Мазмұны кіріспе


II тарау. Салт – дәстүрлерді оқу-тәрбие  процесінде  қолдана отырып эстетикаға баулудың   әдістемесі



бет5/8
Дата14.05.2022
өлшемі116,72 Kb.
#34353
1   2   3   4   5   6   7   8

II тарау. Салт – дәстүрлерді оқу-тәрбие  процесінде  қолдана отырып эстетикаға баулудың   әдістемесі


2.1 Салт-дәстүрлерін  оқу-тәрбие үрдісінде жүзеге  асыру  жолдары

Бүгінгі әлеуметтік-мәдени жағдайда педагогикалық білімді дамыту үшін мұғалімнің кәсіби даярлығына жаңа көзқарастар қажеттігі өткір мәселе болып отыр. Қазіргі таңда қазақ мектептерінің ең басты мақсаты – денсаулығы мықты, интеллектуалды, дүниетанымы терең, білімі сапалы, адамгершілігі мол ұрпақ тәрбиелеу. Бұл игі істі жүзеге асыру үшін өткеннен тағылым алып, бар ақыл, өнегені сауатты қолдана біліп, заманымызға қарап икемдеу үшін мектепті сапалы және жоғары саналы мамандармен қамтамасыз ету керек. Болашақ мұғалімге артылатын сенім жүгі – ұлағатты ұлы жол. Демек, өз ісіне берілген жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақтата отырып, шәкіртінің бойына сіңіре білетін деонтологиялық даярлығы жоғары мұғалімді ғана бүгінгі күнге лайықты мектеп тәрбиешісі деп айта аламыз.

Деонтология – адамның парыздылыққа негізделген жүріс-тұрысы, қылықтары, әрекеттері туралы ғылым. Парыз адамға тән азаматтық борыш, қастерлі міндет. Ал, ұстаз қызметіне қатысты деонтология – педагогикалық деонтология, оның мазмұнына мұғалімнің қызметіне байланысты парыздылыққа негізделген этикалық ережелер, нормалар, ұстанымдар жиынтығы жатады. Мұнда оқушы мен педагогтың арасындағы сенімділікті қатынастың кепілі бола алатын кәсіптік этиканың қағидалары қарастырылып, педагогтың құзыреттілігі, басқа адамдарға, олардың қылықтарына шыдамды болуы, тәлім-тәрбиелік іс-әрекет барысында алынған шешімдерге моральдық жауапкершілігі көрсетіледі.

Деонтологияның философиялық сөздіктердегі анықтамасында: «Деонтология – (грек. Deon, deontos – парыз, парыздылық және logos – ілім, сөз) парыз бен парыздылықты қарастыратын этикалық теорияның тарауы», - деп аталады. Педагогикалық деонтология бүгінгі күні ғалым-педагогтардың К. М. Левитан, Н. В. Жутикова, Қ. М. Кертаева, зерттеулерінде әр қырынан қарастырылып келе жатыр.

Педагогикалық әдеп пен педагогикалық деонтология жөніндегі ғалымдардың еңбегін талдау барысында төмендегідей көзқарас қалыптасты. Мысалы, К. М. Левитанның «Основы педагогической деонтологии» деген оқулығында көңіл бөлейік. Егер білім алудың негізгі мақсаты жеке тұлғаны қалыптастыруда емес, оны дамытуда болса, онда ереже бойынша оқушы жеке тұлға болып табылады және деонтологиялық талап бойынша педагог оның құқықтарын өзінің кәсіптік қызметінде есепке алуы керек [15].

Ғалым еңбегінде педагогикалық деонтологияның өзектілігі баланың құқықтары мен қажеттіліктері және тарихи сұраныстар, әлеуметтік тапсырыстар, сондай-ақ білім саласында болып жатқан күрделі жағдайлар арқылы негізделеді. Мысалы, онда ол ойын былай түйіндейді: «Қазіргі заманғы әлеуметтік жағдай мұғалімдер алдында оқудың төмен меселдігі және оқушылардың білім сапасының төмендігі, білім мен тәрбие беру арасында алшақтық, рухани мүдделердің кедейлігі сияқты жаңа күрделі проблемаларды қояды. Бұл жағдай мектеп мұғалімінің жан-жақты жетілген тұлғасын талап етеді, өйткені үнемі өзгермелі кәсіптік жағдайларда мұғалімнің негізгі «қаруы» - оның жеке тұлғасы, оңтайлы педагогикалық шешімдерді табуға септігін тигізетін тұлғалық қасиеттері, оның кәсіби кемелденуі болып табылады».

К. М. Левитан мұғалімнің тұлғалық сапасын деонтологиялық тұрғыдан анықтайтын қабілеттер жиынтығын төмендегідей тәртіппен құрастырған: өз пәні бойынша жоғары деңгейлі білім; сол білімдерін дағдыларын оқушыларға жеткізе білуі; талап қоя білушілік; оқушыны пәнге қызықтыра білуі; жалпы ой-өрісі; жанашырлық, тілектестік; педагогикалық әдеп; сабақты қызықты ұйымдастыра білуі; өз пәніне, мамандығына деген сүйіспеншілік; шыдамдылық; балалардың жан-дүниесін түсіне білуі; балаларға деген сүйіспеншілік; әділдік, әділеттілік; өзін-өзі тәрбиелеуге құлшынысы; әзіл, астарлы сөздерді ұғына білуі; жаңа техникалық құралдарды меңгере білуі; ұстанымдылық; көпшілдік; сөйлеу шеберлігі; еңбексүйгіштік; сабырлылық, байсалдылық; әртістік қасиет; музыкалық қабілеттері; адал, ақниеттілігі, сыныптан тыс жұмысты ұйымдастыру білуі. К. М. Левитан білім, қабілеттер, мінез бағдарлығы мен түрлі икемділіктерді (гностикалық, жобалық, ұйымдастырушылық және т.б.) бойынша педагог тұлғасының ғылымилық моделін құрастырып, ұсынған. Мұнда педагогикалық деонтология педагогтың кәсіптік іс-әрекетін нормалаушы фактор ретінде қарастырылады. Бұл еңбекте болашақ мұғалімдердің бойына деонтологиялық нышандарды қалыптастырудың құралдарына терең көңіл бөліндеген.

Н. В. Жутикова «Учителю о практике психологической помощи» атты еңбегінде педагогикалық деонтология ұғымына қарама-қатынас психогигиенасы тұрғысынан түсінік қалыптастырылған. Бұл еңбектің ұғымдар жүйесі төмендегі тізбекті құрайды: гигиена, психогигиена, қарым-қатынас психогигиенасы, деонтология, педагогикалық деонтология [142].

Қарым-қатынас психогигиенасының қолдану саласына сай, түрлі ерекшеліктері мен түрлері болады. Мысалы, қарым-қатынас психогигиенасын медициналық мекемелерде қолдану ғылымы – дәрігерлік деонтология деп аталады. Дәрігерлік деонтология – дәрігердің кәсіби этикасы туралы ғылым. Ал, педагогикалық деонтология қарым-қатынас психогигиенасын білім, тәлім-тәрбие беру мекемелерінде қолдану ғылымы. Деонтологияның дербес қағидалары, нормативтері, ережелері әрбір мекеменің түрімен, ерекшеліктерімен анықталады.

Әлеуметтік-психологиялық бағыт педагогикада мұғалімді кеңесші, көмекші, педагогикалық терапевт рөлінде қарастырады. Басты назарда бұнда топтық динамика үрдістері болады, сыныптағы оқушылардың өзара қарым-қатынасы, мысалы: топтағы оқу жүйесіндегі қиындықтар, өзара қарым-қатынастың бұзылуы, шағын топтардың құрылуы, оқушылардың тәртіптерінің төмендеуі. Бір де бір педагог осы орайда топтық психотерапевт рөлінен алшақтай алмайды, барлық оқушыға ұстаздың тәрбиесі бірдей деңгейде дарымайтыны түсінікті. Бұл рөлдің ерекшелігі барлық оқушыларға жеке және әлеуметтік жағдайларын назарға ала отырып көмек беру: Бұл жүйе де белгілі мөлшерде кең жүректілікті талап етеді, әр баламен тығыз байланыстың орнатылуы, жұмыстың осы жүйеде ұйымдастырылуы педагогтың «Менін» соңғы жоспарға шығарады. Бұндай шынайы қарым-қатынастарға қол жеткізу әрине қиындықтар туғызады, сонымен қоса тәжірибелік тұрғыда ондаған оқушылардың сан алуан тілектерін, ұсыныстарын қанағаттандыру мүмкін емес. Бірақ алға қойған мақсатқа қол жеткізбей болмайды. Бұған қол жеткізу үшін, ұстаз өзін мінез-құлық, болмыстың әлеуметтік мақұлданған кодексінің мүлтіксіз жүзеге асырушысы ретінде ұстауы қажет. Әрдайым психогигиенаның заңдарына басшылық жасап, шәкірттерінің сезімдері мен орын алған мәселелеріне көңіл бөлгені жөн. Психогигиена – жалпы гигиенаның бір саласы, оның басты міндеті – адамның жүйке-жүйесінің, жанының саулығын қалыптастып, сақтау. Бұл психологиямен тығыз байланысқан медициналық ғылым. Қарым-қатынас заңдылықтары және оларды саналы басқару әдістері психология ғылымының аясындағы түсініктер болғанымен басшылыққа медицина ғылымының “Зиян келтірме!” ұстанымы алынады, яғни қарым-қатынас психогигиенасы қоғамның, топтың, жеке адамның жүйке жүйесінің, жан дүниесінің саулығына зиян келтірмейтін қарым-қатынасты насихаттап, сол саладағы әлеуметтік бақылаудың бір амалы болады – деп ой тұжырымдайды автор өз еңбегінде. Бұл еңбекті толық құптай отырып, біржақтылық бар деп қорыттық, педагогикалық деонтологияны тек қарым-қатынас психогигиенасы тұрғысынан қарастыру оның мәнін толық ашпайды.

Ғалым, педагог Қ. М. Кертаева «Ұстаз қызметіндегі педагогикалық деонтология» атты еңбегінде педагогикалық деонтологияның мақсаты мен міндеттері, мазмұны, функционалдық мүмкіншіліктеріне тоқталып, мұғалімнің деонтологиылық даярлығын қалыптастырудың ғылыми-әдіснамалық негіздерін айқындаған. Автор тұңғыш рет педагогикалық деонтологияны ұстаздың кәсіби дайындығының контексті ретінде қарастырып, жоғары білім беру саласында болашақ педагог тұлғасын деонтологиялық тұрғыдан қалыптастырудың тұжырымдамасын ұсынады.

Қ. М. Кертаева еңбегінде ұстазға қойылатын деонтологиялық талаптарды негізінен төрт ұстаным аясына сыйдырады:



  1. оқушының ден саулығына, жан саулығына зиян келтірмей әсер ету;

  2. мұғалім барлық жүріс-тұрысымен, ой-өріс, іс-әрекеттерімен осы ұстанымның кең тарауына және оқушы санасына өзіндік бақылау дағдыларын қалыптастыруына жол ашу;

  1. осы ұстанымды бұзуынан келген зиянды салдарын мұғалім бүкіл жан дүниесімен, сана-сезімімен жоюға ынталану;

  2. жоғарыдағы ұстанымдарға сүйеніп оқушының табиғатына үйлесімді жан-жақты дамуына жәрдемдесу [14].

Ал, «педагогикалық деонтологияның халық педагогикасымен сабақтастығы» атты бөлімінде халық педагогикасы мен педагогикалық деонтологияның сабақтастығы қарастырылып, ұштастығын бірнеше аспектіде анықтаған: мұғалімнің тұлғалық ерекшеліктерінде, коммуникациялық әрекеттерінде, кәсіптік шеберлігінде, мінез-құлқында, сыртқы пішін көрінісінде. Бұл еңбекте педагогикалық даярлықты қалыптастыру тетігіне, әдіс-тәсілдеріне, құралдарына аса көңіл бөлінбеген.

Қоғам дамуының жаңа кезеңінде өзгерістермен бірге педагог қызметінің нәтижесіне деген талап-тілек, сұраныс та әсіресе адамгершілікті-этикалық тұрғыдан өзгеруде. Педагогикалық деонтология – ұстаздық парыз туралы ғылым. Бұл ұстаздың іс-әрекетінің сапалы, адамгершілікті компоненті. Педагогикалық деонтологияға мұғалімнің парызына адалдығы мен кәсібіне сәйкес саналы әдеп және құқықтық ұстанымдар мен ережелер кешені жатады. Педагогикалық деонтологияның теориялық негізі педагогикалық этика болғандықтан, болашақ мұғалімдердің кәсіби-адамгершілік сана сезімдерін қалыптастыруды педагогикалық этика негіздерінен бастаған жөн.

Ең алдымен, қарастырып отырған проблеманың теориялық-әдіснамалық негізін дәлелдеу мақсатында ғылыми еңбектерге талдау жасау арқылы «этика», «мораль», «адамгершілік» ұғымдарының өзара байланысын жан-жақты ашуды жөн көрдік,

«Этика» ежелгі гректің «этос» деген сөзінен шыққан. Аристотель «этосты» мінез-құлық, әдет-ғұрып, темперамент ретінде түсіндіре келе, адамгершілік немесе ізгілік этикасына адамзаттың жақсылық нышанын жатқызады.

Адамзат тіршілігінің маңызды шарты болып даму сипатына сәйкес қоғамның өзін-өзі бағыттап отыруы саналады. Ол адамдардың қызығушылығын: әрекеттерін бірлестіру; адамдардың қоғамның басқа мүшелерінің алдындағы міндеттерін айқындау; нақты бір мінез-құлық нормасын сақтау, т.б. болып табылады. Аристотельдің пікірінше «этиканың мақсаты – таным емес, ізгілікке үйрету. Этикалық зерттеулер адамгершілік дегеннің не екендігін білу үшін емес, осы адамгершілікке жетудің жолдарын үйрету үшін қажет, олай болмағанда бұл ғылымның пайдасы болмас еді» [105].

Аристотель ой-тұжырымдамаларында ғылым мен адамгершіліктің арасындағы айырмашылық мынада: ғылым бір нақты затты, оның табиғатын зерттесе, адамгершілік сол затпен, яки қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау жолдарын үйретеді. Ғылым білімді дамытады, шындық пен адасудың шекарасын белгілейді, ал адамгершілік арқылы адам бойындағы құнды қасиеттер, жақсылық пен жамандықты айыру өлшемдері анықталады. Білімге тек оқыту процесі арқылы қол жеткізілсе, адамгершілік еркін тәжірибенің және әдептің нәтижесі болып табылады. Бір сөзбен айтқанда адамгершілік қарым-қатынасқа түсуші жеке адамның өзін-өзі ұстай білуіне, мінез-құлқына, қылығына байланысты.

Аристотельдің пайымдауындағы «этика» ұғымын Цицерон грек тілінен латын тіліне аударғанда “moralios” (мораль), яғни грек термині «этиканың» тура баламасы болып шыққан. Бұл сөздер, бірі – грек, екіншісі латын тілінде болғанымен жаңа европалық тілдерге жатады. Қалай болғанда да әр халықтың «этика», «мораль» ұғымдарын білдіретін сөздері бар. Мысалы: орыс тілінде ол «нравственность» болса, ал қазақ тілінде «этика» - әдеп, «нрав» – мінез, «нравственность» - құлықтылық, өнегелілік, адамгершілік, «добродетель» - ізгі, рақымшыл, адамгершілікті деген мағынаны білдіреді.

Деонтология – этикалық теорияның тарауы, онда борыш, моральдық талаптар мен нормативтер, проблемалар және әлеуметтік қажеттіліктердің адамгершілік формасына тән ерекшелік ретіндегі жалпы борыштылық мәселелері қарастырылады. Тарихи даму процесінде, моральдық сана дамуына орай қоғам мүшелерінің өзара міндеттері айқындалып, теориялық тұрғыда негізделіп отырылған. Мәселен, Аристотельдің біздің дәуірге дейін IV ғасырдағы қоғам өміріедегі әртүрлі проблемаларды қарастырған «Никомахтың этикасы» атты алғашқы еңбегі теориялық тұрғыда жазылған. Этика мәселесін қамтыған бұл еңбек бүгінгі күні де өзінің көкейкестілігін жойған жоқ. Еңбектің тарихи құндылығын ескере отырып, үш маңызды жағын атап өтеміз:



  1. этиканың мәнін анықтап, оның ғылыми білімнің дербес тарауы ретіндегі ерекше белгілерін көрсетті;

  2. этикалық білімді жинақтай келе, алғаш рет ғылыми түрде мазмұнын ашты;

  3. жеке тұлғаның моральдық санасының деңгейіне алғаш рет толық анықтама берді. Аристотельдің түсінігі бойынша, этика – адамгершілік, ізгілік туралы ғылым, оның көздеген мақсаты адамға рақымды, ізгілікті, парасатты болудың жолдарын үйрету.

Әл-Фараби «этика» немесе «этикалық өнер» - адамның адамгершілік сапалары мен интеллектуалдық қабілеттері туралы ғылым, ол адам мінез-құлқының ережесі мен нормаларын және бақытқа жету тәсілдерін зерттейді дей келе, этикалық категорияларға жақсылықты, достықты, өзара көмекті, әділеттідікті, абыройды жатқызады [178].

Сөздіктерде, И. Конның этикалық сөздігінде: «Этика – зерттеу объектісі мораль болып табылатын философиялық ғылым», философиялық сөздікте «этика – зерттеу объектісі мораль болып табылатын ең көне теориялық пәндердің бірі». Қазақ совет энциклопедиясында: «этика – мораль туралы, оның шығуы мен дамуы туралы, адамның өмір сүру салтының аса мәнді жақтарының бірі болып табылатын адамгершіліктің әртүрлі қоғамдық құбылыстарындағы сан алуан формалары мен нормалары туралы ілімдер жүйесі» - деп жазылған [179].

Ж. Н. Сарсенова «этиканы – мораль теориясы» десе, ал, Р. Г. Апресян мен А. А. Гусейнов ғылымды, білім саласын, интеллектуалдық дәстүрді этика деп атап, «мораль» мен «адамгершілік» сөздерін синоним ретінде қолдана отырып, оларға этиканың зерттеу пәні ретінде анықтама береді [181].

Шәкәрім этикалық категорияларға: «этика - ар ілімі, оның негізгі категориясы ождан. Ұждан дегеніміз – борыш, әділет, мейірім», - деп анықтама берді [182]. Педагогикалық деонтологияның зерттейтіні де мұғалімнің қызметіне байланысты борыш, моральдық талаптар мен нормативтер, проблемалар және әлеуметтік қажеттіліктердің адамгершілік формасына тән жалпы борыштылық мәселелері. Біздің пайымдауымызша, этиканың философиялық пән болып танылуы зерттеу объектісіне байланысты. Этика да адам санасының маңызды бөлігі – адам әрекеті, белсенділігі, болмысқа көзқарастары арқылы көрінетін моральдық сана болып табылады.

Мораль ұғымына берілген анықтамаларды былайша жүйелеуге болады. Мораль дегеніміз:


  • «… ең алдымен моральды тұлға. Моральды тұлға – тек қана жоғары ізгілікке ұмтылушы» [183, Б.76];

  • «жеке бастың сенімі мен қоғамдық көзқарасты тірек ете отырып, ерікті әрекетте жүзеге асырылатын қоғамдық қажетті мінез-құлықтың формаларын сезіну» [184].

- «…(лат.moralis - әдет-ғұрып) әлеуметтік шындықтың этикалық сапаларын (ізеттілік, мейірбандық, әдеттілік, мінез-құлық, әдет-ғұрып т.б.) бейнелейтін қоғамдық сананың бір түрі. …адамдардың бір-біріне және қоғамға деген міндеттері мен қарым-қатынасын анықтайтын қауымдық өмір сүру ережелерінің, адамдардың мінез-құлықтары нормаларының жиынтығы» [185].

- «…(лат. mores - әдет-ғұрып) – қоғамдық сананың бір формасы, қоғамдық өмірдің барлық салаларында адамдардың мінез-құлқын реттеу функциясын атқаратын әлеуметтік институт» [186].



  • «…адамдардың бір-біріне, қоғамға деген қатынасын реттейтін тәртіптердің, принциптердің, ережелердің қоғамдық санасы. Мораль қоғамның адамдар тәртібін реттейтін ережелерді керек етуінен туады» [187].

  • «…1. Өнегелілік ережесі, сондай-ақ өнегелілік. 2. Мораль ережелеріне сәйкес келетін жоғары өнегелілік. 3. Уағыз, өсиет» [188].

Бұл анықтамаларды әр зерттеуші өздерінің зерттеу объектілеріне қарай пайдалануына болады. Біз оларды жүйеге келтіре отырып, нақтылай түсеміз сонымен, біздің пайымдауымыз бойынша: мораль дегеніміз – адамдардың іс-қылықтарында көрініс табатын мінез-құлық ережелері мен нормаларының жиынтығы; адамдардың қоғамдағы қатынастарының әр жақты формасы.

Педагогикалық мораль басқа кәсіптік мораль түрлерінен ерекшелігі – жоғары белсенділігі, қалың жұртшылықтың мұғалімнің жеке басына, оның тек кәсіби сапасына ғана емес, сонымен бірге адамгершілік қасиетіне, оның моральдық бет-бейнесіне ден қойып, көңіл аударуы тегін емес. Негізгі моральдық категориялар: шарапат, ар-ождан, парыз (міндет), борыш, абырой, әділеттілік, адамгершілік, әдептілік т.б.

Жоғарыда жүйеленген анықтамалар ұғым жағынан бір-бірінен алшақ еместігін, керісінше бірін-бірі толықтыра түсетіндігін көрдік. Біз солардың ішінде И. Конның «этика - әлеуметтік философиялық ғылым, ал мораль – оның зерттеу объектісі» деген анықтамасын қолдаймыз. Диалектиканың және тарихи философиялық пайымдау заңдарын қолдансақ, онда этика моральдың пайда болуын, оның адамзаттық сипатын, қоғам дамуындағы рөлін ғана ашып қоймай жеке тұлғаның адамгершілікті санасын қалыптастыру жолдарын да көрсетеді.

Сонымен, этика – әлеуметтік-философиялық ғылым, білім саласы, ал мораль – этиканың зерттейтін пәні, деонтология моральдық талаптар мен нормативтерді қарастырытын этикалық теорияның бөлігі.

Педагогикалық этика педагогтың кісіби моралінің нормаларын зерттейді, ал педагогикалық деонтология зерттеу пәні педагогика саласының қызметкерлерінің кәсіптік мінез-құлқы мен тәртібінің ресми және бейресми нормаларының жиынтығы.

Мораль, этика, деонтологияның өзара қатынасын төмендегі сұлбамен көрсетеміз:

- мораль;

- этика;


- деонтология;

- кәсіптік деонтология:

- педагогикалық деонтология.

Қазіргі заманғы зерттеулер, жеке адамдар арасындағы қарым-қатынастар міндетті болып табылатын кәсіптердің, сондай-ақ қызметтің басты нысанасы жеке адам, оның тағдыры болатын кәсіптердің өкілдеріне (мысалы, дәрігерлерге, журналистер мен мұғалімдерге) қойылатын моральдық талаптарды арттыру керек екенін көрсетеді. Бұл кәсіптік топтардың еңбек әрекеті процесінде жаңа адамгершілік элемент – кәсіп иесі мен кәсіптік қызмет объектісінің қарым-қатынасы пайда болады. Мұнда адамгершілік жауапкершіліктің жаңа өлшемі, қажеттілікті тудыратын кәсіптік қызметтің педагогтық және моральдық жақтарының бірігіп қосылуы орын алады. Бұл қосымша нормативтер ең алдымен еңбек процесінде қатысушылар арасындағы адамгершілік қарым-қатынасты реттейді. Қосымша нормативтердің жиынтығы кәсіптік этиканың да мәнін құрайды, оның мақсаты жарлықтар жасау және олардың орындалуын бақылау емес, адамның бойында кәсіптік қызметке тәуелсіз моральдық бағдар ала білу қабілетін қалыптастыру.

Осының бәрін қорыта келе, деонтологияны – парыздың, моральдық талаптар мен нормативтердің және әлеуметтік қажеттіліктің адамгершілікке тән білінуі түрі ретінде жалпы міндеттенудің мәселелерін қарастыратын этикалық теорияның бөлігі деп қарастыруға болады. «Педагогикалық» деген сөзбен қосыла «педагогикалық деонтология» деген сөзтіркес мұғалімнің қызметіне байланысты парыздылық ұғымын құрастыратын этикалық ережелер, нормалар, ұстанымдар жиынтығы.

Педагогикалық деонтологияға мұғалімнің парызына адалдығы мен кәсібіне сәйкес саналы әдеп және құқықтық ұстанымдар мен ережелер кешені жатады. Мұнда оқушы мен педагог арасындағы сенімді қатынастың кепілі бола алатын кәсіптік этиканың қағидалары қарастырылып педогогтің құзіреті, басқа адамдарға, олардың идеяларына шыдамдылықты, тәлім-тәрбиелік іс-әрекет барысында алынған шешімдерге моральдық жауапкершілікті көрсетеді.

Педагогикалық деонтология – ұстаздық парыз туралы ғылым, ұстаздың іс-әрекетіне қойылатын нормативті талаптар. Бұл ұстаздық қызмет аясында практикалық іс-әрекеттерін реттеуші амалы. Педагогикалық деонтологияға кәсібіне сәйкес саналы-әдеп және құқықтық ұстанымдар мен ережелер кешені жатады. Бұл өлшемдер мен ережелер педагогикалық ақиқаттылықты танудың алғышарты, өнімі болып саналады және кәсіби іс-әрекеттің мақсаты мен жоспарын нақты жүзеге асыруға, өзінің бағытын реттеуге мүмкіндік береді. Солардың көмегімен педагог өзіне, басқа да осы үдеріске араласушыларға деген қарым-қатынас қағидаларын меңгеріп, олардың ілгелілерін басшылыққа алу негізінде педагогикалық шынайылықтың барлық қыр-сырын нысанаға алады. Педагогикалық деонтологияның мақсаты - тәрбиеленушінің жеке тұлғалық табиғатына сай дамуына жәрдемдесу мүддесіне сәйкес педагог қызметін сәйкестендіру.

Педагогикалық деонтология педагогтың оның кәсіби іс-әрекеті саласындағы мінез-құлқының ережелерін даярлайды. Деонтологиялық даярлық мұғалімнің кәсіптік қызметін деонтологиялық талаптарға сәйкес атқаруға білімділігі мен біліктілігінің жетік, кәсіби парыздылық санасының дайын болу күйі жатады.

Педагогтың деонтологиялық даярлығын жүзеге асыру үшін оның жеке тұлғалық мінез-құлқына, сана-сезіміне сәйкесті әсер ететін арнайы деонтологиялық дайындық қажет. Ал, деонтологиялық дайындыққа мұғалімнің деонтологиялық ұстанымға сәйкес қызмет етуге қажетті білім, біліктілік қорын қамту үдерісі жатады. Деонтологиялық даярлығы қалыптасқан мұғалім өз мінез-құлқы, ерік-жігерін парыздылық сезімге бағындыра алады. Сөйтіп, зерттеуші-ғалымдар ой-тұжырымдамалары деонтологиялық даярлық ұғымына өз анықтамамызды беруге негіз болды.

Болашақ мұғалім жоғары мәдениетті, ой-өрісі кең, өз мамандығын толық меңгерген, жоғары деңгейдегі кәсіпкер болуымен қатар, өз халқының, өз ұлтының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ата-баба мұрасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен әдебиетін, өнерін, адамгершілік пен имандылықты дәріптейтін қарым-қатынас мінез-құлық қасиеттерді бойында қалыптастыру керек.

Сонымен, деонтологиялық даярлығы қалыптасқан мұғалім болу үшін тек қана ғылыми-теориялық тұрғыдағы білімдарлықтан басқа, асқан шеберлікпен, педагогикалық технологияны жетік игеру, кәсіби парыздылық санасы кемелденген, өз бойында нағыз белсенді гуманистке сай қасиеттер тәрбиелеуге ынталы мұғалімнің халық педагогикасынан терең білім алуы шарт.

Біздің жұмысымызда болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыру үшін халықтың ғасырлар бойы жинақтаған тәлім-тәрбие тәжірибесін тиімді пайдалану мәселесі басты назарға алынды. Қазақ халқының тәлім-тәрбиелік мұрасы – ұлттық педагогикалық ой-пікірлерді жинақтап зерттеу, жүйелеу, оның алдыңғы қатарлы үлгілерін бүгінгі бала тәрбиешісі – ұстаздарға ұсыну – қазіргі өмір талабынан туындаған маңызды мәселелердің бірі. Болашақ мұғалім жоғары мәдениетті, ой-өрісі кең, өз мамандығын толық меңгерген, жоғары деңгейдегі кәсіпкер болуымен қатар, өз халқының, өз ұлтының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ата-баба мұрасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен әдебиетін, өнерін, адамгершілік пен имандылықты дәріптейтін қарым-қатынас мінез-құлық қасиеттерді бойында сақтай білуі тиіс.

Болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығының қалыптастыру түсінігіне сай болатын өткен ғасырлар даналарының пікірлеріне тоқталсақ, шығыстың әйгілі ойшыл философы Әл-Фараби өз трактаттарында бала тәрбиешісі – ұстаздардың бітім-болмысы туралы терең ой қозғай отырып, олардың мінез-құлық нормасын былайша сипаттап көрсетеді: «ұстаз тым қатаң болмауға тиіс, тым оқушының еркіне жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетереді, оның берген сабағы мен ғылымына шәкірт селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет, сондай-ақ ол өзінің сабақтарын бір ғана ғылымның шеңберінен асырмағаны дұрыс, түрлі пәндермен сабақты ауырлата беру тәртіпсіздікке және белгілі бір жүйеден айырылып қалуға апарып соқтырады. Осының бәрі шәкірт өмірін ұзартады, өйткені тәнді емдеу, Гиппократтың сөзімен айтқанда, - өмірді ұзартатын болса, жанды емдеу одан да жақсы нәтижеге жеткізуі тиіс» [66, 12-14]. Бұл педагогикалық деонтологияның оқушының ден саулығына, жан саулығына зиян келтірмей әсер ету ұстанымы аясына саяды. Ұлы ғұламаның оқу-ағарту, білім, еңбек, тәрбие туралы трактаттарында болашақ мұғалімнің деонтологиялық тәрбиесін жетілдіруге сәйкес тағылымды нақыл сөздер, ой-топшылаулар, ғылыми тұжырымдар мол. Ол ұстаздарды құрметпен, «Мәңгі нұрдың қызметшісі», - деп ерекше бағалаған.

М. Қашғари «Диуани лұғат ат-түрк» атты еңбегінде әдеп, тәлім-тәрбие, моральдық-психологиялық сипаттағы ой-пікірлерді айта келе, адамгершілік, қайырымдылық, ақ ниеттілік секілді жақсы қасиеттерді дәріптейді. «Ақылды ал, рахымшыл бол, ақылшы дана бол, білгеніңді ортақтас» деп, тәлім-тәрбие жайлы айтқандары бүгінгі күнге дейін құнын жоймаған асыл мұра болып саналады [67, 593].

Өз заманында шоқтығы биік дара тұлға – Ж. Баласағұн. Ол мемлекет басқарудың еліне құт, бақ әкелу өнерін ізгілікті ұстанымға бағдарлау мәселесін «Құтты білік» еңбегінде нұсқалы тұрғыда тұжырымдап берген. Бұл еңбекте мемлекет басқару ісіне қатысы бар барлық тұлғалардың, қызметкерлердің, күтушілердің, т. б. болмыс-бітімін сипаттауда өз ісіне деген парызы мен қарызын айырықша жауаптылықпен орындауына қатысты үлгілер құрған. Аталған еңбектен біз зерттеу жұмысымызға қатысты (ақыл, парасат, ниеті түзу, сөзі шырын, өнерлі, білімді, қолы ашық, пейілі кең, кек сақтамайтын әсем құлықтар т.б.) құнды сөздерді болашақ мамандарға асыл қасиеттерді уағыздайтын өнеге-ғибрат үлгісі ретінде қолдана аламыз [68].

Орта ғасырлық ойшылдардың келесі өкілі – А. Жүйнеки «Ақиқат сыйы» деп аталатын еңбегінде білімнің пайдасы мен надандықтың зияны, дұрыс сөйлеу, жомарттық пен әділетсіздік, жақсы мінез бен жарамсыз қылық жайында ой толғап, дүниенің кілті – оқыған, білімді, парасатты адамдардың қолында деп, әдепті сөйлеуге, жомарттыққа, әдептілікке шақырады. «Адам өзінің жақсы ісімен басқаларға үлгі болуы тиіс» - деп жақсылықты, «Саған біреу жамандық істесе, сен оған жақсылықпен жауап бер» - деп қайырымдылық пен мейірбандықты паш етеді [69].

Ал, Қ. А. Иассауи «Диуани хикмет» атты еңбегінде адамның жан-дүниесі, рух қуаты білім арқылы таза болудың, төзімді болудың заңдылығын айқындап берген [70]. Данышпан түркі тілдес халықтар арасында мұсылманшылықты, сопылық ағымның тиімді жақтарын пайдалана отырып әділдікті, имандылықты, ізгілікті насихаттаған аса ірі тұлға. Ол «Даналық кітабы» деген еңбегінде ислам дінін бұқара халыққа түсіндіреді. Әділдік жолына түсу, ақиқатты іздеп табу, рухани өмірдің тазалығы сияқты құбылыстардың өнегесін танытқан ойшыл. Қ. А. Иассауи айтқан «ар», «ұят», «әдеп», «әділеттілік» сияқты руханилықтың мәңгі категориялары – тарихи кезеңдердің жаңа дәуірі туғанмен де ешқашан құнын жоймайтын категориялар. Ақыл кітабынан болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруға үлгі болар тұжырымдар:

Мағрифат – сауаттану, ағарту, ғылым, білім.

Тариқат – жол, жүйе, сенім, қағида.

Хақиқат – хақ, шындық, дәлел.

Шариғат – ислам дінінің заңы, жолы, қағидасы.

Сонымен қорыта келе түрік тайпаларынан шыққан ғұламалардың тәлім-тәрбиелік сөздері мен теңеулері, сүбелі еңбектері біздің бүгінгі күнімізге рухани құндылық ретінде, классикалық даналық тұжырымдар ретінде пайдасы зор.

Осы ой-пікірлер қазақ даласында тұңғыш мектеп ашып, болашаққа оқу-білім сәулесін таратқан халқымыздың ағартушы-педагогы Ы. Алтынсарин шығармаларынан да кеңінен орын алды. Ы. Алтынсарин кәсіби білім беру жүйесін қалыптастырған ұстаздардың ұстазы болды. Ол 1882 жылы Н. И. Ильминскийге жазған хатында «Халық мектептері үшін ең керектісі - оқытушы. Тамаша жақсы педагогика құралы да, әбден мұқият жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды», - деп, қазақ халқының сол тұстағы аса бір өзекті мәселесін көтеріп қана қоймай, өзі де сол істі жүзеге асыру жолында жан аямай жұмыс істеген. Мұғалім өз шәкірттерін шын жақсы көрсе, оның беделі тек шәкірт алдында ғана емес, бүкіл ата-аналар, жұртшылық алдында жоғары болатынын ескертіп былай дейді: «Мектепте мұғалім басты тұлға, онымен ешкім теңесе алмайды, мектеп бітіруші баланың болашағын болжай білу қабілеті, адамгершілік қасиеті жоғары ұстазға байланысты» [9]. Ағартушының пікірі бойынша оқушыны жақсы көрген ұстаз олардың болашағына жанашырлықпен қарайды, оқу бағдарламаларын барынша түсінікті, ұғымды етіп береді, шәкірттерінің сеніміне ене отырып адамгершілікке тәрбиелейді. Ы. Алтынсарин еңбектерінің болашақ мұғалімдерді ізгілікке, парасаттылыққа, достыққа тәрбиелеудегі орны ерекше. Тәрбие ісінде Ы. Алтынсарин халық даналығына сүйенеді.

Бұл салада ұлы ақын – философ, хакім Абай Құнанбаевтың педагогикалық мұрасы бүкіл әлемге рухани құндылық болып есептеледі.. Оның қара сөздерінде, өлеңдерінде оқу, өнер, білім, тәлім-тәрбие, көрегенділік, мінез-құлық, кісілік, кәсіп пен ұстаздық жайлары жан-жақты қарастырылып, сарапталады. Абай философиясында білім мен тәрбиеге қатысты адамның өз-өзіне жауаптылықпен қарауының талаптары бірінші қатарда тұрады. Ұстаздық кәсіптің қиындығы мен қызығы, жауапкершілігі тұрғысында да көп жазған. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», - деп мұғалімге зор міндет артады [12].

Абай Құнанбаев мұғалім бір орнында тұрып қалмай, үнемі іздену, оқу, өсу үстінде болу керектігін, сол білгенін басқаға үйретуі қажеттігін ескертеді. Ең бастысы, болашақ мұғалім адамгершілігі мол, үлкен жүректі, әділетті болуы шарт. Өз дегеніне жету үшін мұғалімнің мінезі кең, ерік-жігері мол, ішкі жан дүниесі сұлу, баланы сүйе білетін, рухани жағынан таза адам болмағы ләзім. Абай адам мінезі рухани жан дүниесі мен ерік-жігері арқылы анықталды дегенді айтады.

Кезінде А. Байтұрсынов: «Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тіреледі: бірі ақшаға, бірі құралға, бірі мұғалімге. Осы үш тіреуі бірдей тең болса, оқу босамай, ауытқымай түзу жүреді. Ол үшеуі тең болмаса, оқу жұмысы аумалы жүк сияқты орнықсыз. Орнықты орын болмай қалт-құлт етіп оқытқан оқу білім үйретіп жарытпайды», - деген болатын [10]. Бұл бүгінгі күні де, болашақта да мағынасын, мәнін жоғалтпайтын асыл сөз. А. Байтұрсынов болашақ мұғалімдерді даярлау туралы ой-пікірлерін «Тіл туралы», «Сауат ашқыш», «Әліпби», «Баяншы», «Әдебиет танытқыш» т.б. еңбектерінде жан-жақты айтып өтті. Автор осы еңбектері арқылы Қазақстанда ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалады. Ол жүйенің элементтері: оқу-әдістемелік құралдар, оқулықтар және мектеп жұмысын жандандыратын ұлтжанды, адал, еңбекқор мұғалімдер керек деп қадап айтқан болатын.

Ж. Аймауытовтың ұлттық тәлім-тәрбие, әдеп, педагогика саласындағы терең де сындарлы пікірлері бүгінгі күні де өте өзекті. Өйткені ол көтерген өзекті мәселелер сол кездің өзінде-ақ халқымызға іздесе таптырмайтын аса құнды, тамаша үлгі-өнеге болған. Автор өз еңбектерінде ұстаз бен шәкірт арасындағы әр түрлі қарым-қатынастың ұлттың бояуымызға толы әр түрлі көріністерін сөз етіп, осы секілді ұлттық мектеп пен педагогикаға, ұлттық психология мен этикаға тікелей қатысты құнды пікірлер айтқаны белгілі. Ж. Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші» атты оқу құралында оқу мен оқыту ісіне қатысты мәселелер, соның ішінде мектептегі шешуші тұлға – мұғалімнің орны мен беделі, әдіс-тәсілдері туралы кең көлемде сөз болады. Оқыту үрдісінің жай-жапсарын талдай келе: «Оқыту тәрбиеленушінің табиғатына сай, жеке-дара ерекшелігіне орай жүргізілуі тиіс. Ол сонда ғана шәкірттің ой-өрісінің өсіп, жетіліп, қалыптасуына жағдай жасайды. Баланың табиғатын ескере отырып оқыту дегеніміз – оның бұрынғы тәжірибесіне, азды-көпті білгеніне сүйену деген сөз», - деп талдау жасайды [71]. Бұл педагогикалық деонтологияның оқушының табиғатына үйлесімді жан-жақты дамуына жәрдемдесу ұстанымына сай келеді. Әсіресе, әр болашақ мұғалімнің бойындағы өз ісіне және мамандығына деген жоғары жаупкершілігі мен шеберлігін, адамдық қасиеттерін айрықша атап өтеді. Ол мұғалімнің рөлін тек дәрігермен ғана салыстырады және дәрігерден де жоғары қояды. «Дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, мұғалім адамның ақылын, жанын сауықтырады. Ақылды адам көбейсе, Отанның күзетшісі, қорғаны», - дейді.

Ш. Құдайбердиев еңбектері де болашақ мұғалімді тәрбиелеуде асыл қазына болып табылады. Ол болашақ мұғалімнің ойлау белсенділігі мен ақыл-парасатын дамытуды басты бағдар деп таныды. Берілетін білім мен оның тәлімдік, тәрбиелік ғибрат жолын бөлмей, бірлікте қарауға айрықша мән берді. Білім әр тәрбиеленушінің жеке басына тән ерекшеліктерге, қабілетіне және мүмкіндіктеріне қарай іске асырылса, нәтижелі болатынын дұрыс нұсқады. Демек берілетін білімде, тәрбиелік тәлім де шәкірттің шамасына үйлесімді, таным-түсінігіне сәйкес келсе ғана жүзеге асады. Шәкәрім «Оқыту мен үйрету қорқыту, күш көрсету емес, шәкірттің дербес ерекшелігі мен бейімділігіне қарай жүргізілсе дұрыс болады» [72], - дейді.

М. Дулатов та мектептегі оқу-тәрбие үрдісі, оқытудың түрлері мен әдістері, мұғалім мен шәкірт арасындағы қарым-қатынас турасында ой-пікірлер айтқан ғұлама.

Тәлім-тәрбие ғылымының теориялық жағына тұңғыш терең үңілушілердің бірі - Мағжан Жұмабаев. Автордың педагогикалық ой-пікірлерінде мұғалімнің рөліне зор мән беріледі. «Педагогика» еңбегінде: «Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару, баланы мұндай адам қыла алу үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек», - дейді [27, 48]. Оқулықтың «Сұлулық сезімдері» бөлімінде мұғалім тек сырт сұлулығымен ғана емес, ішкі сұлулығымен де ұнамды, сүйкімді болу керектігін айтады. М. Жұмабаев еңбектерінде болашақ мұғалімнің педагогикалық шеберлігін ұштау мәселелеріне көп көңіл қояды. Ол ұлттық мәдениет және ізгілік туралы ойларын «Құлық сезімдері» атты бөлімінде одан әрі дамыта түседі. «Адам шын ізгі адам боламын десе халық ісі, халық пайдасы жолында құрбан бола білсін», - дейді [11, 116]. Бұл еңбекте біз зерттеу жұмысымызға байланысты басты нысана – шеберлік, жан сұлулық, ізгілік.

Қорыта айтарымыз, жоғарыда атап өткен қазақтың ағартушы-педагогтарының ой-пікірлері бүгінде өз мән-мағынасын жоймай, өміршең болып отыр. Сондықтан болашақ мұғалімдердің парыздылық сана-сезімін, қалыптастыруда олар нұсқаған жолдарды елеп-ескерген жөн.

Ғылыми педагогиканың негізін қалаушы чех ғалымы Ян Амос Коменский (1592-1670) ұзақ жылдар бойы христиандық қауымдастықта мектепте басшылық қызметте болады. Ол мұғалімнің кодексін даярлап, балаларды тәрбиелеудегі негізгі алғышарт – ұстаздың болмысы, үлгі-өнегесі деп санады. Я. А. Коменский мұғалім қызметінің қоғамдық маңызына жоғары баға бере келе, былай деп жазады: «Оқытушының ең жақын қамқорлығы оқушыларын жақсы үлгімен алға тартудан білінеді. Оларға керемет лауазым тапсырылған, күн астында басқа мұндай керемет қызмет жоқ» [3]. Ғалымның тұжырымдауынша, мұғалімдік қызмет ең мәртебелі мамандық түрі, ол адал, іскер, талап қойғыш, алға қойған мақсатына жетуге ұмтылатын жан, мұғалім өз оқушылары үшін сыртқы кескін-келбетімен де, рухани байлығымен де, мінез-құлқымен де үлгі болуға тиіс деп есептейді.

Я. А. Коменский идеяларын жандандырушылардың бірі неміс педагогы Адольф Дистервег (1790-1866) болды. Ол «Мұғалімнің өзіндік сана-сезімі» атты мақаласында оқытушының кәсіби қызметі мен мамандығы турасында «мұғалім өмірде ерекше қолтаңбасы бар, өмірге көзқарасын дамытатын және адамдармен қарым-қатынасын жетілдіретін, өзгеше тұлға даярлайтын жандар» деп жазған [73]. Ғалым педагогикалық кәсіп мұғалімнің құндылық бағдарлары мен адамгершілік сипатына әсер етеді деп айтқан. А. Дистервег ұстазға қатаң талаптар қояды, оның қатарына: оқытатын пәніне жетік, білімді болу; өз мамандығын жан-тәнімен сүйе білу; балаларды жан жүрегімен жақсы көру; азамат ретінде алдыңғы қатарлы ұстанымдарды көздеу, тұрақты түрде білім деңгейін жетілдіріп отыру; сергек болу; қатал, талап қойғыш, адал болуы тәрізді қасиеттер енеді.

Ұлы швейцариялық гуманист-педагог И. Г. Песталоцци (1746-1827) педагог қызметінің маңызы зор екендігіне көңіл бөлді. Ол тәрбие беретін мекемелерде тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер арасында сүіспеншілік пен ықыластың үстем болу керектігін дәлелдеуге тырысқан. Балаларға деген арнайы сүйіспеншіліксіз тәрбиеде табысқа қол жеткізу мүмкін еместігін дәлелдей келе, ол мұғалімге қажетті қасиеттердің ішінде тапқырлықты, жарқын жүзділікті, турашылдықты, қарапайымдылық пен адамгершілікті атап айтқан [5].

Қоғамдағы педагог қызметіне Ресейдің Н. Г. Чернышевский, К. Д. Ушинский, В. Г. Белинский, Н. А. Добролюбов, А. В. Луначарский т.б. революционер-демократтары да жоғары баға берді [112; 7; 110; 111; 74].

К. Д. Ушинскийдің педагогикалық мұраларынан да мұғалімдер көп пайдалы дүниелерді ала алады (1824-1870). Ғалымның пікірінше, ұстаз терең білімдар, берік ұстанымдарға ие жан болуы тиіс, «тәжірибелік психолог» болуы қажет. Сонымен қатар, Ушинский педагогтың кәсіби болмысының өлшемдеріне лайықты заңдылықтарды үйренуге шақырды: «Біз педагогтарға былай немесе басқалай істеңдер деп айтпаймыз, біздің оларға айтатынымыз: өздеріңіз басқара алатындай психикалық құбылыстардың заңдылықтарын терең меңгеріңдер, осы заңдарға сүйене отырып өз әрекеттеріңді биік мақсаттармен сабақтастыруға болады». К. Д. Ушинский мұғалімнің даярлығы жөнінде сөз қозғай отырып, бірінші кезекке мұғалімнің кәсіби шеберлігін қояды.

Халыққа білім беру ісінің көрнекті қайраткері А. В. Луначарский педагогтартың жеке басына қойылатын жоғары талапқа ерекше көңіл бөле отырып, осы талаптарды жүзеге асыруда мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеу рөлін атап көрсетеді: «Біз үшін педагогтардың мемлекетіміздегі нағыз бесаспап және нағыз тамаша адам болғаны өте қажет, өйткені ол жас өркендей гүл жарып, шешек атып келе жатқан кішкентай адамдарға шаттық өмір сыйлай білуі тиіс. Педагогтың мәртебелі ісінің өзі, міне, осында, және де ешқандай мамандық адамдарға мұндай талап қоя алмайды. Педагог өзіндегі адамгершілік мұратты жүзеге асыруы тиіс» [74. 102]. А.В. Луначарский атап көрсеткендей, педагогикалық моральдағы кез келген кемістік, мінез-құлықтағы кез келген кемістік тікелей у болып, ол жеткеншек ұрпаққа жұғады. Жақсы мұғалім – бұл ең әуелі қайғы қуанышыңа ортақтасатын, парасатты әрі адал, балаларды құрметтей білетін және оларға ұқыпты қарайтын жақсы адам.

Ал, В. Г. Белинский мұғалімнің әлеуметтік және адамгершілік рөлі жөнінде сөз қозғай отырып: тәрбие мақсаты – адамгершілік, құралы – сүйіспеншілік пен балаларға деген махаббатта деп есептеді.

Педагогты кәсіби даярлауды қарастыра отырып педагог тұлғасының маман ретінде қалыптасуының шеберлігінің жетілуінің, педагогикалық қарым-қатынас пен балалармен жұмыс істеу даярлығының негізгі психологиялық-педагогикалық аспектілері білім беру мәселесі бойынша зерттеу жүргізген О. А. Абдуллина, Ю. К. Бабанский, Ф. Н. Гоноболин, Н. Д. Левитов, И. Я. Лернер, А. К. Маркова т.б. ғалымдардың еңбектерінде көрсетілген [75; 76; 77; 78; 79; 80].

Қазіргі кезде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты мұғалімнің жеке тұлғасына және оның кәсіби қасиеттеріне қойылатын талаптар өсе түсуде. Мұғалімдерді кәсіби даярлау мәселесіне Қазақстанның да ғалым-зерттеушілері көп жұмыстар атқаруда. Педагогтың жеке тұлғасы, кәсіби толысуы, оңтайлы педагогикалық шешімдерді жүзеге асыра алуы Р. Г. Лембергтің зерттеулерінде анықталды. Біртұтас педагогикалық процесс пен мұғалімнің кәсіби даярлығын Л. Е. Абенованың, А. Н. Сүлейменованың, А. А. Сотникованың, А. П. Сейтешевтің, Н. Д. Хмельдің еңбектерінен көре аламыз [81; 82; 83; 84; 63; 46].

Н. Д. Хмель педагогикалық процесті жүзеге асыру үшін мұғалімнің теориялық даярлығының маңыздылығын дәлелдей келе, мұғалімнің бойында педагогикалық процестің тұтастығын қамтамасыз ете алатын, кез келген жағдайда іс-әрекет жасауға мүмкіндік беретін арнайы кәсіби қасиеттер болуы керектігін баса айтты.

Кәсіби қызметке педагогтарды даярлау проблемасын шешуде Б. Т. Лихачев мына жүйелерді ұсынады:



  • оқу материалының жалпы білімдік сипаты;

  • мазмұнның азаматтық және ізгілік бағыты;

  • білім беру мазмұнының ізгілік-этникалық бағыттылығы;

  • қоғамның жаңаруы кезінде оқу материалының практикамен байланыстылығы;

  • оқытылатын материалдардың дамытушылық сипаты;

  • білім беру мазмұнындағы эстетикалық аспектілер [85].

Зерттеушінің ой-тұжырымдамаларын толық қолдай отырып, болашақ кәсіби даярлығын қалыптастырудың маңыздылығын нақтылай түсеміз.

Педагогтардың кәсібилік мінез-құлқы мен тұлғалық сипатын жетілдіру мәселесі де көптеген ғалымдардың зерттеу көзі болған. Бұл бағыттағы ғылыми еңбектердің арасында Н. В. Кузьминаның зерттеулері ерекше орын алады. Ғалым мұғалімнің кәсібіне жарамдылығын білімдер, іскерлік мен дағдылар қосындысына немесе белгілі бір мінездеме ерекшеліктерінің тізбесіне жатқыза салуға болмайтын тұтас арнайы қабілеттер кешені ретінде түсіндіреді.

Педагогикалық қабілеттілік құрылымына Н. В. Кузьмина педагогикалық аңғарымпаздықты, педагогикалық қиялдауды, педагогикалық әдептілікті, жалпыға бірдей назар бөлуді және ұйымдастырушылық қабілеттілікті жатқызады [86].

Ф. Н. Гоноболин еңбегінде болашақ педагогтың кәсіби маңызды қасиеттерін дамытудың механизмі мен жүйелілігі көрініс алады. Ол мұғалім қызметінің тоғыз функциясын шығарады: дидактикалық, құрылымдық, перцептивтік, экспрессивтік, үстемділік, коммуникативтік, ұйымдастырушылық, академиялық және қосымша.

Педагог мамандарды даярлауды жетілдіру проблемасын шешуге болашақ мұғалімдердің дидактикалық дайындығын М. А. Құдайқұлов, оқушылардың құндылықты бағдарлау жүйесіне болашақ мұғалімдерді даярлауды Г. К. Нұрғалиева, педагогтың кәсіби зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруды З. А. Исаева, мұғалім әрекетінің қабілетпен байланыстылығын В. А. Крутецкий, мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетін шеберлік тұрғысынан В. А. Сластенин және т.б. мәселелерді қарастырған ғалымдар зор үлестерін қосты [87; 88; 55; 89; 90].

В. А. Сластенин мұғалімнің професиограммасына қоғамдық сана қасиеттерін, психологиялық-педагогикалық, арнайы және әдістемелік дайындығын жатқызады.

Болашақ мұғалімді кәсіби тұрғыда даярлау үдерісі көрсетілген мұғалім кәсібінің сипатына тоқталуды жөн көрдік. Мұғалім – педагогикалық процесті ғылыми тұрғыда ұйымдастыратын басты тұлға. Ол әлеуметтік өмірде дәрісман, ұстаз, тәрбиеші, оқытушы, педагог, тәлімгер деген есімдермен аталса да, барлығының мақсаты балалар мен жастарды тәрбиелеу, оқыту, соның негізінде тұлғасын және оның кәсіби іс-әрекетін қалыптастыру болып саналады. Педагог мамандар дайындайтын жоғары оқу орындары студенттерді таңдағын кәсібіне оқытып қана қоймайды, оларды деонтологиялық тұрғыдан дайындауы шарт. Шеберлік - мұғалімдердің теориялық білімдерін, педагогтік қабілетін, педагогтік әдебін, педагогтік техникасын қалыптастыру арқылы кәсіби іс-әрекеттің шыңына жеткізудегі ізденіс өнері.

Кәсіп түрлері сан алуан болғандықтан, оны да табиғи заттарды, өсімдіктерді, жануарларды топтаған сияқты еңбектің мақсатына, еңбек затына, еңбек құралына және еңбектің орындалу жағдайына сай Е. А. Климов бес топқа бөледі (адам-адам, адам-табиғат, адам-техника, адам-белгі, адам-бейне).

Мұғалімдік кәсіп адам-адам тобына жатады. Өйткені оның басты еңбек заты – адам. Е. А. Климов мұғалімдік мамандық адамнан жоғары адамгершілік сапаны, өзгені тыңдап оған кеңесші болуды, жаңашылдықты, білімділікті, мейірімділікті, әдептілікті, қайырымдылықты талап етеді деп орынды көрсетеді [99, 37-46].

Қазіргі кезде мұғалімді педагог, оқытушы, ұстаз деп те атайды. Ұстаз парсының «остоз» деген сөзінен алынған. Мағынасы өзгеге өз өнерін, білімін үйретуші ақылшы, тәрбиеші дегенді білдіреді [91, 447]. Тәжірибеде үлкен де, кіші де кәсібін өзгеге үйретіп ұстаз атанып жүр. Мысалы, мал бағу кәсібін, ою-зергерлік кәсібін, тоқу-тігін кәсібін шәкіртке үйрету. Біздің пайымдауымызша, олар кәсібін адамның жасын ескермей, талабына сай сөз, шеберлік, жаттығулар арқылы үйретеді. Ол бірнеше жылдарға созылуы мүмкін. Ұлы Абай ұстаз туралы: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» [92, 220], - деп бекер айтпаса керек. Бұл сөздің мағынасына зер салсақ, ақын ұстаз әрекетін балаға бағыттаған. Ал баланың жас кезеңдерін ескеріп, жұмыс жүргізуші маман – мұғалім. Сонда мұғалім мен ұстаздың айырмашылығы неде деген сұраққа жауап іздедік. Ұстаз - кәсібін өте жетік білетін, оны шәкірттің жас кезеңін ескермей үйретуді борышы санайтын білгір маман. Ал, мұғалім – оқу орны белгілеген біліктілікке байланысты оқушының жас ерекшеліктерін ескеріп, оқу-тәрбие процесін ғылыми негізде ұйымдастыратын маман. Сонда ұстаз бен мұғалім жеке тұлғаға білім беру мақсаты жағынан бір-біріне жақын болғанымен, іс-әрекеттерінің сипаты әр түрлі. Ал, оқытушы – жоғары оқу орындарында дәріс беретін маман. Ол оқыту процесінде болашақ маманды кәсіби-педагогикалық әрекетіне дайындайтын болғандықтан, жоғары оқу орындарына арналған талаптарға байланысты жұмыс жүргізеді.

Педагогикалық энциклопедияда мұғалім - әр түрлі типтегі жалпы білім беретін мектептерде оқушылармен оқу және тәрбие жұмыстарын жүргізетін маман деп анықтама берілген [93, 440-441].

«Педагог» деген термин де мұғалім кәсібіне байланысты айтылады. Ол гректің баланы тәрбие беретін орнына апаратын құл деген сөздің баламасы болғанымен, мағынасы, «жалпы білім беретін мектеп, кәсіптік орта мектеп мұғалімі, кәсіптік арнаулы орта, кәсіптік жоғары оқу орнының оқытушысы, мектепке дейінгі мекеме, балалар үйі, мектептен тыс мекемелердің қызметкерлері» деген ұғымды білдіреді [94,281].

Әйтсе де Қазақстан Республикасының Білім беру заңында мұғалім, оқытушы деген термин аталмай, орнына «педагог» деген термин жиі пайдаланылған. Біз бұған келісе отырып, мұғалім, ұстаз, оқытушы, педагог терминдерін мағынасына қарай орынды пайдалану кәсіби-педагогикалық іс-әрекет сипатын анықтай түсетіндігін ескереміз.

Мұғалім өз ісіне жарамдылығын танытуы үшін көптеген қасиеттерді іс-әрекетінен байқатуы керек. Оның алғашқысы бағыттылық. Ол мұғалімнің моральдік тұрақтылығынан, азаматтық жауапкершілігінен, өз мамандығына берілуінен, оған әділдік жасауынан көрінеді. Тәрбиеленуші бойындағы ұлтжандылық, көпшілдік, шыншылдық, т.б. қасиеттер мұғалім тұлғасының бағытына байланысты. Бұл туралы К. Д. Ушинский: «Тәрбиедегі әрекеттің бәрі мұғалімнің жеке басына негізделуі керек, өйткені тәрбиелік күш тек қана адамның жеке басының үлгісінен нәр алады…», - деп өте орынды айтқан [7, 47]. Мұғалім қызметінің кәсіби сапалылығыда бейімділік те жетекші орын алады. Оған: балажандылық, сезімталдық, көргенділік, педагогтік әдептілік, өз білімін көтеру секілді қасиеттер жатады.

В. А. Крутецкий, А. В. Петровский сияқты психолог-педагогтардың ой-тұжырымдамаларында адамның іс-әрекетке жарамдылығы қабілетіне байланысты [96, 254]. Оның алғышарты – тума іске жарамдылық белгісі. В. А. Крутецкий педагогтік қабілеттің мәнін зерттей келе, оны даралық, дидактикалық, ұйымдастырушылық деп үш топқа бөледі [89,227-245].

Даралық қабілет – идеялық және моральдық тазалығынан, мұғалімнің балаға деген ынта-ықыласынан, достық қарым-қатынас орната алуынан, әдептілік қасиетінен, ұстамдылығынан, сабақты қызғылықты өткізе білуінен;

дидактикалық қабілет – өз пәнін терең меңгере білуінен, сөйлеу мәдениетілігінен, тіл байлығынан, рухани ойлау дәрежесі биіктігінен, шеберлік және іскерлік қасиетінің жоғары деңгейде қалыптасуынан;

ұйымдастырушылық қабілет – мұғалімнің оқушылар ұжымын құрап, олардың мақсаттары мен міндеттерін дұрыс белгілеп, өздігінен жұмыс жүргізуге бейімдеуінен, оқушының ден саулығына, жан саулығына зиян келтірмей ықпал етудің тиімді әдіс-тәсілдерін таңдай білуінен байқалады.

Адамның өзін-өзі тәрбиелеу жан мен тәнді үнемі шынықтырып, жаттықтырып отыруды тілейді. Адамның күш жігерінің мүмкіндігі ұшан-теңіз екендігі соншалық, кез келген адам өзі жеке тұлғалық қасиеттерін және кәсіптік педагогикалық қызметтегі талантын жан-жақты өрістете алады. Орыс педагогы А. С. Макаренко өз шеберлігін жетілдірудегі тәжірибесіне сүйене отырып, былай деп жазғаны тегін емес: «Менің педагогикалық талантым болған емес және де педагогикаға ешбір әуестенбей-ақ кездейсоқ келдім…, бірақ мен үйрендім. Мен өз ісімнің шебері болуға тырыстым. Ал, әркім-ақ өз ісінің шебері бола алады, ол үшін оған көмектесу керек, ол өзі де жұмыс істеуге ынталы болуы тиіс» [4]. Көрнекті педагог бұл сөзінде өзін тым сыпайы етіп көрсеткен болар. Бірақ бір нәрсе анық: педагогикалық қабілеттілікті, шеберлікті қалыптастыруға болады. Болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыру барысында біз де дәл осы көзқарасты негіз етіп алдық.

Мұғалімнің оқу-тәрбие қызметіндегі табыстары көбінесе оның шеберлігіне байланысты. Ол өздігінен келмейді. Қайта мұғалімнің кәсіптік мәртебесін арттыруда, мәдени және саяси ой-өрісін кеңейту жөніндегі табанды және күнделікті жұмысының нәтижесі болып табылады. Қазіргі кезде оқу-тәрбие процесін ізгілендіруде оқытудың тәрбиелік сипатының басымдылығына, сондай-ақ тұлғалық бағдарына назар аударыла бастады. Бір қуанарлығы, қазіргі балалар өте алғыр. Олардың қай-қайсысының бойынан дарындылықты табуға болады. Тек тұтанып тұрған мезгілінде үрлеп, дұрыс бағыт-бағдар беру талабын қанағаттандырып отыруда мұғалімнің асқан шеберлігі қажет. Ол педагогикалық мамандығын арттыру жөніндегі мәдени және саяси ой-өрісін кеңейтудің табанды да күнделікті жұмысының нәтижесі болып табылады. Кәсіптік шеберлік өз пәнін терең білуді, тәрбие мен оқытудың жаңа заңдылықтарын білуі жүргізу шеберлігін көздейді. Кәсіби шеберліктің маңызды көрсеткіші - оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізу шеберлігі мен дағдысының болуы. Ол оқушылардың мінез-құлқын бақылау, зерттеу және олардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруына көмектеседі. Ал ол үшін педагог жұмысқа әрдайым әзір тұруы, кейбір кездескен қиыншылықтарды жеңуі, тез арада шешім қабылдауы, оқушылардың ыңғайын табуы, ортақ тіл табысып араласуы керек.

Мұғалімнің шеберлігі дер кезінде оқушылырға ықпал ету, дұрыс жолын көрсетіп, иландыра білу, жаңаша іздестіру жолдарын жүргізу, ғылыми негізін менгеру сияқты әрекеттерден көрінеді, және ол өзінің кәсіби шеберлігін кеңестерде, жиналыстарда, ғылыми-практикалық конференцияларда көрсетуі керек. Күрделі сан қырлы оқу-тәрбие қызметінде мұғалімдердің білімін арттыруда әрдайым жүйелі жұмыс қажет. Қызметін жаңа бастаған жас мұғалім ғана емес, көп жылдар бойы еңбек еткен ұстаз мұғалімдерде өз біліктілігін арттыру қажет. Егер мұғалім бұрын жаттап алған педагогтық ережелер мен әдістемелік тәсілдерге сүйенсе, оқушыларды тәрбиелеуде елеулі табысқа жетуі қиын болады, өйткені өмірден артта қалады, өзіне жүктеген міндеттерді орындай алмайды. Мұғалімдердің кәсіптік шеберлігін, оның біліктілігін арттыруда әдістемелік бірлестіктің рөлі зор.

Мұғалімнің мәдениеті адамның кісілік келбетіне, соған лайықты бола білуіне, адамның табиғатпен, әлеммен үйлесімділігіне, оқу-тәрбие процесінің халықтық дәстүрмен сабақтасып жатуына, рухани мәдениет негізінде болашақ ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін жаңа сатыға көтеруге негізделген. Жеке тұлғаның бойындағы жалпы адамзаттық құндылықтардың қалыптасуы да осы бағытта жүзеге асады. Оқу-тәрбие саласында жүргізілетін жұмыстардың тиімділігін арттырудың негізгі шарттарының бірі - мұғалімнің мәдениеттілігі, әдептілігі болып табылады. Мұғалімнің ішкі және сыртқы мәдениеті мыналардан құралады:

- оқушының сабағы мен мінез-құлық кемшіліктерін, себептерін табандылықпен анықтауы, көкейге қонымды кеңестер беруі;

- алғашқы әсер ықпалы мен ашу үстінде шешім қабылдауға және себебін білмей, асығыс ойластырылмаған баға қоюға болмайтындығы;

- мұғалім, оқушы қылығы мен әрекетінің ішкі себептерін түсінуге, анықтауға талпынып, содан кейін барып педагогикалық ықпал етудің белгілі бір шараларын қолдануы;

- мұғалімнің оқушыға қатынасы оның жеке өзіне деген терең сый мен сенімге негізделуі. Сенім мен сый жоқ жерде педагогикалық мәдениеттілік бұзылуы мүмкін;

- талап қоя білуі;

- мұғалімнің мәдениетіне киім-киісі, жүріс-тұрысы, жалпы жан дүниесі сұлу болуы, эрудициясының бай болуы, ерік-жігерін және мінезін қалыптастыруда өзіне талап қойып, баға беруі, оқушы жүрегіне жол таба білуі, эстетикалық талғамға сай болуы, сыртқы пішінінің жарастығы;

- шамадан тыс қамқорсу, әкімшілік етуге жол бермеуі, сенімді, мінез-құлқы болуы;

- мұғалімнің сөйлеу мәдениеті, өздерін ұстай білуі, ерік-жігерін және мінезін қалыптастыруда өзіне талаптар қойып, өз-өзіне баға бере білуі.

Осы орайда білім ордасы - мектеп, ал мектептің жүрегі-мұғалім екендігі бәрімізге белгілі. А. Байтұрсынов: «Мұғалім-қандай болса, мектеп те сондай болмақшы», - деген [10,120]. Яғни мұғалім білімді жан-жақты болса, болашақ ұрпағы да сауатты болады. Олай болса, жаңаша өмірге бет бұрып, жаңа ой түзеген егемен еліміздің ұрпағын білім нәрімен сусындатып саналы тәрбие, сапалы білім беретін жеке тұлға, мәдениеті мен кәсіби шеберлігі шыңдалған мұғалім ғасыр көшін бастаушы болып табылады.

Мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеу мәселесі имандылық пен жоғары адами қасиеттердің биік принциптерімен ылғи да ұштастырылса, жеке мүддені жұрт мүддесімен орайластырып, туған халқы мен от басына адал қызмет ету, оларға ылғи «менің кәсіби парызым» секілді ізгі ниеттерден туындап жатса, оның осы саладағы тыныс-тіршілігі мазмұнды да жемісті болады. Өйткені борыш пен жауапкершілік, парыз бен қарыз, ар-ұят, намыс сезімінің болуы өзін-өзі тәрбиелеу ісіне зор түрткі болып, кісінің қиыншылықтарға төзуіне және оларды жеңе білуіне, әркез жарқын да шат-шадыман өмір сүруге жету жолындағы күресіне демеу болып отырады.

Педагог-ғалым Ю. Н. Кулюткин де педагогтың кәсіби маңызды тұлғалық қасиеттерінен үш топты іріктеп бөліп алады:

- басқа адамдардың ішкі дүниесін түсіне білу қабілеті;

- оқушыға белсенді әсер ете білу қабілеті;

- эмоционалдық тұрақтылық, яғни өзін-өзі басқара білуі [96].

Аталған ғалымның еңбегінде педагогтың тұлғалық мінездемесі оның кәсіптік іс-әрекетінің құрылымдық ерекшеліктеріне ғана сүйене отырып сипатталады. Адамның өзін-өзі басқара білуі - яғни тұлға санасының оянуы. Өзіңе-өзің үніліп, тәрбиелеуге тырысу, белгілі бір мақсат көздеу – ең негізгі дұрыс қадам.

Жоғарыдағы аталған зерттеулерде педагогты кәсіби даярлау проблемалары терең қамтылғанмен, оларда деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастыру мәселесі ерекше мән беріліп қаралмаған. Басқа көптеген кәсіптермен салыстырғанда педагогтік кәсіп мұғалім еңбегінің адамгершілік мазмұны бай болумен ерекшеленеді.

Педагогикада жеке тұлғаның «қалыптасуы» термині жиі қолданылады. Бұл жеке тұлғаның дамуының нәтижесі дегенді және оның пайда болып, тұтастыққа, бір қалыпты қасиеттерге және сапаларға ие болғанын білдіреді. Қалыптастыру дегеніміз – бір нәрсеге пішін (форма) мен тұрақтылық беру; толықтық пен нақты бір түр беру.

Адамзат алғаш пайда болған күннен бастап осы уақытқа дейін қоғам алдындағы ең басты міндет – қоғам мүшелерінің адамгершілік, парасаттылық қасиеттерін тәрбиелеу болып келді. Бұл тәрбие әр адамды ар-ұятты, әділетті, адал, кішіпейіл, қамқоршыл, көпшіл, басқа адамдарға тек қана жақсылық тілеуші, мейірімшіл еңбеккор болу сияқты қоғамға пайдалы сипатты қасиеттерге ие болуға баулиды. Бұл қасиеттер педагогикалық деонтолгияның еншісінде.

Педагогтың деонтологиялық дайындығының мақсаты: егемендігіне ие болып еңсесін көтеріп келе жатқан халықтың денсаулығын сақтауына әрдайым күресе алатын, өзінің кәсіптік парызына тұла бойы берік, еліміздің игілігіне ауқымды үлес қосатын ұлы-қызын тәрбиелеп өсіретін ұстаз тұлғасын дайындау. Оның бойына педагогикалық қызметтің гуманистік жүктемесіне сәйкес адамгершілікті психологиялық қасиеттер дарыту, ғылыми тәжірибелік ізденіске жалықпайтын, қажымай-талмай өзінің жеке тұлғалық қасиет-қабілеттерін жетілдіруге бейімделген, кәсіптік сана-сезімін қалыптастыру болса, осының барлығы өткен ғасыр ойшылдарының ой-түйіндерінде байқалады, бұлар болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың теориялық негізі болып келеді.

Ешкім де педагог болып тумайды, педагог болып қалыптасады. Ол үшін оның бойында:

- психологиялық-педагогикалық білім;

- шеберлікпен шектесетін ептілік;

- деонтологиялық мүмкіндіктері, ерекше ұстаздық мінез-құлық, ойлау қабілеті болмағы ләзім. Деонтология – жүріс-тұрыстағы, қылықтағы, әрекеттердегі парыздылық туралы ілім. Зерттеу жұмысымыздың басты мақсаты - өз ұлтының тарихын, мәдениеті мен тілін қастерлейтін және оны жалпы адамзаттық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра алатын парыздылық сана-сезімі кемелденген маман даярлау.

Сонымен, жоғарыда аталған қазақ халқының біртуар данышпандары, ағартушы-педагогтар, педагогтарды кәсіби даярлау мәселесін қарастырған ғалымдар еңбектері болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастырудың теориялық алғышарттары болып келеді және төмендегі тұжырымдар мен қағидалармен айқындалады:

Мұғалім мен оқушының арасындағы қарым-қатынастың ізгілік-адамгершілік қағидаларына негізделуі, болашақ мұғалімнің этникалық қасиеттерінің жоғары деңгейде дамуы (ұлттық сана-сезім, ұлттық тарих, ұлттық дүниетаным, ұлттық әдеп), «Обалына қалмау» қағидасы, ғылыми-теориялық ойлау дәрежесінің, рухани және танымдық қажеттіліктері мен қызығушылықтарының жоғарылығы, тәрбиеленушінің жан-дүниесіне үңіліп, жеке басына сүйіспеншілікпен қарауы, табиғатына сай дамуына жәрдемдесуі, психологиялық-педагогикалық көрегендігі, әділдігі мен адалдығы, байсалды іс-әрекеті деонтологияның «Зиян келтірме» ұстанымына негізделуі және кәсіби борышы мен азаматтық жауапкершілігін саналы түсінуі.

Жоғарыда аталған еңбектерді оқып, үйрене отырып, солардың бәрімен үндесер педагогикалық деонтологияда мұғалім тұлғасына белгіленген талаптар төмендегідей:

- «Жаным – арымның садағасы» дегендей, парыз, ар, сезім, ұят, тәртіп сақтау ережесін сақтауы керек;

- мінез-құлық мәдениетін қалыптастырып, жат қылықтар мен жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ ұстауы қажет;

- рухани ойлау дәрежесін, өз бойына игі адами қасиеттерді қалыптастырып, әлемдік мәдениетке ұлттық құндылықтар арқылы жетуге талпынуы тиіс;

- ұлттық тәрбие – ұлттық болмысынан нәр алып, ұлттық құндылықтарын өшпес мұра ретінде өрбітуге, жол ашуға міндетті.

1.2 Болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда халық педагогикасы құралдарының мүмкіндіктері

Қоғам талабына сай білім мен тәрбие беру деңгейін көтеру, жеке тұлғаны тәрбиелеу, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар даярлауда халықтық педагогика мұраларын пайдалану мәселелері жоғары мемлекеттік құжаттарда арнайы бірнеше рет қаралып, жан-жақты сөз болды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-мәдени дамуының тұжырымдамасында «Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-мәдени даму жолы дегеніміз – ең алдымен адамзат құндылықтарына баса назар аудару, прогресшіл халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыпының толымды түлеуі, гуманитарлық ғылымдарға, өнерге, халықтардың моральдық байлықтарына қайтып оралу, мәдениеттің барлық салаларында ұлттық даралықты сақтау, барлық ұлттың мәдениетінің қазыналары мен дербестігін мойындау», – деп атап көрсетілген болатын [176].

Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік құндылықтары қалыптасқан халқымыз осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін, әрбір тәрбиеші, мұғалім халық педагогикасын, сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адамдық құндылықтарды терең сіңірген, рухани таза адам болуы шарт. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез-құлқы жетілген саналы адам қалыптасады. Жетілген мінез-құлық – бұл үш нәрсенің: жүректің, ақылдың және қолдың бірлігі мен келісімі. Егер оқушы өзінің жүрегін тыңдауға үйренсе және табиғатына сай үйлесімді дамыған жағдайда ғана, ол өмірден өз орнын табады. Бұл мақсатқа деонтологиялық даярлығы халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптасқан мұғалімдердің қатысуымен қол жеткізуге болады.

Қазақтың халықтық педагогикасын бүгінгі күннің проблемасы деп қарауға болмайды. Бұған түрлі тарихи кезеңдерде ұрпақ тәрбиесінің құралы ретінде ерекше мән берілген. Ойшылдар Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари т.б., ағартушылар Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев қазақ зиялылары Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев т.б. еңбектерінен де халықтың бала тәрбиесі жөніндегі тәлім-тәрбиелік тәжірибелерін, ауызекі халық шығармашылығын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұрпақ тәрбиесінде пайдалану туралы айтқан идеяларынан көруге болады .


1 – кесте Ойшыл-данышпандар, қазақ зиялылары еңбектеріндегі болашақ мұғалімдерді басты адами қасиеттерге тәрбиелейтін негіздер



Ойшыл-данышпандар еңбектері

Олардың еңбектеріндегі мұғалімнің деонтология талабына сай қабілет-қасиеттер

1

2

Әл-Фараби Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы: Ғылым. 1975ж.

  • халыққа адал қызмет ету

  • алғыр, аңғарымпаз ақыл иесі болуы

  • тілмарлық

  • қанағатшыл

  • ар-намысты ардақтайтын жаны асқақ болуы

  • батыл, шешімпаздық







Ж. Баласағұни «Құтты білік». Алматы. Жазушы, 1987ж.

  • ақ жолды кесіп өтпеу

  • өтіріктен сақтанып, шын сөйлеу

  • ақыл-парасатқа тоқ болу

  • адамдарға дөрекілік жасамау

  • артық сөйлеуден жасқану

  • шынайы ілімге ынтық болу







М. Қашқари «Диуани лұғат ат-түрк». Алматы. Ана тілі, 1993ж.

  • рахымшыл болу, менмен болмау

  • іс істерде асығып, аптықпау

  • қиындыққа қарсы тұра білу

  • жомарттылық танытып, сый сияпат көрсету

  • кішіге қамқор, үлкенге ізет ете білу









1 – кестенің жалғасы


1

2

А. Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық жинағы. Алматы, Ғылым. 1977ж.

  • талапшылдық, еңбекқорлық

  • ғылым-білімді сүю

  • естігенді есте сақтау

  • көргеннен үлгі өнеге алу

  • ұстамды, шыдамды болу

  • өсек-өтірік, ғайбат сөздерден аулақ болу




Ы. Алтынсарин.

Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1990ж.



  • білім, оқу

  • тазалық

  • сезімділік, жылылық

  • жинақылық

  • түсінушілік

Міржақып Дулатов

«Оян, қазақ!» – Алматы: Алтын Орда, 1991ж.



  • зерделілік, зеректік

  • борышты ақтау

  • талаптылық, еңбек сүйгіштік

  • ұқыптылық, жинақылық

  • мәдениеттілік, байқағыштық

  • қамқорлық, дұрыс тәрбие беру т.с.с.

Ш. Құдайбердиев

«Үш анық еңбегі». Алматы: Қазақстан. 1991ж.



  • адам адамға дос (құрбы, ата, бауыр, ұстаз т.б.)

  • адам естілігі – көп білгенде

  • адам биіктігі – ақыл, ғылым, ар мінез

  • ақыл мен ой

  • сенім мен махаббат

  • ақиқат, жүрек, жылу (үш анық т.б

А. Байтұрсынов

Шығармалары.-Алматы: Жазушы, 1989ж.



  • тән саулығы – тамырда

  • жанның саулығы – тәнде

  • ізгілік нұры жан мен тәнде

  • жан мен тән тазалығы алдындағы пәктік т.б.

Х. Досмұхамедов

«Аламан». – Алматы: Ана тілі, 1991ж.



  • ұқыптылық

  • үнемділік, жинақылық

  • жан саулығына, тән саулығына зиян келтірмеу

  • парыздылық

  • мейірімділік

М. Жұмабаев

«Сауатты бол», «Педагогика» оқулықтары



  • дене, ақыл, сұлулық, құлық

  • жан мен дене байланысы

  • ақыл, сезім, қайрат

  • күш, қуат, ақыл, ой-дене тәрбиесі

2 – кесте Заманауи ғалым-педагогтар еңбектеріндегі болашақ мұғалімдерді деонтологиялық қасиеттерге тәрбиелейтін негіздер



Ғалым-педагогтар еңбектері

Еңбектеріндегі мұғалімнің деонтология талабына сай қабілет, қасиеттері

1

2

Қ.Б. Жарықбаев

«Аталар сөзі - ақылдың көзі». Алматы. Қазақстан, 1980.



  • тоқтамға келгіштік

  • табандылық

  • ұстамдылық

  • тәртіптілік

- сөз бен істе әділ болу

Ж. Наурызбаев «Ұлттық мектептің ұлы мұраты». Алматы. Ана тілі, 1995ж.

  • мәдениетті тұлға

  • өнегелілік

  • икемделгіш

  • жанашыр

- мәрттік (адамдарды жатсынбау)

С.А. Ұзақбаева

«Тамыры терең тәрбие». Алматы. Білім, 1995ж.



  • ізгілік, ізеттілік

  • әсемдік, әдемілік

  • шеберлік, алғырлық

  • салауаттылық

Ғ.М. Кертаева

«Рахат» мектебі: жаңа ғасырға жаңа мектеп. Павлодар, 2006.



  • кәсіби парыздылық

  • сүйіспеншілік

  • зиян келтірмеу

  • адамгершілік

  • эмпатия

Е.Ө. Жұматаева

«Этнопедагогика»

оқу құралы. Павлодар, 2004ж.


  • Шешендік

  • тапқырлық

  • кемелденген адам

  • батылдық

  • өнер-білімге құмар болу

Ж. Асанов «Тәлім-тәрбиенің ұлттық негіздері». Оқу бағдарламасы // Қазақстан мектебі, 1995. №6

  • сабырлылық

  • қамқорлық

  • достық, жолдастық

  • балажандылық

  • сүйіспеншілік

  • таза ниеттілік

Қ. Бөлеев «Мұғалім және ұлттық тәрбие». Алматы. Нұрлы әлем. 2000ж.

  • ұлтжандылық

  • мақсаттылық

  • ғылым-білімге деген талпыныс

  • ұстамдылық

  • әділдік, парасаттылық

- сөз, тіл өнерін меңгеру

Халық педагогикасы, этнопедагогика саласы бойынша 70-90 жылдар аралығында Е. С. Асылханов, М. Х. Балтабаев, А. Х. Мұхамбаев, М. Танекеев, Ж. М. Төлегенов, И. Оршыбеков т.б. ғалымдардың ғылыми-педагогикалық зерттеу жұмыстары жарық көрсе, 90-жылдардан бастап бұл проблемаға баса көңіл бөлініп, кандидаттық диссертациялардың Ұ. М. Әбдіғапарова, Б.Н. Әлмұхамбетов, Б. М. Досқараев, Т. Ш. Қуанышев, А. Қ. Қисымова, Б. Ж. Мұқанова, Г. Р. Бахтиярова білім беру саласындағы болашақ мамандардың парызы мен қарызына бағымдауларын қозғаушы күш болды





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет