МҰҚан иманжанов баубек бұЛҚышев (Қысқаша өмірбаяны)



Pdf көрінісі
бет1/9
Дата06.03.2017
өлшемі0,52 Mb.
#8019
  1   2   3   4   5   6   7   8   9

МҰҚАН ИМАНЖАНОВ

БАУБЕК БҰЛҚЫШЕВ

(Қысқаша өмірбаяны)

Əдебиетте  жарқ  етіп  көрініп,  тез  сенген,  жастай  кеткен  Баубек  Бұлқышевтың  шағын

өмірі əрі аянышты, əрі қызықты. Жаңа сілтеп келе жатқан қаламы еске түссе өкініш келеді,

дауылды өмірі, ерлік ісі еске түссе бойыңды мақтаныш билейді. Оның өмірі — нағыз совет

жасының өмірін елестетеді.

Ол  1916  жылы  Ұлытаудың  баурында  (Қарағанды  облысы  )  туды.  Алғашқыда  ауыл

мектебінен  оқып  сауатын  ашты.  Бұдан  былайғы  оқуына  жақын  туысы  Сейтжан  Смаилов

деген  мұғалім  көп  ықпал  жасайды.  Бұл  кісі  Ұлы  Отан  соғысы  жылдарында,  Ұлытау

поселкесінде оқытушы болып жүріп қайтыс болды.

Баубек  жастайынан  алғыр,  өжет  болып  есті.  Қалада  оқып,  білім  алуға  ұмтылады.

Жоғарыда айтылған ағасының көмегімен 1932 жылы Қарсақпай заводындағы фабрика-завод

училищесіне келіп оқуға түседі. Нақ осы жылы əкесі мен шешесі қайтыс болады.

ФЗУ-ды  бітіргеннен  кейін  Баубек  1933—1934  жылдары  «Ұлытау»  совхозында  түрлі

шағын қызметте болды. Осы уақыттан бастап ол көркем əдебиетті құмарта оқуғa кірісті.

Түрлі əзіл өлеңдер жазып жүреді. Бірақ бұл кəсібін құнттамайды, жазғандарын сақтамай

ескерусіз қалдыра береді.

1935 жылы августың орта кезінде Баубек оқу іздеп Алматыға келеді. Институтқа түсерлік

тиісті  білімі  болмағандықтан  техникумдардың  бірін  қалауға  тиіс  болады.  Өзімен  бірге

келген  ересек  жолдастары  оған  есеп  -  экономика  техникумына  түсуіне  кеңес  береді,  осы

кеңес  бойынша  техникумның  даярлық  курсына  түседі.  Ол  алғашқы  жылы  сабақты  жақсы

оқиды. Сонымен катар, көркем əдебиетті, əсіресе орыс тіліндегі əдебиетті оқумен айрықша

шұғылданады. Өлең жазуды да шыңдап қолға алады. Түні бойы кітапқа үңіліп, көрер таңды

көзімен атқызып жүрген күндері де аз болмайтын.

Əдебиетпен шындап айналысқан Баубек техникумның екінші курсында есеп қызметкері

болу мамандығынан мүлде суып, оған селқос қарайтын болады. Уақытының көбін əдебиетке

арнап,  соның  қызығына  түседі.  Қызға  арнап  өлеңдер  шығарады.  «Балалалық  шақ»  деген

поэма,  «Ауылдан  Алматыға»  деген  ұзақ  əңгіме  жазады.  Бірақ  бұл  екі  еңбегінен,  «нашар

нəрселер» деп, артынша өзі тез жерінеді. Ешкімге көрсетпей, тығып тастайды. Қазір бұл екі

еңбегі қолда жоқ. Өзінің жыртып тастауы да ғажап емес.

Баубек  бұл  жылдары  əлеуметтік  тақырыпқа  да  өлеңдер  жазып  жүрді.  Бұл  жазғандарын



«Лениншіл  жас»  газеті,  «Қазақ  əдебиеті»  (қазіргі  «Əдебиет  жəне  искусство»)  журналы

сияқты баспасөз орындарына ұсынып кергені де бар. Бірақ басылып шыққаны болған жоқ.

«Осы техникумды қоямын-ау деймін. Бір редакцияға өлең апарсам, соңындағы адресімді

көріп,  бетіме  тесіле  қарайды.  Бухгалтер  мен  ақындық  бір  жерге  ауыл-үй  қонбайды  ғой

дегендей болады бұл қарасы», — дейтін əрі əзілдеп, əрі ренжіп.

Рас,  оның  бұл  кездердегі  жазғандарының  көпшілігі  шын  мəнінде  өлеңдік  дəрежеге

көтеріле алмаған, жаңа талаптың алғашқы аңғал адымы еді.

1938  жылы  техникумның  екінші  курсын  бітіріп,  жазғы  каникулда  елге  бармастан

қазақтың  мемлекеттік  баспасында  іс  басқарушы  болып  уақытша  қызмет  істейді.  Осында

жүріп  «Айсұлу»  атты  ұзақ  поэмасын  бітіреді.  Бұл  поэманы  кейбір  жеке  ақындар  ұнатады.

Сол  кездегі  баспаның  директоры  ақын  Ə.  Сəрсенбаевтың  ұсынуымен  Баубек  Қазақстан

Жазушылар  ұйымының  жанынан  ашылған  жас  ақын  жазушылардың  екі  айлық  курсына

алынады.  Бұл  курсқа  алынған  соң,  ол  техникумнан  арыз  беріп  босанады.  Курсты  сол  жылы

30  ноябрь  күні  бітіріп,  Жазушылар  ұйымының  жолдамасымен  «Лениншіл  жас»  газетіне

барып,  əдеби  қызметкер  болып  орналасады.  Мұнда  біраз  істегеннен  кейін  «Октябрь

балалары»  (қазіргі  «Қазақстан  пионері»)  газетіне  балалар  творчествосы  бөлімінің

меңгерушісі  болып  жоғарылатылады.  Осы  жылдары  ол  бірнеше  өлең,  əңгіме,  əдеби

мақалалар  жазады,  орыс  ақындарынан  аудармалар  жасайды.  Бүл  еңбектерінің  бір  қатары

«Октябрь  балалары»,  «Лениншіл  жас»  газеттерінде,  «Пионер»  журналында  басылып

шығады.  «Октябрь  балаларында»  1940  жылдың  февралына  дейін  істеп,  сол  айдын  28-і  күні

армияға алынып, Москваға кетті. Онда саперлар даярлайтын училищеде оқиды.

1938-1940  жылдар  жазушының  болашақ  кен  өрісіне  іргетас  болып  қаланды.

Жазушылыққа  мол  негіз  салды.  Бұл  жылдардың  көбін  ол  Алматының  кітапханасында  том

оқумен  өткізді.  А.  Пушкин,  М.  Лермонтов,  Л.  Толстой,  А.  Чехов,  М.  Горький,  Байрон,

Шиллер,  Гете,  Шекспир  сияқты  ақын-жазушылардың  шығармаларын  терең  зерттеп  оқуды

күнделікті  əдетіне  айналдырды.  Философия,  тарих  сияқты  əлеуметтік  басқа  ғылым

саласымен шындап танысуы да осы кезден басталады. «Жазу үшін білу керек екен, көп білу

керек екен. Мен осыны мықтап ұғынған сияқтымын» дегенді ол жиі айтатын болды.

Баубек  қанатты  ой  иесі,  арманшыл  жас  еді.  Ол  шат  өмірді,  жастық  дəуренді,  қажырлы

күресті,  қаһарман  халықты,  жүрекке  нұр  құйған  заманды  жыр  етуге  асықты.  Ұлы  іс  ұлы

жырды керек ететінін жақсы сезінді. Ал ұлы жырды бір ғана талант пен елді сүйген жүрек

қана емес, арнасы мол білім тудыратынын ұқты. Сондықтан да ол: «Жазуға асықпау керек,

білуге асығу керек», — деп білді.

Көлем  жағынан  шағын,  маңыз  жағынан  үлкен  бұл  еңбектің  авторы  политруктың

орынбасары Баубек Бұлқышев еді.

Баубектің  осы  еңбегі  оның  соғыс  жылдарындағы  творчествосының  бастамасы  болды.

Отандас  құрбылары  оны  бірден  таныды.  Майданнан,  тылдан,  Совет  Одағының  барлық

түпкірінен оған хат жауды. Бұл хаттарында олар: «Сен біздің бəріміздің жүрегіміздегі сөзді

айттың», — деп сүйсінді.


Жау  Кавказға  төнді.  Отанымыздың  оңтүстік  аудандарында  қиян  кескі  ұрыс  басталды.

Жас ұлан, жауынгер жазушы «Тыңда, Кавказ» деп саңқылдады.

Отан  соғысынын  тарихындағы  ең  сұрапыл  жəне  шешуші  1942  жылда  Баубектің  үні

осылай  шықты.  «Комсомольская  правда»  мен  республикалық  «Социалистік  Қазақстан»

газеті  беттерінде  оның  еңбектері  үзбей  басылып  турды.  Ол  екі  тілде:  орыс,  қазақ  тілінде

жазды. «Мен өмір сүргім келеді», «Заман біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Ескі карта туралы

ойлар»  сияқты  еңбектерін  газет  бетінен  оқушы  жұртшылық  құмарта  оқыды.  Баубектің

жазғандарын  совет  жастарының  сүйіп  оқығанын  оның  өз  хаттарынан  -  ақ  айқын  көруге

болады. «Өмір мен өлім туралы» əңгімесінің газетте жариялануына байланысты бір хатында

былай деп жазады. «Комсомольская правда» арқылы патриоттардан статья жөнінде кеп хат

алдым. Əсіресе украин мен белорустың қыздары кеп жазады. ...Мен бұл кішкентай статьямен

жастардың  жүрегіне  қобыз  ойнатсам  керек...»  «Мен  өмір  сүргім  келеді»  деген  əңгімесі

жарияланғаннан  кейін  жазған  бір  хатында:  «Мені  хат  деген  басып  кетті.  «Өмір  сүргім

келеді»  туралы  Совет  Одағының  бұрыш-бұрышынан  200-ден  аса  хат  алдым»,  —  дейді.  Бұл

хаттардың көбі сақталмаған. Қолда қазір не бары бірнеше - ақ хат бар.

Орыс  əдебиетінің  ізгі  дəстүрінен  үйреніп,  жана  қанат  қағып  келе  жатқан  дарынды  жас

кемеліне  келе  алмай  кетті.  Казак  совет  əдебиеті  үшін  тың  арна  —  жалынды

публицистикадан  бастап,  күрделі  прозаға,  романға  бет  қойып  келе  жатқанда  1944  жылы

март  айында  Ново-Юльевка  селосында  Отанының  азаттығы  мен  тəуелсіздігі  жолындағы

күресте  қаза  болды.  «Алматылықтар»  деген  соғыс  тақырыбына  жазылған  үлкен  романы

аяқталмай қалды.

Соғыстың  сұрапыл  өрті  ішінде  жауға  қарсы  ұрыста  жүріп,  окоптарда  білте  шамның

жарығымен, кейде айдың сəулесімен жазып та Баубек əдебиет майданында едəуір еңбек етіп

кетті.  Оның  1943  жылы  Алматыда  «Заман  біздікі»  деген  əңгімелер  жинағы  шықты.  Осы

жылдың басында таңдаулы өлеңдері мен əңгімелерінің жинағы басылды.

Жауға  қарсы  қаруымен  бірге  қаламын  да  жұмсаған  Баубек  советтік  отаншылдықтың

тамаша үлгісін көрсетті. Оны совет мектебі, комсомолы тəрбиелеп өсірді. Лениншіл жастар

одағы оны даңқты партиямыздың қатарына қосты. Саналы, азат өмірдің құшағына бөлеген,

өшпес  бақытқа  бөлеген  советтік  Отанын  ол  жанындай  сүйді.  Оның  болашағы  жолында

азаматша қызмет етіп, азаматша күресті, азамат өлімімен қаза тапты.

«Н.  Островский  өз  өмірін  жаман  өткен  жоқ  деген.  Сонда  ол  он  жеті  рет  атакаға

қатысқан,  азамат  соғысының  мықты  күресшісі  болған.  Күреске  сіңген  еңбектерін  қорыта

келіп өмірін тек өтпеген деп шешпей ме. Міне, өмір — күресте. Мен де солай ойлаймын...

асылы, алысып өлген адамның өлімі — өмір», — дейді патриот жауынгер жазушы.

Ақтық  минутына  дейін  еліне,  Ленин  партиясының  ұлы  ісіне  шексіз  беріліп,  мүлтіксіз

қызметпен  совет  армиясында  қатардағы  жауынгерден  аға  лейтенантқа  дейін  өскен,

коммунист жазушы Баубек Бұлқышевтың қысқаша өмір жолы, міне, осындай.

1949 жыл.



МҰҚАШ БИМАҒАМБЕТОВ

БІЗДІҢ БАУБЕК

-  Мұқа,  өз  замандасыңыз  Баубек  туралы  не  айта  аласыз?  —  дегеніме  жалт  қараған  қарт

ойланып отырып қалды. Өзінен-өзі іштей күбірлеп, анда-санда «иə, Баубек туралы ғой» деп

маңдайын  сипағыштап  қойып  отыр.  Шашын,  қас-қабағын  күміс  қырау  шалған  кісінің

маңдайынан  шып-шып  тер  де  шықты.  Көзі  сəл  жасаурап,  екі  иығын  қомдай  қозғалып,  бір

нəрсеге тықыршыған сыңай байқатады.

-  Ол  менің  бауырым  ғой,  бауырым.  Осы  жерде  оның  аты  аталу  мені  қазір  бұдан  жарты

ғасыр  бұрын  ұмыт  болып  кеткен  балалық  шағыма  қайта  оралтты.  Əркім  өзінің  қатарымен

ғой. Қазір əр жерде қалған кетік тістей сирей бастаған тұстастарым бар. Бірінің күні кешегі

сұрапыл  соғыста,  кейбірінің  ағынды  өмір  бұрылыстарында  кезден  ғайып  болғанын  да

білемін.  Расында  Баубектің  қатары,  тұстасы,  құрдасы,  көз  көргендері  дейтін  біздер  азайып

барамыз,  —  ол  тағы  бірсыпыра  үнсіз  қалды.  Əр  сөзін  санап,  толғанып  сөйлейтін  кісі  екен.

Тіпті асығар емес. Тұнық əр кез сабыр сақтап тұратын қоңыр көзін маған қадап алған:

- Біздің Баубек жібектей созылған салмақты мінезді, барынша ақ жарқын жан еді, — деп

əңгімелеп  кетті  ол  одан  əрі.  —  Əке-шешесі  де  қалтқысыз,  басқаға  дегенде  құрақ  ұшып

тұратын  ақ  көңіл  кісілер  болатын.  Бұлқыш  сөзшең,  орып  сөйлейтін,  ауызының  желі  бар

сөзуар  адам  еді.  Бұлқыштың  сол  мінезінен  бе,  əлде  барын  дастарқанына  төгіп,  базарлай

білетін  Бəтима  жеңгейдің  кең  қолды  сақылығынан  ба,  əйтеуір  ол  үйге  кісі  үйір  еді.

Шаруашылығының  жұпыны  кедейлігіне  қарамастан,  Баубектің  үйі  əр  кез  сондай  берекелі,

көңірсіп тұрумен де қонақжайлы болатын.

Баубектің əкесі сөзуар болса, шешесі Бəтима да əзіл - кеш, ойын-сауықта көңілді отыруды

ұнататын ашық жанды кісі болды. Ол кезде сирек болса да болып тұратын ойын-тойдың гүлі

еді. Шырқап салған əні əлі құлағымнан кетпейді. Бəтима жеңгей əн шырқағанда, таңдайын

қақпайтын,  тамсанбайтын  кісі  болмайтын.  Сондай  əке-шеше  Баубегің  де  кең  пейілді,  өнер

құмар, сүйкімді азамат етіп есіруге тырысатын-ды.

Мен Баубекпен катар өстім. Бір жылда туған, қазір көздері тірі, ағайынды Жəкі, Сəрсен

Жұмановтар,  Өтеубай  Сақанов  —  бəріміздің  бала  шағымыз  осы  Сарлық  бойында  өтті.

Баубектің  туған  жері  де  осы  жер,  —  терезеден  көріне  қоятындай  Мұқаш  қария  мойнын

толған əйнекке көз тастады, — осынау тұста төрт-бес шақырымдай-ақ жерде қолдан құйған

шикі  кесектен  қаланған  Баубектің  сəбилік  шағы  мен  балалық  дəуірі  өткен  Бұлқыш  үйінің

қазір  орны,  тек  сұлбасы  ғана  қалды.  О,  дариға  десеңші,  сол  ескі  қора-жайдың  тұсынан

əлдеқалай  ете  қалсам  қарқылдап  мəз  болып  күліп  отыратын  Бұлқан  мен  жайлау  жанды

Бəтима  жеңешемнің  сыңғырлаған  үні  құлағыма  келеді.  Бəтиманың  шырқап  салған  əні...

Баубекті айтсаңшы...



«Болатын  баланың  бесіктен  иығы  шығып  жатады»  дейді  ғой  халық.  Сол  рас  екен.  Осы

күндері  ойлап  отырсам,  11-12  жасқа  дейін  балалық  шағы  бірге  еткен  Баубек  сонау  сəби

кезінен-ақ  басқамыздан  ерекше  екен.  Ол  жасынан  елгезек  болатын.  Үлкеннің  сөзін  екі

етпейтін  тілалғыш  еді.  Сол  мінезі  оны  ауылымызға  сүйкімді  көрсететін.  Үлкеннің  алдын

кесіп  өтпейтін,  үлкеннің  бетіне  ажырайып  қарамайтын  сол  мінезі  үшін  бүкіл  ауылымыз

тілалғыш бала деп құрметтейтін. Ол өте сезімтал, зейінді, алғыр еді. Алғаш мектеп есігін де

бірге  аштық.  Тұңғыш  мектебіміз  Қорғантас  деген  жерде  болатын.  Менің  білуімше,  осы

мектеп — Ұлытау өңірінде Совет өкіметі орнаған кезде ғана ашылған, біздің дарқан даламыз

үшін  зор  оқиға  болған  мектеп  еді.  Сондықтан  болар,  бүл  күнде  тек  орны  ғана  қалған

Қорғантас мектебі біздің хат танып, білім алуымыз үшін əлемнің алып дарбазасындай болып

елестейді  əлі  маған.  Біздің  оқытушымыз  кезінде  Ұлытау  өңірі,  тіпті  Сарыарқа  даласы  үшін

үлкен білімдар саналған Сейітжан Смайылов, аса мейірімді кісі еді. Өзінің келбетіне қарай

ақылдылығы,  қамқорлығы,  пейілі  де  басқадан  биік  тұратын.  Біздің  сəби  жанымызға  алғаш

ізгілік нышанымен білім шуағын дарытқан да сол қадірмен аға еді. Бір тоға орыс тілі, төте

оқу  тəрізді,  жазу-сызу  пəндерін  терең  меңгерген  ол  үнемі  білгенін  балаларға  үйретуден

жалыққан  емес.  Өзі  Октябрь  революциясы  алдында  ғана  Троицк  қаласындағы  медресені

бітіріпті.

Қайсыбір  өркен  болмасын  білгір  диқан  қолынан  ғана  өз  бабын  табады  емес  пе,  кезінде

біз  де  солай  өмірге  көз  ашып,  білім  алған  едік.  Сейітжан  ағаның  мейірбан  қоңыр  даусы,

Бибігүл  жеңгеміздің  бауырмал  мінезі  бізге  кеп  ықпал  етсе  керек.  Секең  де,  Бибігүл  де  сол

кездегі  ауыл  баласы  ішінен  басқамыздан  гөрі  Баубекті  тым  ыстық  көретін.  «Мұның  басы

алтын  ғой.  Баубектің  ашуына  тимеңдер,  егер  бұл  ашуланса,  самай  шашына  караңдар,

тікірейіп кетеді. Намысқой жанның, қуатты, ақылды кісінің белгісі бар», — дейтін.

Онсыз  да  орынсыз  сөйлеп,  үндемейтін  Баубектің  ақ  жарқын  мінезін  көп  көретін  мен

зəуінде  болмаса  ашуланғанын  көрген  емеспін.  Ол  сирек  қозғалатын  жанартаудай  тұлғалы

азамат еді сəби жасынан.

Баубек  екеуіміз  алғашқы  оқуды  сол  Сейітжан  ағаның  үйінде  жатып,  Қорғантас

мектебінде  бастадық.  Тумысынан  алғыр  Баубек  шу  дегеннен-ақ  ез  құрбыларынан  зерек

екенін  танытты.  Оқуды  үздік  оқыды.  Қай  пəн  болмасын  ол  қиналмай-ақ  тез  игеретін.  Ал

əдебиет, тарих, география пəндері Баубек үшін оп-оңай көрінетін. Бір естігенін ұмытпайтын,

бір  көргенінен  жаңылмайтын  ол  бұл  пəндерді  лезде  жаттап  алушы  еді.  Баубек  əр  сабақты

дайындаған кезде көн ойланып, көп толғанушы еді. Бейсеубет жүру, ойынға салыну оған жат

болатын. Сол үшін де ұстаздар Баубекті жақсы көруші еді.

Ол  нəзік  жанды  болып  өсті.  Əлі  есімнен  кетпейді.  Жаз  айы,  шілденің  орта  кезі.  Ауыл

балалары осы Сарлық өзенін жағалап келе жатқанбыз. Ойын баласы кезіміз ғой. Елен етіп,

алға қарай ұмтыла түскен Баубек:

-  Тыңдаңдар,  дəу  де  болса  қоянның  жылаған  даусы,  —  деді  қара  көзінен  от  шашып.

Сөйткенше  болмай,  қоянның  жан  даусын  бəріміз  де  естідік.  Əлгі  дыбыс  шыққан  жаққа

жүгіріп  келсек,  бір  ителгі  өзен  жағасында  қоянды  домалатып,  жүнін  додалап  жатыр  екен.

Бізден  үріккен  ол  далбақтап  ұша  жөнелді.  Қанша  айтқанмен  тырнақты  пəле  емес  пе,  қоян

байғұсты едəуір жаралап тастапты. Бəрімізден бұрын қоянға қолы тиген Баубек:


- Міне, жыртқыштық. Өй, мұнын не жазығы бар. Əлі жеткен əлсізді осылай қорлай бере

ме  екен,  —  деп  сөйлей  жүріп,  денесінен  жосадай  болып,  қаны  аққан  қоянды  аялап  жүр.

Қанын  жуып,  тазартып  болып:  —  Ал,  бар,  бұдан  былай  сақ  жүр.  «Бері  жоқ  деме  бөрік

астында»  деген  осы,  —  деді  де  қоянды  босатып  жіберді.  Кирелеңдей  басып  кетіп  бара

жатқан қоянның артынан ойлы пішінде қарап тұрған бейнесі əлі кез алдымда.

- Бұл — адал аң. Бізге бұйырған шығар, бауыздап алайық — деген басқамызға:

- Жоқ, əне, көзіне қараңдаршы, жылап тұр. Жыртқыштан босатып алып, енді оған пышақ

жұмсау тағылық болар. Ол да өзіміздей жан иесі, тимейік, еркін даласына барсын, — деген

еді.

Осы оқиғаны ауылға айтып келгенімізде жасы сол кезде сексеннен асқан бір қарияның:



-  Бұлқыштың  баласы  адам  болады  екен.  Сəби  күнінен  жүрегінде  жылылық,  мейірім

орнаған  адам.  өскенде  де  күндей  шуақты  болады.  Қорлық  көргенге  қол  ұшын  бергенге  не

жетсін, — дегені əлі есімде.

Тағы  бірде  кешқұрым  ауыл  сыртында  келе  жатып  аяғымның  астында  жатқан  жыланнан

қатты  шошынғаным  бар.  Қасымда  Баубек  болатын.  Менің  секіріп  түскен  жеріме  келген

Баубек:


-  Əй,  мына  жауыз  қара  торғайды  жұтып  жатыр,  бірақ  тамағынан  əрі  өтпей  кептеліп

қапты,  қақалып  жатыр  өзі,  —  деп  қолындағы  таяғымен  жыланды  басқа  түртіп  еді,  айбат

шеккен  жылан  құйрығымен  жер  сабалады.  Өзі  де  білектей,  шұп-шұбар  екен.  Көзі  ұясынан

шығып, құйрығын баурына жинап, атылардай болып жатыр.

- Мұқаш, — деді Баубек, — əкем жазықсыз жанға жəбір берме деп күніне мың айтатын

еді.  Ал,  мынаны  қайтеміз?  Момын  торғай  бұған  не  істей  қойды  дейсің.  Онымен  қоймай

қарашы,  құйрығымен  жер  сабалап,  бізге  де  айбат  шегуін,  көзін  тесірейтуін,  —  деп  үлкен

адамша тебіренгені əлі есімде.

Біздің Баубек өз қатарының қарулысы да еді. Бір ауылдың құрбылас балаларын Өтеубай

Сақанов  шетінен  қирата  жығатын.  Мұндай  ойын  кезінде  Баубек  өзіне  біткен  сабырлықпен

үнемі қалыс қалып тұратын. Сондай ойынның бірінде бəрімізді жығып, шоқтығы көтерілген

Өтеубай:


-  Мына  Ұлытау  төңірегінде  мына  дəдеңді  жығатын  ешкім  жоқ!  —  деп  бөспесі  бар  емес

пе! Бұрын сөйлей қоймайтын Баубек:

- Əй, Өтеубай, бекерге мақтанып не керек! — деді.

- Немене, күресейін деп пе ең? — деп Өтеубай да оған жалт қарады.

- Күрессем ше?

-  Күрессең,  қабырғаң  бырт-бырт  сынады  да  қалады,  —  деп  Өтеубай  саусақтарын



тарбитты.

- Қойсаң деймін...

- Қоймаймын.

Екеуі аяқ астынан ерегесіп қалды. Күрес басталып кетті.

Өтеубай жылдам қимылдайтын, шапшаң еді. Ол шу дегеннен-ақ Баубекті үйіре жөнелді.

Құшақтап,  белін  қайыстырып  бұрап  алды.  Бірақ  оған  Баубек  беріле  қоймады.  Топшысын

қаттырақ  сермеп,  бұлқынып,  тезірек  қимылдаған  бойда  Өтеубайды  жерден  көтеріп-ақ

алғаны.


- Ал, Өтеубай, лақтырамын, — деді де алып соқты. — Құр босқа мақтанып, даурығасың.

Айқайдан көтерілген жаңғырықтай бекерге өзеуреп не керек, — деді де аяңдап жөніне кете

берді.

Баубектің  нелер  ерке  мінезі  де  болатын.  Жеңгелері  қатты  сыйлайтын.  Жеңгелердің



уытты сөзін көп тыңдап өсті ол. Бірде сол көп жеңгенің бірі:

-  Қоңыр  тентек,—  деп  дауыстап,  Баубекті  шақырып  алды  да,  —  тоңа  қоймассың,  сонау

шіліктің арасында осы ауылдың бір топ бұзауы жүр, барып қуып келе ғой, — деді. Көзінен

ұшқын жалт еткен Баубек сəл тұрды да:

-  Жарайды,  —  деп  жүгіре  жөнелді.  Бірге  тұра  жүгірген  біздерді  қайтарып  жіберді

жолдан. Бірақ көп кешікпей бұзауларды қуып келді де, əлгі жеңгесіне:

-  Дана  жеңгей,  əне,  бұзауларың  келді,  байлап  ал,  —  деп  дыбыс  берді.  Расында  бұл

жеңгеміздің  түскеніне  кеп  болмаған  еді.  Үлбіреген  күйі.  Артынша  əлгі  жеңгейдің  үйінен

қақалып-шашалып шыққанын көрдік. Ал Баубек үйдің төбесінде, пештің аузында отыр. Оны

шыға сала байқаған əлгі жеңгей:

- Қалқам-ау, оның не, үйді түтін алып кетті ғой, — дегенде:

-  Тентек  адам  не  істемейді,  —  деп  бұрылып  жүре  берді.  Ол  сондай  намысқой  болатын.

Кейін жеңгелері «мырза жігіт» атап кетті.

Келесі жылы Баубектің үйі Қарсақпайға көшті.

Мұнда  бізді  оқуға  əкеліп  жүрген  сол  кезде  ел  ағасы  атанған  Болысбек  Хасенов  деген

адам. Ол да Сейітжан сияқты оқыған кісі еді. Ақ құба жүзді, көкшіл көзді кісі болатын. Ол

да:  —  Бəріңнен  Баубек  озады.  Ол  оқуды  жақсы  көреді.  Оқу  —  өмір  көзі.  Ал,  көзі  бар  —

тірлік  иесі,  халыққа  пайда  келтіреді,  —  деп  отыратын  ақылды  жан  еді.  Арада  екі-үш  жыл

өткен соң Қарсақпайға мен де келдім. Бүл Баубектің ФЗУ мектебінде оқып жүрген кезі еді.

Анадайдан  мені  көре  сала  ол  тұра  жүгірді.  Екеуіміз  құшақтаса  кеттік.  Қатты  сағынып

қалыппыз.  Ол  да,  мен  де  кезек-кезек  сүйісіп  жатырмыз.  Сол  Баубек  қазір  де  көз  алдымда.

Жас кезін адам ұмыта ма? Оның сондағы əрбір қимылы жадымда қалыпты. Есіме алсам іші-



бауырым елжіреп, сағыныш жайлайды жанымды.

ФЗУ  мектебінде  осы  төңіректің  барлық  жас  балалары  оқыды  десем  қате  болмас.

Айрықша  есімде  қалғандары  қазір  академик  Ө.  Байқоңыров,  пенсиядағы  шахтер  Ə.

Тоқтыбаев, тағы басқа бірлі-жарым əлі кезі тірі ел жігіттері.

Кеше  Ұлы  Отан  соғысы  кезіндегі  оның  жалынды  жырлары  мен  əңгіме,  очерктері  ешбір

айны қатесіз оның жалындаған жүрегін танытады. Оның сол жазғандарынан бала Баубекті,

құрдасымды,  сұрапыл  күндерде  Отаны  үшін  ез  жанын  пида  еткен  патриот  өткір  жанды

Баубегімді көремін. Шіркін, біздің Баубек ізгі жанды ер азамат еді ғой.

Декабрь 1972 ж.

Жазып алған А. Қаражігітов.



ҒАБДОЛЛА БАЙТЫШҚАНОВ

САБАҚҚА СОНДАЙ АЛҒЫР ЕДІ

Бұлқышев  Баубекпен  1932  жылдан  1934  жылдың  июль  айына  дейін  Қарсақпайда  ФЗУ

мектебінде  бірге  оқыдым.  ФЗУ-ді  бітіргеннен  кейін  ол  Ұлытауға  жұмысқа  кетті  де,  мен

Жезқазған  руднигінде  кызмет  істедім.  Екеуміз  үзбей  хат  арқылы  байланыс  жасап  тұрдық.

Ойымыз — бірге Алматыға оқуға бару болды. Осы келісім бойынша 1935 жылы июль айында

Қарсақпайда кездесіп, ағай Абдрахман Тоқтыбаев, апай Шəуен Тоқтыбаева төртеуміз оқуға

аттандық.  Алматыға  келген  соң,  бір  айдай  Алматы  тау-кен  металлургия  институтында  бір

бөлме  алып,  бірге  тұрдық.  Баубек  туралы  есте  қалған  жағдайлар:  ФЗУ-да  оқып  жүргенде

пікірлес,  жақсы  жолдас  болдық.  Сабаққа  бірге  дайындалып,  тату-тəтті  дос  болдық.  Ол

сабаққа  өте  алғыр  еді.  Əсіресе  есеп  сабағына  жүйрік-тін.  Мысалы:  бірде  есеп  мұғалімі  өте

қиын  есеп  бергенде,  он  екі  амалмен  шығатын  есепті  ол  бірінші  болып  шығарғанда,  оны

бəрімізге өнеге боларлық осы деп мақтағаны əлі есімде.

Алматыға  барғаннан  кейін  бір  техникумға  бірге  орналастық.  Онда  Баубек  1938  жылға

дейін, яғни 2 курсті бітіргенше бірге оқыдық.

Баубек ақ көңіл, жайдары, жолдасқа адал, жақсы жігіт болатын.

Май 1977 ж.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет