кезеңінде (1921-1939 жж.)
1. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.
2. Қазақстандағы индустрияландыру саясаты және оның қайшылықтары.
3. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру.
4. Қоғамдық-саяси өмір.
1. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.
1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын
көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. 1913 жылмен
салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5 есеге кеміді, ал мыс
131
рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі
өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды.
Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында егістік
жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есеге кеміді. Ең бірінші кезекте ұлттық байлықтың
негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны
10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды.
Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-ң жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа
душар болды. Осыған байланысты 1921 ж. бұл аймақтарда астықтың жалпы түсімі 5 млн.
пұт деңгейде ғана болды. Ал жергілікті халықтың бір жылғы астық пен астық тұқымдығына
мұқтаждығы 22 млн. пұт көлемін қамтиды, яғни залал 17 млн. пұтты көрсетті. Ауа райының
қолайсыздығы мал шаруашылығын бұдан да қиын жағдайға душар етті. 1920–1921 жылдар
аралығындағы жұттан кейін мал басы 1917 жылмен салыстырғанда 75% кеміді.
Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының
ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан
әрі жалғастырды. Орталық үкіметтің 1920 жылы 20 шілдедегі “Сібірдегі артық астықты алу
туралы” декретінің күші Қазақстанның солтүстік аудандары мен Семей губерниясына да
тарады. Осы декретке сай 1921 жылдың тамыз айына дейін бүкіл елдегі шаруаларға 119
млн. пұт (РКФСР көлемінде 423 млн.пұт) төтенше салғырт төлеу жүктелсе, соның ішінде 35
млн. пұт Солтүстік Қазақстанға міндеттелді. Тапсырманың 26 млн. пұты Семей облысына
міндеттелінсе, тек Қостанайдың өзінен 6 млн. пұт астық алынды. Артық өнімдер ғана емес,
азыққа қолданылып отырған астық және тұқым қоры да тәркіленіп отырды. Астық салығы,
мал шаруашылығымен ғана айналысып отырған аудандарға да салынды. Оны төлеу үшін
олар малдарын сатып, астық сатып алуға мәжбүр болды.
Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл аштық
жайлады. Бөкей губерниясында – 100 мың, Оралда – 400 мың, Семей губерниясында – 500
мың, Орынбор – 445, Ақтөбеде – 360 мың адам ашықты. Көшпелілер арасында өлім ересек
тұрғындардың 30 процентін қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 проценті қырылған.
Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты
біріктіріп бір болыс ұйымдастыруға тұра келді. Жалпы зерттеушілер 2 млн 300 мыңнан аса
адам ашықты, 1 млн-ға жуығы аштық пен аурудан өлді деген мәліметтерді келтіреді.
Мұсылман зиялы қауымы арасынан мұндай соракылыққа қарсы шыққан Т. Рысқұлов
болды. Ол аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына бірнеше комиссариаттардың
өкілдерін кіргізіп, арнайы ұйым құруды талап етеді. Түрікатқару комитеті Т. Рысқұловтың
талабын қолдап, аштықпен күресті өздерінің қызмет жағдайына сәйкес республиканың
азық-түлік, жер шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы, темір жол комиссариаттарына
жүктейді. Аштықпен күресті тікелей басқаратын ерекше Орталық комиссия
ұйымдастырылады. Оның төрағасы болып Т. Рысқұлов тағайындалады. Бұл ұйым алғаш
жұмысқа кіріскенде көптеген объективті қиындықтармен қатар, өзі тектес азық-түлік ісіне
қатысы бар басқа ұйымдар тарапынан жасалған қасақана іріткі салу әрекеттеріне ұшырайды.
Рысқұлов жалпы Орталық комиссияның құрылуының өзін “дені дұрыс құбылыс емес” дейді.
Үкіметтің құрамында аштықпен күресуге міндетті толып жатқан “экономикалық органдар
бола тұра, мұндай ерекше ұйым құруға мәжбүр болудамыз” дейді.
Өткір пікір таластардан кейін, яғни Т. Рысқұловтың аса зор еңбегінің арқасында
Түрікатқару комитеті мен ХКК-і бұл Орталық комиссия қорына құнсызданған болса да 42
млн. сом қағаз ақша бөледі. Орталық комиссияның облыстар мен уездерде, болыстар мен
қалаларда жергілікті мекемелері мен бөлімшелері ашылады, олардың басына сауатты
мамандар отырғызылады.
Аштықпен күрес комиссиясының жұмысына есеп берген баяндамасында Т. Рысқұлов
Түркістан өлкесінің байырғы халықтарының сұрапыл аштыққа ұшырап, қатты қырылуына
революциядан бұрынғы патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен әсіресе, революциядан
соң орнаған кеңес өкіметінің шовинистік саясаты басты себепкер болғандығын ашық атап
көрсетеді.
132
Қазақ Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) де аштыққа ұшыраған аудандарға өз
тарапынан көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. ҚОАК-ті жанынан аштыққа
ұшырағандарға көмек көрсету үшін комиссия құрылады. Республикалық комиссияны
ҚОАК-нің төрағасы Мендешев басқарды. Қазақстандағы ауыр жағдайды ескере отырып,
КазАКСР ОАК-і ашыққандарға көмек беруші Орталық Комиссияның шешіміне сәйкес, бұл
аудандардың тұрғындарын астық, картоп т.б. мемлекеттік салықтардан босатты.
Қазақ қоғамын жайлаған аштықты Орталықтағы Кеңес үкіметі мойындамады.
Республиканың кейбір басшылары мен орыс жұртшылығы негізінен өлкенің көшпелі
тұрғындарын қамтыған сұрапыл аштықты “кездейсоқ, тұтқиылдан тап болған зобалаң ”
ретінде бағалады. Өлке халқының мұндай нәубетті бұрын-соңды басынан кешпегендігі
Орталық үкіметті ойландырмады да. Мұндай жағдай Кеңес өкіметінің өзі жүргізіп отырған
саясатқа еш күмән келтірмей, оны толық дұрыс деп есептегендігінің айғағы еді.
Республиканың экономикасындағы ауыр дағдарыс, яғни мемлекеттің күштеу саясатына
негізделген азық-түлік саясаты 1920-1921 жылдары шаруалардың кеңес үкіметіне қарсы
стихиялы қарулы көтерілістерінің тууына әкелді. Көктем–жаз айларында басталған
шаруалардың наразылықтары “Азық-түлік салғырты жойылсын!”, “Большевиктерсіз
Кеңестер үшін!”, “Ерікті саудаға жол берілсін”,–деген ұрандармен басталып, қарулы
көтерілістерге ұласты. Өскемен, Павлодар, Семей, Петропвл, Қостанай, Көкшетау, Ақмола,
Атырау, Орал, Шымкент уездерінде ашық түрдегі көтеріліс кеңінен орын алды.
1921 жылы наурызда Қазан төңкерісінің орталықтарының бірі болған Кронштадта
матростар көтеріліске шықты. Кронштадтықтар негізінен Ресей селоларынан келген, флотта
әскери міндетін өтеп жүрген шаруалар еді. Олар Азамат соғысының аяқталуына
байланысты армияны таратуды, шаруаларға жер мен онда өндірілген өнімді пайдалануға
бостандық беруді, ақшаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді және жұмысшыларға жалақы
төлеуді талап етті.
Бұл және Қазақстанды да қамтыған басқа да көтерілістер ұйымдасуы және қару-
жарақпен қамтамасыз етілуі нашар болғандықтан Қызыл Армия әскерлерінің күшімен
талқандалды. Қазақстандағы көтерілісшілердің кей бөліктері Қытайға өтіп кетті. Елде
көтеріліске қатысқаны үшін мыңдаған адамдар тұтқындалып, олардың 932-сі сотқа
тартылды. Кеңес үкіметі бұл қарсылықтардың бәрін “контрреволюциялық баскөтерулер” деп
бағалады.
Алайда большевиктер өздерінің биліктен айырылып қалу қаупінің күшейгенін,
осыған орай шаруашылық саясаттың мүлде жаңа принциптеріне көшу қажеттігін айқын
сезді. Партияның Х съезі (8 наурыз, 1921 ж.) көтерілісшілерді айыптағанмен, экономикалық
саясатты өзгертуге мәжбүр болды. Съезд шаруашылық мүддені іске қосудың жаңа жүйесін
жасаудың шараларын белгіледі, яғни «соғыс коммунизм» саясатынан жаңа экономикалық
саясатқа көшу туралы шешім қабылдады.
Партияның Х съезінде қабылданған жаңа экономикалық саясаттың мәні неде?
Кеңес үкіметі мемлекеттің қолында ірі өндіріс орындарын, банкті қалдырып, жеке
капиталды өндіріске ендіруге рұқсат берді. Мемлекеттік жерлер, кішігірім мемлекеттік
кәсіпорындар белгілі мерізімге жеке шетел ұйымдары мен тұлғаларға жалға беріледі. Сауда
бостандығы жүзеге асырылады, яғни мемлекеттің бақылауымен жеке саудаға рұқсат
беріледі. Сауда негізінен ауыл мен қаланың ортасындағы негізгі байланыс көзіне айналуға
тиіс болды. Сонымен қатар мемлекеттік және кооперативтік сауда да дамуы тиіс болды.
Жеке ауыл шаруашылық қожалықтарына, жеке меншіктегі кішігірім кәсіпорын иелеріне
жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат беріледі. Еңбекке деген міндеткерлік және еңбек
армиялары жойылады. Өндіріс орындарын жұмысшы күшімен қамтамасыз ету еңбек
биржалары арқылы жүзеге асырылатын болады. Елдегі ақша жүйесін нығайту, ақысыз
қызмет көрсетуді жою, еңбекке ақшалай жалақы төлеу міндеттелді.
Жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі ең
маңыздысы – азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастыру туралы шешім болды.
Азық-түлік салғырты кезінде шаруа қожалықтары өндірілген өнімнің өзін қамтамасыз етуге
133
қажетті үлесінен артығын мемлекетке тапсыруға міндетті еді. Азық-түлік салығының
ендірілуі, яғни белгіленген мөлшердегі ғана салықты өтеуге байланысты, олар өндірілген
өнімнің артығын өз еркімен пайдалану құқығына ие болды. Бұл ендірілген салық жүйесіндегі
өзгеріс өндіруші шаруа қожалықтарына өте қолайлы болды. Себебі, олар өндірілген өнімнің
белгілі мөлшерін ғана мемлекетке тапсырып, қалған өнімді сатуға немесе өзінің басқа
қажеттерін өтеуге мүмкіндік алды. Осыған байланысты енді шаруа қожалықтары егістік
көлемін ұлғайтуға, сөйтіп өнімді көп өндіруге, яғни еңбек өнімділігін арттыруға ынталы
болды.
Енді осы жаңа экономикалық саясаттың қазақ өлкесінде ендірілу әдістері мен
жолдарын қарастырып көрейік. РКФСР ХКК-нің арнайы декреті бойынша бірыңғай азық-
түлік салығы мал шаруашылығымен айналысатын аудандарға да ендірілді. Қазақстан ауылы
мен деревнясында жаңа экономикалық саясаттың алғашқы азық-түлік салығы науқаны өте
қиын жағдайда жүргізілді. Оның себебі ЖЭС ендірілген жылы да партия, кеңес және азық-
түлік органдары азық-түлік салғырты саясатын жалғастырды да, ол бойынша дайындалған
өнімдерді Орталыққа жіберу жөніндегі Еңбек және Қорғаныс кеңесінің тапсырмасын
орындаумен айнылысты. Мысалы, көшпелі мал шаруашылығы аудандарында алғашқы
бірыңғай азық-түлік салығы 131,9% көлемінде орындалды. Бұл әрине соғыс коммунизм
саясатының әрі қарай жалғасуы болды.
Сөз жүзінде ЖЭС ендірілгенімен Кеңес үкіметі іс жүзінде баяғы қарқынмен
экономикаға өзінің бақылауын жүргізуді тоқтатпады. Бірнеше ай бойы мемлекет қала мен
деревня арасындағы айырбасты кооперация арқылы бақыламақ болды. 1921 жылы 7-ші
сәуірде мемлекет өзінің арнайы декретімен кооперацияға фабрика – зауыттық өнімдерді
ауыл шаруашылық өнімдеріне айырбастауды міндетті тапсырма етіп берді. Бірақ бұл
мәселені жүзеге асыру өте қиын болды. Оның себебі мемлекеттің бақылауымен жүргізіліп
отырған тауар айырбасы жеке саудамен жарысқа түсе алмады. Оның үстіне мемлекеттік
тауар айырбасы ЖЭС-тың принциптеріне сай келмеді, яғни сауда бостандығына кедергі
келтірді. Мұндай жағдай халықтың жаңадан ендірілген шаруашылық саясатына деген
сенімсіздігін тудырды.
Жоғарыдағы аталған кемшіліктер біртіндеп азық-түлік салығы саясатының кең
ендірілуі барысында жойыла бастады. 1924-1925 жылдары ауыл шаруашылық салығынан
КазАКСР-ң бүкіл шаруашылығының 32,7%-і босатылса, 1925-26 жылдары – 33,8%
босатылған еді. Әсіресе, 1924-1925 жылдары мал өсіруші шаруашылықтың 72%-ке жуығы
алым-салықтан босатылды. Көшпелі жеке қазақ шаруашылықтарына 3-5 жылдық
мерізімдерге жеңілдіктерге негізделген несиелер берілді. Сонымен қатар мемлекет
тарапынан ауылшаруашылық машиналары мен құралдарын сатып алуға негізделген
несиелер де белгіленді. Осының бәрі ұсақ товар өндірушінің материалдық құштарлығын
арттырды, оның өз шаруашылығындағы қорларына иелік ету еркіндігін күшейтті.
ЖЭС-тің аясында нарықтық қатнастардың күшеюі сауданың дамуына ықпал етті. Ал ол
болса ақшаның тұрақтануына әсерін тигізді. Осы жағдайға байланысты ЖЭС-тің алғашқы
кезінде ендірілген салықтың натуралды түрін партияның ХІІ съезі (1923 ж. сәуір) ақшалай
түрде де өтеуге мүмкіндік берумен алмастырды. Ал 1924 жылы салықты өтеудің тек
ақшалай түріне толық көшірілді.
Осы жылы ақпан айында Кеңес үкіметі ақша реформасын жүргізіп, кеңестік ортақ жаңа
ақша өлшемі тұрақты сомды енгізді. Осы жағдайлар Қазақстанда жәрмеңкелік сауданың кең
өрістеуіне жол ашты. 1926 жылы Қазақстанда 128 жәрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі
жәрмеңкелер қатарына – Ойыл, Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жәрмеңкелерін
жатқызуға болады. Осы кездегі жәрмеңке саудасының жалпы айналымы 20–23 млн. сомды
құрады. Сондай-ақ, осы өркендей бастаған жәрмеңкелік сауда да ауыл шаруашылығының
дамуына ықпалын тигізді.
Қазақстанда 1921-22 жылдары ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су
реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚАКСР-нің
территориясында қазақ жерлерін біріктіру болды. Патшалық биліктің жүргізген саясаты
134
нәтижесінде Қазақстанда жер мәселесі өте күрделі мәселелердің біріне айналған еді. Осыған
байланысты қазақ автономиясы құрамында жер саясатын жүргізуші жетекші орган – Жер
комитеті құрылды. Ол қазақ автономиясы аясында қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен
1921 жылы 7 ақпанда декрет қабылдады. Қазақ АКСР-нің Жер комитеті қабылдаған бұл
декрет бойынша кезінде көш-қон қорына (переселенческий фонд) тартып алынып,
пайдаланылмай тұрған Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы бос жатқан
жерлер, олардың 1917 жылға дейін алынғанына қарамастан қазақтарға қайтарылады. 1921
жылы 19 сәуірде Жер комитеті кезінде патша үкіметінің Сібір және Орал казак әскерлерінің
тартып алған жерлерін қазақтарға қайтару туралы шешім қабылдады. Осы декретке сай
қазақтар Ертіс өзені бойында 177 мың, Орал өзені жағалауында 208 мың десятинадан астам
жерлерді қайтаруға тиіс болды.
1922 жылы 26 тамызда Федералды Жер комитеті мен БОАК-ті “Қазақстанда негізгі
еңбекпен жерді пайдалану туралы” заң қабылдады. Ол заң 31 тамызда күшіне енді. Бұл заң
бойынша әркімнің өз жерінде қалуға және ол жерді пайдалануға құқығы болды. Жер заңға
сәйкес құжатталған жағдайда ғана оны пайдаланушы сол жердің иесі болады. Ал даулы
жерлерге заңға негізделген съездің немесе жер органдарының шешімі қажет болды.
Алайда осы негізгі заңнан соң 1922 жылы 30 қазанда Кеңес үкіметі Ресей
территориясын түгел қамтыған “Жер кодексін” қабылдады. Осы кезден бастап жер туралы
бүкіл мәселенің бәрі мемлекеттің идеологиялық құндылықтарына негізделген құқыққа ие
болы. Бұл кодекс бойынша жермен тұрғылықты халық қамтамасыз етілуі керек болды.
Сонымен бірге автономияларға қосымша ұсыныстар мен негіздемелер жасауға рұқсат етілді.
Бұл кодекс отрықшы-егіншілікпен айналысатын аудандарды қамтыды да, көшпелі аудандар
мүлде кірмей қалды. Соның салдарынан қазақ қоғамы мүлде жермен қамтамасыз етілмеді.
Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын жойғысы
келгенмен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нәтижесінде
жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы теңестірілді. Оның үстіне
патша үкіметі кезінде жерге орналасқан басқа ұлт өкілдері ол жерден айырылғысы келмей
үлкен қарсылық көрсетті. Сонымен қатар олар өз иеліктеріндегі жердің межеленбеуін, яғни
шекараларының айқындалмауын пайдаланып, жаңа жерлерді тартып алды.
Осы жағдайлар жер және жерге орналастыру мәселесін шешуді өте қиындатқанымен,
жаңа экономикалық саясат шеңберінде азық-түлік салғыртының азық-түлік салығымен
алмастырылуы 3-4 жыл ішінде қазақ ауылы мен деревнясын дағдарыстан шығара бастады.
1925 ж. егістік жердің көлемі 3 млн. гектар болса, 1928 жылы 4 млн. гектарға жетті, яғни бұл
1913 жылдың (4,4 млн. га) деңгейіне жеткендігін көрсетеді. 1925 ж. 92 млн. пұт астық
жиналса, 1927 ж. астықтың жалпы түсімі 1,4 млн. пұтты құрады. 1925 ж. мал саны 1922 ж.
салыстырғанда екі есе өссе, 1925-1928 ж. аралығында жыл сайын 5%-ке артып отырды.
Қазақстанның өнеркәсібі саласында да едәуір өзгерістер болды. Қазақстан халық
шаруашылығы орталық кеңесі (ВСНХ) сегіз (Балық, Тері, Илецктұз, Павлодартұз,
Батысалтын, Ақжалалтын, Сексеул, Спирт) трестерді және сантонин зауыты мен Қарғалы
шұға комбинатын біріктірді. Губерниялық кеңестің құзырына жергілікті деңгейдегі
өндірістер бағынды. Олардың көбі арендаға берілді. Сонымен бірге Қазақстанның көптеген
өндіріс орындарын одақтың қорғанысына қажетті, оның мүддесін дүниежүзілік рынокта
қорғайды деген желеумен бүкілодақтық деңгейдегі трестерге біріктірді. КазАКСР-де
одақтық деңгейдегі Ембімұнай, Алтайполиметал, Атбасцветмет сияқты трестер құрылды.
Олар республика бюджетіне белгілі мөлшерде ғана қаржы бөліп тұрды. Ал қалған
табыстардың бәрі орталықтың иелігінде болды. Мұндай жоғарғы дәрежеде өндірістерді
орталықтандыру саясаты кейін де үстем болды.
Сөйтіп, Кеңес үкіметінің елдің өнеркәсібін қалпына келтіру мақсатында жүргізілген
шаралары кейін республика экономикасына орталықтың үстемдігінің мейілінше күш алуына
әкелді. Өндіріс орындарын орталықтанған трестерге біріктіру сонымен бірге өндіргіш
күштерді региондарға орналастыруда кемшіліктерге жол ашты, яғни Қазақстан
экономикасының ұзақ мерзімге шикізаттық сипатын айқындады.
135
ЖЭС аясында Республиканың халық шаруашылығында болған өзгерістер елдің
дағдарыстан шыққанын, экономикалық дамуда жаңа үрдістің кең етек жайғанын көрсетеді.
Елдің шаруашылық жүйесі нарықтық экономика қатынасына біртіндеп енді. Өлкенің
экономикасы көпукладты сипатқа ие бола бастады, яғни әртүрлі меншік түрлерінің қатар
өмір сүру мүмкіндігі пайда болды. Меншіктің әртүрлі түрлерінің қалыптасуы, олардың
арасындағы бәсекелестік пен ұдайы өндірістегі бірін-бір толықтыруы халық
шаруашылығының алға даму бағытын айқындады.
Большевиктер таптық мүддені қорғау принциптерінен ажырамаса да, жаңа
экономикалық саясат аясында мемлекеттің экономикаға араласуы шектелді. Мемлекет
белгілі мөлшерде ғана көпукладты ұдайы өндірісті кредит, салық жүйелері арқылы ғана
реттеп отырды. Экономикалық өмірдің нақты дамуын қамтамасыз ететін мұндай саясат өте
орынды еді.
Алайда ірі өнеркәсіп саласын мемлекеттік монополизациялау нәтижесінде олар өз
өнімдерін тұтынушыларға (әсіресе аграрлық сектордағы жеке тұтынушыларға) өте жоғары
бағамен ұсынды. Партия және үкімет шешімдері ауыл шаруашылық кооперацияның ЖЭС
жағдайындағы жаңа ролін анықтағанына қарамастан, оны бақылап отыруға мемлекет
мүдделі болды, соның нәтижесінде мемлекет ауылшаруашылық товарларын сатып алу
бағасын өзі белгіледі және ол өте төмен болды.
Ұзақ әлеуметтік даму барысында қалыптасқан дәстүрлі товарлы шаруашылық
мемлекет тарапынан ендірілген мұндай реттеуші бақылауға сәйкес келмеді. Мемлекет
тарапынан жүргізіліп отырған мұндай саясат ұсақ ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер
тарапынан қарсылық тудырды. Олар өндірген өнімдерін төменгі бағамен сатудан бас
тартты. Алайда бұл қарсылықты мемлекет өзі жүргізіп отырған саясаттың кемшілігінен деп
есептемеді. Керісінше ол қарсылықты тап жауларының іс-әрекеті деп бағалады. Мемлекет
тарапынан жеке шаруа қожалықтарына қарсы бақылауды күшейтті. Ұсақ тауар
өндірушілерді әкімшілік жолмен бақылау мен ығыстыру саясаты сауданы шектеуге, яғни
ЖЭС-тің шектелуіне әкелді.
Мұндай жағдай “соғыс коммунизм” саясаты тұсындағы әкімшілік басқару әдістерін
жандандырды. Экономикалық даму жүйесіне әкімшілік тұрғыдан араласу большевиктердің
негізгі жұмыс әдісіне айналды. Таңдау мүмкіндігі, еркіндік, шаруашылық еріктілік туралы
заңдар тек қағаз жүзінде қалып отырды. Экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясы күш
алды. Дағдарыстардың бәрі осы жоспарлаудағы кемшіліктерден деп есептелді. Жергілікті
партия және кеңес органдары кооперацияны басқаруда әкімшілік әдіске жиі сүйенді. Алайда
экономиканы мемлекеттің тарапынан жоспарлы түрде дамыту мен әкімшілік басқару әдістері
нарықтық қатынаспен сәйкес болмады. Соған қарамастан таптық идеологияны ту еткен
Кеңес үкіметі экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясына сүйеніп, 1925 жылдың
аяғында өнеркәсіп өндірісін халық шаруашылығының жетекші саласы етіп белгіледі және
оның жоғары қарқынмен дамуын қамтамасыз етті. Бұл ЖЭС аясында қалыптасқан
көпукладты ұдайы өндірістік жүйенің қатар даму барысын шектеді, яғни 20-жылдардың
аяғында ұсақ товар өндірушілерге қарсы күресті күшейтті. Соның нәтижесінде нарықтық
қатынас тоқырады, яғни ЖЭС тоқтатылды.
2. Қазақстандағы индустрияландыру саясаты және оның қайшылықтары
Партияның 1925 жылы (18-31 желтоқсан) өткен ХІY съезі елді соцалистік
индустрияландыру жоспарын жүзеге асыру міндетін қойды. Социалистік индустрияландыру
саясаты өзінің мазмұны жағынан ірі машиналы өнеркәсіпті, ең алдымен ауыр индустрияны
бүкіл халық шаруашылығының салаларын түбегейлі қайта құруды қамтамасыз ететіндей
дәрежеде дамытуға бағытталды. Кеңестер одағының экономикалық тәуелсіздігі мен
қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін алдыңғы қатарлы капиталистік елдерді
индустриялды даму жағынан барынша қысқа тарихи мерзімде қуып жетіп, елді
индустриялды державаға айналдыру міндетін қойды. Партия мұндай міндетті орындау үшін
136
елдің бүкіл материалдық және өндіргіш күшін толығымен осы мақсатқа бейімдеу қажет деп
шешті.
Алайда социалистік индустрияландырудың капиталистік индустриялан- дырудан
ерекшелігі болды. Капиталистік мемлекеттер өздерінің индустриялды дамуын, әдетте,
пайда тез түсетін жеңіл өнеркәсіп салаларын дамытудан бастайды. Осы салаларға тән болып
келетін кәспорындардың шағындылығы мен оған жұмсалатын қаржының (капиталдың)
айналымдылығы әуелгі кезде жеңіл өнеркәсіпті өте тиімді салаға айналдырады. Тек уақыт
өткен соң ғана жинақталған қаржы біртіндеп ауыр өнеркәсіпке ауысуына байланысты ауыр
индустрия салаларын дамытуға мүмкіндік туады.
Кеңестік тарихнамаға партияның 15-ші съезі елді индустрияландыру съезі болып енді.
Көптеген кеңестік кезеңдегі зерттеулерде лениндік индустрияландыру саясаты
республикалардың ұлттық ерекшеліктерін қатаң ескерді деген пікір басым болды. Алайда
большевиктер партиясының басшылығымен жүзеге асырылған елді индустрияландыру
саясаты шеткері орналасқан ұлттық аймақтар, оның ішінде, әсіресе, Қазақстан үшін отаршыл
бағытта болды.
Жалпы Қазақстанда индустрияландыру саясатының бағыты қандай болу керек деген
мәселе сол кездің өзінде өте үлкен пікір-таластар туғызды. Бір топ өлкедегі кеңес және
партия қызметкерлері көшпелі халық бірден социализмге өте алмайды деп есептеді, яғни
қазақтың көшпелі өмір салты ұлттық ерекшелік болып табылады, олай болса елді
индустрияландыру бағыты оның осы ұлттық ерешелігін жояды деп есептеді. Мұндай
пікірдегі партия мүшелерін большевиктер негізгі партиялық жолдан ауытқушылар, яғни
“уклонистер” деп айыптады.
Келесі бір топтың өкілі С. Садуақасов өнеркәсіптің дамуы қазақ халқын ауыл
шаруашылығынан алыстатып, қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығының құлдырауына
әкеледі деп есептеді. Бірақ, ол мүлде индустрияландыру саясатына қарсы болды деуге
болмайды. Оның пікірі бойынша Қазақстанның өндірістік бағытта алға жылжуы үшін
республикада индустриялық өнеркәсіптерді көптеп салып, оны ары қарай дамыту қажет. С.
Садуақасов шикізат қоры көздеріне өнеркәсіптерді жақындату мақсатын көздеді. Ол өлкеден
шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан дайын өнімді қайта алып
келуге кететін шексіз транспорттық қаржы жұмсауға, яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде
пайдалануға қарсы болды.
Қазақстанға өнеркәсіпті күштеп ендіру мүмкін емес, ол қазақ қоғамының табиғи
қалыптасқан жағдайына жат деп есептегендер болды. Олардың пікірінше артта қалған
көшпелі халық индустрияландырудың өте жоғарғы қарқынына ілесе алмайды. Сонымен
қатар өндіріс орындарына жергілікті ұлт өкілдерін көптеп тарту, яғни жергіліктендіру
(коренизация) саясаты өндірісті өте-мөте қымбаттатады, қазақтар жұмыс істей алмайды,
олар бәрібір даланы аңсайды деген көзқараста болды. Мұндай пікір айтушы топты
большевиктер “ұлыдержавалық шовинистер” деп айыптады.
Осылайша большевиктер социалистік индустрияландыру саясатының бағыттары
жөнінде пікір айтушыларға әртүрлі айдар тақты. Ал өздері белгілеген елді “социалистік
индустрияландыру” бағытын ешбір қатесі жоқ, толық аяқталған саясат деп қарастырды.
Большевиктер белгілеген индустрияландыру саясатында Қазақстан Одақтың шикізаттық
бөлшегіне айналуы керек болды. Орталық ұсынған бұл көзқарасты осы кезде өлкенің партия
ұйымының басшылығына тағайындалған Ф. Голощекин де қолдады. Республика
өмірімен мүлде таныс емес Ф. Голощекин өлкенің шаруашылық жүйесіндегі ерекшелікті
мойындамады.
Қазақстанда индустрияландыру саясатын жүзеге асыру барысы елдің орталық
аудандарымен салыстырғанда өте күрделі жағдайда жүргізілді. Біріншіден, өлкенің
әлеуметтік-экономикалық дамуы Рессейдің орталық аудандарымен салыстырғанда артта
қалған еді. Екіншіден, өлкеде соғыстан қираған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру
шаралары созылып кетті. Яғни, ол уақыт жағынан бірінші бесжылдықпен сәйкес келді.
137
Осындай жағдайларға қарамай большевиктер Қазақстанды бүкілодақтық көлемдегі елді
индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды. Қазақстанды индустрияландырудың
ең алғашқы қарлығашы Түркістан–Сібір темір жолы болды. Индустриаландыру
жылдарында Қарағанды-Балқаш, Гурьев –Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған,
Рубцовка-Риддер темір жолдары салынды. Өлкені индустрияландыру барысында кеңес
үкіметі түрлі-түсті металлургия, көмір және мұнай өндіріс орындары мен теміржол саласын
одан әрі өркендету міндеттерін қойды. Осыған байланысты жаңа өндіріс орындарын салу
және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қайта құру үшін тек 1933-34 жылдары 566,6
млн сом қаржы бөлінді. Оның бестен төрті ауыр индустрияны дамытуға жұмсалды.
Олардың ішінде Қарағанды шахталары, Шымкент қорғасын және Балхаш мыс қорыту
зауыттары, Ақтөбе химия комбинаты болды.
Екінші бесжылдық кезінде республикада Қарағанды көмір бассейні мен Балқаш мыс
қорыту комбинатын салу жоспарланды. Республиканың сол кездегі экономикалық
ресурстары мұндай күрделі құрлыстарды салуға мүмкіндік бермейтін еді. Алайда соған
қарамастан Кеңес үкіметі бұл құрылыстарды тез аяқтау міндетін қойды. Қарағанды көмір
өндіріс орындарын да тез қарқынмен дамыту қажет болды. Себебі түрлі-түсті метал өндіру
саласын тез дамыту барысы елде көмір өнімдеріне деген сұранысты ұлғайтты. Ал сол кездегі
елдегі көмір өндіріс орындары сұранысты қамтамасыз ете алмады. Осыған байланысты
большевиктер төтенше жағдайда Қарағанды көмір өндірісінің бар мүмкіндіктерін
жұмылдыруға тырысты.
Қазақстанды индустриаландыру барысында Текелі полиметалл және Жезқазған мыс
қорыту комбинаттары, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттары салына бастады. 1933 жылы
ақпан айында Шымкент қорғасын зауытының алғашқы пеші жұмыс істеді. Бұлар
Қазақстанда ғана емес бүкіл ел көлеміндегі түрлі-түсті металдардарды өндіруші өте ірі
өндіріс орындары болды. 1939 жылы Шымкент зауыты бүкіл Одақтағы қорытылған
қорғасынның 73,9 процентін берді. Балқаш мыс қорыту зауыты республикадағы
қорытылған мыстың 51 процентін берді. Осының бәрі Қазақстанды түрлі-түсті металдар
шығарудан одақ көлемінде 2 орынға шығарды.
Мұнай өндірісінен де Қазақстан алдыңғы орынға шықты. 1940 жылы мұнай өндірудің
көлемі 700 мың тоннаға жетті. Мұнай өндіруден Қазақстан Одақ көлемінде 3 орынға шықты.
Эмбі мұнай орны игерілді. Сағыз және Құлсары мұнай орындары ашылды.
Қазақстанда химия өндірісі қалыптасты. 1933 жылы қарашада Ақтөбе химия
комбинаты мен Аралсульфат комбинаты да іске қосылды. 1928-1940 жж. темір жолдардың
өсуі 50 процентке артып, оның ұзындығы 6581 км. жетті.
Қазақстан 20-жылдардың аяғы мен 30 жылдары, өте қысқа мерзімде аграрлы елден
индустриялы елге айналды. Большевиктер өлкені индустрияландыруды өте жоғарғы
қарқынмен жүргізді. Мысалы: Одақ көлемінде мұнай өндіру 1926-1940 жж. 3 есе көбейсе,
Қазақстанда - 5,9 есе көбейді; көмір өндіру Одақ бойынша 5,7 есе артса, Қазақстанда ол 77,4
есеге артқан; электр қуатын өндіру Одақ көлемінде 23,7 есе артса, Қазақстанда–486 есе
артқан, яғни одақтық көлемнен 20 еседен артық болған; темір жолдар салу Одақ бойынша 1,4
есеге, ал Қазақстанда –3,1 есеге артқан.
Қазақстанда индустрияландырудың өте кең көлемде және жоғарғы қарқында жүзеге
асырылуы инженер-техникалық маман кадрларды қажет етті. Әсіресе, 1933-1934 жылдары
өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы жаңа құрал-саймандармен, машиналармен
қамтамасыз етілді. Оларды игеру үшін маман кадрлар қажет болды. Бұл мәселені шешу үшін
қысқа мерзімді курстар, фабрика-зауыт мектептері, техникалық минимум кружоктары
ашылды. Өнеркәсіп орындары шоғырланған қалаларда орта мамандандырылған оқу
орындары ашылды. Жоғары дәрежедегі маман кадрларды даярлау үшін республикада Қазақ
мемлекеттік университеті, Тау-металлургия институты сияқты алғашқы жоғары оқу
орындары ашылды. 1933-1937 жылдары жоғары оқу орындары мен техникумдар 13 мың
маман кадрларды даярлады. Сонымен қатар республиканың өндіріс орындары үшін маман
кадрларды Рессейдің орталық аудандарындағы жоғары оқу орындарында даярлады. Алайда
138
айта кететін бір жәй, Кеңес үкіметі өте күрделі инженер-техникалық маман кадрлар
даярлайтын жоғары оқу орындарын республикада ашпады. Бұл мәселеде республика
орталыққа тәуелді болды.
Қазақстанда өндірілген шикізаттарды өңдейтін өндіріс орындары салынбады. Өлкені
индустрияландыру барысында өнеркәсіп өндірісінің жүрегі болып саналатын машина жасау
бағыты, оның мынадай жетекші салалары: станок жасау, автомобиль шығару, трактор, ауыл
шаруашылығы машиналарын жасау мүлде қамтылмады. Республиканы индустрияландыру
тек шикізаттық бағытта болды.
Осындай сипатта жүргізілген өлкені индустрияландыру саясатының қазақ халқы үшін
зардабы өте күрделі болды. Біріншіден, өлкенің экономикалық дәстүрі толық өзгерді,
өнеркәсіп саласының өркендетілуі ауыл шаруашылығы өнімдеріне қарағанда өнеркәсіп
өнімдері үлесінің көбейюіне әкелді. Екіншіден, қала халқы санының артуына, қалалардың
урбанизациялануы мен күшеюіне әкелді. Қала халқының жартысы дерлік (47,5 %) 50 мыңнан
астам халқы бар қалаларда жинақталды. 1928-1939 жж. Қазақстан қалалары тұрғындарының
санының көші-қонымның нәтижесіндегі механикалық өсуі 1,8 млн адамнан асты.
Үшіншіден, көші-қонымның нәтижесінде демографиялық өзгерістер болды, яғни Қазақстан
көп ұлтты республикаға айналды. Большевиктер өлкеге жұмысқа басқа ұлттардың алдыңғы
қатарлы өкілдерін әкелді деуге болмайды. Себебі кеңес үкіметі әртүрлі қылмысы үшін
сотталып, түрмеде отырғандардың еңбегін арзан жұмыс күші ретінде пайдаланды. Сонымен
қатар индустрияландыру саясаты республикада жергілікті ұлт өкілдерінің санының азаюына
да әсер етті. Төртіншіден, индустрияландыру саясаты нәтижесінде өлкедегі ұлтаралық
қарым-қатынас шиеленісті. Оның себебі Орталықтан әкелінген европалық ұлт өкілдерінен
шыққан партия, кеңес қызметкерлері мен жұмысшылар қазақ қызметкерлері мен
жұмысшыларына менмендікпен жоғарыдан қарады. Мұндай көзқарас туралы фактілерді
құжаттардан көруге болады. Большевиктер, сонымен қатар ірі өндіріс орындарынның
басшылығына жергілікті ұлт өкілдерін жібермеуге тырысты. Орталық үкіметтің нұсқауын
бұлжытпай орындайтын адамдарды орталықтан жіберіп отырды.
Қорыта айтқанда, большевиктер индустрияландыру саясатын жүзеге асыру
нәтижесінде өлкенің экономикалық даму үрдісіне толық өзгеріс әкелді. Бұрынғы кезеңде
жетекші орында болған ауыл шаруашылығы, әсіресе, көшпелі мал шаруашылығы және оның
өнімдері әрі қарай дамытылмай, дағдарысқа ұшырады. Оның себебі большевиктік саяси
басқару жүйесі өлкенің экономикалық дамуының бағытын өзгертті, яғни халық
шаруашылығының жетекші саласы етіп өнеркәсіп өндірісін белгіледі және оның қарқынын
жеделдетті. Кеңес үкіметі экономикалық дамудың объективті заңдылықтарын мүлде жоққа
шығарды. Халық шаруашылығының барлық саласы әкімшіл-әміршіл большевиктік басқару
әдісіне бағынышты болды. Өлкенің бұл кездегі өнеркәсіп өндірісінің дамуы шын мәніндегі
индустриялық даму жолымен жүргізілмеді. Кеңес өкіметі республиканы тек шикізат көзі етіп
пайдаланды. Сөйтіп, большевиктер патшалық Ресейдің өлкені экономикалық тұрғыдан
отарлау саясатын одан әрі жалғастырды.
Достарыңызбен бөлісу: |