Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009


-тақырып XVI—XVIII ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ



Pdf көрінісі
бет33/76
Дата27.11.2023
өлшемі1,99 Mb.
#129183
түріЛекция
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   76
Байланысты:
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

6-тақырып
XVI—XVIII ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ 
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ
САЯСИ ЖƏНЕ ƏЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ 
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР
XVI—XVII ғғ. Қазақ хандығы
• 
Қазақ хандығын нығайту жолындағы Тəуке ханның қызметі
• 
Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының күресі
• 
1. XVI—XVII ғғ. Қазақ хандығы
XVI ғасырдың басында нығайған Қазақ хандығының жағдайы 
аталмыш ғасырдың 20-жылдарынан бастап əлсірей бастады. Қазақ 
хандығын нығайтуға жəне күшейтуге қажырлы қайрат жұмсаған 
Қасым хан қайтыс болғаннан соң оның мұрагерлері арасында өкімет 
билігі үшін ішкі талас пен қырқыстар туды. «Тарихи Рашидидің» ав-
торы Мұхаммед Хайдар Дулати айтқандай: «Қазақ сұлтандары ара-
сында дау-шар басталды». Қасым ханның баласы Мамаш əкесінің 
орнына хан болып, бірақ көп ұзамай өзара қырқыстың бірінде қаза 
тапты. 
Бұдан соң 1523—1533 жж. Қасымның немере інісі Тахир хан бол-
ды. Бірақ оның ел билеуге қабілеті төмен, əскери-саяси жəне елшілік 
істерге олақ адам еді. Ол феодалдық қырқыстарды тыя алмады, 
көрші елдердің көпшілігімен: Шайбани əулетімен, Ноғай Ордасымен 
жəне Моғолстан хандарымен де жауласты. Бұл соғыстарда қазақтар 
жеңіліп, Қазақ хандығы оңтүстіктегі жəне солтүстік-батыстағы же-
рінің біраз бөлігінен айырылып, оның ықпалы тек Жетісуда ғана 
сақталып қалды. Тахир хан Жетісуға қашып барып Моғолстан ханы-
на қарсы қырғыздармен одақ жасасты. 1527 жылдан кейін ол көбінесе 
қырғыздарды биледі, ойрат-жоңғарлардың Жетісуға жасаған шабуы-
лына қарсы күресті. Мемлекеттік билік құлдырап, мемлекеттің шека-
ра аумағы қысқара түсті. 
Тахир ханның өлімінен кейін оның інісі Бұйдаш (1533—1534 
жж.) қазақ-қырғыз бірлестігінің басшысы болды. Жетісу өңіріне 
билік еткен ол қазақтардың бір бөлігін ғана билеген. Оның тұсында 
да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ. ХVІ 
ғасырдың 30-жылдарында Бұйдаш ханмен қатар өзге де қазақ хан-
дары, мысалы, Қазақстанның батыс өңірінде Ахмет хан, Жетісуда 
Тоғым хан болған. Міне, бұл жағдай Қазақ хандығының феодалдық 
бытыраңқылыққа ұшырағандығын көрсетеді. 
Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538—1580) тұсында Қазақ 
хандығы қайта бірігіп, дами түсті. Ол хандық билікті нығайтуға 
жəне күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын 
бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. 
Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан əрі нығайтты, сол заманның та-
рихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп 
атады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан 
хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу əрекетіне 
тойтарыс берді. 
Хақназар хандық құрған кезде Қазақ хандығының сыртқы 
жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар болып жатты. Мемлекеттің 
солтүстігінде Ресей өз иеліктерін қазақ даласына едəуір жылжытты. 
Қазан мен Астраханьды басып алғаннан кейін Еділ өзенінің барлық 
аңғары Ресейдің қол астына кірді. Башқұрт жəне Сібір хандықтары 
Ресей құрамына енгеннен кейін, ноғайлар Қазақ хандығының 
солтүстік-шығысына ығыса бастады. Олар Еділден Ертіске дейінгі 
аралықта көшіп-қонып жүрді. Башқұрттар мен Сібір татарлары да 
қазақ жерлеріне енуін тоқтатпады. Сырдарияның төменгі ағысына 
қарақалпақтар келе бастады.
Еділ мен Жайық арасындағы өңірді мекендеген Ноғай Ордасы 
ыдырай бастады. Ноғай одағы ыдырап, ауыр дағдарысқа тап бол-
ды. Оған қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлігі Қазақ хандығына 
келіп қосылды. Хақназар Ноғай Ордасының көп ұлысын (бұлардың 
көбі қазақтың Кіші жүзі — алшын одағына енген тайпалар) өзіне 
қаратып алды. Тарихи деректерде Хақназарды «қазақтар мен 
ноғайлардың ханы» деп атаған. Сөйтіп, ХVІ ғасырдың 60-жылдары 
Ноғай Ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары 
жəне олардың этникалық аумағы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын 
Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да 
Қазақ хандығына өтті. Бұл жағдай Қазақ хандығының солтүстік-
батыс жəне солтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тудырды. Орыс 
мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан 
Ноғай Ордасының ыдырауы, оның бір бөлігінің Қазақ хандығына 
қосылып, енді бір бөлігінің орыс патшасына бағынуы, шығысқа 
қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын Қазақ 
хандығына жақындата түсті. 


88
89
1563 жылы Сібір хандығының билігіне келген Көшім хан 
Қазақ хандығына дұшпандық саясат ұстанды. Оның үстіне моғол 
билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар бо-
лып тұрды. Осындай күрделі жағдайларда Хақназар хан Қазақ 
хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Өзінен бұрынғы қазақ хан-
дары үнемі жауласып келген Мəуераннахрдағы шайбани əулетімен 
одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Сөйтіп, шайбанилық 
Бұхара ханы Абдолла ІІ-мен одақтық келісім-шарт жасасты. Соғыс 
қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия 
халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы 
жиіледі. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, 
шаруашылық өмірдің оңалуына тиімді болды. Қазақ хандығы нығая 
түсті. 
Бірақ Хақназар ханды 1580 жылы Абдолла ханның қарсыласы 
Ташкент билеушісі Баба сұлтан астыртын өзінің адамын жіберіп 
өлтіртті. Қадырғали Жалайырдың айтуынша «Оның да атағы мен 
абыройы туралы көп айтылады. Алайда Хақназар хан өз араларын-
да болған қақтығыстарда қаза болған». 
Хақназар хан қаза болған соң оның орнына Жəдік сұлтанның бала-
сы Жəнібек ханның немересі Шығай 1580—1582 жылдары хан болды. 
Ол бұл кезде сексен жаста болғанымен, қазақтардың ішінде беделді 
хан болды. Оның өміріне қатысты мəліметтер тарихта аз сақталған. 
Шығай хан қазақ хандығының сыртқы саясатындағы Хақназар 
хан ұстаған бағытты жалғастырды. Ол Шайбани мұрагерлерінің 
арасындағы қақтығыстарды қазақ мемлекетін нығайту мақсатында 
ұтымды пайдаланды. 
1582 жылы Бұхара ханы Абдолла қазақ ханы Шығай жəне оның 
баласы Тəуекел сұлтанмен күш біріктіріп, Ташкент билеушісі Баба 
сұлтанға қарсы Ұлытау жорығын ұйымдастырды. Баба сұлтан 
жеңіліп, Дешті-Қыпшақ даласына қашты, өзбек, қазақ əскерлері 
Баба сұлтанды Сарысуға, Ұлытауға дейін қуды. Шығай хан сол 
жорықта қайтыс болды. Түркістанға қайтып келе жатқан Баба 
сұлтанды Тəуекел сұлтан өлтіріп, басын Абдоллаға əкеледі. Қас 
жауын жойғанға риза болған Абдолла хан Тəуекелге Самарқан 
өлкесіндегі Африкент уəлаятын тарту етті.
1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тəуекел
 
(1582—1598 жж.) отырды. Тəуекел хан Бұхара ханы Абдолламен 
жасасқан шартты бұзып, қазақ жəне өзбек билеушілері арасындағы 
жаугершілік қайта қоздады. Абдолла ханмен одақтан Тəуекел ханның 
бас тартуының себебі, біріншіден, Абдолла əуелдегі Түркістаннан 
төрт қала беруі туралы уəдесінен бас тартады, екіншіден, біздің 
ойымызша, басты себеп — Абдолла Тəуекел ханның беделінен, 
батырлығы мен батылдығынан қорқа бастайды, яғни Тəуекел хан-
нан өзінің бақталасы ретінде қауіп төнгенін сезді. Өйткені кезінде 
бүкіл Мəуераннахрды Тəуекелдің көмегімен Шайбани мемлекетінің 
қол астына біріктірген болатын. Тəуекел хан да Жошы ұрпағы 
болғандықтан, бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды.
Тəуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қала-
ларда билікті нығайтуға күш салады. Ендігі жерде ол Сыр бойын-
дағы қалалар үшін Абдолламен күресті бастайды. 1586 жылы 
Ташкентті алуға əрекет жасайды. Абдолланың негізгі күштері 
Мəуераннахрдың солтүстігінде шоғырланды. Бұны білген Тəуекел 
хан Мəуераннахрдың оңтүстік аймақтарына шабуыл жасайды. 
Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, Самарқанд қалаларына қауіп 
төндіреді. Бірақ Тəуекел ханның Ташкентті алуға жасалған ал-
ғашқы жорығы сəтсіз аяқталады. 
Тəуекел хан қазақ хандығының сыртқы саясатын нығайту ба-
рысында орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды 
жандандырды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін қолдайтын 
одақтастар іздеді. 1594 жылы Тəуекел хан Ресейге достық келісім 
жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш 
ресми елшілігін жібереді. Тəуекел ханның бұндағы мақсаты Ре-
сей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандан-
дыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру жəне 1588 жылы орыс 
əскерлері ұстап əкеткен өзінің немере інісі, Ондан сұлтанның ба-
ласы Оразмұхаммедті тұтқыннан босату болды. Оның жанында 
қазақтың əйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді. 1595 жылы 
елшіге орыс патшасының жауап грамотасы тапсырылды. Онда орыс 
патшасы Тəуекел ханға Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол асты-
на алатынын» жəне «оқ ататын қару» жіберетінін уəде етті. Соны-
мен бірге мынадай талап қойды: «Біздің патшалық қоластымызда 
болғандықтан жəне біздің патшалық əміріміз бойынша Бұқара пат-
шасымен жəне бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен 
соғысып, біздің ұлы мəртебелі патшамызға жол салатын боласыз-
дар». Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен əскери одақ құрудан 
бас тартқанымен, Тəуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық 
қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мəскеуден орыс елшісі Ве-
льямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нəтижесінде екі мемлекет 
арасында сауда байланыстары жанданды.


90
91
Бұл кезде ойраттардың бір бөлігі Тəуекел ханға тəуелді бол-
ды. Сондықтан ол өзінің Мəскеуге жолдаған грамотасында өзін 
«қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады. 
1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың бастал-
ды, онда ықпалды адамдардың қолдауымен Абдолланың ұлы Абдыл-
момын əкесіне қарсы шықты. Осы қырқысты пайдаланып, Тəуекел 
Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның əскерін талқандады. 
1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылмомын хан 
болды. Осы орайды пайдаланған Тəуекел хан жүз мың əскермен 
Мəуераннахрға басып кіріп, Ахси, Əндіжан, Ташкент, Самарқан 
қалаларын басып алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде Тəуекел хан 
ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп қаза болды. Сөйтіп, ол 
өз мемлекетінің солтүстік-батыс шекарасындағы бейбіт жағдайды 
жəне Орта Азиядағы шайбанилықтардың алауыздығын, бұл 
əулеттің Аштарханилықтардың жаңа əулетімен ауыстырылғанын 
пайдаланып, сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті 
табысты тəмамдады. Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы 
нəтижесінде Шайбани əулеті өмір сүруін тоқтатады. 
Тəуекел Орта Азияға жорығында тек қарулы күшке емес, Орта 
Азия халықтарының белгілі бір əлеуметтік топтарына сүйенді. 
Атап айтқанда, Тəуекел ханды дін иелері қолдады. Сонымен 
бірге Ескендір Мұңшы Тəуекел əскерінің құрамында «Түркістан 
тайпаларының жəне қырдағы өзбектердің» жауынгерлері болғанын 
айтады. Жалпы, Шайбани ұрпақтарының өзара қақтығыстарынан 
шаршаған Орта Азия халықтарының басым бөлігі Тəуекел ханды 
қолдады десек қателеспейміз. Өйткені Шайбани тармағынан тараған 
Жошы ұрпақтарының өзі Мəуераннахрда Шайбани əулетін қазақ 
хандарының əулетімен алмастыруға ниет білдірген. Өкінішке орай, 
Мəуераннахр қазақ хандарының қолына толығымен көшпеді. Сөйтсе 
де, Ташкент жəне оның аймағы 200 жыл бойы Қазақ хандығының 
құрамында болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына 
айналды. 
Шайбанилар əулетінің орнына келген Аштархани əулеті XVII 
ғасырдың алғашқы онжылдығында Түркістан, Ташкент, Ферғана 
қалаларын қайтару үшін жорықтар жасады. Олар тек Ферғана 
қаласын қайтара алды.
Ташкент, Түркістан, яғни Сырдария орта ағысының екі жаға-
сындағы отырықшы-егіншілік аудандардың Қазақ хандығының 
құрамына енуі, Қазақ хандығының экономикасына, қоғамдық жəне 
саяси құрылысына күшті ықпал етті, Орта Азия мен Қазақстан 
арасындағы мəдени-сауда байланысы дамыды.
Тəуекел ханның орнына 1598 жылы хан болған Есімнің Аштарха-
нилер өкілдерімен жасасқан келісімі бойынша Қазақ хандығының 
құрамына қалаларымен бірге Түркістан аймағы, Ташкент қаласы 
атырабымен, біраз уақытқа Ферғана кірді.
Осы кезде болған тағы бір тарихи оқиға — Көшім хан билеген 
Сібір хандығының жойылуы еді. Тарихи əдебиетте Сібір халқы — 
Сібір татарлары деп аталған. Ресейден Сібірге жорыққа аттанған 
атаман Ермактың жасағы 1582 жылы қазан айында Сібір ханы 
Көшімнің əскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, оны жеңіліске 
ұшыратты. Көшім өз əскерлерімен оңтүстікке шегініп, 1598 жылға 
дейін орыс əскерлеріне табанды қарсылық көрсетті. Бірақ Көшім 
көмексіз қалған еді, бұл кезде Көшімнің Орта Азиядағы одақтасы 
Шайбани əулеті құлап (1598), оның орнын Аштархан əулеті (1599-
1735) басқан еді. Ақырында біржолата жеңілген Көшім Орта Азияға 
қашып кетті де, 1598 жылы Сібір хандығы жойылды. Бұрын Сібір 
хандығының қол астына қараған қазақ тайпалары Қазақ хандығына 
бірікті. 
Есім хан (1598-1628 жж.) қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер 
Есім» деген атпен əйгілі болды, оған бұл атақ 1598 жылы ағасы 
Тəуекел ханмен бірге Мəуераннахрға жасаған жорықта ерлігімен 
ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім — Шығай ханның 
баласы. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, 
Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға 
ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет 
етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңдар 
жинағын құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа 
бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар Қазақ хандығын 
бөлшектеуге тырысты. 
Ташкент қаласы Қазақ хандығына қараған соң оны Жəнібек 
ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед 
сұлтан басқарған еді. Ол көп ұзамай тəуелсіз хан болуға əрекет жа-
сады, тіпті өз атынан теңге соқтырып, алым-салықтар жинады. Со-
нымен, Қазақ хандығы екіге бөлініп, Түркістан қаласын орталық 
еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен Тұрсын хан би-
леген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Екі хан 
арасындағы күрес шиеленісіп, 1627 жылы Есім хан Тұрсын ханды 
өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді. Қазақ хандығын 
біріктіру жолындағы Есім ханның күрестері қазақтың «Еңсегей 
бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған. 
XVII ғасырдың басында қазақ билеушілері мен Аштарханилер
арасындағы өзара қатынастар тұрақсыз болды, олардың арасындағы 


92
93
қақтығыстар уақытша одақпен алмасып отырды. Мысалы, Аштар-
ханилер əулетінің өкілі, Бұхар ханы Иманқұл Ташкентті тартып 
алуға тырысты, сол мақсатпен 1611 жəне 1613 жылдардың басын-
да жорық жасады. Алғашқы жорығында Иманқұл хан Самарқанға 
дейін жетіп, Ташкент пен оның аймағына өзінің құқығын мойын-
датты. Екінші жорығы да Ташкентке бағытталып, қазақтарды ой-
сырата жеңіп шығады. Осы жеңістен кейін ол өзінің ұлы Ескендір 
сұлтанды Ташкенттің билеушісі етіп тағайындайды. Ескендір 
сұлтанды ташкенттіктер өлтіргеннен кейінгі Иманқұл ханның кек 
алу жорығы қазақтар үшін ауыр болды. Өзінің Ташкентті алуға 
ұмтылуында ол қазақтың екі ханының өзара жауластығын пайда-
ланды. Сөйтсе де кейінгі жылдары қазақтардан жеңіліп, Иманқұл 
қазақ хандығымен бейбіт келісім жасады.
Есім хан 1628 жылы қайтыс болып, Түркістан қаласындағы 
Ахмед Иассауи кесенесінде жерленген. Есім ханның мұрагері 
Жəңгірдің өмірі ат үстінде Қазақ хандығы жауларымен күресте өтті. 
Халық оны ел үшін еңіреп туған ерлігіне бола «Салқам Жəңгір» деп 
атаған. Жəңгір хан (1628-1652 жж.) билік құрған жылдары да Сыр 
бойындағы қалалар үшін Аштарханидтермен жəне Жетісудағы жай-
ылымдар үшін қалмақтармен қақтығыстар тыйылмады. 
Қазақ хандығына қалмақтар жақтан төнген қауіп зор болды. 
«Қалмақ» сөзі батыс монғолдардың түрікше аты. Олар өздерін 
«ойраттар» деп атаған. Қалмақтар бұл жылдары шығысында 
Хангай таулары, батысында Моғолстан, оңтүстігінде Гоби шөлі, 
солтүстігінде Ертіс пен Енисейдің жоғарғы ағыстары арасында 
көшіп-қонып жүрді. 1635 жылы бұл аумақтағы тайпалардың басын 
біріктіріп, Батур қонтайшы Жоңғар мемлекетінің негізін қалады. 
Осыған байланысты жоңғарлар күшейіп, қазақ жерлеріне жиі-жиі 
шапқыншылықтар жасай бастайды. Жəңгір хан тұсында қазақтар 
мен жоңғарлар арасында үш ірі шайқас орын алады. Алғашқы 1635 
жылғы шайқаста Жəңгір қалмақтарға тұтқынға түсіп қалып, бірақ 
көп ұзамай қашып шығады. Тұтқыннан босағаннан кейін, Жəңгір 
хан қалмақтарға қарсы күрес басшылығын өз қолына алады. 1643 
жылы жоңғар қонтайшысы Батур қазақ жеріне 50 мың əскермен 
басып кіреді. 1644 жылы Жоңғарияға барған орыс елшісі Г.Ильин 
жоңғарлардың 50 мың қолына Жəңгір хан бастаған 600 жауынгердің 
қарсы тұрғанын айтқан. Мүмкін, бұл 600 адам ататын қарумен 
жабдықталған Жəңгір хан əскерінің алдыңғы шебі болуы мүмкін. 
Жəңгір өз тобының бір бөлігіне жоңғарлар тар асудан асып келген-
ше екі таудың арасындағы тар жырада ор қазып, бекініс жасауға 
бұйырады. Ал өзі екінші бөлігімен таудың екінші бетіне жасырына-
ды. Жоңғарлар ор қазып, бекініп жатқан қазақ жасақтарына қарсы 
шабуыл жасайды. Осы кезде Жəңгір өз тобымен жаудың ту сырты-
нан лап береді. Қазақтар осы жерде бірінші рет оқ ататын қару пай-
даланады. Шайқас барысында Батур қонтайшы 10 мың əскерінен 
айырылады. Шайқастың шешуші кезеңінде Жəңгір ханға Самарқан 
билеушісі Жалаңтөс батыр бастаған 20 мың əскер көмекке келеді. 
Батур қонтайшы кейін шегінуге мəжбүр болады. Сөйтіп, 1643 жылы 
жер жағдайын жəне соғыс тəсілін шебер пайдаланған Жəңгір хан 
Самарқан билеушісі Жалаңтөс батырдың əскери көмегі арқасында 
зор жеңіске жетті. Бұл тарихта Орбұлақ шайқасы деген атпен белгілі. 
Бұл жеңістің Қазақ хандығы үшін зор маңызы болды. 
Бірақ, жоңғар билеушілері қазақ жерлеріне басып кіру үшін 
жаңа жорықтарға дайындала бастады. Батур қонтайшы бытыраған 
əскерлерін қайта құрап, Сібірдегі орыс қамалдарынан қару-жарақ 
сатып алды. Өзіне тəуелді қырғыздардан ат-көлік жинастырды. 
Осындай əскери дайындықтан кейін Батур қонтайшы 1652 жылы 
қазақтарға қарсы аттанды. Бұл соғыста қазақ жасақтары жеңілді. 
Жəңгір хан осы 1652 жылғы шайқаста жоңғарлардың қолынан қаза 
тапты. Жəңгір хан да Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Яссауи 
кесенесінде жерленген.
Жəңгір ханнан кейін Қазақ хандығының əлеуметтік-экономи-
калық жəне саяси жағдайы нашарлады. Феодал шонжарлардың 
арасында алауыздықтар мен бақталастықтар өршіді. Қазақ сұлтан-
дары ұлыстарды жеке-дара билеп, дербестенуге бой ұрды. Қазақ 
жүздерінің арасындағы байланыс нашарлап, олар бір-бірінен оқ-
шаулана бастады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   76




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет