Ұлы даланы мекендеп, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған 130-дан астам ұлт өкілдерінің Отаны – Қазақстан. Олардың ұлты басқа болғанымен, жүрегі бір, тілі басқа болғанымен
Ұлы даланы мекендеп, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған 130-дан астам ұлт өкілдерінің Отаны – Қазақстан. Олардың ұлты басқа болғанымен, жүрегі бір, тілі басқа болғанымен, тілегі бір. Өңірімізде де бұл бағыттағы ғибратты істерді көп кездестіруге болады. Біз мұны Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен «Достық» үйінде өткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форумына қатысқанымызда аңғардық. Қазақтың «Көңілашар» күйімен басталған форумда Елбасының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік тілге құрметтері туралы» бейнеролик көрсетілді. Форум жұмысы «Қазақ тілін қалай үйрендім?» тақырыбында өзге ұлт өкілдерінің төл тілдімізді қалай үйренгені туралы естеліктерімен жалғасты. Жуалы ауданы, «Мехрибан» әзербайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эсмира Мамедова, өзбек этномәдени бірлестігінің және Аналар кеңесінің мүшесі Лобара Гаюпова мемлекеттік тілді қалай үйренгенін, қазақ еліне деген құрметтерін әсерлі жеткізді. М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мұхаббат Тұрдиева Отанымыздың дамуы жолындағы талай маңызды сәттерге куә болғанын, республикалық талай форумдарда қазақ тілінде сөз сөйлеп, халықтар бірлігін ту еткенін сөз етті. «Ақ желкен» жастар лигасы және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері өзге ұлт өкілі жастар да мемлекетке деген құрметтерін білдіріп ағынан жарылды. Мәселен, ұйғыр қызы Ругайя Вердиева мектеп оқушысы кезінде бір мұғалімінің бір аптада қазақ тілін үйреніп алған орыс қызы туралы мысалынан соң, өзін қамшылап, мемлекеттік тілді үйренгенін атап өaтсе, әзербайжан өкілі Русалина Пряхина мен орыс ұлтының өкілі Артур Лигостаев, түрік ұлтының өкілі Фируза Ибрагимова қазақ тілін үйрететін курстарға жиі барғандарын әңгімелеп, елге үлгі боларлық сөз айтты. Ол Ассамблея хатшылығының жанындағы қазақтілді «Мәміле» клубының жетекшісі екен. Мұндайға қалай риза болмассың. Ал «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Д.Нұралиева Абайдың «Желсіз түнде жарық айды», түрік ұлтының өкілі Ф.Хусейноглы «Жетісуым – жерім» әнін шырқады. Осы іс-шараны орыс ұлтының өкілдері: облыстық «77» телеарнасының жүргізуші-редакторы Виктория Трегубова мен Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Евгений Кравчуктың қазақ тілінде еркін сөйлеп жүргізуі жиынның салмағын биіктете түсті. Тіпті Виктория алыс әрі қазақы аудан Мойынқұмда жүріп төл тілімізді үйреніп алғанын үлгі ретінде жеткізсе, Евгений: «Мен неге мемлекеттік тілді үйренбейін. Қазақ тілі қанымда бар. Өйткені нағашыларым – қазақ» деп ізет танытты. Жиын барысында «Барбанг» күрд этномәдени бірлестігінің мүшесі Сабри Асанов, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Сәмен Құлбарақ, ақын Үміт Битенова ұлттар татулығы, мемлекеттік тілдің құндылығы жайлы толғана сөз сөйледі. Әсіресе, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті Темірбай Мұқашев кеңестік кезеңде де қазақстандық бірнеше өзге ұлт өкілі жазушылар қазақ тілін жетік білгенін, сол тілде шығарма жазғанын тебірене айтып, «Менің ана тілімді үйренгендерің үшін сіздерге басымды иемін» деді толғанып. Былтырғы жылы өткен «Мың бала» жобасының жеңімпазы, өзбек ұлтының өкілі, Тараздағы №24 гимназия оқушысы Индира Тұрабекова және бірнеше өзге мектеп оқушылары Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқып, елдің ықыласына бөленді.