108
бейнелеу бар. Бұл жоғарыдағы қазақша күдерідей созылып дегенмен
әуендес. Екеуінде де күдері (күдөру) сөзі «жұмсақ, иілгіш» (демек,
«жұмсақ иленген») деген мағынаны қамтиды.
КҮДІРЕ. Жоғарыда талданған
күдері сөзімен сыртқы тұлғасы
ұқсас күдіре сөзі және бар. Бұл да сирек қолданылады, бұл да
күдіре бел, күдіре жылқы деген тәрізді тұрақты тіркестерде келеді.
Бұл жердегі күдіре сөзінің жоғарыдағы «жұмсақ иленген тері бау»
мағынасындағы күдері сөзіне қатысы жоқ. Жырларда кездесетін:
Күдіре бел, күпшек сан
Бедеу атқа мінгер жер, –
дегенде қолданылған күдіре сөзі «мықты, төзімді» деген мәнде
жұмсалған. Бұл, сірә, ауыспалы мағына болу керек. Қазақ тілінде
күдірею етістігі бар, мағынасы – «бір нәрсенің көтеріліп, күжірейіп,
қоржиып шығуы». Мысалы, желкесі күдірейген өгіз. Кейбір
диалектологтер күдері мен күдіре сөздерін бір деп табады да күдері
«берік, мықты» деген ескі сөз және ол Шығыс Қазақстан өлкесіне
тән диалектизм деп санайды, оған күдері қайыс (берік қайыс), күдері
жылқы (мықты жылқы) деген мысалдар келтіріледі.
Күдері сөзі қазақ ауыз әдебиетінде «күдерінің терісі» (демек,
«жылқының терісі») деген ұғымды білдіреді (Досқараев, 11, 71).
М.Әуезов тіліндегі этнографиялық сөздерді зерттеген Е.Жанпейісов
те күдері, күдіре сөздерін бір сөз деп табады да олар «дөңес,
шығыңқы» деген мағынаны білдіреді дейді. Күдері бау дегенде,
баудың шығыңқылау, дөңес келген белдің терісінен жасалғандығынан
осылай аталған болу керек дейді (Жанпейісов, 23-27). Біздіңше,
күдері бау мен күдіре жылқы дегендегі күдері, күдіре сөздері – бір
сөз емес, екі басқа сөздер, бірақ екеуі де түптөркіні беймағлұмдау,
мағыналары күңгірт, сирек қолданылатын сөздер болғандықтан,
көбінесе қате түсіндіріліп келе жатыр. Тіпті бұларды Қазақстанның
тек шығыс өлкесіне тән жергілікті сөз деп танудың өзі – жаңсақтық,
өйткені бұл сөзді материалдарды қазақ жерінің батыс өлкесінен
жинаған Н.И.Ильминскийден де, Махамбет ақыннан да, ауыз әдебиеті
үлгілерінен де табамыз. Күдіре сөзі жал сөзімен де келеді: күдіре
жал. Бұл сөздің мағынасының беймағлұмданғаны оның тұлғасын
өзгертіп айтуға (жазуға) әкеп соққан: бірде күдері, бірде көдіре /
кедіре, бірде
қыдыра деп те жазылып жүр.
Сөйтіп, күдері – «жұмсақ иленген теріден жасалған бау» деген,
күдіре – «мықты, күшті» деген мағынада қолданылған екеуі екі бөлек
сөздер деп тану керек.