-“Мың бұралқыдан, бір байырғы” (М. Әлімбаев). Қазақ тілінен басқа “бұралқы” сөзін “буралкы” тұлғасында қырғыз тілінде айтылатынын көреміз. Мағынасы - әлсіз, жетілмеген, арықтап біткен. Басқа түркі тілдерінен мағынасы мен тұлғасы сәйкес келерлік сөзді кездестіре алмадық. Сондықтан сөз төркінін өзге топтағы тілдерден іздестіруге бет қойдық. Монғол тілінде әлсіз, нашар қуатсыз мағынасын “бурай” тұлғасындағы, ал “әлсіреу” дегенді “буурах” сөзі білдіреді. Монғол тілінде бұл тұлғалардың түбірі “бяр” болады да, ал мағынасы бізше “күш” дегенді ұғындырады. Осы түбірге сол тілге тән бір нәрсенің жоқтығын білдіретін -гүй қосымшасы жалғанағанда “бяргүй” тұлғасына дейін өзгеріп, күшсіз, әлсіз, қуатсыз деген ұғындырады. Осы соңғы тұлға қазақ тіліне ауысқаннан кейін дыбыстық өзгерістерге душар бола тұрып “бұралқы” (бяргү → бирагү → биаргу → бұралқу → бұралқы) қалпына дейін жеткен болса керек деген жорамалдамыз. Қанғыған жан иесінде күш, қуат бола бермейтінін еске алсақ жорамал ойға сиымды, көңілге қонымды көрінеді. Сонда “бұралқы ит” дегенді басқаша айтсақ - әлсіз, күйсіз ит болмақ. Оның адамға қолданылу бейнелеуден туған, ауыспалы мағынаның әсері [45, 60 б.].
Эмоцияналды-экспрессивті сөздердің қатарына жататын келесі сөздің бірі -сұм, сұмырай. Мысалы:
1. Қолым жетпей қор болдым сұм заманда,
Қияметтік қимасым қош, қарағым (Халық өлеңі).
2. Бажайына бажайлап келтіргенше,
Сырғанап сұм дүние тез-ақ өтер (Халық өлеңі).
3. Басына талай ердің аттай теуіп,
Сұм жалған қайда барып тұрақтайсың (Халық өлеңі).
4. Сұмырайдың өзін көрдім,
Жанысбайдың ізін көрдім.
Балаларыма іздеген азығымды,
Уа, тәңірім, өзің бердің.
Бай жазылсын, батам жағып,
Кетпесе егер пері қағып
Шошымаса сұмырайдан
Қойды маған берсін неғып (Өлген қазан).
Академик Р. Сыздық сөздің түп-төркінін былай талдайды: Сұм, сұмырай-сөздері қазіргі қазақ тілінде жағымсыз сипатты білдіреді… Сұм тұлғасы сұмырай түрінде де келеді. Бұл күнде сұмырай - мүлде жағымсыз қасиеттің атауы. Өткен ғасыр сөздіктерінің өзінде қазақ тілінде сұмырай сөзін “айлакер” (хитрец) - деп танытады. Қазіргі қарақалпақ тілінде сұмырай - “өтірікші, алдамшы”. Бірақ қазақ тілінде бұрын сұм, сұмырай сөздері бірінің орнына бірі айтыла бергенге ұқсайды және бақытсыз сормаңдай деген ұғымда жиірек жұмсалған. Сұм, сұмырай сөздерінің күні кешеге дейін алып келген мағынасы бұл күнде пассивтеніп, сирек жұмсалатын болған да, олар көбінесе “алдамшы, өтірікші, қу, залым” деген сияқты адам баласының жағымсыз қасиеттерін айтатын сөздерге айналған. Бұдан сөз мағынасының қозғалысы үшін аса көп уақыттың керек етпейтіндігі байқалады. Қазақ тілінің 2 томдық түсіндірме сөздігінде сұм, залым, қу, жауыз, сұмырай-жауыз, сұм-залым, жексұрын (ҚТТС, 2 т., 385). Бұлардың сұмпайы варианты да дәл осы мағынада танылады. Ал бұл сөздер сәл ертеректе (күні кешеге дейін) өзгеше мағынада жұмсалған. Мысалы: Батырлар жырында әкесі сонда сөйледі:
Олай деме, сұм ұлым,
Бұлай деме, сұм ұлым…
“Едіге” жырында Сыпыра жырау “Сыпыра сынды сұм жырау” деп аталады. Шоқан жинаған материалда Орақ батыр:
Жалғыз да сұм басым,
Барымнан жоғым көп игі,
-дейді. “Алпамыс” жырындағы жеті жасар Жәдігерді Ұлтан құл:
Өлтіремін алып кел,
Жәдігер сұм баланы, –
дейді. Баян сұлу әр дайым өзін “Баян сұм” деп, ал Қозыға: “Атадан жастай қалған сен сұмырай” - деп отырады. Осылардың барлығында да сұм сөзінің мағынасы “Бақытсыз, талайсыз, сормаңдай” дегенге саяды. “Шынында да шум деген сөз парсы тілінде “Бақытсыз, сорлы, сумаңдай”. Осы реңк - бұл сөздің алғашқы адамның жастың ата-анасынан жетім қалып не бірге туған аға, інісінен, баласынан айырылып немесе жал-құйрықсыз (аға інісіз) жалғыз өсіп “сормаңдай” бақытсыз болған жағдайында айтылуы. Мысалы: Алмажан Алматқызы (19 ғ., І жартысы) өзі туралы “өспей кеткір сұм басым” дейді, ал мұны Алмажан әке-шешеден жетім қалып, тоғыз биге шағынған өлеңінен айтады [57, 141-142 бб.].
Кейде эмоционалды-экспрессивті сөздердің түп-төркінін табу үшін сөздердің қалыптасу тарихына талдау жасауға тура келеді. Мысалы: Албасты сөзін талдағанда оның шығу төркініне үңіліп, тарихи лингвистикалық деректерге сүйенуге тура келеді. Былай қарағанда, бұл сөз дисфемизмге өте ұқсас. Бірақ номинативті сыңары болмаған соң дисфемизмге жатқыза алмаймыз. Академик Р. Сыздықтың түсіндіруінше, албасты негізінен алғанда албасты халық ертектері мен аңыздағы жын перінің бір түрі. Бұл сөз кейін жексұрын, оңбаған деген мағынаға ие болған. Алб (палуан) деген сөз басты деген етістіктің бірігуінен жасалған болуы керек. Алб/алыб/алып сөзінің төркіні түркі-монғол тілдеріне ортақ “алу” етістігінен шығады. Алғашында монғол тілінде (алба(н) - қызмет, әскери қызмет деген мағынаны білдірген көне түркі тілінде алып денелі, ұзын бойлы жігіт, батыр, шағатайша да солай. Ал чуваш, татар аңыздарында жын, періні “албасты” дейді. Бұл сөз қазақ тіліне осы чуваш, татар тілі арқылы алдыңғы монғол тіліндегі мағынасымен ұласып ұзын бойлы жын, пері мағынасында енген секілді. Бұл сөздің мағынасы мүлдем көмескеленіп ауыс мағынаға көшкен. Албасты сөзі ауызекі тілде жек көрініш не ренжігенде адамға байланысты айтылады [57, 115 б.].
Келді де бір сұрқия ылаң салды,
Жүргенде сен екеуміз арқа-жарқа (Халық өлеңі).
Мұндағы асты сызылған сұрқия сөзі өлеңге жағымсыз эмоция береді. ҚТТС-тегі мағынасы: оңбаған, залым, сұмырай (ҚТТС, 397).
Жоғарыдағы біз талдап өткен, қақпас, жалмауыз, бұралқы, албасты сөздері эмоционалды-экспрессивті мән бергенімен дисфемизм бола алмайды. Себебі бұлардың номинативті тура мағыналы сыңары жоқ. Эмоционалды-экспрессивті сөздер мен дисфемизмдердің ара жігін ажыратудың ең басты жолы осы. Дей тұрғанмен де, эмоционалды-экспрессивті сөздердің дисфемизм болатындары да бар. Мысалы:
- Сен былшылдай берме өйтіп! - деді хан тіксініп.
- Бетіңнің быт-шытын шығармасам ба?! (Б. Нұржекеұлы).
- Мен соңғы күндері Суровтың жобасымен танысып, әбден келісіп қойған едім, быт-шытын шығарды (Қисабаев).
- Ақырында қосақтың быт-шытын шығарып, қолына іліккен арқанды қидалап, шашпаған жері қалмады (Қ. Ахметбеков).
Жоғарыдағы мысалдардағы былшылдай берме, дисфемизмнің әдеби тілде сөйлеме сөзімен, быт-шытын шығару тіркесін күйрету сөзімен алмастыруға болады. Бұл сөздер өрескел қимыл-әрекетке байланысты айтылған дисфемизмдер және оларда бұл сөзге эмоционалды-экспрессивтік қасиет те басым. Жазушы бұл сөзді орынды қолдана білген. Қазақ тіліндегі бұл сөздің мағынасын былай түсіндіруге болады. Академик Р. Сыздық: “Быт-шыты шықты, быт-шыт болды деген тіркестер тілімізде жиі қолданылады. Жалпы мағынасы да айқын -“күл-талқан болды, парша-паршасы шықты” дегенді білдіреді. Сондықтан бұның құрамындағы быты немене, шыты немене деп, жеке-жеке ойланып жатпаймыз. Тіпті әрі-беріден соң бұл екі сөз тырыс-тырыс, күрк-күрк деген сияқты еліктеуіш қос сөз болып көрінеді. Ал, еліктеуіш сөздердің көпшілігінің дербес лексикалық мағынасы болмайды, олар еліктеуден (естуден, көруден, сезуден) туған дыбыстар болып келетіні белгілі. Мағыналы қос сөздердің әр сыңарының өз алдына лексикалық мазмұны (мағынасы) да болатыны да белгілі. Быт-шыт қос сөзі көмекші етістіктерсіз жеке қолданылғанымен, оның екі сыңары да мағыналы сөздер екені де көрінеді. Быт (бут) монғол тілінде өзімен тіркескен етістікке “барынша”, “мүлде” деген сияқты беретін, орыс тілінің раз-рас приставкаларының үстеу сөзі екен. Мысалы: Бут қош (х) - “талқанын шығару, әбден ойрандау”, бут ниро (х) - ”күл талқан ету” деген мағыналарда қолданылады. Тегі қазақша күл талқаны шығу, күл паршасы шығу дегендердегі күл сыңарыда осындай қызмет атқаратыны сияқты талқаны шығу дегеннің орнына күл-талқаны шығу керек десек, “мүлде талқандау, быт-шыт болу” деген қосымша мәнмен (семантикалық, реңкпен) айтамыз. Айырмасы монғолдың бут (быт) сөзі етістіктің алдында тұрса, қазақша күл деген есіммен тіркесіп барып көмекші қабылдап, күрделі етістік жасайды. Ал, шыт сыңарын әзірге пәлен тілдің мынадай мағынадағы сөзі деп айта алмаймыз, бірақ әйтеуір “талқан (далу) парша (парша)” деген мағыналық реңк бар сөзі екені байқалады. (Мүмкін “бүліну” мәні бар шытынау сөзі де осы ұяға кіреді). Сөйтіп, быт-шыт қос сөзін күл-талқан, күл-парша сөздерінің тепе-тең баламасы болар деп топшылаймыз [45, 62 б.].
Жоғарыдағы мысалдардан көріп отырғанымыздай, эмоционалды-экспрессивті сөздер мен дисфемизмдер халықтың ауыз екі сөйлеу тілімен қатар әдеби шығармаларда кейіпкерлер тілінде жасалып, көп кездесетіні байқалады. Алайда көркем сөздің қуаттылығы мен байлығы ақын-жазушыларымыздың ойының зерделігі мен сөз қолданысына, шеберлігіне әрқашан байланысты. Шебер қаламгер өз сөзін қашанда дұрыс таңдап, қиыстыра алады. Дұрыс қолданыс таба алмаған сөздер лайықты әсер, терең толғаныс қалдыра алмайды. Дисфемизмдер мен эмоционалды-экспрессивті орнынды пайдалануы қажетті мағыналық бояуды жан-жақты бере алатындығы бұл сөздердің ең негізгі қызметтерінің бірі болып табылады. Мысалдарда келтірген дисфемизм мен эмоционалды-экспрессивті сөздердің барлығы да әр түрлі көзқарасқа, қарым-қатынас пен көңіл-күйге байланысты жұмсалып тұрған және лексикалық мағынасы арқылы жағымсыз сезім тудыратын сөздер екені даусыз.
Достарыңызбен бөлісу: |