қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздерінің тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абайөзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған.
Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақхалқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.
Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан "Абай" журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Абайдың "Жетінші сөзінде" ұшырасатын "жанның тамағы" деген күрделі философиялық ұғым бар. Оны Абай біздің санамыздан тыс өмір сүретін объективті дүниенің санада сәулеленуі нәтижесіңде пайда болатын ғылым, білімнің жинақталған қоры ретінде қарайды.
Осы себептен де Абай: "... құмарланып, жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді",— деп қайыра түсінік беріп отыр...
Абайдай ұстаз ақынның бұл "Жетінші сөзде" көздеген мақсаты адамның бойыңда туа пайда болатын жан құмары арқылы өз ұрпағының санасына тек қана жанның пайдалы тамақтарын сіңдіру еді. Міне, Абайдың ағартушылық көзқарасының тамыр алған бір саласының қайнар көзі осы жақта жатыр.
Абай бұл бағыттағы ойларын өзге сөзбен "Ғылым таппай мақтанба" тағы басқа өлеңдерінде айтқан. Мұнда ол "жанның тамағы туралы" ұғымды өз заманынын тұрғысынан келіп, "адам болу" үшін қажет көп керектермен ауыстырады. Ақын толық адам болу туралы өзінің жүйелі де қалыптасқан көзқарасының тезисін ұсынады. Онысы:
Адам болам десеңіз...
Бес нәрседен қашық бол...,—
Бес нәрсеге асық бол, - деген жолдарда жатыр.
Ақынның бүкіл шығармаларындағы негізгі бір тұтас тақырыпта өзекті идея болған.Абайдың пікірінше, ішкі рухани казынамыздың молығуы тікелей өзіміздің қолымыздағы іс. Осы реуішті пікір Абайдың"Он тоғызыншы сөзінде" де қайталанады. Абайдың дүние танымы бойынша сананың, ақылдың пайда болуы күнделікті өмір тәжірибесінің нәтижесінен ғана туындайтын табиғи құбылыс. Соңдықтан да Абай "Он тоғызыншы сөзінде":
"Адам ата-анадан туғаңда есті болмайды: есітіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады... Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, соңда іске жарайды, сонда адам десе болады", — деп жоғарыдағы өлең үзіндісендегі ойын осы сөзіңде одан ары кеңіте отырып дамытатынын көруге болады.
Абайды публицист ретінде қарастырған ғалым-зерттеушілер, олар көп емес — саусақпен санарлық қана, негізінен қарасөздеріне тоқталып, солар жөніндегі пікірлері мен пайымдауларын білдірумен шектеледі. Мәселен, тамаша ғалым М.И.Фетисов «Национальное и жанровое своеобразие публицистики Абая Кунанбаева» деген мақаласында әңгімені «Абаю Кунанбаеву и по стилью цикл назидательных рассуждении под общим названием «Гаклия», деп әңгімені бірден қарасөздерден бастайды. Ол Абайдың публицистік сипатын ең алғашқылардың бірі болып ашып көрсетті. Әйткенмен, бұл ғалым Абайдың қоғамдық ой-пікірлерін білдіретін шығармаларына тек қарасөздерін ғана жатқызумен жаңсақтыққа ұрынды деп есептейміз. Аталған зерттеушінің еңбегінде Абай қарасөз жазбаса публицист болмас та еді деген пайымдаулар бой көрсетеді.
Абайды публицист деп ең алғашқылардың бірі болып атап айтқан Х. Бекқожин де өз зерттеуіне қарасөздерді өзек етеді: «Стиль, идеялық мазмұны жағынан алғанда Абайдың қара сөздері — нағыз публицистикалық шығарма» дейді ол. Біздіңше, осы пікірлердің барлығы да «Абай –публицист» деген анықтаманың толық дәйектемесі бола алмайтын сияқты.
Абайдың публицистігі туралы әңгіме қозғағанда ел естімеген жаңалық ашуды мақсат етіп отырған жоқпыз.
Өйткені, адамзат ардақтысының публцистік қыры – қазіргі таңда дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Әйкенмен қазақ аудиториясында публицистиканы кемсітетін, оны әдебиеттен көш төмен қоятын теріс көзқарас қалыптасқанын айтуға тиіспіз. Біз «Абай — публицист» деп сипаттама беріп, осы тұрғыдан өз ой-пікірімізді ортаға салар болсақ, кейбір әдебиеттанушы ғалымдарымыз ұлы тұлға өзінің ақындық, ойшылдық тұғырынан түсіп қалатындай көріп, бұл сөзді оның төңірегіне жолатқысы келмейтіні шындық.
«Абай – публицист» деп соқырға таяқ ұстатқандай ашып көрсетпесе де ұлы Мұхтар: «Жалпы қара сөздерден мазмұн, тақырып жағынан өзгешерек тұратын — қырық алтыншы сөз.Ол тарихтық мақала — очерк тәрізді» деген пікірімен, Абайдыңпублицист болғанын аңғартады. Егерде Әуезов «Абай – публицист» деп астын сызып жазбаса, оның да өзіндік себеп-салдары бар деп ойлаймыз. Оның ең бастысы — публицистика деген атаудың төңірегінде күні бүгінге дейін қызыл-кеңірдек пікір сайысы жүріп, дау-дамай өрбіп» дәл анықтамасы берілмеуінде деп білеміз. Бірақ бір анық нәрсе: қоғам дамуына үн қосып пікір білдіретін дәуіртынысын танытатын шығарма — публицистика. Ал ондай шығармалар Абаймұрасының негізгі бөлігін құрайды.
Мұхтар Абай публицистикасына баса ден қоймауына ақынның өз тұсындағы мерзімдік басылымдармен байланысы жөніндегі деректердің жеткілікті анықталмауы да себеп болуы мүмкін.
Соңғы отыз бес жылдай мерзімде Абайдыңпублицистік болмысына тоқталып, оның. шығармаларының публицистік сипатын көрсеткен ауыз тұщытатын еңбек дүниеге келген жоқ десек, шындықтан аулақ кетпейтініміз анық. Тіпті Абайдың — публицистігі жайлы әңгіме қозғаған кездің өзінде оның мұрасы тар ауқымда зерттеліп, ой-пікірлер тек қарасөздер жайлы айтылды. Ал біз публицистік сарынды Абайдың.. бүкіл шығармасынан қарастырып, мәселент кең көлемде зерделеген жөн деп есептейміз.
Абай — публицист. Оны публицист еткен өзінің ортасы, Абай дәуірінен көп бұрын басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан сананың мешеулігі, ұлтының талайсыздығы мен ұлтының талапсыздығы еді. Сондықтан да М.Әуезов оның қарасөздері жайлы әңгімелей келіп:
«… Абайдың өз тұсындағы күнделікті өміршындығына қолма-қол қатынасып, жәрдем етсем деген талабын көрсетеді. Өлеңдік шығармаларында өз заманының шындықтарымен қолма-қол байланысты болып, онны сынау арқылы пайдалы іс етемін деген ақын, жаңағы қарасөзінде сол әлеуметтік, әкімшілік қалпына нақтылап араласқысы келеді»,- дейді.
Бұл біздің Абай жаратылысынан публицист, оның ақындық құдіреті публицистік болмысынан бастау алады деген ойымызды нақтылай түседі.
Белгілі ғалым Т.Қожакеев: «Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да» дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Менсінбеуші ем наданды», «Қайғы шығар ілімнен», «Қарашада өмір тұр», «Бойы бұлғаң» деген өлеңдерінде де ел ішінің бұзылуы, ондағы жікшілдік, баққұмарлық, алауыздық, өтірікшілік, өсекшілік, пайда іздеу ұрлық қылу, сұмдық-сұрқиялық істеу сияқты қасиетсіздіктерге қарғыс таңбасы басылған» дейді. Міне, бұлар қоғамға, оның мүшелеріне баға беретін, сын айтатын шығармалар. Олай болса, публицистика дегеніміз осы. Бұл пікірді сәл өзгертіп ұлы Мұхтар да айтқан: «Абай өскенде, ортасынан асқанда осы сияқты тарихтық, қоғамдық қайшылықтарды терең аңғарып танып барып өседі… барлық ақыл ойын мынау ортаны мінеп, шенеп, нәрсіздік, құнсыздығын ашуға жұмсайды». Осыдан кейін Абайдың публицист болмасқа амалы да жоқ еді.
Абай бір-ақ күнде, тек қарасөздерін жаза бастаған сәттен бастап публицист болды деудің қисыны келмейді. Әлемдік өркениеттің қайнаған ортасынан тысқары қалған жартылай көшпелі елдің топырағында кіндік қаны тамған болашақ классиктің көзін тырнап ашқаннан көргені көк бөрідей жұлқысқан, тіршілік үшін жаға жыртысқан айқастар еді. Оны таразылап, терісін-теріс, оңын оң деп обьективті баға беруге Абайдың ақылы тек орыс демократтарын оқығаннан кейін ғана жетті дегеніміз де ағаттық болар. Оның табиғи дарынын үстеуге Мұхаң көрсеткен үш арнаға қоса қоғамдағы әралуан қайшлықтар да белгілі дәрежеде ықпал жасағаны хақ. Ислам әлемінің үлкен қайраткерлерінің бірі Әли ибн Әби Талиб«Мен өзімнің ұзақ өмірімнің барысында адамдардың туған әкелерінен гөрі өздері өмір сүрген заманға көбірек ұқсайтынын жиі байқадым» деп айтуы тегін емес. Сөйтіп Абайға ең алдымен заманы ықпал жасап, публицист етіп өсірді. Оған дәуірдің ызалы, ащы сөзін айтқызды.
М.Әуезов: «… Жаманшылықтың жайын жалтарып айтпай, Добролюбов үгіттеген жол бойынша ызалы шабытпен, тура шабуылмен айту керек деп ұғынады. Сондықтан өз бойындағы ажуа мен сатираға толып келген ызалы, толқынды ойларын Абай мысалсыз –ақ ашық, анық өлеңдерімен шығарады»десе, ол да Абайдың-публицистігін ашық мезгегені.
Бұл арада М. И. Фетисовтың «Абаевские назидательное рассуждения представляют классический образец нациальной публицистической прозы. Закладывая основы казахской демократической литературы, Абай чуткий по всем современным народным запросам, не мог, естественное, миновать и оперативных жанров не мог не использовать их для активного воздействия на сознаниее своих современников, на общественную жизнь в Казахстане» деген пікірін келтіріп жатудаң өзі артық болар. Әңгіме болып отырған оперативті жанрларға тек Абайдың қара сөздері ғана емес, сонымен бірге, уақыт, қоғам тынысын білдіретін өлеңдері де жатады.
Жәнеде Абай Құнанбаевдің Отыз сегізінші сөзіні айтып кететін болсақ
Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын. Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббатың төлеуі — махаббат. Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер — әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала. Оның үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, я ол балалары өздері барған болады — ешбір бәһра болмайды.
Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқадқа да қиянатпенен болады. Бұл қиянатшылар — жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман. Олардың адамдығының кәмәләт таппағы — қиынның қиыны. Себебі алла тағала езі — хақиқат, растықтың жолы. Қиянат — хақиқат пен растықтың дұшпаны. Дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде өзге махаббат тұрғанда, хақлықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады. Ол — алланың ғылымы емес, һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Оның үшін ол алланың өзіне ғашықтық. Ғылым — алланың бір сипаты, ол — хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды.
Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егерде адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады. Енді хақиқат сүйіп, шынды білмек құмарың бар болса, адамдыққа лайықты ықыласты құлағыңды қой. Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен алла тағаланың бірлігіне, уә құранның оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалайһи уәссәлләм оның тарапынан елші екендігіне инандың. Жә, не бітті? Сен алла тағалаға алла тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Өзің үшін иман келтірсең, жә инандың. Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың, пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек. Сіз «Әмәнту биллаһи кәмаһуә би әсмайһи уасифатиһи» дедіңіз. Ол есім аллалар һәмма ол алла тағаланың фиғыл ғазимләрінің аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары не деген сөз, кәміл үйрен. Өзіңді оның құлы біліп, өзіңе муслим ат қойып, тәслим болғаныңа раст боласың да. Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ — дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ. Оның үшін алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкин. Бұл сегізінен алла тағаладағыдай кәмәлат-ғазамат бірлән болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты. Жә, біз өзіміздің бойымыздағы сегіз зәррә аттас сипатымызды ол алла тағаланың сегіз ұлығ сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақпенен біздің атымыз муслим бола ала ма? Болмаса керек. Жә, ол сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл құдаға фиғлымызды ертпек неменен табылады, қалайша табылады, оны білмек керек. Ол — алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап танымаққа керек. Егерде ол сипаттар бірлән тағрифламасақ, бізге мағрифатулла қиын болады. Біз алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл ерістіре алмады. Алла тағала — өлшеусіз, біздің ақылымыз — өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те — ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те алла тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкинаттың ішінде не нәрсенің ужуді бар болса, ол бірліктен құтылмайды. Әрбір хадиске айтылатұғын бір қадимге тағриф болмайды. Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам алла тағаланың ішінде, құдай табарака уатағала кітаптарда сегіз субутия сипаттары бірлән, уә тоқсан тоғыз Әсмаи хұсналар бірлән білдірген. Бұлардың һәммасы алла тағаланың затия субутия уә фиғлия сипаттары дүр. Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі — ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы — бұларға шарх. Ол алтауының бірі — хаят, яғни тірлік.
Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым, құдірет сипаты бірлән сипаттадық. Бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет олула боларлық нәрселер ме? Әлбетте, ғылым құдіреті бар болады: хаяты — мағлұм, бірі — ирада, яғни қаламақ. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол еш нәрсеге харекет бермейді. Һәммаға харекет беретұғын өзі. Ол ирада ғылымының бір сипаты кәләм, яғни сөйлеуші деген, сөз қаріпсіз, дауыссыз болушы ма еді? Алланың сөзі — қаріпсіз, дауыссыз. Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті және басар, сәмиғ, яғни көруші, есітуші деген. Алла тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты. Бірі — тәкуин, яғни барлыққа келтіруші деген сөз. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сипат болса, алла тағаланың сипаты өзіндей қадім, һәм әзали һәм әдәби болады да, һәмишә барлыққа келтіруден босанбаса, бір сипаты бір сипатынан үлкен я кіші болуға жарамайды. Олай болғанда ғылым, құдірет сипаттары секілді босанбай, һәр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады. Ол ықтиярсыздық алла тағалаға лайықты емес. Оның барлыққа келтірмегі — құдіретіне ғана бір шарх. Бұл ғылым, құдіретте ешбір ниһоятсіз, ғылымында ғафләт, құдіретінде епсіздік және нашарлық жоқ. Саниғын сұңғатына қарап білесіз. Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикметпенен жарастырып, қандай құдіретпенен орналастырған, ешбір адам баласының ақылы жетпейді. Бірақ пендесінде ақыл — хүкімші, қайрат, қуат — қызмет қылушы еді. Соған қарап ойлайсың: алла тағаланың сипатында солай болмаққа тиіс. Бірақ әуелде айтқанымыз: ғылым, құдірет — біздің ұғуымызға ғана екі хисап болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс. Олай болмаса сипаттар өз орталарында бірі тәбиғ, бірі матбуғ болады ғой. Бұл болса, тариф раббыға жараспайды. Сегіз сипат қылып және ол сипаттар «Лағаиру уәлә һуә» болып, бұлай айтуда, бұлардан бір өз алдына жамағат яки жамиғат шығып кетеді. Бұл болса келіспейді. Егерде сипаттарды әрбірін басқа-басқа дегенде, көп нәрседен жиылып, иттифақпенен құдай болған болады. Бұлай деу батыл, бір ғана құдірет пендеде болған қуат; құдірет ғылым ақылдан басқа болатұғын, алла тағалада болған құдірет — ғылым һәм рахмет. Ол – рахмет сипаты, сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да, алла тағаланың Рахман, Рахим, Ғафур, Уадуд, Хафиз, Сәттар, Раззақ, Нафиғ, Уәкил, Латиф деген есімдеріне бинаһи бір ұлығ сипатынан хиссаптауға жарайды. Бұл сөзіме нақлия дәлелім — жоғарыдағы жазылған алла тағаланың есімдері. Ғақлия дәлелім құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бір пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатұғын ақылды инсанды жаратыпты.
Хайуандарды асырайтұғын жансыздарды еті ауырмайтын қылып, жан иесі хайуандарды ақыл иесі адам баласы асырайтын қылып, һәм олардан махшарда сұрау бермейтұғын қылып, бұлардың һәммасынан пайда аларлық ақыл иесі қылып жаратқан. Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт һәм махаббат бар. Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззаттанғандай қылып, ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстінен тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе? Ақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-бәйшешектерді, ағаш-жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәбатәттәрді өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар балығын, балықтар икрасын, хатта ара балын, балауызын, құрт жібегін — һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі — адам баласына таусылмас азық.
Миллион хикмет бірлән жасалған машина, фабрик адам баласының рахаты, пайдасы үшін жасалса, бұл жасаушы махаббат бірлән адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе? Адам баласы қанағатсыздықпенен бұл хайуандардың тұқымын құртып, алдыңғылар артқыларға жәбір қылмасын деп, малды адам баласының өзінің қызғанышына қорғалатып, өзге хайуандарды бірін ұшқыр қанатына, бірін күшті қуатына, бірін жүйрік аяғына сүйентіп, бірін биік жартасқа, бірін терең тұңғиыққа, қалың орманға қорғалатып, һәм әрбірін өсіп-өнбекке құмар қылып, жас күнінде, кішкене уақытында шафғат, сәхәріменен бастарын байлап, қамқор қылып қоймақтығы — адам баласына өсіп-өніп, теңдік алсын емес, бәлки, адам баласының үзілмес нәсіліне таусылмас азық болсын дегендік. Жә, бұл хикметтерінің һәммасын һәм мархамат, һәм ғадаләт заһир тұр екен. Біз ортамызда бұл мархамат, ғадаләтті иманның шартынан хисап қылмаймыз, оның үшін муслим болғанда, алла тағалаға тәслим болып, оның жолында болмақ едік, болғанымыз қайсы? Бұл екі ай мен күннен артық мағұлым тұрған жоқ па? Фиғылы құданың ешбірін де қарар қылмаймыз, өзгелерде болғанын жек көрмейміз, өзіміз тұтпаймыз, бұл қиянатшылық емес пе? Қиянатшылыққа бір қарар тұрған адам — я мұсылман емес, ең болмаса шала мұсылман. Алла табарака уатағаланың пенделеріне салған жолы қайсы? Оны көбі білмейді. «Тәфаккару фиғла иллаһи» деген хадис шарифтің «инналаһу йухиббул муқситин» деген аяттарға ешкімнің ықыласы, көңілі менен ғылымы жетіп құптағанын көргенім жоқ. «Әтәмурун әннәсә билбирри уәәхсәну инналаһу йухиббул мұхсин», «уәлләзинә әмәну уәғәмилу салихати улайна асхабул жәннәти һәм фиһа халидун» деген аяттар құранның іші толған ғамалус-салих не екенін білмейміз. «Уа әммәлзина амәну уәғамилус саликати фәйуәффиһим ужурәһум уаллаһу лә йүхиб-буз-залимин» аятына қарасаң, ғамалус-салих залықтықтың зидды болар. Олай болғанда ғадаләт рафғат болуға кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның хаясы жоқ, кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ деген, пайғамбарымыздың салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифі «мән-лә хаяун лаһу» деген дәлел дүр. Енді белгілі, иман құр инанышпенен болмайды, ғадаләт уа рафғат бірлән болады. Ғамалус-салих ғадаләтті уә мархамәтті болмақ күллі тән бірлән қылған құлшылдықтардың ешбірі ғадаләтті, мархаматты бермейді. Көзің күнде көреді намаз оқушы, ораза тұтушылардың не халәттә екендіктерін, оған дәлел керек емес. Бәлки ғадаләт барша ізгіліктің анасы дүр. Ынсап, ұят — бұл ғадаләттен шығады. Оның үшін ғадаләті адамның көңіліне келеді: мен өз көңілімде халық менімен, сондай-мұндай қылықтарымен мұғамәла қылса екен деп ойлап тұрып, өзім сол халықтармен мұғамәла қылмағандығым жарамайды ғой деп, сол езі әділет те және нысап та емес пе? Ол һәмма жақсылықтың басы емес пе? Жә, олай хұлық пенен сол ойды ойлаған кісі халлақыны шүкірді неге ойламасын?
Шәкірліктен ғибадаттың бәрі туады. Енді зинһар ғадаләт, шапағаттан босанбаңдар. Егер босансаң, иман да, адамдық та һаммасы босанады. Аллаяр софының бір фәрдәдән жүз фәрдә бижай дегені басыңа келеді. Енді біздің бастағы тағриф бойынша құдай тағала ғылымды, рахымды, ғадаләтті, құдіретті еді. Сен де бұл ғылым, рахым, ғадаләт үш сипатпенен сипаттанбақ: ижтиһатің шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың бар болады. Белгілі жәуанмәртлік үш хаслат бірлән болар деген, сиддиқ, кәрәм, ғақыл — бұл үшеуінен сиддиқ ғадаләт болар, кәрәм шафағат болар. Ғақыл мағалұм дүр, ғылымның бір аты екендігі. Бұлар әр адамның бойында алла табарака уатағала тәхмин бар қылып жаратқан. Бірақ оған рәуаж беріп гүлдендірмек, бәлки, адам өз халінше кәмәлатқа жеткізбек жәһәтінде болмақ. Бұлар — ез иждиһадің бірлән ниет халис бірлән ізденсең ғана берілетін нәрселер, болмаса жоқ. Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды — пайғамбарлар, онан соң — әулиелер, онан соң — хакімдер, ең ақыры — кәміл мұсылмандар. Бұл үш түрлі фиғыл құданың соңында болмақ, өзін құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті әулиелерге, әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, ухрауи пайдасын ғана күзетті. Ғашықтары сол халге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки, хисапқа алмады. Хакімдер дүниеде тиетін пайдасын сөйледі, ғибрәт көзімен қарағанда, екеуі де бірінен-бірі көп жырақ кетпейді. Оның үшін әрбірінің сөйлеуі, айтуы басқаша болса да, алла тағаланың сұңғатына қарап пікірлемектікті екеуі де айтты. Пікірленбек соңы ғибраттанбақ болса керек. Бұл ғақыл, ғылым — екеуі де өзін зорға есептемекті, залымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді. Бұл ғадаләт һәр екеуі де мархаматты, шапағатты болмақтықты айтып бұйырды, бұл рақым болса керек. Бірақ менің ойыма келеді, бұл екі таһифа әр кісі өздеріне бір түрлі нәпсісін фида қылушылар деп. Яғни, пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Хәрами, макруһи былай тұрсын, құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметтеріне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?
Сахиб ниғметке шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпенен күнәкәр болмайсың ба? Екінші — бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де хаупі бар, уә кәпірлерге жем болып кету де, қайсыбір сабырсызы жолынан тайып, сабырмен бір қарар тұрамын дегені болып кетселер де керек. Егерде бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты раст дүниеде бола ма? Рас болса, һәммаға бірдей раст болсын, алалаған раст бола ма, һәм ғадаләт бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі — хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ. Бірақ әулиелердің де бәрі бірдей тәркі дүние емес еді, ғашәрән — мүбәшәрәдан қазірет Ғосман, Ғабдурахман бин Ғауф уа Сағид бин Әбудқас үшеуі де үлкен байлар еді. Бұл тәркі дүниелік: я дүние ләззатына алданып ижтиһадым шала қалады деп, бойына сенбегендік; я хирс дүниеліктен қауымның көңілін суытпақ үшін, ренжуге сабыр етіп, өзін фида қылып, мен жаныммен ұрыс қылғанда, халық ең болмаса нәпсісімен ұрыс қылып, һәуа һәуастан әрбір арзу нәпсіден суынып, ғадаләт, мархамат, махаббатына бір қарар болар ма екен деген үмітпенен болса керек. Олай болғанда о да жұртқа қылған артық махаббаттан хисап. Бірақ бұл жол — бек шетін, бек нәзік жол. Бұл жолда риясыз, жеңілдіксіз бір қарар тұрып іздеген ғана кісі істің кәмәлатына жетпек. Бұл заманда надир, бұған ғылымның да зоры, сиддиқ, қайраттың да зоры, махаббаттың халлақна да, уа халық ғаламға да бек зоры табылмақ керек. Бұлардың жиылмағы — қиынның қиыны, бәлки, фитнә болар.
Басына һәм бір өзіне өзгешелік бермек — адам ұлын бір бұзатын іс. Әрбір наданның бір тариқатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады. Хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ Ғарафта басқалар дүр. Дүниеде ғылым заһири бар, олар айтылмыштарды жазылмыштар, оны нақлия деп те айтады. Бұл наклияға жүйріктер ғалым атанады. Құдай тәбәрака уа тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған, мұны ізерлеп тәффаккару фи әла-иллаһи деген хадиске бинаән бұл сүнғати құдадан ізерлеп, құмар болып ғибратланушыларға тыю жоқ, бәлки, сұнғатынан себебін білмекке құмарлықтан саниғ ғашықтық шығады. Құдай тәбәраканың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз. Ғашық-мағшұғлыққа халик бірлән махлұқ ортасы мунәсибәтсіз, алла тағаланың пендесін махаббат уа мархамат бірлән жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпенен ғана елжіремекті құдаға ғашық болды дейміз. Олай болғанда хикмет құдаға пенде өз ақылы жетерлік қадірін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қойды. Бұлар хақ бірлән батылды айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандарыменен һәммасы адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады.
Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің қазығы — осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде бұлардың истихражы бірлән рауаж табады. Бұлардың ісінің көбі — дүние ісі, ләкин осы хакімдердің жасаған, таратқан істері. Әддүния мәзрәгәтул-ахирет дегендей, ахиретке егіндік болатын дүние сол. Әрбір ғалым — хакім емес, әрбір хакім — ғалым. Ғалымдарының нақлиясы бірлән мұсылман иман тақлиди кәсіп қылады. Хакімдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини болады. Бұл хакімдерден мұрат — мұсылман хакімдері, болмаса ғайри діннің хакімдері — әгәрше фатлубни тәжиду-ни делінсе де, дүниенің һәм адам ұғлы өмірінің сырына жетсе де, діннің хақ мағрифатына жете алмағандар. Бұлардың көбі — иманның жеті шартынан, бір алланы танымақтан ғайри, яғни алтауына кімі күмәнді, кімі мүнкір болып, тахқиқлай алмағандар. Егер бұлар дін ұстазымыз емес болса да, дінде басшымыз құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадис шарифі, хайру н-нас мән йанфагу н-нас деген. Бұл хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс шығармақлығына, яғни электрияны тауып, аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істетіп қойып тұрғандығы, уахсусан адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ пенен батылдықты айырмақты үйреткендігі — баршасы нафиғлық болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дау жоқ.