Мағжан Жұмабаев
Кіріспе
Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы Жұмабай (25 маусым 1893, Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасы – 19 наурыз 1938, Алматы) — алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы.
Өмірбаяны
Арғын тайпасының Атығай руының Құдайберді тармағынан шыққан.
Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі – Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905 – 1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.
Еңбек жолы
Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. Садақ журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913 – 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды.
Бірлік ұйымы жұмысына белсене араласып, Балапан қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, Қазақ газетіне өз өлеңдерін жариялайды.
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.
Алаш партиясында
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! – деп халқына деген шексіз махаббатын жырлаған Мағжан алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, “Қазақ” газетіне өлеңдерін жариялап тұрған. Ол Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» өлеңінің рухында «Жатыр» деп аталатын жырын жазады. Мағжан 1923-1927 жылдары Мәскеуде оқыған кезде батыс Еуропа әдебиетімен, орыстың жазушы-ақындарымен етене жақын таныс болған.
Алаш партиясының Ақмола облысының комитетінің мүшесі болды. Үш Жүз партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті.
Омбыда оқуы
Мағжан өлеңдерінің тұңғыш рет Қазанда Кәрімовтар баспаханасынан басылып шығуына қол ұшын берген – ұстазы Ғалымжан Ибрагимов.
Шәкіртінің алғырлығын да, зеректігін де таныған ол Мағжанның білімін әрі қарай жалғастыруына да ақыл-кеңес береді.
Мағжан орыс һәм Еуропа мәдениетінен сусындамақ болып, Омбыдағы оқытушылар семинариясына оқуға түседі. Осы оқу орнында ол Сәкен Сейфуллинмен алғаш танысады.Мағжан семинарияны алтын медальмен бітіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |