- Ұлжанның өз басы байын қызғанайын деген ойда болмайтын (М. Әуезов).
- Қой әрі, ырылдамай! Қызыңды байға бермегенде көрінгенге күйек асты қылайын деп пе едің! (Ғ. Мүсірепов).
Жоғарыдағы мысалдардан көріп отырғанымыздай, бай сөзіне тұрпайы, дөрекі мағына үстеліп тұр. Бұл сөз арқылы жазушы образды аша түскен. Егер осы сөздің орынына оның синонимдері ер, күйеу сөздерін пайдаланса, образ сәл солғындау шығар еді. Бай сөзі күнделікті ауызекі тілде жиі қолданыла бермейді. Ол естір құлаққа жағымсыз, тұрпайы реңкті сөздердің қатарынан өз орнын алған. Әуелде байға тиді “бай адамға тұрмысқа шықты” ұғымында жұмсалуы да мүмкін.
Шал сөзі жасы келген қарияларға байланысты айтылады. Бұл сөздің жағымсыз мағынада эмоциялық мәні мен бояуы бар. Сөзді қалай қолдану, оның орнын тауып жұмсау, әлбетте жазушы шеберлігіне байланысты. Мысалы, қазақ жазушыларының алдыңғы легінде тұратын О. Бөкеевтің бір ғана шығармасында шал сөзі бірнеше рет қайталанып, әдеби нормаға өткен. Бұл “дисфемизмдердің әдеби тіл нормасы бола алмайды” деген көзқарасқа қарама-қарсы. Сөзімізді дәлелдеу үшін көркем шығармадан бірнеше мысалдар келтірейік. Шал ұлы дүбірлі киелі жорыққа аттанардай салқын сазарып, бір дем отырды… Шал көзін жұмды… Шал басын көтерді де, жан-жағына барлай шолыпқарады… Біз теңдеп әкелген күрекпен шал көрсеткен жерді апай-тұрпай қаздық (О. Бөкеев). Немесе, Бір уақытта осы ауылдағы жарапазаншы Жанақ шалдың қара есегіне ұқсап, қайқайып, шіреніп, сілкініп алды (Ә. Кекілбаев). Жарлауыт қабақ астындағы шүңірек көкшіл көзі құдық түбіндегі тамшыдай әлсірей жылтыраған шал үш жылдан бері аузынан жырып үнемдеп, зорға жинаған ақшасына шұқия қарап көп отырды. Шал кемпірін ақшаға жұмсады. Шал сөзі көбінесе кейіпкерлер тілінде көп ұшырасады. Мысалы:
– Ой, енеңді ұрайын, жаман неме. Тым құрыса қазақ болса екен-ау, түкті орыс шалына қамқоршы бола қалғанын қарай гөр мұның,–депе жазғырды, – жүр кеттік.
Сен шалда ақша жоқ болса, Ертістің суында балықта жоқ шығар, – деп мысқылдап күлген болып, қасқыр ішіктің етегіне жабысқан қарды қаттырақ қақты.
Санақ- ей, мына шалға айтшы, ана ақшасының үстіне... жоқ тіпті ақшасы керек емес... «Бір кәрі бием бар еді. Күзде іші кеуіп өрісте арам қатып калғанын көргенде әкем өлгендей жыладым», – деген адал ойын шал Айтжанға атқысы-ақ келді... (З. Жакенов).
Түсіндірме сөздікте шал сөзіне былайша анықтама берілген: Жасы 60-70-тен асқан ер адам; қарт-қария” (ҚТТС, 10 т., 104). М. Қашқаридің көрсетуінше, чал қой тіркесі ақ боз қой деген мағына береді (ДТС, 137). Қазақ тілінде “басын ақ шалды”, “шашын қырау шалды” тіркестері шашын, самайын ақ басты ұғымын береді. Шал етістігі лексикаланғанға ұқсайды.
Шикі өкпе ана тілімізде балаға қатысты айтылатын сөздердің бірі. Көшпелі қазақ елінде бала әулеттің дәнекері, тұтқасы болған. Дей тұрғанмен де, баланың барлығы бірдей емес, баланы кейде менсінбей, оны кемсітетін тұстар болған. Шикі өкпе сөзінің туындауына жағымсыз мағыналық ұғымдар себепкер болса керек. Ол екі сөз табының, сын есім мен зат есімнің тіркесуінен пайда болып тұтас бір мағынаны беріп тұр. Қолданушы мен тыңдаушы бұл сөзді бүтін бір тұлға ретінде түсінеді. Дегенмен, сыртқы тұрпаты жағынан алып қарағанда, әр сөздің білдіретін ұғымы мен беретін мағынасы қарай екі айырып талдауға болады. Мысалы, өкпе дегеніміз кеуде қуысында орналасқан анатомиялық мүше. Ал, ҚТТС-те шикі сын есімінің беретін мағынасын былайша түсіндіреді: 1. Қайнап піспеген, жеуге әлі болмайтын; 2. Шикі өкпе. Жас бала, перзент (ҚТТС, 10 т., 220). Мысалы:
- Тым болмаса өлмелі шал-кемпір, шикі өкпелерімді аясаңдар етті (О. Бөкеев).
- Осы шикі өкпемді тіл-көзден сақтай гөр! (М. Мағауин).
Бұл мысалдардан байқалып отырғандай халықтық ұлттық ұғымда баланың жетілмегенін, толыспағанын піспеген шикі өкпеге ұқсатқан. Бірте-бірте фразеологизмге айналған. Шикі өкпе сөзі ауызекі тілімізде бүгінгі таңда сирек пайдаланылады.
Боқмұрын. Бала сөзінің дисфемизмдік варианттарының бірі. Баланы кемсіту, төмен санау ұғымынан пайда болған. Боқмұрын. Есеймеген ақылы толмаған, төселмеген, ысылмаған, тәжірибесіз (ҚТТС, 2 т., 339). Мысалы:
- Мына боқмұрынның ақылгөйсуін қарашы-ей! (М. Сқақбаев).
Мысалдағы бұл сөздің екі сыңары да мағыналық жағынан үйлесімділік тауып, тұтас бір ғана ұғымды білдіріп тұр. Ұқсату заңы негізінде метафралық тәсілмен қалыптасқан сөз.
Неке мен туысқандық атауларға байланысты дисфемизмдерді саралай, сараптай келіп, белгілі ғалым М. Оразовтың мына бір пікірін келтіре кеткенді жөн көрдік: “Қазақ тілінде жыныстық (род) белгіні көрсету үшін ұрғашы (ұрғашы тоқты), еркек (еркек бұзау), ұл (ұл бала), қыз (қыз бала), қаншық (қаншық қасқыр), мегежін (шошқаның ұрғашысы); жас мөлшерін білдіру үшін (кейде еркелету мағынасы да болады) бала (бала мысық), ата (ата қаз, ата қораз), шөже (шөже қораз), қозы (қозы қошқар) сияқты сөздердің қолданылатындығы анық.
Еркек сөзінің (қазақ тіліндегі ер бала, қыз бала тіркесімен салыстырыңыз) білдіретін мағынасы грамматикалық мағына деп көрсетуге негіз жоқ. Себебі жыныстық мағына түркі тілдерінде (соның ішінде қазақ тілінде де) грамматикалық мағына ретінде қабылданбайды. Бірақ тілдік ойлауда еркек, ұрғашы түсінігін білдіру бар, ол сөз семантикасының (яғни лексикалық мағынаның) үлесіне тиеді” [47, 48-49 бб.]. Ал, Т. Пірімбетов туысқандық атауға байланысты ұрғашы қатын, бай сөздері туралы былай дейді: “Скажем, в произведениях дореволюционной поры слова катын «бабаң бай, муж, властелин, ургашы, «самкаң женщина и т.д. были настолько обиходнным, что их принадлежность норме литературного языка не вызывала никаких сомнений, потому что эти лексические образования соответствовали социальному и культурному уровню той общественной формации. Но это еще не говорит о том, что до революций народы жили вообще вне всякой цивилизации. Здесь мы хотим лишь подчеркнуть, что при сравнительном подходе к диалектизмам и просторечным элементам становится очевидной непосредственный взаимосвязь и взаимозависимость между функциями просторечии и уровнем социально-политического развития того или иного общества. Употребительность тех или иных просторечным слов впрямую связана с общим культурным уровнем народов на определенном этапе истории. И было бы неверным делать из этого вывод об “отсталости” или “без культурье” до революционной литературы просто она была на уровне тех правовых-этических норм, которые царили в то время” [5, с. 25].
Сөзден тыс мағына болмайды. Мағына дегеніміз - сөзді лексема ретінде танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі. Неке мен туыстық атауларға байланысты дисфемизмдердің бірқатары дербес лексема ретінде танылып, тұтас бір ұғымды білдіреді (қатын, тоқал, қаншық, ұрғашы, шал, еркек, бай т.б.) Біреулері бірде сөз тіркесі ретінде бірнеше ұғымды, бірде дара сөз сөз ретінде бір ұғымды білдіріп, қызмет атқара алады (тесік моншақ, шикі өкпе т.б.). Енді бірқатары сөздердің бірігуі арқылы жасалып, тұтас бір ұғымды береді (боқмұрын, салпыетек, шүйкебас, шөмелебас, шөпжелке т.б.). Сонымен, қазақ тілінде неке мен туыстық атауларға байланысты дисфемизмдерді номинативті (тура мағыналы) сыңарларын қатар қойып былайша топтастыруға болады:
1. Әйел - қатын, салпыетек, тоқал, ұрғашы, қаншық.
2. Келін - шүйкебас, шөмелебас.
3. Қыз - тесік моншақ, шөпжелке.
4. Еркек адам - еркек, еркек кіндік, қария - шал, күйеу - бай;
5. Бала - шикі өкпе, боқмұрын, мұрынбоқ.
Сонымен қазақ тілінде адамның жынысына, жас ерекшелігіне байланысты пайда болған дисфемизмдер ана тіліміздегі ежелгі бірліктер ретінде лексикалық қорымызда өмір сүреді. Олар туған халқымыздың сана-сезімін, даналықтарын, ұлттық дүние танымын, психологиясын өз бойына жинаған сөздер деп айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |