Қордай ауданындағы «Отар» күн электр станциясы
2012 жылдың соңында Жамбыл облысы Қордай ауданында Қазақстандағы ең бірінші күн электр станциясының өз жҧмысын бастады. Қордай ауданындағы "Отар" атты кҥн электр станциясының қуаттылығы - 504 кВт, егер ол барлық қуаттылығына қосылатын болса,7 МВт энергия шығара алады деп болжайды ғалымдар.
29 желтоқсанда Қордай ауданында Қазақстандағы алғашқы өнеркәсіптік күн электр станциясы іске қосылды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тек жеке инвестиция есебінен салынған күн электр стансасы жалпы электр желілеріне қосылған және елдің біртұтас энергетикалық жүйесін электр қуатымен қамтамасыз ете алады.
Қуаттылығы 504 кВт Отар күн электр стансасын салу жобасының инвесторы «KazEcoWatt» ЖШС болды. Отар СЭС бірінші кезегінің құрылысының құны шамамен 200 миллион теңгені құрады. Құрылыс кезінде 20-ға дейін жұмыс орны құрылды, ал пайдалану кезінде техникалық қызмет көрсететін персонал бес адамнан тұрады.
Отар СЭС бірінші кезегінің қуаты әзірге 200-ден астам үй шаруашылығының электр энергиясына деген қажеттілігін өтеуге жеткілікті. Отар ГЭС-тің жалпы орнатылған қуаты 7 МВт құрайды.
Отар СЭС құрылысы жобасын жүзеге асыру Жамбыл облысы әкімдігінің белсенді қолдауымен жүзеге асырылды. Әкімдікпен күн электр стансасын салу және пайдалану үшін 14 гектардан астам жер учаскесі бөлініп, электр энергиясын сату тарифі келісіліп, облыстық электр энергетикасы комиссиясымен электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасауға қолдау көрсетілді.
«Отар» СЭС-тен алынатын электр энергиясының құны 1 кВт/сағ үшін ҚҚС-пен 23,4 теңгені құраса, Еуропада күн электр қуатының құны 1 кВт/сағ үшін 60 теңгеден асады.
Соңғы үш жылда Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) нысандарын салу бойынша бірнеше жоба іске қосылып, жүзеге асырылуда.
Облыс әкімдігі жанынан арнайы құрылған «Жамбыл гидроэнерго» серіктестігінің қызметі нәтижесінде 2010-2012 жылдар аралығында өңірге жаңартылатын энергия нысандарын салу ниетімен қазақстандық, ресейлік және еуропалық инвесторлар тартылды. Нысандардың жалпы қуаты 188 МВт-қа жетті. Жоспарланған инвестиция көлемі 375 миллион долларды құрайды.
«Өтіп бара жатқан жыл бірнеше айтулы оқиғалармен тарихта қалады, олардың ең бастысы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы. Бұл туралы облыс әкімі Қанат Бозымбаев нысанның салтанатты ашылуында айтты. — Ұлт көшбасшысы «Қазақстан-2030» Стратегиясын табысты жүзеге асырудың негізгі нәтижелерін қорытындылап, мемлекетіміздің алдына ұзақ мерзімді перспективаға жаңа стратегиялық және ауқымды міндеттер қойды. Біз болашаққа оптимистік көзқараспен қараймыз».
Қ.Бозымбаев жылдың басты құжатында энергетикалық қауіпсіздік пен «жасыл» энергетикалық технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. «ЭКСПО 2017 – «Болашақ энергиясы» көрмесі елімізді әлемдік экономикаға интеграциялау жобаларының сәтті жүзеге асырылып жатқанының, қоршаған ортаға зиянсыз отынды қауіпсіз алу жолдары пысықталып жатқанының айқын дәлелі. Күн сәулесі арқылы электр энергиясын өндіру еліміз үшін алғашқы прогрессивті қадам болса, Қордай өңірі үшін бұл жемісті еңбектің жемісі».
Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, өңірде жел электр стансалары мен күн электр стансаларын салу қарқыны одан әрі арта түсетініне сендірді.
2013 жылы Тұрар Рысқұлов ауданында қуаттылығы 2,1 МВт Қарақыстақ су электр станциясының және Шу ауданында қуаттылығы 9,2 МВт Тасөткел су электр станциясының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ келесі жылы облыста Жамбыл облысында қуаты 24 МВт күн электр станциясының, Жаңатас қаласында қуаты 100 МВт жел электр станциясының құрылысын бастау жоспарлануда. «Бұл жобаларды жүзеге асыру өңірдегі энергия тапшылығын шешуге көмектеседі», - деп түйіндеді Қ.Бозымбаев.
Достарыңызбен бөлісу: |