Доспамбет жырау
Донның төменгі ағысын, Азау маңын мекендеген Кіші Орданы билеуші
әскери шонжарлар тұқымынан шыққан Доспамбет жырау – өз заманында
жақсы тәрбие алған, парасатты, білгір адам болған. Оның Стамбұлда,
Бақшасарайда, Қырымда болғаны, түркі халықтары мекендерімен таныстығы
және олардың жайларына қанықтығы, Дешті-Қыпшақты жақсы білгені – тарихи
шындық. Жыраудың білім-біліктілігі мен өмір деректері өз толғауларында
шынайы бейнеленген.
Айнала бұлақ басы Тең,
Азаулының Стамбұлдан несі кем,
Азаулының Аймадет ер Доспамбет ағаның
Хан ұлынан несі жоқ,
Би ұлынан несі кем
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менің несібем!
Азаулыда аға болған ерлер көп еді,
Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді!
Сондай-ақ, жырау өзін «ер Доспамбет» деп таныстырып, «Азаудың ер
Доспамбет ағасы, Азаулының бір бұрышындай нарты екен», «Хан ұлынан
артық еді несібем» деп өзін өзгеден биік санап, өзінің қоғамдық рөлін жоғары
қоя суреттеген. Бұл – жыраулық, ақындық тұрғыдан алғанда заңды құбылыс.
ХV-ХVІ ғасырларда жыраулар мұраларына тереңдей үңілсек, жорық,
майдан, ұрыс, шайқастың себебі «қоғалы көлдер», «құм, сулар», «тоғайлы су»,
«ағынды су», «бетегелі сарыарқа» үшін екендігі аңғарылады. Бірде қоныс,
мекен, ел мен жерді шет жаудан қорғау, бірде жау тартып алған аймағын
қайтару, енді бірде өз жері шеңберін кеңейту өжеттігінен туған шабуыл,
жортуылдар өз кезіндегі өмір шындығы. Жаугершілігі мол сол заманда
әлеуметтік іс-шаралардың бел ортасында жүріп ерлігімен, батырлығымен,
өрлігімен, өр рухты жырларымен ел құрметіне бөленген. Доспамбет жырау –
тарихи тұлға. Ол батырлықты үлкен жыраулық өнермен ұштастырған дарын
иесі.
Доспамбет жырау жырларында жаугершілік жорық кездеріндегі өлім мен
өмір арасында қиналған арпалысты сәттері, елі мен жері үшін аяусыз айқасы,
сол дәуірдің болмыс шындығы, «ел қорғар ерлердің» қайсар қылықтары мен
өршелене жауға ұмтылған қимылдары, жабырқап, жасқанбаған батырлығына
қаһармандық қимылы сай ерлер кейпі әсерлі бейнеленген.
Сарыарқаны сан рет шарлаған жорықты күндерін сипаттай келіп:
Екі арыстап жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес –
31
дейді. Не деген елжандылық сезім десеңізші!
Жырау еліне, жеріне деген ыстық ықыласын білдіреді. Туған жерін жаудан
қорғау – жырау үшін басты «азаматтық парыз». Осы жыр жолынан-ақ жастарды
елдікке, бірлікке, ерлік-қаһармандыққа және елін сүйер азамат болуға
шақырған насихатты аңғарасыз.
ХV ғасырдың 90-шы жылдарының орта шенінде Азау қаласында дүниеге
келген жырау – ел басына қатер төнген сәттерде майдан, ұрыстарға қатынасқан,
қилы жортуыл, жорықтардың басшысы болған белгілі батыр, жауынгер жырау.
Көп күндері жорықта жүріп, қан кешкен талай соғыста дұшпанға қарсы қол
бастап, өз елін ерлікпен қорғаған батыр-жыраудың толғауларындағы негізгі
идея – ерлікті дәріптеу, атамекенін сырт жаудан қорғау.
Ерлігімен, өрлігімен, кісілігімен замандастарының құрметіне бөленген
жырау:
Сере, сере, сере қар,
Асты кілең, үсті мұз,
Күн-түн қатса жібімес,
Мен көлікке қосымды артқанмын,
Көмбідей ару жаларға
Күректей мұзды тоңдырып,
Кірмембес ауыр қолға бас болып,
Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!
немесе,
Ағарып атқан таңдай деп,
Шолпанды шыққан күндей деп,
Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп,
Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп,
Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз
Арғымақтың талдай мойнын талдырып,
Үйде қалған арудың
Ал иіндігін аудырып –
деп жырларында сол дәуірдің болмысына тән батырлардың алыс сапары мен
қауырт жорықтары бейнеленген.
Жаугершілік жорық кездеріндегі ел-жұрт пен ер-азаматтардың әбігер
азабы, бастан кешкен ауыртпалығы, жұрттың қайғы-қасіреті, аяусыз айқас
сипаты мен оқ тиген арғымақты, жаралы батырдың қаңсырап, әлсіреуін
суреттеген жырлар айқас алаңында жүректі жарып шыққан дүниелер екені
анық.
Арғымаққа оқ тиді
Қыл майқанның түбінен,
Аймедетке оқ тиді,
Отыз екі омыртқаның буынынан,
Зырлап аққан қара қан
Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.
Сақ етер тиді саныма,
32
Сақсырым толды қаныма.
Жара бір қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты,
Жарақшылар жоқ па екен
Жармай білте саларға,
Жағдайсыз жаман қалып барамын
Жанымда бір туғанның жоғынан!.. –
деген жыр жолдарында еліне жан жүрегімен берілген батыр жырау
зерделенген. Осындай өз кезіндегі өмір шындығын шынайы толғау арқылы
«ерлік», «қаһармандық» қасиеттерді дәріптеп, жауға төтеп беретін беріктікті,
бірлікті, жұртқа пана болар ер-азаматтықты тілегенін аңғаруға болады.
Өмірде аз жасап, елінің ар-намысын қорғау үшін «шашақты найза қолға
алып, жарақты жауды жайратқан» Доспамбет жырау бір жеңіліске ұшырағанда,
өткен күндердегі шайқас елесін тебірене еске алып, әсіресе, қасиетті өзен Ақ
Жайықты, туған атамекенін қорғау үшін қайсарлықпен айқасқан сәттерін, сол
еліне құт, жеріне береке орнаған сәтті көрсем деген мұратын:
Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда,
Еңсісі биік боз орда
Еңеке кірер күн қайда,
Кет-Бұғадай билерден
Кеңес сұрар күн қайда,
...
Алты құлаш ақ найза
Ұсынып шанжар күн қайда –
деп толғаса,
Еділдің бойын ел жайлап,
Шалғынына бие біз байлап,
Орындықтай қара сабадан
Бозбаламен күліп, ойнап,
Қымыз ішер күн қайда –
деп еліне тыныштық өмір, бейбіт күнді тілейді.
Батыр жыраудың ерлікті дәріптеп, бейбіт өмірді армандаған қаһармандық
поэзиясы – ел азаматын тәрбиелеуде таптырмас қазына.
Ойлы жырау жорықта жүрген кезінде сүйікті перзенттерін, оларды туып,
тәрбиелеп өсірген инабатты, ақылды, көрікті жарын еске ала сипаттайды.
Алғаным Әли ағаның қызы еді,
Қас арудың өзі еді.
Маңдайы күнге тимеген,
Желге шашын үрмеген,
Серпіліп адам бетін көрмеген,
Қалай күн кешті екен
Қосақай, Қосай, ер Досайдың анасы... –
деп аяулы жарының, ұлдарының кім екенінен хабардар етеді.
33
Ел тағдырына қатысты қоғамдық-әлеуметтік жырларын халқына тарту
еткен Доспамбет жырау ауыр жараланған кезде өткендегі өмірін «халық қамы»,
«ел жайына» арнағанын, рулық-феодалдық қоғамның бүкіл «қызығы» мен
«жақсылығын» өз басынан өткергенін, өмірінің босқа өтпегенін, жауды
қашырған батыр, ел «ағасы – азамат» болғандығын:
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Тобыршығы биік жай салып
Дұспан аттым, өкінбен.
Тоғынды сарты нар жегіп
Көш түзедім, өкінбен.
Ту құйрығы бір тұтам
Тұлпар міндім, өкінбен,
Туған айдай нұрланып
Дулыға кидім, өкінбен,
Зерлі орындық үстінде,
Ал шымылдық ішінде
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен,
Бүгін, соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын, –
деп толғаған.
Бізге жеткен аз ғана – бар-жоғы 160 жолдың көлеміндегі мұрасының
тағылымдық мәні зор.
Небәрі 30-ға толар-толмас жасында үркіп, жабырқап, жасқанбай
батырлығына қаһармандық қимылы сай «ерлер» кейпі бар «жігерлі жырлар»
қалдырған, елінің ар-намысын қорғау жолында (1523) жанын пида еткен төкпе
шешен жырау:
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештім, өкінбен!.. –
деп жырлаған.
Жырау жырларында өзі есейіп ержеткен елін сырт жаудан қорғаудан артық
арман жоқ, «ел қорғар – ер» болудан артық бақыт жоқ деген идея бар.
Жалпы Доспамбет жырау жырларының игілікті әсері Бұқар жырау,
Ақтамберді жырау, өршіл рухты азамат Махамбет ақын мұраларынан айқын
аңғарылады. Доспамбет жырау мұраларындағы ғибратты тәлім-тәрбие – жас
ұрпақты тәрбиелер құрал.
Достарыңызбен бөлісу: |