Ашадан ауып келген алты қақпас,
Айласын алтауының адам таппас.
Қаңбақтың салдыры бар, салмағы жоқ,
Салмағы жоқ түлкіге қақпан шаппас (Ел аузынан).
Ә. Нұрмағамбетов бұл сөз туралы да былай деп жазады: “Қақпас. Түсіндірме сөздіктен екі түрлі мағынасын келтірейік: 1. Баласыз, жалғыз адам; 2. Жексұрын, сұмырай. …Қақпассың, жүрген жерің бәрі бүлік (С. Торайғыров). -Бәрін шығарып жүрген қақбастың өзі емес пе? (І. Есенберлин). “Қақбас” сөзінің тарихы, шыққан тегі туралы екі түрлі болжам айтуға тура келеді. Біріншісі түркі тілдерінің өз дерегі негізінде. В. Радлов сөздігіндегі Сібірдегі кейбір түркі тілдері “какбас” тұлғалы сөзге “қайыңның қабығы” мағынасын көрсете келіп, Н. Катановтың сөзіне қарағанда, “ескі, қураған ағаш қабығы” екендігін ескерте кетеді. Бұған қоса, қазірдің өзінде хакас тілінде “хахпас”сөзі “қылқан жапырақты ағаштардың қабығы” деген ұғымда қолданатынын да еске саламыз. Тіліміздегі “қақпас” сөзінің (бірінші мағынасында) төркінін осылармен байланысты деуге де болатын сияқты. Өйткені, баласыз, жалғыз адамды өнім бермейтін қураған ағаш қабығымен теңеу халық арасында бола беретін жағдай. Демек, ұқсату, сәйкестендіруден туған ауыспалы мағына.
Екінші бір деректі парсы тілінен кездестіреміз: “хакбарсёр” және “хакбэрэс” тұлғасындағы парсы тілінде сөздері қазақ тіліндегі: 1) бақытсыз, сорлы; 2) жексұрын, сұмырай сияқты мағналарды меншіктенеді. Осылардың қайсысы болса да түсіндірме сјөдікте келтірген екінші мағынаға өте сәйкес келіп тұр. Парсы тіліндегі тұлғалардың қазақ тіліне ауысқанда “қақбас” қалпына дейін ықшамдалуы тіл заңдылығынан сырт кетпейді. Сөйтіп, біздің тұспалдауымызша, “қақпас” сөзінің біздегі бірінші мағынасының төркіні - түркі тілдерінің өзіне тән де, ал екінші мағынаны беретін “қақбас” сөзінің төркіні парсы тілі” - дейді [45, 152 б.]. “Парсы тілінен ауысып келген сөз” дегеннен гөрі “өз тіліміздің есебінен пайда болған” деген пікірі, біздіңше, орынды. Қалайда номинативті мағыналы сыңары ұмытылған.
Келесі жағымсыз эмоционалды-эксспрессивті сөздің бірі - жалмауыз. Мысалы:
Мені жұтар жалмауыз туыпты деп,
Таңтық шал Бақа айғырға міне қашты (Қозы Көрпеш-Баян сұлу).
Бұл сөздің түп-төркіні былаша топшыланған: Жалмауыз. Бұл күндегі түсінігімізде - тажал, обыр, қомағай, сұм, жексұрын мағыналарын береді. - “Сорлы жалмауыз, қайдан табақтас болып едің, бір жапырақ жегізбедің ғой”… (Б. Майлин). Дәл осы тұлғалас сөзді түркі жазба ескерткіштерінің ішінен М. Қашқари сөздігінен табамыз, йамла-жинау, тазалау, сүрту мағынасында қолданылған (ДТС, 231). Кейін бұл етістік, метатеза құбылысына ұшырап, “йалма” тұлғасына дейін өзгерген. Уақыт өткен сайын тұлғасы ғана емес, мағынасы да ауыса түскен. Дәлірек айтқанда, қазіргі түркі тілдерінің кейбіреуінде жинау, тазалау, сүрту құралдарының атауы қалпында кездестіреміз. Мысалы, алтай, телеуіт тілдерінде “йалмур”, ал баравин татарларында “йалмауыр” тұлғасындағы сөздер біздегі “сыпырғыш” мағынасына ие. Әсіресе, соңғы “йалмауыр” сөзі қазақ тілінде “жалмауыз” тұлғасына дейін өзгеруге бейім. Түркі тілдерінде “р” мен “з” дыбыстарының біріне-бірі сәйкесіп қолданыла беретіндігі белгілі құбылыс. Ал қазақ тіліндегі мағынасы - ұқсату нәтижесінде пайда болған. Маңайында түк қалдырмай, жып-жылмағай етіп сыпырып-сиырып, тазалап отырытын құбжұқ іспеттес жан иесін “йалмауыға” (жалмауыз), бізше сыпырғыштан басқа (өз кезінде) не нәрсемен салыстыру мүмкін. Сөйтіп жалмауыздың тұңғыш мағынасы - жинау, сүрту болса, кейін ол зат атауына көшіп, қазақ тілінде одан әрі ауыспалы мағынаға ие бола түскен [45, 104 б.].
Жалмауыз сөзіне мағынасы ұқсас келетін эмоционалды-экспрессивті сөздің бірі -жауыз. Мысалы:
Жалғыз жүрген Аңшыбайды
Өлтірмекші болады.
Осылай деп жауыздар
Жиналып кеңес құрады (Қырымның қырық батыры).
Ана тіліміздегі жағымсыз мәнді эмоционалды сөздің бірі - бұралқы. Аталымыш сөздікте осы сөзге былай талдау жасалынған: Бұралқы. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бұл мәлімет бойынша сөздің екі түрлі мағынасы бар: 1. Қаңғыған иесіз ит. “Сүйегімізді бұралқы иттей айдалада қалдырмайық” (З. Шашкин). 2. Сырттан келген бұратана адам.
Достарыңызбен бөлісу: |