1.2 Мектептерде білім берудің және оны оқыту әдістемесінің дамуы Математикалық оқыту әдістерінің қарапайым бастамалары өте ерте заманда алғашқы мектептердің пайда болу кезінен басталғанмен, математика педагогикасы дербес ғылым ретінде тек XX ғасыр қарсаңында қалыптасады.
Халықаралық мектептік білім бурудің XIX-XX ғасырлардағы дамуын үш кезеңге бөлуге болады:
1. Еуропада, АҚШ-та және Жапонияда XIX ғасырда қалыптасқан дәстүрлі мектептік білім беру жүйесі.
2. XIX және XX ғасырлардың шекарасында пайда болған математиканы оқыту жайлы халықаралық реформалық қозғалыс.
3. Математиканы оқытудың қайта құру қозғалысының қазіргі кезеңгі математикалық білім беру жөнінде халықаралық реформа қазір де жүріп жатыр. 1968 жылы бұрынғы КСРО – да математикадан жаңа мектеп бағдарламасы қабылданды. Бұл реформаның басты ерекшеліктері:
а) мектепте өтілетін математикалық барлық курсты (бастауыш сыныптарды қоса) түбегейлі түрде өзгерту;
ә) төменгі сыныптарға алгебра элементтерін енгізу;
б) төменгі сыныптарда оқу мерзімін төрт жылдан үш жылға қысқарту;
в) IV-V сыныптарда арифметика мен алгебра бастамаларымен қатар қысқа геометриялық алдын ала дайындық курсын өт у;
г) геометрияның жүйелі курсының аксиоматикалық негізін күшейту;
д) геометриялық түрлендірулерді көбірек пайдалану;
е) геометрия курсына векторларды енгізу (7 – сыныптан бастап) және бұл аппаратты геометрияның жүйелі курстарында кеңінен қолдану;
ж) жазықтықтағы және кеңістіктегі аналитикалық геометрия элементтерін енгізу;
з) жиын ұғымы және жиындарға амалдар қолдану элементтерін енгізу;
и) дифференциалдық есептеу элементтерін енгізу.
4. Бұлардан басқа VII-IX сыныптарда оқушылардың қалауы бойынша математикадан факультативтік курс өткізу көзделеді.
Жаңа бағдарламаны іске асыру математиканы оқыту әдістерін де өзгертуді қажет етеді, әсіресе оқушылардың оқу, үйрену барысында өзіндік белсенділігін барынша арттыру, оларды ғылыми зерттеу дағдыларын тәрбиелеу мәселелеріне көп көңіл бөлуге тура келеді.
Математика бойынша жаңа бағдарламаға көшу 1974-1975 оқу жылында толық аяқталды. Қазір егеменді Республикамызда бағдарламалар мен оқулықтар қайта қаралып кемелдендірілу үстінде. Бұл өзгерістер үздіксіз жүре беретін табиғи үрдіс болып табылады.
Математикалық білім беру реформасының идеясын іске асыру әрекеттері қазір негізгі екі бағытта жүргізілуде.
1. Оқу пәні ретінде математика мазмұнын өзгерту, бұл өзгеріс ескі дәстүрлі «классикалық математика» негізінде емес, «қазіргі» математика негізінде жүргізілуі тиіс. Осыған сәйкес мектепте математиканы оқытудың жүйесі мен әдістерін қайта қарастыру қолға алынды.
2. «Классикалық» математиканың мәні ескірген кейбір мәселелерін алып тастап, оның орнына қазіргі математиканың кейбір тарауларынан негізгі мағлұматтар енгізу жолымен мектептегі математика курсын біртіндеп жаңарту. Мектептегі математикалық пәндер арасындағы және математика оқу пәнімен практика арасындағы байланысты күшейте түсу идеясы басшылықа алынды. Бұл да оқыту әдістерін талап етеді.