1.4 Ауызекі сөйлеу тіліндегі және диалектілердегі дисфемизмдер
Дисфемизмдер көбінесе ауызекі тілде мол кездеседі. Олар күнделікті қарым-қатынас жасайтын тұрмыста, көшеде сөйлесіп тұрғанда пайда болады. Әдетте күнделікті өмірде дисфемизмдерді араластыра сөйлеу тілдік мәдениет тұрғысынан әдепсіздікке жатады. Мысалы:
- Құтырған екенсің сен. Таяқ жегің келіп арқаң қышып тұр ма?
- Әлгі шал не деп жүр? Тамақ әкелуге қатыныңды жібер.
- Ауылдың еркектері кеш болса карта ойнауға жиналады.
- Көршінің шойнақ баласы заводқа жұмысқа кіріпті.
- Мына боқмұрын тағы да темекі тартыпты.
- О адыра қал, ана қаншық әлі келмеген бе?
- Мына қыз жүдеу, тырық екен.
Ауызекі тілдерден алынған осы сөйлемдердегі асты сызылған сөздердің бәрі де күнделікті өмірде адамдар арасында айтылып, естіліп жүрген дисфемизмдер. Бұл дисфемизмдер бүкіл халықтық сипат алып, қашанда ауыс мағынада шектеусіз жұмсалады. Ауызекі сөйлеу тілінде мұндай дисфемизмдер өте көп және олардың қолдану аясы кең. Ауызекі сөйлеу тілінде жоғарыдағыдай дисфемизмдер қажетіне орай қолданыла береді. Сонымен бүкіл халықтық дисфемизмдер көбінесе ауызекі сөйлеу тілінде кездеседі. Ауызекі сөйлеу тілінің бір түрі - диалектілер.
Сөздік қорымыздың көлемі мен сапасы білімімізге,өмірдегі тәжірибемізге, т.с.с. жағдайға байланысты. Сөздік қоры аз адамның жазуы да, сөйлеуі де орашолақ болып келеді. Ондай адамдардың бір сөзді қайталай беру немесе диалектизмдерді көбірек қолдануы басым болады. Әдеби тілмен сөйлеу жеке кісінің басына танылатын қасиет емес жұрттың бәріне ортақ қажет. Бірақ оның дәрежесі әркімнің бойында әр түрлі.
Кең байтақ еліміздегі шаруашылық талаптарына, әр аймағына тән табиғи өзгешеліктеріне, сол жерде өмір сүріп отырған адамдардың мінез-құлықтары мен салт-дәстүріне байланысты жергілікті дисфемизмдер қалыптасты. Мұндай диалектілік элементтер көне дәуірден тамыр алып, біздің заманымызға дейін жетті. Ғалымдар халық тілінің жергілікті ерекшеліктері туралы мынадай пікір білдірген: “Өзге тілдердегі сияқты біздің тілімізде де бір жерде айтылып, бір жерде айтылмайтын, яки бір жерде бір түрлі нұсқада қолданылса, екінші бір жерде мүлдем басқаша бір нұсқада қолданылатын жергілікті тіл айырмашылықтары бар. ...Бастапқы өз өкшесі сонау арғы заманда Қазақстан мен Орта Азия жерінде тіршілік еткен түркі текті ру тайпаларға барып саяр бір ғажайып тарихи сырлары бар. Осындай арғы-бергі тарихи құбылыстардың бір парасы - халық тілінің жергілікті айырмашылықтары” [26, 202-203 бб.].
Орыс тілшісі А.А. Брагина: “Территориальные диалекты, как показывает само их название, распространены на отдельных территориях, обслуживают лишь часть носителей языка повседневном общении, не имеют, как правило, письменной формы” - дейді [27, с. 25].
“Диалектизм” - деген атауды түсінуде, оған анықтама беруде ғылыми әдебиетте бірізділік заң жоқ. Диалектизм болу үшін екі шарт болу керек: 1) әдеби тілде қолданылмайтын, тек белгілі бір говорға, диалектіге тән сөз болу керек; 2) диалектизмнің өзінің таралу шегі (изоглосы) болу керек [28, 12 б.]. Бұл қағида диалектілік дисфемизмдерге де тікелей қатысты.
1) Өйткені басқа да диалектизмдер сияқты диалектік дисфемизмдерде әдеби тілде қолданылмайды, тек белгілі бір говорға, диалектіге тән сөздер;
2) диалектік дисфемизмдердің де өзінің таралу шегі (изоглосы) бар.
Ұшы-қиыр көзге көрінбейтін қазақ даласының әр өңірінің өсімдік түрлеріне, жан-жануарлар әлеміне, шаруашылық ерекшелігіне, тұрмыстық заттарына байланысты қолданылатын атаулары да әр түрлі болып келеді. Бірқатар диалектизмдер мен сирек сөздерге жазушы жаңа мағына беріп қолдана алады. Мысалы: сөдегей деген жергілікті сөз - диалектологтардың көрсетуі бойынша, Қазақстанның шығыс өлкелері мен Жетісу тұрғындарының тілінде “бейсауат, оқшау” және тұрпайы, өрескел, жағымсыз” деген мағынаны білдіреді: сөдегей сөз, сөдегей нәрсе, ал солтүстік аудандарда “икемсіз” ебедейсіз, сөлекет” деген мағыналарда қолданылады, бұл тұста сөдегей-солпақ түрінде қос сөз құрамында да келеді [29, 107 б.]. Мысалы: 1. Ол өзі сөдегей сөзге ұста кісісымақ еді. 2. Мына қыз тіл-ауызына сүйенген сөдегей екен (Ауызекі тілден).
Қазақ тіліндегі көркем шығарма мәтініндегі тіл ерекшеліктерін аңғарып, әр жерде кездесетін өзгешеліктердің себептеріне, айырма сөздердің ана тілімізде қолдануына көп көңіл бөлінсе, тілді байытуға зор үлесі болады. Тіл байлығын арттыруға оның тазалығын сақтауға ерекше назар аударған жөн. Кез-келеген тіл баксқа тілдермен қарым-қатынас жасау нәтижесінде көптеген сөздер еніп, қабылданады. Қазақ тілі бай икемді болғанымен, әркімнің сөздік қоры әр түрлі. Жергілікті жерлердегі тіл өзгешеліктерінің көрінісі, диалектілер көркем шығармада көрінеді. Жазушыларымыз бірқатар жергілікті сөздерді ретіне қарай стильдік мақсатта жұмсай береді. Академик Р. Сыздық былай дейді: “Жергілікті сөздер-ауызекі сөйлеу тілінің элементтері. Ал сөйлеу тілі әдеби тілдің қайнар көзі. Сондықтан ұлттық жазба әдеби тілдің қалыптасып, сөздік қазынасының толығуында диалектизмдердің орны, рөлі бар екендігі даусыз. Тілдің лексикалық қорының толығу заңдылықтарына сәйкес, диалектизмдер де аз-аздап әдеби айналымға түседі. Оған әр алуан тілдікте, экстра лингвистикалықта сұраныстар себеп болады” [30, 152 б.]. Осы пікірге орай төмендегі мысалдарды келтірсек.
Достарыңызбен бөлісу: |