§ Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы
Ұлтымыздың дана перзенттерінің бірі – Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Осынау ағартушы, шежіреші, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, көрнекті ақын, ойшыл, рухани қайраткер Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының бітім-болмысы, шығармашылық мұрасы зерделеніп біткен жоқ. Халық оны көзі тірісінде-ақ «әулие» атауы – өз алдына бөлек зерттеуді талап ететін тақырып.
Ал енді балалықтың бау-бақшасынан даналықтың дариясы деңгейіне көтерілген Көпейдің Жүсібі 1858 жылы Семей облысы Баянауыл сыртқы округі аумағындағы Баянауыл мен Қызылтау тауларының арасында орналасқан Ашамай тасы деген жерде дүниеге келген. Ата-анасының азан шақырып қойған есімі – Адамжүсіп. Қаршадайынан (9 жас) қисса-дастандарды жатқа айтып, ел көзіне түскен баланы бірде аға сұлтан Мұса Шорманов шақырады. Алқалы жиында тарихтың тамырынан тартып, талай жыр-дастанды төгілте орындаған балаға риза болған ел ағасы: «Өз заманында халқына мәшһүр болатын бала екен», деп есіміне «Мәшһүр» атын қосыпты. Асылында, «мәшһүр» сөзі араб тілінде «танымал» дегенді білдіреді. Айтқанындай-ақ, жақын жұртынан төрткүл дүниеге дейін танылады.
1861 жылдың қысы қатты болыпты. Жұт жеті ағайынды демекші, аштық та бала Жүсіптің отбасын айналып өтпейді. Жертөледегі жемінен қорадағы малына дейін айырылады. Сонда жеткіншек Жүсіптің көреген әкесі: «Адамға мал жолдас болмас, ғылым жолдас» деген шешімге келіп, баласын оқытуға бел буады. Содан бес жылдай (1863-1868) Баянауыл медресесінде өңірге танымал Нәжімеддин (Қамаратдин) молдадан білім алады. Болашағынан зор үміт күттіретін бала өте ыждағаттылықпен оқып, көп ұзамай ерекше табиғи ақыл-ойының, табандылығының, тәртіптілігінің арқасында медреседегі барлық молданың назарын өзіне аударады. Зейіні мықты, зерек Жүсіп өзінен үлкен балаларды да басып озады.
Жылдар жылжып, бала Жүсіп дана Жүсіптің алғашқы баспалдағын аттайды. Мәшһүр-Жүсіп 1872–1874 жылдар аралығында Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқып, араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп шығады. Ол Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули және басқа да Шығыс әдебиеті өкілдерінің шығармаларын түпнұсқадан еркін оқи алатын деңгейге көтеріледі.
М әшһүр-Жүсіп жас кезінен-ақ халық ағарту ісі мен ғылым саласына ден қоя бастайды. Туған жері Қызылтауда жерлестерінің балаларына арабша тіл сындыртып, дәріс беріп, олардың білім мен ғылымға деген құштарлығын арттырып, қолөнер, егіншілік, сауда, мал шаруашылығымен білек түре шұғылдануға шақырды. Заманының заңғары Мәшһүр-Жүсіп «Білім алып, өмірлік қажетті іскерлік пен дағдыларды меңгеру – ұлттық ояну мен өркендеудің бірден-бір жолы» деп білді.
Рухани қайраткер Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы Алаштың озық ойлы зиялыларымен тығыз байланыста болды. Қазақтың қара нары, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлымен де дәм-тұздас болған.
Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының басым көпшілігі адалдық пен адамдық туралы толғамды ойға толы. Жазбалары жақсылықтың жаршысындай еді. Жастарды білімді әрі саусағынан бал тамған өнерпаз болуға да үндеді. Оның мысалдары мен өлеңдерінде халқына деген терең сүйіспеншілігі, оқу-ағарту ісін дамытып, әлеуметтік әл-ауқатқа жетуге деген уайымы аңғарылады. Мәшһүр-Жүсіп философия, медицина, астрономия, геология, география, этнография, фольклор, тіл білімі, педагогика, дінтану саласында зерттеулер жүргізіп, дала мәдениеті туралы терең дәлелді пікірлерін ұрпағына мұра етіп қалдырды.
Ғалым әрі ақын туған елінің тарихы мен мәдени мұрасын түгендеуді өзінің өмірлік мұраты деп білді. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтауды жастайынан бастады. 1865 жылы «Ер Олжабай батыр» дастанын жазып алды, бұған ұстазы Қамар хазіреттің ықпалы мен көмегі зор еді. Ол жасөспірім кезінен Абылай хан, Қазыбек би, Бөгенбай батыр және басқа да көптеген атақты тарихи тұлға туралы деректерді қағазға түсірген.
Бүгінгі таңда ұлы ойшыл, әулие атанған Мәшһүр-Жүсіптің мұрасы 20 том болып жарық көрді. Олар Қазақстан Республикасының Ғылым академиясында, Алматы қаласының Орталық кітапханасында, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында және ұрпақтарының қолында сақтаулы. Қолжазбалардың бір бөлігі Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы атындағы мұражайда тұр. Оның қолжазбаларының көбі күшәла қосылған сиямен жазылғандықтан, жақсы сақталған.
Қазақтың ойшылы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мол мұрасы – нағыз парасаттылықтың, инабаттылықтың, киеліліктің, ар-намыс пен тектіліктің жарқын үлгісі. Бұл мұра – қазақтың тарихын түгендеуде, әдебиетін жүйелеуде таптырмас алтын қазына. Сол қазынаны ұлтымызға және әлемге жеткізу – бүгінгі ғалымдардың, аудармашылардың абыройлы міндеті.
Достарыңызбен бөлісу: |