Маған ұнаған ата-аналар жиналысы
Осыдан бір жарым жылдай бұрын қараша айында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шолаққарғалы негізгі орта мектепте (ол кезде директоры Айткүл М. болатын), ұмытпасам, 4-сыныпта өткізген ата-аналар жиналысына қатысып едім. Жиналысты сынып жетекшісі мектеп психологымен бірігіп өткізді.
Сол жиналыс туралы айтып берейін. Әрине, мұнда мен өзімнің де ойларым мен ұсыныстарымды қосып отырғанымды айта кетейін...
Ауыл да, мектеп те шағын болғандықтан, сыныптардағы балалар саны да көп емес. Жиналысқа оқушылардың 12 анасы мен бір әкесі қатысты, бұл сыныптағы балалардың 100% екен (сыныпта 7 ұл, 6 қыз бар). Шағын ауылда тұрақты жұмыстың жоқтығы болар: олардың барлығы дерлік үй шаруасында екен, ал ер адам құрылысшы екендігін айтты («Құрылыс болғанда, жұмысқа шығамын, бірақ қазір қолым бос»).
Шараның басында мұғалімдер қазір жақсы әдетке арналған топқа бөлу мен жағымды психологиялық ахуал орнатуды өткізді. Осыдан соң сөзді сынып жетекшісі алып, былай деді:
- Құрметті ата-аналар, сынып ата-аналарының жиналысына келгендеріңізге көп рахмет! Мен сіздердің өзіңіздің балаңызды менен мың есе жақсы білетіндіктеріңізді мойындаймын. Сондықтан да мен бүгін сіздерді ақылдасу үшін шақырдым... Бүгін біз мына мәселе бойынша әңгімелесеміз. Баланың аты – бала. Бала, үйде болсын, мектепте болсын, балалығын жасайды, тентектік жасайды, қалыптасқан ережелерді бұзады, өйткені онда асқан энергетика бар. Сондықтан да бала көп жағдайда тыныш тұра алмай, әрекетке бой алдырады. Алайда кей жағдайда оның әрекеттері минус белгімен болып жатады. Солай емес пе?
Ата-аналар қозғалыңқырап, «Әрине, әрине! Бала болған соң ондайы болады ғой!» деп мұғалімнің сөздерін құптап жатты... Сынып жетекшісі оларға рахметін айтып, сөзін әрі қарай жалғастырды.
- Балалар тәртіп бұзғанда мен, сынып жетекшісі ретінде, қандай шаралар қолдануым керек? Балалардың құқығын бұзбай, олардың нәзік ішкі жан дүниесіне ешбір дақ түсірместей, бұған қоса олардың жасағанын енді қайтадан болдырмау үшін мен не істеуім керек? Оны мына сіздер біледі деп ойлаймын, сол себепті де мен сіздерден бүгін ақыл сұрауды ұйғардым...
Осылайша мұғалім жиналғандарды мақтап, олардың мол тәжірибесі мен бала тәрбиесіндегі білігін жоғары бағалап жатты. Байқаймын, ата-аналарға педагогтың бұл сөзі ұнаған секілді, олар көтеріліп қалғандай иықтарын қомдап, разы болғандай бастарын изеп жатты.
- Тақтаға мен балалардың жасауы мүмкін тәртіп бұзушылықтарын жазып қойдым. Олардың кейбіреулері бірінші тоқсанда тіпті орын алған да болатын. Олар мүмкін бүгін болмашы болып көрінсе де, ертеңгі күні бұдан да өрескел қылықтарға айналмас үшін сіздер де, біздер де іс-шара қолдануымыз керек. Мен сіздерден балаларыңыз осы секілді қылық жасағанда не істейтіндіктеріңізді, қандай шара қолданатындықтарыңызды білгім келеді. Ертеңгі күні мен де балалармен сіздер айтқандай жұмыс жасаймын деп сендіремін сіздерді...
Тақтада мынандай сөздер жазылған бағанадан бері көлегейленіп тұрған тізім ашылды:
- Сабаққа кешікті.
- «Екілік» алды.
- Мұғалімге сөз қайтарды.
- Терезе сындырды.
- Дүкенге жұмсағанда, берген ақшаны ұстап қойды.
- Сабақтан қашты.
- Ұсақ ұрлық жасады.
- Төбелесті.
- Оқу үлгерімі төмендеп кетті.
Ұстаз өз сөзін әрі қарай жалғастырды.
- Мына тізімді қарап алыңыздар. Мен қазір сіздерден егерде балаңыз осы тәртіп бұзушылықтардың біреуін жасайтын болса, қандай шара қолданатындығыңыз туралы сұраймын. Сіздер өздеріңіздің бай тәжірибелеріңізбен бөліссеңіздер екен!.. Мысалы, Дәуреннің әкесі, сіз егерде Дәурен мектепте төбелесіп қалса, не жасар едіңіз?.. Айгерімнің анасы, ал сіз қызыңыз «екілік» алса, қандай шара қолданам деп айтасыз?.. Серіктің анасы, ұлыңыз сабақтан қашып кетті деп есптеңіз, ондайда сіздің реакцияңыз қандай болады, сіз не істейсіз? Қандай жаза қолданасыз?..
Мұғалім барлық ата-анаға сұрақ қойып, олардың пікірін біліп жатты. Ата-аналар өздерінен ақыл сұрағаннан соң жоғары жауапкершілікті сезінгендей жауап беріп жатты. Кейбіреулері сынып жетекшісіне баланы қалай бағып, тәрбиелеуді тіпті маңғазданып айтты.
Бірақ барлығының жауабы идеалды ата-ана тұрғысынан болды. Олар негізінен баласы тәртіп бұзса не өрескел қылық жасайтын болса, алдымен оның себебін біліп алатындығын айтып жатты. Содан кейін баласымен сөйлесіп, олай жасауға болмайтыны туралы ақыл айтатындығына тоқталды. Кейбіреулері баласымен тәрбие тақырыбында әңгімелескенде өзінің бала кезінде ешқашан да бұлай жасамайтындығын мысал ретінде келтіретінін айтты. Ата-ананың барлығы да келісіп алғандай баласына ешқандай жаза қолданбайтын болып шықты: «Мен бұл үшін баламды ұрыспаймын. Қолымды да көтермеймін! Баланы ұру деген менде атымен жоқ қой!». Жаза қолданса да тек шектеу секілді жұмсақ жаза қолданатындықтарын білдік: «Егер балам сабақтан қашса, онда мен оны бір күн далаға шығармаймын!», «Төбелескен болса, мен балама ұсақ ақша беруді бір аптаға доғарамын!».
Ата-аналардың жауаптары гуманист педагогтар Ы.Алтынсарин, В.Сухомлинский, Ш.Амонашвилидің аузынан түскендей. Өздері де айтқан ақылдарының сапасы жоғары екендігін сезіп, екілене сөйлеп жатыр. Сынып жетекшісі олардың айтқанын бас шұлғи қабылдап, «Дұрыс! Тамаша ұсыныс! Керемет пікір! Не деген терең ой!» деп қуаттап жатты..
Барлық ата-ана сөйлеп болған соң, сынып жетекшісі сөз алып былай деді:
- Баршаңызға да рахмет! Өте құнды ұсыныстар келтірдіңіздер! Мен енді оларды жүйелейін де, тақтаға жазайын. Бала тәртіп бұзса немесе өрескел қылық жасаса, сіздердің қолданатын іс-шараларыңыз мынандай болды: 1) алдымен баламен сөйлесіп, оның жасаған әрекетінің себебін анықтау қажет; 2) баламен әңгімелесіп, бұлай жасауға болмайтыны туралы ақыл айту керек; 3) қатаң жазаны (ұрсу, жеку, қол жұмсау) қолданбау керек; 4) жұмсақ жаза (шектеу, марапаттамау, т.б.); 5) баланың өзінен өз әрекетіне баға беруді сұрау; 6) баланың тәртібін қадағалауды күшейту. Мен енді өз жұмысымда сіздердің ұсыныстарыңызды міндетті түрде қолданамын! Рахмет сіздерге!
Ата-аналар өздеріне-өзі риза болып отырғаны байқалады. Олар сынып жетекшісіне бала тәрбиесі тақырыбында жақсы сабақ бергендеріне мәз екендігін жасыра алмай отыр. «Біз қандаймыз!» дегендей бір-біріне қарасып жатыр.
Сынып жетекшісі болса сөзін әрі қарай былай жалғастырды:
- Мен бүгін түске дейін біздің сыныптың оқушыларына «Сіздер осы секілді тәртіп бұзсаңыздар, ата-аналарыңыз не жасап, қандай шара қолданады?» деген сұрақ қойып едім. Балалардың жауаптарын мен диктофонға жазып алғам. Енді соларды тыңдауға сіздерді шақырамын.
Ноутбук іске қосылып, динамиктермен күшейтілген оқушылардың жауаптары анық естіліп жатты. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» дегендей, балалар ата-аналарын жақсы тұрғыдан көрсетейін деп тұрған жоқ: бар шындықты айтып жатыр. Олардың жауаптарынан қатысушылардың барлығы да ата-аналары балалары тәртіп бұзса оларды оңдырмайтындығын білді. Оқушылардың жауаптары мынандай ыңғайда болды: «Мен «екілік» алсам, анам мені қатты ұрсады, кейде тіпті шапалақтайды да», «Мен абайсыз терезе сындырып едім, әкем мені белдікпен ұрды. «Енді жасайсың ба?!» деп айқайлады», «Бір партада отырған Сәлиманың қаламын ұрлап алдым. Анам оны біліп қойды да мені қараңғы бөлмеге қамап тастады. Мен қатты қорықтым, көп жыладым», «Айдос екеуміз төбелесіп қалдық. Оны естіген әкем мені тоқпақтап, суық қораға қамап тастады»...
Таспадан кімнің баласы жауап беріп жатқанын білу мүмкін емес, тек өзінің ата-анасы ғана баласының даусын танитындығы анық. Бақылап тұрмын: балаларынан мұндай әшкереленуді күтпеген ата-аналардың жүзінен әбіржу байқалады, бағанағы көтеріңкі көңілдері де су сепкендей басылған.
Осыдан кейін сынып жетекшісі «Балалардың айтқанына сену керек пе, әлде сіздердің айтқандарыңызға сену керек пе?» деп төтесінен сұрады. Шындықты балаларынан естіп, ұялып қалған біраз ата-ана бұғып қалды. Тек екі-үшеуі ғана баларының жауаптарын жуып-шайғысы келгісі келіп, ақтала бастады: «Бала ғой! Бала аузына келгенін айта салады емес пе?!», «Иә, кейде ұрсып та, құйрықтан салып та жіберетініміз болады. Бірақ олай жасасақ та, бізде зіл жоқ қой! Баламызға тілейтініміз де тек жақсылық емес пе?!», «Баланың айтқанына сенудің қажеті жоқ шығар. Бала ойлап айтпайды, ойнап айтады емес пе? Олардың айтқанының барлығы да шындық емес! Сұрағаннан кейін айта салған ғой!».
Осыдан бес минут бұрын өздерін Ыбырай Алтынсариннен кем педагог ретінде сезініп отырған ата-ананың жігері құм болғандай. Олардың жүзінен аралас сезімдерді көруге болады: өздерінің бағана айтқан өтірік жауаптарына, елдің алдында әшкере бола жаздағанына бір жағынан ыңғайсызданып отырған сияқты, ал екінші жағынан шындықты сыртқа шығарған балаларына деген реніштерін де көруге болады.
Тіпті ата-ананың кейбіреуі (оның ішінде Дәуреннің әкесі де бар) балаларына іштен кіжініп отырған секілді, олар маған былай ойлап отырған болып көрінді: «Мына баланың қорлығын-ай! Елдің алдында масқара жасай жаздады ғой!.. Ей, егер мен сені жазаласам, жаман болсын деп жазаламаймын ғой! Жақсы болсын, ендігәрі мұндай тентектік жасамасын деген ниетте болдым ғой!.. Басқалардың мұның дауысын танымайтындығы қандай жақсы болды! Өйтпегенде абыройым айрандай төгілер еді!.. Қой, бұны үйге барғаннан кейін тағы да бір ұшықтайын: не өнер бұл – әке-шешесінің айтқаны мен жасағанын елге жайып жіберу деген! Жақсы сабақ болсын оған!»...
Осы кезде сынып жетекшісі «Дұрыс айтасыздар! Бала кейде әке-шешесінің ниетін дұрыс түсінбей, оларға деген өкпе-наздарын білдіріп жатады. Ал ата-ана баласының не ойлайтынын біле ме екен? Осы мәселе туралы мен сіздерге «Теледидар» («Телевизор») атты шағын видеослайд көрсетуімізге рұқсат етіңіздер!» деп проекторды қосты. Ұялып та, ашуланып та отырған ата-аналар әңгіме желісін өздеріне ыңғайсыз тақырыптан басқа жаққа бұрып жіберуді құп көргендей, назарларын экранға тікті.
Видеослайд мазмұны мынандай (оны жақсы білетін шығарсыздар, сонда да оның сюжетін осында қайталап кетейін): «Бастауыш сынып мұғалімі оқушыларға Аллаһтан не тілейтіні туралы жазу тапсырмасын ұсынған. Кешке үйінде мұғалима оқушылардың жұмыстарын тексеріп отырғанда, ол бір шығарманы оқып, көңілі бұзылып, көзіне жас алады. Осы кезде бөлмеге күйеуі кіріп келіп, неге жылап отырғанын сұрайды. Мұғалима күйеуіне әлгі шығарманы ұсынып, оның оқуын сұрайды. Бала шығармада былай жазыпты (Е.Дүйсенбаевтың аудармасы): «О, Аллаһ, мен Сенен ерекше бір нәрсе сұраймын: мені теледидарға айналдыршы! Мен соның орнында болғым келеді. Мен біздің үйдегі теледидар секілді өмір сүргім келеді. Мен үйде ерекше орын алып, айналама ол сияқты барлығын да жинағым келеді. Мен сөйлегенде үй ішіндегілердің менің сөздерімді бөлмей, маған сұрақ қоймай тыңдағанын қалаймын. Мен барлығының назарында болғым келеді. Теледидар істемей қалған кездегідей, үй ішіндегілердің маған да қатты алаңдағанын қалаймын. Мен тіпті үйге қатты шаршап келсе де теледидар қарайтындай әкемнің қасында болғым келеді. Анашым да мені елеусіз қалдырмай, жалғыз қалып мұңайған кездерінде менің қасымда болса екен. Кейде ата-анам бар жұмысын тастап, теледидар қарағандай шамалы уақыт менің қасымда болғанын қалаймын. О, Аллаһ, мен Сенен көп сұрап тұрғаным жоқ! Менің бар болғаны қарапайым теледидар секілді өмір сүргім келеді!». Мұны оқыған күйеуі: «Мынау масқара ғой! Байғұс бала! Бұлар өзі неткен ата-ана еді?!» деп әрі таңдана, әрі ашулана сұрайды. Бұған көзі жасқа толған күйінде әйелі «Бұл біздің баламыздың шығармасы!» деп жауап береді».
Көрнекі фотолардан тұратын, жағымды баяу әуенмен көмкерілген бұл видеослайдтың көрермендерге ерекше ықпал жасайтыны анық. Аналардың барлығының көздерінде жас тұрды. Кейбіреулері домаланған тамшыларын сүртіп те жатты. Оларлың қатты әскрленгенін байқадым. Менің ойымша, ата-аналар бұл жерде балаларынан гөрі телевизорға көп көңіл мен уақыт бөлетінін іштей мойындағандай және де бұның жақсы еместігін сезінгендей. Шындығында да, екі адам кездесіп кешегі сериалдың кезекті сериясы туралы әңгімелесіп, оқиға желісі мен кейіпкерлердің іс-әрекеттерін талқылауды еш әбес көрмейді. Алайда ел арасында балаларының мұң-мұқтаждары, табыстары мен проблемаларын талқылау жақсы этикет болып саналмайды емес пе?
Ата-аналар дәп осы жерде өз баласына теледидардан да аз уақыт бөлетінін мойындап, соған қынжылып, іштей құса болып жатқандай болып көрінді маған. Жаңа ғана балаларына ашуланып, қатқыл тәрбие шараларын жүзеге асыру үшін үйлеріне асыққан ата-аналар әп сәтте жібіп, өздерінің кінәларын демде мойындап, енді елден ұялып емес, өздерінің осыған дейінгі балаларын қалай тәрбиелегеніне ұялып жатқан секілді. Олардың жанарында әлі де жас қалған, алайда жүздерінде нұрдың табын байқауға болады: ата-аналар бір сәтте көп нәрсені түсінгендей, ақиқаттың бір шетін ашқан сыңайда.
Сынып жетекшісі осы жерде ата-аналарға ақыл айтып немесе оларды ұялтып жатпады («Міне, көрдіңіздер ме, балаға деген біздің ықыласымыздың қандай екендігін? Бұлай жасауға болмайтыны түсінген шығарсыздар?»). Ол ата-аналарға бағана тақтада жазылған тәрбиенің алты шаралары туралы не ойлайтындарын сұрады. Енді ата-аналар өздері келтірген жауаптарға басқаша қарағандай: олар бұл шараларды міндетті түрде бала тәрбиесінде қолданатындығын айтып жатты. Тоқетерін Самалдың анасы былай жеткізді: «Бағана біз бұл ұсыныстарды «Мені көрдің бе?!» деген мағынада мақтанып келтіріп едік. Алайда оларды өзіміздің ұстанбағанымыз анық еді. Ал енді біз олардың бала тәрбиесінде міндетті түрде қолдану керектігін тереңінен түсіндік. Егер, апай, менен «Осы ұсыныстарды қолданасыз ба?» деп сұрайтын болсаңыз, мен ағымнан жарылып былай жауап берер едім: «Мүмкіндігінше қолдануға тырысамын!».
Жиналыс соңында ата-аналар өздері ұсынған іс-шараларды бала тәрбиесінде қолдану керектігін мойындап, араға бір апта салып, тағы да кездесіп, олардың жүзеге қалай асырылғанын талқылау қажеттілігін айтты. Мен олардың енді мектепке шақырмай-ақ келетінін түсіндім...
Менің мектепке барғаныма 50 жылдан асыпты. Сол кездерде ата-аналар жиналысының ең басты талқыланатын екі мәселесі бар еді: 1. Оқушылардың үлгерімі мен тәртібі. 2. Кезекті шараға (мерекеге) ақша жинау. 50 жыл өтсе де осы екі сұрақ әлі де күн тәртібінен түспеген тәрізді болып көрінетін маған («Елу жылда ел жаңа» дегені қайда?» деп ойлайтынмын).
Алайда мына жиналыс мені қатты қуантты! Ата-ананы балаларының тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарату үшін тамаша жиналыс ұйымдастырылғанына риза болдым! Рахмет, әріптестер! Мен енді сіздердің игі тәжірибелеріңізді педагогикалық жұртшылыққа уағыздаушы боламын деп уәде беремін сіздерге!..
Достарыңызбен бөлісу: |