Жаяу тартыс. Ойынға қатысушылардың ішінен екі ойыншы ортаға шығады да, екі ұшы біріктіріп түйілген тұйық арқанды мойындарына іліп, қолтық астынан өткізіп, екі жаққа қарай тартады. Ойынның мақсаты – екі ойыншының біреуі екіншісін белгіленген межеге дейін тартып алып бару. Қайсысы бұрын межеге жеткізсе, сол ойыншы ұтқан болып есептеледі. Осылайша ойнаушылардың барлығы тартысып болғаннан кейін ғана ең көп ұпай жинап жеңіске жеткен ойыншыны анықтап, жариялайды.
Арқан тарту (2-түрі). Орын мен жабдық: алаң, зал, дәліз. Ойын үшін 8-10м арқан керек. Жерге әрқайсысының аралығы 2-3 м үш параллель сызық сызылады. 8-10 м-лік арқанның ортасына қызыл, көк немесе т.б. түсті жүберек байланады. Ол орталық сызыққа дәл келтіріп қойылады. Ойнаушылар екі командаға бөлініп, арқанның ортасынан 1 м қашықта арқанның екі жағына бір-біріне қарама-қарсы тұрады.
Ойынның түсініктемесі. Белгі бойынша әрбір команда арқанды өз жағына қарай тартады. Үш рет тартқаннан кейін екі немесе үш ретінде де арқанды өз жағына тартып шығарған команда жеңеді.
Даусынан біл. Ойынға қатысушылар тегіс алаңға немесе мектеп ауласына жиналады. Жиналғандар екі топқа бөлінеді. Орталарынан бір баланы қаламақ арқылы бөліп, көзін байлайды да, топтан шығарып, қалғандары өол ұстасып шеңбер бойымен айнала жүріп, өлең айтады. Екінші топтан бір бала шығып, көзін байлаған баланың қарсы алдына келіп, айтылған өлеңнің бір сөйлемін, не бір сөзін айтады. Көзін байлаған бала қарсындағы баланы таныса, оның көзін байлап, өз орына тастап кетеді. Кім екенін білмесе, ойын сол күйінде ойнала береді. Осы ойынды басқаша ойнауға да болады. Көзін байлаған баланың қолына бір таяқ беріп, қалғандары айнала жүгіреді. Көзі байлауы бала қол ұстасып айнала жүргендерге «Тоқта» дегенде өзгелері тоқтай қалады.
Қанды-сандық. Ойынға қатысушылардың ішінен екі ойыншы ортаға шығады да, біріне-бірі арқаларын тіреп тұрып, шынтақтарын айқастырады. Ойын жүргізуші белгі берген кезде екеуі бірдей алға еңкейіп, бірін-бірі жерден көтеріп алу әрекетіне кіріседі. Жерден қайсысы бүрін көтеріп алса, сол ұтқан болып есептеледі. Енді ұтқан ойыншы орнында қалады да, ұтылған ойыншының орнына кезек күтіп тұрған келесі ойыншы шығады. Ойын осылай бір ойыншы жеңімпаз атанғанша жалғаса береді. Кім көп көтерсе, сол ойыншы жеңіске жетеді.
Ақ сандық, көк сандық. Бұл ойын көгалды алаңда, мектеп ауласында, спорт залдарында, мәдениет үйлерінде, мектептін кең дәліздерінде ойналады. Ойынға қатысушылар екі ойыншыны ортаға шығарады. Ортаға шыққан екі ойыншы бір-біріне арқаларын беріп, қолдарын айқастыра ұстасып отырысады. Сол кезде ойын жүргізуші тақпақтап:
«Ертең аулым көшеді,
Уық бауын шешеді,
Қара қойым қашады,
Құмалағын шашады.
Ақ сандық, көк сандық
Арқан тарт, кілем арт!»- дейді.
Сиқырлы таяқ. Ойнаушылар қол ұстаса шеңбер жасап тұрады. Қолында таяғы бар ойын жүргізуші шеңбердің ортасына шығады да ойнаушыларды 1-ден бастап түгел нөмерлеп шығады. Сонан соң ойынның ережесі түсіндіреді. Ойынның шарты бойынша ойын жүргізуші қолындағы таяғын шеңбердің ортасында тік ұстап тұрады да, бір нөмерді атап, таяқты жібере салады. Ал аталған нөмірлі бала таяқты құлатпай ұстап қалуы керек. Ойынды одан әрі жалғастыру немесе жалғастырмау ойыншылардың еркінде. Ойыншылардың саны көп болса, ойын қызықты өтеді.
Тапшы, кімнің дайысы?. Шеңберді бойлай тұрған ойнаушылардың бірі ортаға шығып, көзін байлайды да, ойын басқарушының рөлін атқарады. Ал қалғаны:
«Секір-секір» деген кім?
Білгіш болсаң, таба ғой.
Тауып ала да, өзін көп,
Сол орынға тұра ғой, -
деген тақпақты айтып, шеңбер бойымен айнала жүгіреді. Осындағы «секір-секір» деген сөзді басқарушы белгіленген оқушы ғана айтады. Балалар өлең шумағын толық айтып болған соң, ойын бастаушы көзін ашады да, «секір-секір» деп айтқан баланы табуға көшеді.
Аңшылар мен қояндар. Бұл ойынды жылдың қай мезгілінде болса да ойнай беруге болады (жаздыгүні доппен, қыста жентектелген қармен).
Ойынға жиналғанда екі топқа бөлінеді. Аңшылардың саны қояндардан екі есе аз болуы керек. Бір-бірінен қашықтығы 50-100 адымдай екі жерге шеңбер сызылады. Қояндар сол екі шеңбердің біріне – «інге» орналасады.
Шеңбер шетінде тұрған аңшылар қояндардың «інін» тықырлатып қаза бастайды (жерді аяқтарымен дүңкілдетеді). Сол кезде қояндар өз «інінен» атып шығып, екінші шеңберге («інге») қарай қашады. Осы кезде аңшылар қояндарды доппен «ата бастайды». Екінші «інге» (шеңберге) жеткенше тағы шығады да, ойын басқарушымен орны ауыстырады. Таба алмаса, ойынды өзі жалғастырады. Ойын осы ретпен жүргізіле береді.