Өгдүлміштің Елікке жауабы
3025 Өгдүлміш те жауап беріп, деді: — Елік,
Бұл іске тек ақыл, білік керегі .
Басқа не бар, өліп адам, сорласа?
Соңында егер жақсы атағы болмаса!
Тірлік үшін төк күмісті, тарылма!
Көрге бірге əкетем деп жаңылма!..
Алтын-күміс алмас жер жоқ, тегінде,
Кеңіт елдің тынысын да, шегін де!
(Алтын-күміс тарат та, Елік, қарасаң,
Қолың жетер — қандай елді қаласаң.)
Не дегенін тыңда дана кісінің,
Жайын білген билік-бектік ісінің:
3030 «Қазына шаш — жасақта əскер, еріңді,
Сонда жауың сындыра алмас беліңді.
(Мал үлестір, қалың жасақ ұстағын,
Даяр болсын дəйім жауға қыспағың.)
Қазына емес, əскер-қолың көп болсын,
Бек бай емес, қалың елің тоқ болсын.
Əскер болса — берекелі ел, ерікті,
Əскері жоқ бекке кімдер сеніпті!?
Егер əскер тұрса бекке бағынып,
Қай ел болсын, келер бекке табынып.
Болса жаһан бектерінің қолы ашық,
Қос жаһанда төрге оларға жол ашық!»
3035 Білікті тіл, айтыпты бір себебін —
Сараңдықпен басқара алмас бек елін:
«Екі нəрсе сыйыса алмай, қашады;
Жомарт — жеңіп, ал сараңдық — сасады!
(Екі нəрсе бір-бірімен симайды,
Сараң жақпас, сақиды өбіп, сыйлайды!)
283
Сараңдықтан адам біткен безінер,
Сақилыққа іздеп жүріп кезігер.
Бітіспес жау бектік пенен сараңдық,
Сараң маңы — өшпейтін дау, арамдық.
Басқа екі күш, сақтап елді қалатын,
Бірі — қылыш, екіншісі — сара алтын!
3040 Сақилықпен ел бекінер кеңейіп,
Сақилықпен бек жетілер, ей , Елік!
Ер қылышын жарқылдатса жасындай,
Не істесін жау бұғынып, жасымай!
(Гүр алып ер алса жасын темірін,
Кесіледі азулы ерлер тамыры.)
Бектің қолын ұзартады алтыны,
Елді ұйытар қылышсыз, тіл арқылы.
Ел де, ер де екеуіне жүгінер,
Осы екеуін ұстанған бек — ұлы ер.
Саф алтынмен серпіледі — түңілген,
Саф алтынмен түзеледі — бүлінген!
(Саф алтынмен қас кірбіңі жоғалар,
Саф алтынмен бұзылған іс оңалар.)
3045 Қайда қылыш ұрса — күміс қоры сол,
Қайда күміс жатса — қылыш жолы сол.
(Күміс қайда — қылыш солай сермелер,
Қылыш қайда — содан күміс теңделер.)
Күміс шашсаң, жақсыларың жиылар,
Күміс жисаң, жасақтарың сұйылар...
Қылышты ер, көр, күміске құмарсың,
Алтын жисаң — қылыш қауып тынарсың!
(Əскер жисаң — алтын жатар жолында,
Алтын жисаң — кеттің жаудың торында.)
Қазына жияр сараң бектер тырысқақ,
Сақи бектер шауып алар қылыштап!
284
Өмір заңы, қолдан келсе, сақи бол:
Сараңдар — қор, мадақталар сақи — зор!
Достарыңызбен бөлісу: |