«Ұлттық тәрбие-халық даналығында» Жұмагалиева Назгуль Кушкинбаевна, Ақтау қаласындағы «М.Тынышбаев атындағы ҚазККА Ақтау көлік колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
Біз қайда барсақ та кім екендігімізді, түп-тамырымыздың қайдан шыққанын, ата-бабамыздың қандай салт-дүстүрді ұстанғандығын ұлттық құндылықтарымыз арқылы таныта аламыз.
Ол үшін шырылдап дүниеге келгеннен бастап, халық ауыз әдебиетін бойына сіңіріп, құлағына құйып өскен саналы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Біздің осы ұлттық құндылығымыздың қаймағы да халық ауыз әдебиетінен бастау алады. Бұл-ең бірінші ананың әлдиінен басталып, балабақша мектеп тәрбиесімен ұласады.
Яғни, біздің жастарымыздың ұлттық құндылығымызды дәріптеп, ауадай қажет етіп өсуі ұстздарымызға да тікелей байланысты.
Халқымыз ұзақ жылдар бойы бар асылынан айырылып қала жаздап барып, болашаққа деген көш бетін түзу жолға салды. Ер баланың саналы, мінезді, намысты болуы, қыз балдарымыздың ибалы, инабатты, аналарымыздың мейірімді, әкелеріміздің парасатты болуы да осы ұлттық тәрбиеден бастау алады.
Халық ауыз әдебиеті – халқымыздың сан ғасырлар бойы құндылығын, асылдығын жоймай, бүгінгі бізге жеткізіп отырған асыл қазынасы. Осы қазынаның бар асылын бүгінгі ұрпақ бойына дарыта білсек, онда білім де, тәрбие де өз нәтижесін береді. Ол үшін ұстаздарымыз сабақ барысында от ауызды, орақ тілді шешендерімізді, дуалы ауыз қара қылды қақ жарған билерді, терме, айтыс өнерлері, мақал-мәтелдерді, ертігілерді, аңыз-әңгімелерді, т.б. құндылықтарымызды халқымыздың асыл қазынасы екенін танытып, жастардың санасына жеткізуіміз керек.
Халық ауыз әдебиетіндегі Қыз Жібек, Баян Сұлу, Айман-Шолпан, Құртқа, Гүлбаршын, Кенжекей, Қарашаш секілді сұлулық пен әдеміліктің ғана биік шыңы емес, қазақ отбасындағы бүгінгі қыздарымыз бен жас аналарға үлгі болар алып аруларымызды жиі айтып отыруымыз керек. Халықтық тәрбиеде біздің үлгі тұтар асылымыз осы аналар болмақ. Соңғы кезде қазақ халқының табиғатына тән ана сүтімен сүйекке сіңген әдеп-ғұрыптардан қалып бара жатқандаймыз. Кейбір жастарымыздың қылықтары көзге оғаш көрініп, сөздері құлаққа түрпідей тиіп тұрады. Осы жастарға ата-ананы сыйлау, үлкенге қызмет көрсету, кішіге ізет білдіру, әдеп сақтау керек екендігін өз ұлтының құндылықтарын, ата-салтын бойына сіңіріп, көріп өскен үлкендеріміз жиі айтып отыруы керек. Ал ертегілерді алатын болсақ-әке мен бала үшін асыл қазына баға жетпес байлық. Ата-анасының қойнында жатып, ертегілерді тыңдап өскен бала мейірімді, көпшіл болатыны сөзсіз. Ұлттық тәрбие осылайша отбасынан басталып, мектеп табалдырығынан жалғасын тауып, есіп тұрар болса, жәудіреген қарттар мен қатыгез аналар саны азаяр еді.
Қазақ халқында «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар.
Ұлттық ойындарға да құрметпен қараған жөн. Ол халқымыздың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы. Ұлттың, ұрпақ қамын ойлаған, бір жүйеге келтіріліп өрнектеген ой мен әрекеттің, құпия философияны түсінуге жетелейтін, адамгершілік үлгі өнегенің жемісі бар. Халқымыздың ежелден келе жатқан жұмбақ, жаңылтпаш сияқты ойындары да тәрбиенің нағыз құралы. Ұлттық ойындар ақыл-ойдың дамуына, өнер жарыстыруға, білгенін ортаға салу секілді ізгі мақсаттарға жол ашады.
Ұлттық құндылығымызды жиі дәріптеп, жастайынан балалардың санасына құйып, көрсетіп, үйретіп, жан-жақты тәрбие бере алсақ, болашағымыз жарқын болатындығына сенімді көзбен қарар едік. Сонымен қатар халық ауыз әдебиетіне жіті үңіліп, ерекше мән беріп оқытсақ, әсемдік пен әдептілік үйлесімдерін табары сөзсіз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні-біз ұлттық құндылықтардан нәр алып, даналар сөзін жаттап, ұлылар тәрбиесіне тағзым етіп өсетін болсақ, дана халықтың ұрпағы екенімізді кім-кімге де ұмыттырмаған болар едік-ау, шіркін!