Ұлттық болмысымыздың негізі –қастерлі тіліміз Тарих беттеріне көз жүгіртсек халқымыз осы кезге қол жеткізу жолында сан қилы оқиғаларды басынан кешті. Ұлы тұлғалардың есіміне байланысты қаншама ұлы істер жүзеге асты . Ең алдымен Тәуелсіздіктің өзі қалай келді? Өсіп келе жатқан жас ұрпақ , болашақ елдің жастары біле ме ? Міне ең өзекті сұрақ осы болмақ. Ата –бабамыз ешқашан өз тарихын ұмытқан емес. Ұлтарақтай жер үшін қасық қаны қалғанша күресе білген жауынгер халық. Бүгінгі бейбіт өмір бізге оңай келген жоқ . Біз тарихты ешқашан ұмытпай, жастардың санасына сіңіре білуіміз керек. Туған жерін, атмекенін құрметтеп сүйетін, отансүйгіш азаматтарды тәрбиелесек , еліміздің болашағы жарқын болары анық.
Бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды , Алқакөл сұламаны », ашаршылық пен қуғын –сүргінді , дүниежүзілік соғысты басынан кешірді. Сонда да өз Отанын қорғап қала білген. Дәл осы Тәуелсіздіктің таңы атуына себепші болған Желтоқсан құрбандары емес пе? Иә , Желтоқсан оқиғасына биыл 35 жыл толады. Ұлтымыз үшін өрімдей жастар алаңға шығып , ешнәрседен қаймықпай қарсыласа білген. Қайрат , Лаззат , Сабира сынды отансүйгіш тұлғалардың ерлігін болашақ ұрпаққа үнемі айтып отыру керек. Қазііргі таңда Желтоқсан қаһармандарына құрмет көрсетіліп отыр .Тарихты ешқашан ұмытпауымыз крек.
Осындай сан қилы тарихты басынан өткізген халқымыз бостандыққа қол жеткізді. Тәуелсіз ел болды.Дәл қазіргі Қазақстан көркейіп , дамып отырған мемлекет.
Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Осы кезеңдерде неге қол жеткіздік ? Болашақ ұрпаққа нені аманат етіп қалдырамыз? Еліміздің жарқын өмір сүруі үшін тағы не істей аламыз? Міне осындай өзекті сұрақтар бізді толғандырары анық. Осы кезге дейін Елбасының басшылығымен мемлекеттік нышандарымыз белгіленді, еліміздің ұлттық валютасы –теңгеміз айналымға енді. Ата Заңымыз қабылданып, елдегі барша халық сол заңды қолдайды. Еліміздің тыныштығын қорғайтын батыр да батыл сарбаздарымыздан Қарулы Күштер құрылды. Өз еліміздің шекарасын белгілеп алдық. Ел экономикасын да дамытуда. Жастарымыз әлемнің жоғары оқу орындарына барып білім алуда. Ел болашағы білімді жастардың еншісінде екенін дәлелдеп , жастарды озық біліммен қаруландыруда. Сонымен қатар Елорданы Астана қаласына көшіріп , қазіргі таңда Нұр –Сұлтан қаласы деп атап отырмыз. Еліміз қарыштап дамып келеді. Ата –бабамыздан бізге мұра болып қалған ең асыл байлығымыз - қасиетті жеріміз екені даусыз. Осы кең байтақ жерді көзіміздің қарасындай қорғап, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру керекпіз. Жастарға Қазақстанның әсем табиғатын жан –жақты танытып , оны қорғауға тәрбиелеуіміз қажет. Бұл тәрбиеден басталады. Отбасында баланы бауырмалдыққа , адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеп , ана тілін құрметтеуге баулысақ , нұр үстіне нұр болады.
Біздің баға жетпес құндылықтарымыздың бірі – ана тіліміз . Қазақ тілі қазақ ұлтының ана тілі , еліміздің мемлекеттік тілі . Ең алдымен тарихты оқып білуіміз керек дейміз. Оқу үшін ана тілімізді дұрыс меңгеруіміз тиіс. Өсіп келе жатқан ұрпақ үшін балалар әдебиетінің орны ерекше . Сол әдебиетті ана тілінде оқып, ана тіліндегі ертегіні естіп өскен ұрпақ келешекте ұлтжанды , отансүйгіш азамат болып қалыптасады. Ана тілін қастерлеп , оның дамуына өз үлесін қосу –үлкен парасаттылық.Ана тілі ананың әлдиімен құлаққа сіңіп, атаның қанымен бойымызға дарыған. Міне сол үшін де өз тілімізді ұмытпай , бөтен тілмен шұбарламай таза сақтайық. «Жеті жұрттың тілін біл -,» деген дана халқымыз. Өзге тілді меңгере беру керек, алайда өз ана тілімізді бірінші орынға қою қажет. Өз тілін білмеген , өз ана тілін меңгермеген адам ұлтының тарихын қалай оқиды? Ұлтының тағдырын қалай түсінеді? Нағыз ұлтжанды азамат тәрбиелеу үшін ең алдымен туған тілімізді терең меңгертіп, бойына сіңірейік.
Халықтың тарихын , салт-дәстүрін сөз еткен талай көркем шығармалар бар. Сол шығармаларды жас ұрпақ оқып, үнемі жадында ұстайтындай дәрежеге жеткізсек , игі іс болғаны. Тілі енді шығып кле жатқан бүлдіршіндерге балабақшада өз халқының батырлары туралы ертегі айтып өсірейік. Міне сонда біздің ана тіліміз, қазақ тіліміз ұрпақ бойына тәрбиемен бірге сіңеді.
Қарлығаштың қанатымен су сепкені секілді халық болып, ел болып осы тіл мәселесін қолға алайық. «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де , болашағынан да қол үзеді ,-» деп Ғабит Мүсірепов өте керемет айтқан. Қазақ халқының ана тілі , мемлекеттік тіліміз –қазақ тілі мәңгі жасасын. Тілімізбен тәуелсіз елдің ғажайыптарын әлемге паш етейік.Ұстаздар қауымы , тәрбиелеп отырған шәкірт санасына өз ана тілінің құдіреттілігін түсіндіріп, қасиеттілігін ұғындырайық.
Тәуелсіз еліміздің көркейіп дамуына , құлпырып гүлденуіне өз үлесімізді қосайық . Бұл әр қазақтың азаматтық борышы деп білемін. Көк туымыз көгімізде желбіреп , бейбіт өмір сүрейік. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!