. Сар-
дарбек жанында əскери кеңес жұмыс істеді.
22 қазанда А.Иманов бастаған 15 мың қол Торғай қаласын 
қоршады. Қаланы қоршау бірнеше күнге созылып, қоршау кезінде 
генерал-лейтенант А.Лаврентьевтің жазалаушы корпусы қалаға 
қарай үш бағытта бет алды. 16 қарашада А.Иманов бастаған 12 
мың адамға жуық сарбаздар Түнқойма пошта станциясына ша-
буыл жасайды. Көтерілістің негізгі көпшілігі адам күшін сақтау 
үшін қарашаның екінші жартысында Торғайдан 150 шақырым 
жерге жетіп, Батпаққара ауданына шоғырланады. Осы жерден 
1916 жылғы қарашаның екінші жартысынан 1917 жылғы ақпанның 
ортасына дейін жазалаушыларға қарсы партизандық жортуылдар 
жасалады. Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында Татырда, 
Ақшығанақта, Доғал-Үрпекте, Күйікте шайқастар болды. Шайқас 
1917 жылғы ақпанның екінші жартысына, яғни ақпан революциясы-
на дейін созылды. 
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі Торғайдан 
өзге барлық аймақтарда қатаң басып-жаншылды. Семей жəне 
Ақмола облыстарында көтерілісшілерге қарсы 12 атты əскер 
жүздігі, 11 күшейтілген жаяу əскер ротасы қимыл жасады, ал Торғай 
көтерілісшілеріне қарсы патшалық өкімет орындары 17 атқыштар 
ротасын, 18 казак жүздігін, 4 атты əскер эскадронын, 18 зеңбірек, 
10 пулемет жəне басқаларды əкеп төкті. Осыған қарамастан, Торғай 


200
201
облысында көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана 
тоқтады. 
Қазақ қауымында патшаның 1916 жылғы маусым жарлығы 
мен көтеріліске көзқарас бірдей болған жоқ: ауылдың феодалдық-
байшыл билеуші тобы мен жергілікті əкімшіліктің белгілі бөлігі 
патша жарлығын толығымен қолдап, оны белсенді түрде жүзеге 
асырушылар болды; қазақ интеллигенциясының радикалды ба-
тыл іс-қимылға бейім өкілдері (мысалы, Т.Бокин, Ж.Ниязбеков, 
Т.Рысқұлов, Ə.Жангелдин, С.Меңдешев, Б.Алманов, Ə.Жүнісов т.б.) 
халықты қарулы көтеріліске шақырып, оған өздері де қатысты. 
Ал «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Ə.Бөкейханов, 
А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты либерал-демократиялық зия-
лылар өкілдерінің жетекшілері халықты жарлықты орындауға 
қарсы шықпауға үгіттеп, оны орындамаған жағдайда қазақтар 
қантөгіске ұшырауы мүмкін деп санады жəне осыған байланы-
сты үлкен алаңдаушылық білдірді. Осынау алмағайып кезеңде 
«Алаш» қайраткерлері халықты жаңа аласапыраннан қорғаштап, 
қайткен күнде оны аман сақтауға тырысты. Сондықтан да олар 
қарулы көтеріліске қарсы болып, қазақтарды патша жарлығын 
орындауға шақырды. Біріншіден, олар Ресейге төнген сыртқы 
қатердің бодан болып отырған қазақтарға да толық қатысы бар деп 
санады. Бұдан сырт қалуға болмайды,— деп есептеді. Екіншіден, 
іс жүзінде қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы 
бас көтеруін болдырмауға талпынды. Қарусыз халық өкіметтің жа-
залау шараларының құрбаны болады деп қауіптенді. Үшіншіден, 
соғыс Ресей үшін жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі 
жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына үміт артты. Империя-
мен ақылға қонымды келісім тактикасын ұстанып, халқының аман 
болуын бірінші кезекке қойған «Алаш» көсемдері тыл жұмыстарына 
шақыруды кейінге қалдыра тұрып, тиісті əзірлік жұмыстарын 
жүргізуді ұсынды. Көтеріліс барысында орын алған қанды қырғын, 
жүздеген мың адамдардың қаза табуы бұлардың қауіптерінің негізсіз 
еместігін дəлелдеді. 
Жеке-жеке бұрқ еткен толқулар көп ұзамай қарудың күшімен 
жанышталып, жұмысшыларды реквизициялаумен майданға жө-
нелту басталды. Сол кезде “Қазақ” газетінің редакциясы тыл 
жұмыстарына жөнелтілген қазақтардың мұқтаждықтарына қыз-
мет көрсетуді ұйғарды жəне осы мақсатпен барлық қазақ зиялы-
ларына реквизицияланғандар жұмыс істейтін майдандарға өз 
еркімен барып, оларда бұратаналар бөлімін құруға шақырды. 
Зиялылар (көпшілік бөлігі мұғалімдер) бұған үн қосты жəне көп 
кешікпей Минскіде земство одағының жанынан бұратаналар бөлімі 
құрылды. 
Қазақ зиялылары майдан тылында еңбек еткен қазақ жігіттерінің 
сөзін сөйлеп, мұңын жоқтады. Ə.Бөкейханов, М.Дулатов т.б. 
бастаған қазақ зиялылары Минскіде, тағы басқа тыл жұмысына 
шақырылғандар көптеп шоғырланған қалалар мен елді мекендер-
де болып, оларға қолдан келген көмектерінің бəрін көрсетті. Олар 
шақырылғандардың құқықтарын қорғау жəне олардың майдан өңірі 
аудандарындағы тұруы мен жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар 
туғызу жөнінде нақты қадамдар жасады. Ал мұның өзі кеңес зама-
нында көп жылдар бойы айтылып та, жазылып та келген Алашорда 
1916 жылғы көтеріліс кезінде ұлттық мүддеге сатқындық жасады де-
ген пікірдің сыңаржақ тұжырым екендігін көрсетеді. Алаш көсемдері 
көтерілісшілерге де, майданның қара жұмысына шақырылғандарға 
да ешқандай сатқындық жасаған жоқ.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық 
қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Бірінші дүниежүзілік 
соғыс жағдайларында көтерілістің жалпы жұрт таныған басшыла-
ры Ə.Жанбосынов, А.Иманов, Ж.Мəмбетов, Ұ.Саурықов, Б.Əшекеев, 
О.Шолақов, А.Жүнісов, С.Қанаев көтерілісшілердің саяси көсемдері 
Т.Бокин, Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, Ə.Жангелдин, Б.Алманов 
жəне басқалар кезінде Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет 
Өтемісов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Кенесары Қасымов жəне бас-
қалар жүргізген тəуелсіздік жолындағы күреске халықты көтерді. 
К.Қасымов басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін 1916 
жылғы көтеріліс бірінші рет кең-байтақ өлкенің барлық аймақтарын 
əртүрлі дəрежеде қамтып, бүкілқазақтық сипат алған көтеріліс бол-
ды. 1916 жылғы көтерілістің айрықша ерекшелігі өлкенің бірқатар 
аудандарында (негізінен, Қазақстанның оңтүстігінде жəне оңтүстік-
шығысында) оған қазақтармен қатар қырғыз, ұйғыр, өзбек жəне 
басқа да халықтар өкілдерінің де қатысуы болды.
Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық 
көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси жəне 
əлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан əрі асқына түсуіне 
себепші болды. Ол Ресейдегі əскери-отаршылдық басқару жүйесінің 
іргесін шайқалтып, шығыстың отар халықтарының импералистік 
езгіге қарсы XX ғасырдың басында өріс алған бүкіл ұлт-азаттық 
қозғалысының құрамдас бөлігі болды.


202
203


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   76




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет