Мамандық таңдаудағы заманауи сипат
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан.
Абай Құнанбаев
Мамандық таңдау- өте жауапкершілікті және маңызды іс. «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан,»- деп ұлы ақын Абай Құнанбаев айтқандай, өмірде өз орныңды тауып, сүйікті ісіңмен айналысқанға не жетсін!
Қазіргі заманда мамандықтардың түрі көп, таңдау жасау да қиын. Әрбір маман өз ісінің шебері болу үшін, сол мамандықтың қыры мен сырын меңгеру үшін, өз қабілеті мен қызығушылығына қарай дұрыс, оң шешім қабылдауы керек.
Заман талабына сай сұранысқа ие мамандықтарға дәрігер, мұғалім, заңгер және құрылысшы десек те, ХХІ ғасырда жаңа мамандықтарға менеджер, программист, дизайнер сияқты мамандықтарды айтар едім.
Бірақ бар мамандық осы ғана ма? Қазір сауда-саттықтың жүріп тұрған заманы болғандықтан, көптеген мамандықтар осының төңірегінде деуге болады. Агенттер мен менеджер мамандықтары сұранысқа ие десек, артық айтпаймыз. Мысалы, туристік агент, жарнамалық агент, кеңсе менеджері және т.б.
Мамандық таңдау - өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Қазақ «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі-жар таңдағанда, екіншісі-мамандық таңдағанда,» -деп бекер айтпаса керек. Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдар да аз емес. Әр адам мектеп қабырғасын тәмамдар кезде өзінің жан дүниесіне жақын, болашақта өзі қалап жасайтын мамандықтың иесі болу үшін жоғары оқу орнына түседі. Кейде грантқа түсіп, ұнатпай жүргендер, оны бітіріп шығып, жұмыс таппай жүргендер қаншама ? Бұл бір шешімі шырғалаң дүниеде жүйелілік жоқ сияқты, «Сұранысқа ие 100 мамандық» энциклопедиясы шықса, ЖОО бітірген соң мамандық бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болып жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Сөзімді қорытындылай келе, ғасыр адамы болу үшін мен өз мамандығымды дұрыс таңдап, елімізге елеулі, халқымызға қалаулы азамат болуға бар күш жігерімді саламын.
Достарыңызбен бөлісу: |