Махамбет халқының болашақ жалынды ақыны болып, өмірдің шындығын айтуға бет түзеді. Орда айналасындағы әр алуан әділетсіздікті, жауыздықты өз көзімен көргеннен кейін ол жалпы ел басындағы ауыр халді де ұғына бастады. Осы уақытта ақынның өлеңдері халық үшін ұран болды. Махамбеттің шыншыл ақын болғанын, біз мына өлең жолынан көреміз. Мысалы:
Хан емессің, қасқырсың,
Қас албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап
Дұшпаның сені басқа ұрсын...
Махамбеттің бұл көтеріліске жазған өлең-жырлары халқы үшін көтеріліс, күрес үстінде туған.
«Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» атты өлеңдерінде халық зарын сөзбен өрнектеп шенеуніктердің «бұрыс бағытын» өлеңмен түземекші болған. Мұнар да мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар күн, Буыршын мұзға тайған күн, Бура атанға шөккен күн, Бұлықсып жүрген ерлерден Бұрынғы бақыт тайған күн, - деген жырында да халық азабын ашына айтқан. Жалпы бір сөзбен айтқанда Махамбет бірдің емес, бүкіл ел мұңын жырлаушы.
Ендігі кезекті жанашыр дос, ақылды қолбасшы, Махамбеттің арқа сүйер ағасындай болған Исатайға берелік. Исатай – Махамбеттің көп өлеңінен орын алған қаһарман. Исатай деген ағам бар, Ақ кіреуке жағам бар. Хан ұлымен қас болып, Қара ұлымен дос болып, Хан үстіне барғанда, Шабайық ханды дегенде, Шапқандай ханды амал бар, - Амал барда хан шаппай, Тәңірім қылды - не амал бар?! – деген өлеңінде Исатайдың, адамгершілігін, азаматтығын, батырлығын, қайсарлығын аңғаруға болады. Исатайдың қаза болғанда Махамбет батыр бостандығынан айрылғандай күй кешті. Оны өзі де сезіп, «Қызғыш құс» өлеңінде: Құсалақпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні, - деп жырлады.
Ақын өлеңдері - саяси бағыт. Махамбет – лирик ақын, оның ішінде саяси лирик. Оның лирикалық өзекті арқауы – елді күреске шақыру. Мысалы:
Ақ жұмыртқа, сары уыз,
Әлпештеп қолда өсірген
Туған ұлдан не пайда
Қасына найза алмаса,
Атаның жасын қумаса?!-
Махамбеттің біраз өлеңдері элегиялық сарынды болып келеді. Көтеріліс сәтсіз аяқталып, алға қойған мақсат та көкке ұшып, ақын көңілі жабырқайды, өзегін өрт шалып, ең жақын достары оққа ұшады. Исатайдан айырылғаннан кейінгі өлеңдері жалғыздық сарынмен үндеседі. «Мұнар күн», «Еменнің түбі – сары бал» - Махамбеттің ішкі жан сырын, қайғысын көзінен қанды жас ағыза отырып, мұңая жырлаған жырлары.