Жиынтық бағалау
Жиынтық бағалау – оқу бағдарламаларындағы бөлімдер/ ортақ тақырыптар және белгілі бір оқу кезеңі (тоқсан, триместр, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқталғанда жүргізілетін бағалау түрі. Жиынтық бағалау мұғалімдерге, оқушылар мен ата-аналарға оқушылардың оқу жетістіктері туралы ақпарат ұсыну үшін оқу бағдарламасындағы бөлім/ортақ тақырыптар және белгілі бір оқу кезеңі (тоқсан, триместр, оқу жылы, орта білім беру деңгейі) аяқталғанда балл, баға қою арқылы өткізіледі. Бұл оқушының белгілі бір кезеңдегі оқу бағдарламасы мазмұнын меңгеру деңгейін анықтауға және тіркеуге мүмкіндік береді.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау оқу бағдарламасына, оқу жоспарына сәйкес бөлім немесе ортақ тақырыптарды аяқтаған кезде өткізіледі. Жиынтық бағалаудың аталған түрінің нәтижесінде оқушыларға тоқсандық баға қою кезінде ескерілетін балл қойылады. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары оқу мақсаттары мен бағалау критерийлеріне сәйкес құрастырылады. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды ұйымдастыру, жоспарлау бекітілген критериалды бағалауды өткізу тәртібіне сәйкес жүргізіледі. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалаудың рәсімдер саны жиынтық бағалауға қатысты әдістемелік ұсыныста берілген.
Тоқсандық жиынтық бағалау тоқсан соңында өткізіледі, оқушының оқу бағдарламасы мазмұнын білуі, дағдысы, түсінуі туралы дәлелдерді ұсына отырып, тоқсандағы оқуға қатысты ілгерілеуді өлшейді. Алынған нәтиже тоқсандық баға қою кезінде ескеріледі.
Тоқсандық жиынтық бағалау жұмысы ойлау дағдыларының деңгейлерін, соның ішінде жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын (талдау, синтез, бағалау) бағалайтын түрлі деңгейдегі тапсырмалардан тұруы қажет.
Мұғалімдерге арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулықта жиынтық бағалауды жоспарлау, ұйымдастыру кезеңдері (бөлім/ортақ тақырыптар бойынша, тоқсандық жиынтық бағалау), нәтижелерді талдау, тоқсандық жиынтық бағалау қорытындысын модерациялау үдерісін ұйымдастыру және өткізу жолдары толық сипатталған. Критериалды бағалау жүйесі және оны оқу үдерісінде қолдану туралы толық ақпарат «Негізгі орта және жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық» әдістемелік құралында ұсынылған.
Әрбір оқушы үшін оқу мақсатына жетудегі оқушының оқу жетістіктерін көрсететін портфолио жинақталып, ол қалыптастырушы бағалау үшін қолданылуы мүмкін.
Портфолио – оқушылардың мақсатты түрде жинақтаған, олардың оқудағы нәтижесін, ілгерілеуін, белгілі бір оқу жылындағы бір немесе бірнеше пәндер бойынша жетістіктерін көрсететін жұмыстары.
Портфолиода көптеген деректер қамтылуы мүмкін, соның ішінде:
- жазбаша жұмыстар (мысалы, оқушының жұмыс дәптерлері, зерттеу жұмыстарының қорытындылары, мұғалімнің жұмыстарға берген пікірлері);
- фотосуреттер немесе бейне дәлелдемелер (мысалы, оқушылардың салған суреттері, сыныптағы көрме, модельдер, оқушылар қатысқан көрсетілім және оқушылар қатысқан ісшаралар);
- электронды нұсқадағы жұмыстар (мысалы, таныстырылымдар, құжаттар, анимациялар);
- мұғалімнің кері байланысы, пікірлері, ұсыныстары;
- оқушының рефлексиясы.
Портфолиода сондай-ақ, оқушылардың бағалау критерийлері бар бөлім/ортақ тақырыптар бойынша және тоқсандық жиынтық бағалау кезінде орындаған жұмыстары, балл қою кестелері, оқушылардың рефлексиялары, мұғалімнің ұсыныстары көрсетілген кері байланыстары болуы қажет.
Сабақ жоспарлау барысында ескерілуі тиіс көптеген мәселелер бар. Мәселен, оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыру жолдарын анықтап, оқушылардың дағдыларын дамытуға деген уәжін қолдап отыру қажет. Сонымен қатар, сабақ кезеңдерін белгілеуде қалыптастырушы бағалаудың әр сабақта қолданылатындығы ескерілуі тиіс.
Практикалық сабақ №1
Достарыңызбен бөлісу: |