31.Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы ақын жеткізген Ескендірдің әлсіздігін талдап жазыңыз.
Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы Ескендір қандай адам? Ақылдылығымен, айласымен, көрегендігімен, талапшылдығымен, мақсат қойғыштығымен атағы жер жарған, ешікімді өзіне бағындырмай қоймаған даңқты тұлға. Керемет! Осыншама ұлы қасиеттерге ие атақты патшаның бойында міні бар ма, әлсіздігі бар ма?!
Иә, бар! Және ол әлсіздіктері аз да емес! Ғұлама Абай оның жауабын поэманың өзінде бізге ұғындырып та берді. Ақын патша ұлылығын көрсете отырып, сол «ұлылықтың» астарында әлсіздіктің жасырынып жатқандығын дәлелдей жазады. Македониядағы бала күнінен «ер көңілді, Мақтан сүйгіш, қызғаншақ» бала. Әкесі өмірден кеткен соң жиырма жасқа әлі толмаған жігіт билеуші болды. Өзін алып билеуші санаған Ескендірге оның мемлекеті өте кішкентай болып көрінді: «өз жұрты аз көрініп, көршілерге көз алатып қарады оңды-солды». Осылайша, дайын билікке оп-оңай қол жеткізген Ескендірдің бойындағы көрсеқызарлық оты тұтанды.
Ескендір неғұрлым көп жерді жаулап алған сайын оның ашкөздігі мен қатыгездігі өрши түсті. Бұл-заңды құбылыс. «Алтын көрсе, періште жолдан таяр»,- деп халық та айтқан емес пе?! Ешқашан қылышы майырылмаған Ескендір енді үсті-үстіне масаттана береді. Жолында не кезіксе, соның барлығы ұлы жеңімпаз Ескендірге тиесілі болуы тиіс! Тіпті, кішкентай бұлақ та оның ашкөздігін тоқтатпады:
Тойымсыздық, ашкөздік, қанағатсыздық, қатыгездік, өзінен басқаны көрмеу, өзгені мойындамау, қырып-жою ұлылық па? Жоқ, бұл барып тұрған қасиетсіздік, осалдық, патшаның өзі байқамаған сорақы әлсіздігі! Поэманың ақырына қарай:
«...Тоя ма адам көзі мың-мың санға...
...Қанша тірі жүрсе де өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен...» деген жолдарда Ескендірге ақылшысының сынай айтқаны патшаға терең ой салады. Ешкімге құлақ аспаған даңқты билеуші дана Аристотельдің әрекеті мен ақыл сөзінің алдында осылайша алғаш рет мойұнсынды.
Қорыта келе, Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасында ақын зұлымдық пен мейірімсіздікті ақылға жеңдіреді. Поэмадан ұлылық пен даңқ иесі болу-ашкөздік, қанағатсыздық, жауыздық, менмендіктен жасалмайтындығы жайлы дана ой түюге болады.