МҰҚан иманжанов баубек бұЛҚышев (Қысқаша өмірбаяны)



Pdf көрінісі
бет2/9
Дата06.03.2017
өлшемі0,52 Mb.
#8019
1   2   3   4   5   6   7   8   9

ƏБДІРАХМАН ТОҚТЫБАЕВ

Республикалық дəрежедегі

дербес пенсионер.


ЖАНЫП ТҰРҒАН ОТ ЕДІ

Мен  Қарсақпай  мыс  заводында  ашылған  ФЗУ  мектебіне  алғаш  1930  жылы  түсіп,  1932

жылы бітірдім.

Содан кейін сол ФЗУ-да оқытушылар қатарында қалдым. Біздің жұмыс тəртібіміз былай

болды:  шахтада  істейтін  оқушыларға  нұсқаушы  (инструктор  по  горному  делу)  болып,  6  ай

рудникте  жұмыс  басқарып,  екінші  жарты  жылда  —  мектепте  сабақ  бердім  (физика,

математика).

Осы  кезде  конторщиктер  группасында  оқитын  ұлытаулық  балаға  назарым  түсті.  Баубек

өте пысық, жанып тұрған от еді. Сабаққа өте алғыр, елгезек, аға деп іші - бауырыңнан өтетін.

Қоғам жұмысына өте белсенді. Қабырға газетін шығаруға көп көмектесетін. Арагідік өлең де

жазатыны бар. Өте тіл алғыш еді. Керек болған кезде мұғалімдерді үйінен шақырып келетін.

1935 жылы комбинат мені Алматыға тау-кен институтына жібермек болды. Мен өзіммен

бірге інім, қарындасымды ала кетпекші болдым. Олар ФЗУ-ды бітірген. Осыны естіп, Баубек

те өзін ала кетуімді сұрады. Мен келістім.

Баубек  асқан  бауырмал  еді.  Мынадай  бір  оқиға  əлі  есімде:  Баубек  жетімдік  жағдайын

айтып, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Қазақбаевқа жəрдем сұрап

арыз  беріпті.  Сонда  өзімен  қоса  Ғабдоллаға  да  арыз  бергізген.  Сонымен  екеуі  150  сомнан

жəрдем алған. Міне, мұнан да оның бауырмалдығы көрініп тур ғой.

«Атадан  бала  туса  игі,  ата  жолын  қуса  игі!»  дегендей  Баубек  шын  мағынасында

Ұлытаудың түлегі еді. Мұқан Иманжановпен жақын сияқты еді.

ФЗУ  қабырғасында  жүргенде  Мұқан  аудандық  «Қызыл  кенші»  газетіне  өлең  жазып

тұратын. Мысалы, сол кезде нан карточкасы жойылғанда «Нан көбейді, алақай »деген өлеңі

əлі есімде.

Баубек пен Ғабдолла Алматыға келер жолда жəшік толы кітаптарды көтеріп жүрулеріне

тура келді. Сондағы Баубектің шығарған сықақ өлеңі əлі есімде:

Арқада кітабымыз толған жəшік,

Келсін де сенбегендер көрсін ашып.

Оқуға шын тілекпен аттандық біз,

Қол созып ілгеріге аяқ басып.

Болсақ та əрі жетім, əрі нашар,

Қараймыз алдымызға көзді ашып.


Ықыласпен оқымақпыз алғы күнде,

Жүрсек те шаршап, шалғып, қарын ашып.

Айта  кететін  тағы  бір  жай.  Алматыға  жеткенше,  көп  қиындықтарға  кездестік.  Ол  кезде

темір  жол  билетін  алу  қандай  қиын!  Мен  командировка  қағазым  бойынша  екі-ақ  билет

алдым.  Қалған  екеуіне  жалпы  ширетпеде  тұруға  тура  келді.  Жолда  Арыс  станциясында  2-3

күн  отырдық.  Ақыры  билет  ала  алмаған  соң,  Баубек  пен  Ғабдолла  бізді  вагонға  кіргізді  де,

өздері  шықпай  қалып  қойды  (жататын  орындары  ең  жоғарғы  полка).  Сөйтіп,  итшілеп

Алматыға жеттік.

Сонда Баубектің жол үстінде бір де мұңайып, ренжігенін көрмедім. Алматыға жеткесін

үшеуі де техникумға түсті. Содан кейін маған келіп-кетіп жүрді.

Сабақты өте жақсы оқыды. Күндіз оқу оқып, кешке  вагон  тиейтін  жағдай  оқушылардың

қайсысының болса да бастарынан өткен.

Март 1977 жыл.


ДƏРУІШ ƏЗЕРБАЕВ

БІЗДІ ЛЕНИН КОМСОМОЛЫ

ТƏРБИЕЛЕДІ

Мен  өзім  осы  күнгі  Қызылорда  облысында  туып  өстім.  Біздің  ауылдың  адамдары

Қарсақпайда, Байқоңырда тұратын ағайындарына жиі барып тұратын. 1929 жылдың жазында

солардың  бірі  Қарсақпай  мыс  заводы  жанында  қазақ  жастарынан  маман  жүмысшылар

дайындайтын  мектеп  ашылады  екен,  оны  ұйымдастырушы  Қаныш  Сəтпаев,  сонда  өзі  де

сабақ береді екен деген хабар жеткізді.

Жосалының  бір  топ  қазақ  жастары  лезде  -  ақ  бас  қосып  Жезқазғанға  аттандық.  Біріміз

жаяу,  біріміз  атпен  бірнеше  күн  жол  жүріп  жеткенде,  болашақта  оқитын  орнымыз  бізді

қабылдауға  дайын  екен.  Сөйтіп,  осында  үш  жыл  оқып  1932  жылы  оның  металлургия

бөлімшесін  бітірген  соң,  Қарсақпай  мыс  заводында  қалыпшы  (формовщик)  болып  жұмыс

істей  бастадым.  Бүл  кезде  мен  завод  комсомол  комитетінің  мүшесі  жəне  металлургия

цехының  бастауыш  комсомол  ұйымының  секретары  болатынмын.  Осындай  коғамдық

міндеттерімді атқарып жүрген шақта да ФЗУ-дан қол үзген жоқпын, əсіресе 1932—1933 оқу

жылдарында  жас  шəкірттерді  оқуға  тарту  ісіне  белсенділікпен  қатыстым.  Міне,  осы  оқу

жылында  мен  Баубек  Бұлқышевпен  алғаш  рет  кездесіп,  таныстым.  Сол  шақта  оны  Ленин

комсомолы  қатарына  қабылдағанымыз  əлі  есімде.  Баубекті  комсомол  комитетіне  арнайы

шақырып, алдын ала əңгімелестік. Ауылдан қалаға келгеніне кеп болмаса да ол өте тəртіпті,

оқуға, қоғам жұмысына ынталы еді.

Талапты  оқушыларды  əдебиет  үйірмесіне  тарту  ісімен  шұғылданып  жүрді.  Мен  оны

мектеп  өнерпаздары  үйірмесінде  де  жəне  олардың  концерттерінде  де  жиі  көретін  едім.

1933-1934  жылдары  Жосалы  темір  жол  станциясында  орналасқан  Қарсақпай  мыс  балқыту

заводының  автотресі  комсомол  ұйымы  комитеті  секретарының  міндетін  атқарып  жүргенде

де, Қарсақпайдағы тау - металлургия техникумында оқыған кезімде де 1935 жылдың январь

айына дейін Баубекпен талай рет кездесіп, оның мамандығын жақсы игеріп келе жатқанын,

қоғамдық  жұмысқа  жан-тəнімен,  араласатындығын  біліп,  қуанып  жүрдім.  Баубекпен  1938

жылы Риддерден Қызыл Армияға шақырылып, жолда Алматыда бірер күн тоқтағанда соңғы

рет  кездестім.  Көп  сөйлесе  алмадық.  Уақыт  болған  жоқ,  оның  астанадағы  есеп  -  кредит

техникумында оқимын дегені ғана есімде қалды.

Ұлы  Отан  соғысы  жылдары  əскери  ұшқыш  болатынмын.  1942-1943  жылдары

«Комсомольская  правда»  газетінде  жарияланған  мақалалардың  астына  авторы  «Баубек

Бұлқышев.  Политрук  орынбасары»  деген  жазулар  көзіме  оттай  басылды.  Соларды  қайта-

қайта  оқимын  да  ФЗУ-да  оқыған  талапты  қазақ  баласының  Ұлы  Отан  соғысы  кезінде  тек

қарумен ғана емес, семсердей өткір сөздерімен жауға өлтіре  соққы  беріп  жүргенін  қарулас

достарым  алдында  мақтаныш  ететінмін.  Баубектің  отты  мақалаларының  жаумен  шайқасып



жүрген  біздерге,  совет  жастарына  көп  күш-қуат,  рухани  көмек  бергенін  сеніммен  айта

аламын.  Ленин  комсомолының  тəрбиесінен  өткен  түлектер,  біздер  Отанымыздың  сенімді

қорғаушылары  екенімізді  терең  сезіндік.  Жауды  Совет  жерінен  қуып,  жеңіске  жетеміз,

сөйтіп бейбіт өмірді паш етеміз деген патриоттық сезім бойымызды терең билеген болатын.

Февраль 1978 ж.


ҚАТИРА АҚАНОВА

дербес пенсионер



БАУБЕК БАУЫРМАЛ ЕДІ

Қарағанды  облысы,  бұрынғы  Қарсақпай  ауданы,  9  -  ауылда  туып  өстім.  Ауылдық

мектептің  4  класын  бітірдім.  1932  жылдың  бас  кезінде  Байқоңыр  поселкесінде  қызмет

ететін  Ақанов  Мұса  деген  жігітке  тұрмысқа  шықтым.  Ол  кезде  елде  қазақшылықтың  күшті

кезі емес пе?! Жалғыз жігітке қыз бермейміз деген неше тосқауылдардан өтіп, сол жылдың

жаз айында Қарағандыға келіп орналастық. Жолдасым Қарағандының Шет ауданының жігіті

екен.  Ол  радио  комитетке,  мен  жаңадан  құрылған  қазақ  драма  театрына  орналастым.  1934

жылы Мұса Алматыға оқуға кетті, оның артынша мен де Алматыға келдім. Мен қазақ драма

театрының  жанынан  ашылған  3  жылдық  театр  студиясына  оқуға  түстім.  4  класс  біліммен

қандай оқуға түсесің. Алматыға келу жағдайым осылай. Осы мамандықпен драма театрында

жəне Орал облыстық театрында біраз кызмет істедім. 1941 жылы жолдасым Отан соғысына

кетіп,  содан  кайта  оралған  жоқ.  1942  жылдан  бастап  мамандықты  басқа  салаға  өзгертуге

тура келді. Алматы ет комбинатына жұмысқа орналастым. 1951 жылдан бастап туған жерге

қайта оралдым. Жезқазған ет комбинатында цех мастері болып жұмыс істедім. 2 жыл болды

дербес пенсияғa шықтым. Қазіргі кəсібім — немере бағу. Ардақ, Дана деген екі немерем бар.

Баубекпен  ауылымыз  катар  болғанмен  онша  араластығымыз  болған  жоқ.  Əкеміздің

Бабыр аулы, Бабыр балалары деп барып келіп, араласып жүретіні есімде. Баубек пен Мұқан

1935 жылы Алматыға келгенде, бірінші біздің үйге түскен еді. Туған жер, ата-анамды, іні -

ағаларымды сағынып жүрген кезім еді. Артымнан ешкім хабарласпай жүргенде, бұлар маған

туған  інімдей  болды.  Шынында  да  туғаннан  кем  болған  жоқ.  Мұқанның  əкесі  Иманжан

менің əкем Батырбекпен жасты еді. Бұл кісі мені өз қызындай көретін.

Баубек жолдасқа адал, бауырмал, жүрегі толған жалын, ел намысын ойлайтын азамат еді.

Ол  əрбір  жазған  мақалаларына  «Ұлытау  ұлы»  деп  қол  қоятын  еді.  Жəне  де  Бабырдың

немересімін  деп  жүретін.  Үлкен  жазушы  болсам,  атақты  адамдарға  ұқсасам  деп  күлдіріп

отырушы  еді.  Ал  Мұқан  екеуінің  достығында  шек  жоқ,  тамаша  еді.  «Бірінші  мақсатым  —

Мұқанды  үйлендіру,  роман  жазу,  жазушы  болу  қиын  емес.  Мұнда  Мұқанға  қыз  табу,

үйлендіру  қиын  болды  ғой»,  —  деп  күлдіретін.  Екеуі  менің  жолдасымды  жезде  деп  кеп

ойнайтын.  «Қатираға  қалай  үйлендің,  қалың  найманның  ішінен  қалай  алып  шықтың?  Бізге

айтшы, сендер туралы роман жазуға болады», — деп əурелейтін еді.

Баубекпен,  Мұқанмен  бірге  түскен  суретіміз  үйде  жоқ  екен.  Хатты  жолдасым  соғысқа

кеткенше  алып  тұрдық,  ол  хаттар  да  сақталмаған.  Баубектің  бір  хатында  былай  деп

күлдіргені  есімде:  «Мұса,  Қатира,  хаттың  қағазы  кір  болса  кешіріңдер,  тазалап  отырып

жаздым».  Мұса  Баубектің  хаттарын  бірнеше  мақалаларымен  қосып  жинап  жүруші  еді,  өзі

кеткеннен кейін ол да сақталмапты.

Мақаласында  шекараның  шетіне  сақшы  қойып  жазып  жүрген  Мəрлені  —  менің  балам.

Сол кезде ол 2 жаста еді. Сол балам қазір қолымда, осында. Балалар дəрігері болып жұмыс

істейді. Баубек пен Мұқан жөнінде есте қалғаны осылар.

Июнь 1971 ж.



ƏБУ СƏРСЕНБАЕВ

ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ӨР ТҰЛҒА

...Баубек, шын мағынасында əлі толысып та үлгермеген балауса Баубек. Құрбылары оны

«қыз  жігіт»  деп  əзілдейтін-ді.  Бірақ  та  Баубек  бойында  қыз  нəзіктігі  де,  сылбыр  ұяңдық  та

емес, мəдениетті жасқа лайық табиғи биязылық, табиғи əдептілік болатын. Бет пішінінде де

үлпілдек сұлулық емес, жігерлі жігіт сүйкімділігі барды. Рас, ол табиғи əдептіліктен аспай,

əрқашан күліп қана тұратын. Дарақы жандардай ерсі қарқылдамай, биязы ғана күлімдейтін.

Күлген  сəтте,  жаңылмасам,  оң  бетінде  оймақтай  шұқыр  пайда  болатын.  Бəріміз  де  қызыға

қарайтынбыз.  Баубек  қыз  балаша  қызарып,  бетіндегі  шұқырды  алақанымен  жаба  қоятын.

Еттілеу  еріндері  арасынан  кіршіксіз  ірі  тістерін  түгел  көрсетіп,  дауыстап  күлетін  сəттерін

өте сирек кездестіретінбіз.

Бет  бояуы  қоңырқай  болғандықтан  ба,  оның  маржан  тісінде  наурыздың  ақша  қарындай

ерекше бір шаңқандық бар еді. Күлкі əуені де күміс сыбдырына ұқсасты.

1939  жылдың  жаз  айлары  болса  керек.  Сындарлы  келген  жас  жігіт  кабинетке  кірді  де,

есік  алдында  бөгеліп  қалды.  «Иə,  інішек,  бері  кел.  Қандай  шаруа?».  Жігіт  биязы  ғана

жымиып,  қолындағы  қағазын  ұсынды...  «Баубек  Бұлқыш  ұлынан...  Мені  іс  басқарушылық

кызметіне  алсаңыз  екен...»  Арызын  орысша,  өте  сауатты  жазыпты.  Жолдары  да  түп-түзу,

əріптері  де  маржандай  тізілген,  əдемі  -  ақ.  Бұл  жұмысты  басқаратын  адамды  өткен  аптада

орнынан  босатқанбыз.  Қызметкер  керек  екені  де  рас.  Дегенмен  де  ойланып  қалдым.

Қазақтың  сауатты  жастары  бұл  жұмысқа  үйір  болмайтын.  Олар  редакторлық,  не

корректорлықты қалайтын. Ал мынау іс басқарамын дейді. Əлде қазақша оқымады ма екен?

«Қарағым,  қазақша  сауаттымысың?»  Жігіт  тағы  да  жымиды...  «Шүкір,  оқып  жазарлығым

бар..»  Арызын  кері  ысырдым.  «Мүмкін,  кіші  редакторлық  не  корректорлыққа  деп  кайта

жазарсың? Мынау бір берекесіздеу жұмыс...» Жігіт басын шайқады. «Жоқ, аға, маған əзірге

осы да жетеді. Аналар қолымнан келмес, үлкен тəжірибе керек шығар». Қарсылық етпедім.

Апталар,  айлар  өте  берді.  Балғын  жігіт  өзінің  ұқыптылығын  аңғартты.  Оның  бойында

жас  шамасына  тəк  жеңілдік  жоқ  тəрізді.  Үнемі  бір  үлкен  ой,  үлкен  толғаныс  үстінде

жүретіндей.  Томаға  кездерінің  мойыл  қарашықтарын  бір  нүктеге  қадаған  күйі  үнсіз  ойға

шомған сəттерін де жиі байқаймын. Мазасыз жұмыстан қолы босаса болғаны журнал, кітап

беттеріне  үңіледі.  Көз  алмай,  көп  оқиды.  Біздің  кітапханамыз  бай  болатын.  Сондағы  ең

жақсы кітаптарды əрқашан іс жүргізушінің алдынан көремін...

Оқулықтарды  тез  шығару  шараларына  байланысты  əр  күн  ертеңгі  сағат  сегізден

баспаханаларды  аралап,  баспаға  он  екі  -  бірлер  шамасында  оралатынбыз.  Баубекті  тағы  да

сол  өз  орнында  кездестірдім.  Стол  шетінде  бір  стакан  қаймақ,  алдына  əлденеңдей  қалың

том.  Бұл  оның  байырғы  əдеті.  Өзгелер  бірі  тамақтанып,  бірі  бильярдтың  шарларын  ерсілі  -

қарсылы  қуалап,  шуылдаған  сəтте  Баубек  стакан  толы  қаймағын  алдына  қойып,  томдармен


ғана  сырласатын-ды.  Бүгін  де  сол.  Алдында  қалың  кітап.  Бір  сəт  кітапқа  үңіледі  де,  енді

бірде  алдындағы  қағазға  əлденені  жазады  да,  қайтадан  сызады.  Содан  кейін  зейінді

қарашықтарын  ұзын  кірпіктерімен  жаба  түсіп,  жоғары  қарайды.  Тағы  да  кітапқа  үңіледі,

тағы  да  жазады,  тағы  да  сызады.  Тағы  да  бұрышқа  қарайды.  Əйтеуір  бір  қинала  ойланған,

қинала ізденген адамның құбылысы. Кабинет кілтін Баубекке беріп кететінмін. Ойын бұзбау

үшін  біраз  бөгеліп  қалдым  да,  жақын  келіп  кітап  бетіне  кез  қиығын  жібердім.  Шиллердің

«Қарақшыларынан»  Амалия  жырын  аударып  отырған  тəрізді:  «Балғын,  əсем  періштедей

мейірбан», — деп жазыпты да, талай сөздерін үстінен өзгертіпті.

Жұрт  дуылдасып,  түскі  тыныстан  орала  бастаған.  Демек,  Баубекке  енді  маза  жоқ.

Сондықтан  да  ойын  бөлуге  тура  келді.  «Қарағым,  немене,  аударып  отырмысың?»  Баубек,

бейне  бір  қылмыс  жасап  алған  адамдай  селк  етіп,  қағаздарын  жинастырып,  орнынан

көтеріле берді. «Жоқ, аға, маған ұлы неміс бой бере ме?»

Кабинетке  ілестіре  кірдім.  «Кəне,  отыр.  Оқышы,  мен  тыңдайын.  Анау  бір  күні  Гетеден

бір  нəрсе  аударып  отырған  тəрізді  едің,  бүгін  Шиллермен  сырласыпсың...»  Баубек  маған

қойын  дəптерін  ұсынды.  «Рас,  аға,  аударма  емес,  көшірме...  Мен  ұлы  адамдардың  ғажап

пікірлерін,  кейіпкерлерінің  өзіме  эсер  еткен  диалогтарын  көшіре  жүремін.  Олардан

көркемдік  ойлау  жүйелерін,  сезім  өлшемдерін,  романтикалық  пафостарды,  психологиялық

құбылыстарды  үйренуге  тырысамын...»  Дəптерді  ашып  кердім.  Ұлы  адамдардың

əрқайсысынан  да  мағыналы  ойлар,  көркем  сурет  үлгілері  көшіріліпті.  Бірі  орысша,  бірі

қазақша  жазылған.  Кейде  қысқа  -  қысқа  афоризмдер  де  кездеседі.  Біраз  қарастырғаннан

кейін дəптерін өзіне қайтардым. «Жігітсің, інім, мынауың бір өзгелерге де үлгі екен. Бірақ,

қазақ  əдебиетін  оқымайсың  -  ау  деймін,  ə?»  Жігіт  ренжіп  қалды.  «Неге,  аға,  туған

əдебиетімізді  оқымасақ  қазақтығымыз  қанша?..  Олардан  алған  үлгілер  езге  дəптерде...  Рас,

біздің  əдебиетіміз  əлі  кенже  ғой.  Санаулы  адамдардың,  ғана  шығармаларынан  болмаса,  ой

сұлулығы, сезім мөлдірлігі, романтикалық биік пафостар көп кездесе де бермейді. Бірқатары

тым қарапайым. Тіпті ауызекі əңгімелер дəрежесінде ғана...»

Біз  жалпы  əдебиет,  əсіресе  қазақ  əдебиеті  төңірегінде  ұзақ  сөйлестік.  Менің  алдымда

қазір  қарапайым  іс  жүргізуші  ғана  емес,  тіпті  əдебиеттің  қатардағы  оқырманы  ғана  емес,

əдебиетіміздің  бүгінгісі  мен  келешегі  төңірегінде  қатты  толғанатын,  мазасыз  ойланатын

үлкен  парасат  иесі  отырғандай.  Баубек  өзінің  қоңыр  даусымен  іркілмей,  еркін  сөйлейді.

Барды жоққа шығарып, солақайлық та аңғартпайды. Əр сөзінен көп оқығандығы байқалады.

Оның  ойлау  жүйелерінде  ерекше  бір  сұлулық,  сезімінде  мөлдірлік,  армандарында  биіктік

бар.  Бір  сəт  əдебиетіміздің  сол  тұстағы  ірі  қаламгерлерінің  туындылары  төңірегінде  сөз

қозғалса,  енді  бір  сəт  қазақ  əдебиетіне  өзінің  көктем  самалындай  жаңа  тынысымен  келген

Саттар  марқұмның  тым  ерте  қазаланғандығына  қатты  қайғыратындығын  айтады.  Баубек

асықпай баппен сөйлейді. Мен ұйып тыңдаймын, қызығып тыңдаймын.

Əлден  кейін  Баубек  сағатына  қарады  да,  орнынан  көтерілуге  ыңғайланды.  «Түу,  сіздің

көп уақытыңызды алдым – ау...» Иығына қолымды қойып, қайтадан отырғыздым. «Асықпа...

Ал  өзің  не  жазып  жүрсін?»  Баубек  əлденеге  ыңғайсыздана  бастады  «Жоқ,  аға,  мен

əдебиеттің  оқырманымын  ғана....»  Əрине,  сенгенім  жоқ.  Арада  бірер  ай  өтпей  машина

бюросында көлемді қолжазбаны кездестірдім. Сыртына авторы қойылмаған. Он бір буынмен


жазылған үлкен дастан. Жаңылмасам «Қаратау ұлы» деп аталған. Түп нұсқада Баубектің өз

қолы,  маржандай  тізілген  өз  əріптері.  Көтеріп  əкеліп  алдына  қойдым.  «Əй,  інім,  мені

алдаған  екенсің  ғой.  Жазбайтының  қайда?»  Баубек  қысылып  қалды.  «Аға,  кешіріңіз  бұл

əзірге  үйрену  ғана.  Шəкірттік  əуесқойлық  қана».  Ең  болмаса  бірер  бөлімін  оқыр  деп

үміттенген едім, жоқ, Баубек қолжазбаны стол тартпасына тықты. «Аға, ұялтпаңызшы мені...

Өтінемін... 

Уақыт 

өткізуіңізге 



тұрмайды...» 

Қинамадым. 

Тағы 

бірде 


машина

бюросындағылар  шатастырып,  Баубектің  бір  қысқа  əңгімесін  менің  қолжазбама  қосып

əкелген  екен.  Шақырып  алып  қолына  бердім.  «Енді  əңгіме  жазатын  болған  екенсің.

Құттықтаймын,  інім...  Оқышы,  тыңдайық...»  Баубек  тағы  да  күреңіте  түсіп,  басын  шайқады

«Жоқ, ағасы... Алдымен өзім оқып көрейін... Ұятым рұқсат етсе ғана мазалармын». Бүл күні

уақытым  да  жоқ  еді,  қиылып  қыстамадым...  Сөйтіп,  Баубектің  жазып  жүретіндігіне  көзім

жетті.  Мен  енді  оған  кеңсенің  техникалық  қызметкері  емес  басқаша  қарадым.  Əдебиет

аспанынан жар к етер жұлдыздардың бірі санадым. Бірақ балғын жазушы өзі шалағай тапқан

шəкірттік  еңбектерін  ешкімге  көрсеткен  жоқ.  Сол  жылдың  күзінде  Баубек  іс  жүргізушілік

жұмысынан  босату  туралы  арыз  берді.  Қарсылық  етпедім.  Шынында  да,  бұл  болашақ

жазушыға қолайлы орын емес еді.

...Соғыс кезінін қатаң тағдыры бізді енді кайтып дидарластырмады. Тек хат арқылы ғана

хабарласамыз.  «Комсомольская  правдадан»  көркем  публицистикалары  мен  əңгімелерін

оқыған  сайын  төбеміз  көкке  жетеді,  мақтаныш  етеміз.  «Əбеке  -  ау,  мынау  бала  ғажап  қой,

керемет қой... Буған дейін қалай елеусіз келген... Соғыс кезі ойын қанаттандырып, қаламын

өткірлеп  жіберіпті  ғой...»  —  дейді  Ысқақ  Дүйсенбаев.  Редакторымның  пікірін  құптай

тұрып,  Баубектің  əуелден  де  алғыр  жеткіншек  екендігін  айтамын.  Білетін  жайларымды

баяндаймын. «Айналайын-ай, болайын деп тұрған жан екен. Əдебиет аспанында тағы да бір

жұлдыз  туады  деңіз,  Əбеке!»  Құптаймын  да  күрсінемін.  «Сəке,  сол  жұлдызды  мезгілсіз

өшіріп аламыз ба деп қорқамын. Ол қазір саперлер ротасының командирі. Ал сапер дегендер

үнемі  оқ  астында.  Шабуылға  жол  ашатын  да  солар.  Оқ  астында  жүріп  кəпір  салатын  да

солар...»  Ысқақ  қынжыла  ойланып  қалады.  «Иə,  қайтпек  керек,  қандай  амал  бар?»  -  Мен

ұсыныс  енгіземін.  «Амал  бар,  Сəке,  газетке  алдыралық.  Қазір  біздің  майданда...»

Редактордың  жүзіне  қуаныш  күлкісі  оралған.  «Түу,  Əбеке,  сіз  қызықсыз,  оны  маған  неге

айтпағансыз?  Баяғыдан  бері  шақыртатын...»  Баубектің  хатын  көрсетемін.  «Қазір  ғана

алдым... Біздің. майданға таяуда келіпті. Газет жұмысына шықсам деген ойы бар көрінеді...»

Ысқақ  құлақшынын  төбесіне  лақтыра  тастап,  тұра  жүгіреді.  «Онда  болды.  Қазір  бас

редактормен  сөйлесем  де  телеграмма  жібергіземін.  Шегінуге  қақым  жоқ».  Бүл  Ысқақтың

дəуірлеп  тұрған  кезі.  Бас  редактордың  мақтаулы  орынбасарларының  бірі.  Оның  үстіне

партия  комитетінің  секретары.  Мен  үлкен  сеніммен  хат  жазуға  кірісемін.  Баубек  хатын

қайтадан  оқимын:  «Елден  кеткелі  қазақ  газеті,  қазақ  журналы  дегенді  керген  емен.  Тіпті

қазақтарды  да  өте  сирек  кездестіремін.  Ана  тілін  ұмытып  та  барамын...  Əдебиетімізде

қандай  жаңалық  болды?  Кімдер  не  жазды?  Өзіңіз  не  жаздыңыз?  Мен  білетін  жазушылар

қайда?» Осы сұрақтардың бəріне жауап қарастырамын. Хатым ұзап барады. Ұзамағанда ше?

Үш  жарым  жылдың  есебін  беріп  отырсын.  Оның  үстіне  редакцияға  шақырту  туралы

қуанышың қосылса! Тек қуаныш қана емес-ау, қасіретің аз ба бөлісер?! Иə, шексіз ғой тіпті

қасірет.  Бұл  жылдары  біз  отты  ақындарымыз  Абдолла  Жұмағалиевті,  Əли  Есмамбетовті,

Ихлас  Адамбековті,  тəжірибелі  журналистеріміз  Омарбек  Пұсырмановты,  Сабыржан

Үкеновті,  Бахтияр  Меңдіғазинді  жоғалттық.  Қандай  тамаша  жігіттер  еді.  Баубек  бұлардың


бəрін  де  білетін,  бəрін  де  қадыр  тұтатын.  Бəрімізді  де  сағынғандығын  айтыпты.

Сұрақтарының бəріне түгел жауап беруім керек. Жазып отырмын. Жазып отырмын...

Бөлме  есігі  сықырлай  ашылды.  Ысқақ  кіріп  келеді  екен.  Ұрты  салбырап  кеткен.

Жанарында манағы үміт жарқылы жоқ. Түнерген күйі үнсіз отырып қалды да, тек біраздан

кейін ғана тіл қатты. «Болмады, Əбеке. Түсінбейді, түсінгісі келмейді!» Екеуміз де түнеріп

ұзақ  отырдық.  Біз  əлі  де  үмітті  едік.  Тағы  да  іздестірмек  болдық.  Алдымен  редакцияға

шақырталық  деген  тоқтамға  келгенбіз.  Мен  хатымды  да  осылай  аяқтағанмын.  Көп  ұзамай

Баубектің жауабын алдым. Шақыртқанымызды мақұл көріпті. «Тездете көріңдер, ең болмаса

дидарласып  қайтайын.  Қатты  сағындым...  «Менің  «Ком.  правданың»  12  декабрьдегі

номерінде басылған «Көнетоз карта үстіндегі ойлар» деген мақаламды кездестірмедіңіз бе,

«Жауыздық  жəне  махаббат»  деген  еңбегімнен  үзінді  еді.  «Өмір  мен  өлім  туралы»,  «Өмір

сүргім  келеді»  деген  мақалаларым  да  өзімде  сақталмапты.  Тігінділерден  кездестірсеңіз

жібере көріңіз... Сағынған інің Баубек. 10. I.44 ж. »

Бұл  менің  Баубектен  алған  ең  ақырғы  хатым.  Ысқақ  екеуміздің  арманымыз  да

орындалмады.  Баубектен  де  хабар  үзілді.  Осы  жолы  іздеп  бармақшы  едім.  Бірақ  тағдыр

қоспады...

1966 ж.


ТӨЛЕНДІ ОҢҒАРБАЕВ

республикалық дəрежедегі дербес пенсионер



ЕСІМДЕГІЛЕР

Мен «Лениншіл жас» газетінде мəдениет бөлімінің меңгерушісі болып 1938 жылдан 1939

жылдың  көктеміне  дейін  қызмет  істегенмін.  Сол  кезде  Баубекті  де  көретінмін.  Ол

«Лениншіл  жаста»  жəне  «Октябрь  балалары»  газетінде  істейтін.  Суық  күз,  қыс  кезінде

басына  қоқайма  қоңыр  бөрік  киіп  жүретін.  Жайдары,  көпшіл,  кішіпейіл  талапты  жігіт

болатын.  Көркем  шығарма  жазуға  құштар  еді.  Бірде  маған  өзінің  бір  поэма  (ұмытпасам,

«Айсұлу»)  жазып  жүргенін  айтқан-ды.  Бірақ  оның  кейін  не  болғанын  білмеймін.  Өйткені

мен  1939  жылы  көктемде  Жамбылға  кетіп  қалғанмын.  Сонда  оның  талабы  үлкен  екенін

аңғарған едім.

Мен  «Лениншіл  жаста»  істеп  жүргенімде  Қазақстан  ЛКСМ  Орталық  Комитеті  мен

Жазушылар  Одағы  таңдаулы  көркем  шығармаларға  бəйге  жариялаған-ды.  Оған  арналған

повесть,  поэмалар  «Лениншіл  жас»  редакциясына  түсетін.  Мен  оларды  тіркеп,  комиссия

(жюри) мүшелеріне оқып беретінмін. Таңдалып, газетке басуға ұсынылғандарын редакцияға

əкеп, осындағы жолдастарға көрсететінмін.

Баубек гүлі ашылмай, жас кетті. Оның майданнан жазған мақалаларын «Комсомольская

правдадан»  оқып,  қаламының  өткірлігіне  таңданып  жүрдік.  Ол  туралы  деректі  повесть  не

киносценарий  жазу  —  игілікті  іс,  оның  өзі  жастарға  əскери-патриоттық  тəрбие  беруге

көмектесетін болады.

Октябрь 1974 ж.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет