Мұқан Иманжанов өмірі мен шығармашылығы


Марат Қарғабай естелігінен



бет4/4
Дата06.06.2023
өлшемі45,7 Kb.
#99036
1   2   3   4
Байланысты:
Дәріс мазмұны

Марат Қарғабай естелігінен
Қазақ халқының біртуар перзенті, қарымды қаламгер, майдангер жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің өзінен бұрын шығармаларын танып, біліп, оқып өстік. Мектеп қабырғасында ой-санамыз тұп-тұнық, шынайы таза, балаң балалық шақтың ауласында жазушының шығармаларын ауылдық кітап үйінен алып үйге жеткенше асығамыз. Қарақұрдың дауылды бораны бір басталса аптаға созылатын. Желі де күшті, қары да қалың түсетін. Сондай күндері сөмкемізді толтыра әкелген кітапты пештің түбінде, апамның түйе жүн салып көктеген көрпесін жамылып оқуға кірісетін едік. Сәуірбек Бақбергеновтің балалық шағы кеңес өкіметі орнап, жұрт елең алаң сәттен бастан өткеріп, бай мен кедей, қызыл мен ақ арпалысқан жылдарға тоғысты. Сұлтанбек, Ғани, Саттар, Нысанбек, Құрал Рүстемовтер оқыған Түркістандағы балалар үйінде осы азаматтармен бір жылда тәрбиеленіп, қатар жүріп өспесе де әр жылдары осы қамқор үйдің қабырғасында өсіп тәрбие, тәлім алып азамат болып шықты.
Сәуірбектің әкесі Бақбергенде аттың жай-­күйін, ауру-сырқауын,, ішіп-жемі мен күті­мін, бәйге аттарының бапталуын жақсы біле­тін атбегі ретінде Теріскей елі есіміне қанық болатын. Бақберген қамшы өрімі, ер-тұрман, ат-әбзелдерін зерлейтін алтын саусақты зергер болған екен. Сол ісмер, зергерлігінің, шеберлігінің арқасында отбасын мұқтаждықтан құтқарып, аштық пен жұтты жылдары отбасын тығырықтан алып шыққан. Туған ауылы мен ауданы, оның тарихы, әрбір сәттері туралы қазақ әдебиетіне көркем шығарма жазып қалдырған созақтық жазушылар бірегейі – Сәуірбек Бақбергенов болатын. Ол уақытта Сәуірбек сияқты жазушыларды отаншыл, патриот деудің орнына «жершіл» деп даттайтын. Сынап, мінеп, тіпті жазалауға жатқызатын. Алайда Сәуірбек шығармаларында жатық, көркем бейнелеуінің шынайылығы «жершілдік» пиғылды перделеп тұрды. Бай мен кедей, қызыл өкімет, Ұлы Отан соғысы, советтік дәуірді бастан өткеріп, Тәуелсіздіктің алғашқы он жылын өз көзімен көріп, көңілін демдеп, өмірден өткен Сәуірбек атамызда арман жоқ шығар. Көрген қиындығы мен азабы да аз болмаған жазушының жазушы болып қалыптасуына себеп болған өзі көрген өмір жолдарын қағазға айнытпай түсіруінде еді. Сәуірбек атамыз жазған «Өрімші» әңгімесінде өзінің балалық шағындағы өмірден алған әсерін философиялық тұрғыда, балалық көңілдің жай-күйін психологиялық көңілмен керемет суреттей білген. Оқып отырғанда осылай болады-ау деп күткеніңдей көңіліңнен шығып, арман, қиялға толы болған күндерге саяхат жасағандай әсерде боласың. Бақбергеннің әкесі Дос деген кісі болған ел шетіне жау тиген аласапыран заманда сол жауға қарсы шыққан, батыр болған кісі екен. Құмкөкше жақтан келетін жаудың жолын Қанжуғаннан күтіп алып Қанжуғанның алабын алқызыл қанға бөктіріпті. Боз атқа мінген ақ сауытты батырды жаулары жау қолбасшысы екенін сырттай танып оншақтысы жабыла жүріп байлап-матап әкетеді. Дос батырдың бір туысы жаудан ағасын арашалап алып қала алмайды. «Асыл ағам-ай, сені құтқара алмадым-ау» деп соңынан бауырымдап жылап қалған інісіне Дос батыр бармағын кесіп, лақтырып қалдырып кетеді. Бірақ кейін жаудан аман сау құтылып келеді. Дос батырдың Жартытөбеде екі моласы бар бірінде бармағы, бірінде өзі жатыр. Әкесі Теріскейге танымал «тапкер Бақберген» атанған кісі екен. Достан Тойлыбай, Бейсенбай, Сәуірбек және Сұлухан деген бір қыз бала дүниеге келеді. Дос қария жылқы құмар кісі болған екен. Содан болар Толыбай сыншының есімін ырымдап үлкен ұлына қойған екен. Толыбай да, бақбергенде әкесі тап басып білгендей атқа құмар азаматтар болып елге атбегі ретінде танылады. Апасы Үкіжан мен жездесі, балдысулық Қыздарбектің Қарақұлақ деген жүйрік аты болады. Сол атты атқұмар Сәуірбектің суреттеуімен көрейік:
«Қарақұлақ» жылқы тұқымы болғанымен ақылды. Ал, оның денесінің сұлулығын айтып жеткізу, тілмен айту мүмкін емес. Ақ жалпошты үстінен сыпырып алғанда көз алдыңа ат емес, ең бір асыл тастан қашаған, немесе алтын мен күмістің қосындысынан құйылған ғажап бір сурет тұратын. Кеуде кең де биік. Мойыны жұмыр. Жалы сұйық. Құлағы құрақтай тік. Шоқтығы биік те тұтас. Ал, белі мен бөксесі ше! Қақпан белдеу келгенімен сауыры мінсіз жұмыр дөңгелек еді.
Артқы аяғы ботаның тірсегіндей иіліп тұратын. Құйрығын өмірінде денесіне тигізіп ұстаған мал емес. Төңкерген кеседей құйма тұяқ, көбесі мықты, шашасы биік, шашалық жүні сирек, әлпі ұзын еді. Жемді де, шөпті де, суды да құнығып көп ішпейтін. Содан да іші тартыңқы, бүйірі салыңқы келетін», – дейді.
Әкем қайтыс болардан бір жыл бұрын 1972 жылы сәуір айында туған ағасы Көшербайдың үйіндегі Тұрсынкүл жеңгесі босанып, өмірге шекесі торсықтай сары шақалақ әкеледі. Әкем жеңгесі мен кішкене нәрестені ауылдық емхананың перзентханасынан өзі шығарып алып, өзі көтеріп үйге әкеледі. Үй мен перзентхананың арасы бір көшенің бойында ортасында 3-4 үй ғана. Сөйтіп әкем кішкене сәбиге қаламгер, берісі қазаққа арысы КСРО-ға аты мәшһүр Сәуірбек Бақбергеновтің есімін қояды.
Басқа өңірді қайдам Созақ ауданында мен білетін бір ұстаз, бір мәдениет қызметкері, бір полиция қызметкері, бір кәсіпкер азамат жазушы аталарының есімін иеленген. Бүгінде осы азаматтардың барлығы жазушы есіміне жаман ат келтірмей жүрген ауыл-аймағына, ағайын-туыстары мен отбасыларына сыйлы жандар.
Былай қарап отырсақ он екі айдың ішінде наурыз, сәуір, мамыр айынан ғана кісі есімдері көптеу қойылады екен. Өйткені жаңарған, жасыл, өсіп-өнер, көктеп жапырақ жаяр, жаңа жылдың басы, жаңа өмірдің бастауы іспетті болғандықтан шығар. Наурызбай, Наурыз, Мамырәлі, Мамырхан, Мамыр, Сәуірбай, Сәуір, Сәуірбек деген елдің ішінде көптеп кездеседі.
Сәуірбек Бақбергенов жастайынан ауылда қозы-лақ бағып өседі. Ауылдың жұпар шашқан мақпал ауасымен, салқын самалымен қатайып бұла өседі. Теміржолшы болуды армандаған бала Сәуірбек бала болып ойнауды аса ұната бермейді екен. Ол сол бала кезінде елдің сыйлы азаматтарына еліктеп, солардай ел қадірлейтін тұлға болсам ғой деген арман қанатына ер салатын.
Сәуірбек атамыздың шығармасының бірінде ол қозы-лақ бағып жүріп басындағы бөркін сағыз шөптің басына кигізіп оны даулап келуші, өзін Шойынбет би атасының орнына қойып билік айтатын жері бар. Балалық арман орындалады демекші Сәуірбек атамыз елімізге танымал, даңқы аспандаған қаламгер атанып, өзінен кейінгі жастарға, жас қаламгерлерге олардың шығармаларымен таныса отырып сын көзбен қарап, ақыл-кеңесін айтқан сәттерінде баяғы Шойынбет би атасы, Шойынбет атасы мен сағыз басындағы жел тербеген бөркі көз алдына келетін. Сәуірбек атамыз шығарма кейіпкерлерін өз іздеп барып, апталап жатып зерттеп, зерделеп, шынайы көзбен көріп, қаныға отырып жазатын әдеті болған. Оны Төрткен апамыздың әкесі Кенен атамыз туралы жазған әңгімелерінен білеміз. Сонда апамыз бала болса да үйлеріне Сәуірбектің жиі келіп, қона жатып кететінін айтып өткен.
“Жас оқушылар өте әуесқой халық, жазушылармен кездескенде олар ең алдымен: Сіз қалай жазушы болдыңыз? – деп сұрайды. Атап айтсақ, бұл өте қиын сұрақ. Қиындылығы сол, оған бір – екі сөзбен жауап беру қиын, өйткені жазушы әдебиетке түрлі жолмен келеді ғой. Мен әдетте былай жауап беремін. Мен жазушы болмаған болар едім, өйткені балалар үйінде болғаннан кейін теміржолшы болғым келген еді. Түркістан теміржол училищесінде оқыдым. Ал содан кейін педагогикалық училищеге түстім, кейін оқытушылар институтын бітірдім. Бірақ теміржолшы да, оқытушы да болмадым, мен солдат болдым.
Соғыс басталды. Оның алғашқы күндерінен бастап ұрысқа қатыстым. Майданнан қайтқаннан кейін менің өзімнің майдандас достарым туралы, басымнан өткеннің бәрі жайында жұртқа айтқым келді. Сөйтіп мен журналист болдым. Республикалық “Социалистік Қазақстан” газетінде істедім. Очерктер, әңгіме­лер жаздым. 1945 жылы мен батыр атағын алған Талғат Бигелдиновпен кездестім. Мен осы даңқты ұшқыш туралы оқушыларға айтып бергім келді. Бірінші повесімді ұзақ жаздым, әрі қиынға түсті. Жазушы болу оңайға түсе қоймайтынын бірінші рет бастан өткеруге тура келді. Естен кетпес Талғатпен алғашқы жолыққаннан кейін бес жылдан соң менің ол туралы бірінші кітабым шықты.
Бұдан кейін менің әңгімелерімнің, повестерім мен очерктерімнің бірқатар жинақтары шықты. Бұлардың ішінде жастар мен балаларға арналған шығарма­ларым да бар. Бұларда Талғат Бигелдинов, Кенен Әзірбаев, Роза Бағланова, Шоқан Уәлиханов, Дина Нұрпейісова сияқты тамаша адамдарымыздың өмірі баяндалады. Мен 1920 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесі, Шымкент облысы, Созақ ауданында тудым, Жазушылар одағында істедім, – дейді ол.Сәуірбек атамыздың кіндігінен Қанат, Қайрат, Мұрат есімді ұлдар тарайды. Қанаты (марқұм) 1948 жылы дүниеге келсе, Мұраты 1955 жылы туылған.Ортаншысы Қайрат Бақбергенов 1953 жылы 1 наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. 1975 жылы Мәскеудегі Жазушылар одағының М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітіреді. «Қазақстан», «Жазушы» баспаларында редактор, «Қазақфильм» киностудиясының мультипликация бөлімінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Көркем аударма және әдеби байланыс Бас редакциясы алқасының орыс бөлімінің меңгерушісі, «Простор» және «Жұлдыз» журналдарының компьютерлік орталығының жетекшісі, 2002– 2009 жылдары ҚР бірінші Президенті қорының Халықаралық Экономика және саясат институты мен ҚР Президентінің Стратегиялық зерттеулер институтының баспа бөлімінің бас маманы болды. Шығармаларын орыс тілінде жазады және француз, неміс, серб, қазақ тілдеріне аударылған. Сәуірбек атамыздың ұрпақтары осылай сауатты, білімді, бола тұра атамекеніне, бабасының кіндігі кесілген, кіндігінің «қаны аппақ қарына» тамған Созаққа неге ат басын бұрмайды екен? Тұла бойындағы жылқы мінездес әкенің асау қаны атажұртына неге аңсап тартпайды екен деген ойға қаласың. «Осы тұста әкемнің табаны тиді-ау», «әкем осы жерде отырып, Аққолтығына тамсана, қызыға қарап отырды-ау» деп әке табаны тиген туған мекенге неге қайырылмай кетті екен?
Мүмкін қолдары тимей жүрген шығар. Әйтседе туған жердің, киелі бабалар рухы жатқан киелі мекеннің тартылыс күші түбінде тартары анық. Сондай-ақ Сәуірбек Бақбергеновтің атына Шолаққорған ауылынан, өзі тәрбие-тәлім алған Түркістан қаласынан бір көшенің аты бұйырмауы артында іздейтін жұрты, ойлы оқырманы жоқтай көрінеді.
Әр көктем сайын Қаратаудың жотасын, тастақты сайын қуалай құлпыра жайқалып өскен сағыз шөптің арасынан бөркімен беттесе бәтуәлі сөз саптасып отырған бала Сәуірбекті көргендей боламын. Созақ деген сырлы да, құнды өлкесі бар да Сәуірбек есімі биіктемесе аласармақ емес.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет