4 Лек.
Медиабілім беру концепциялары
1. Қорғаныс теориясы («инъекция», идеялық, эстетикалық).
2. Медиабілімнің этикалық теориясы 3. Медиабілімнің «сыни ойлауды» дамыту теориясы.
4. Медиабілімнің идеологиялық теориясы.
5. Медиабілімнің экологиялық теориясы.
6.Медиабілімнің аудиторияның «қажеттіліктерін қанағаттандыру» теориясы.
7. Медиабілімнің практикалық теориясы .
8. Медиабілімнің мәдени теориясы.
9. Медиабілімнің эстетикалық теориясы.
10. Медиабілімнің семиотикалық теориясы .
1. Медиабілімнің «қорғану» теориясы .
Медиабілімнің «қорғану» теориясы медианың зиянды әсерінің алдын-алу немесе болдырмауға негізделеді. Медианың пайдасы көп болғанымен, аудиторияға өте күшті, жағымсыз, әрі зиянды ықпалы болуы да мүмкін. Мысалы, жасөспірімдер кейбір жағдайларда экран арқылы көрген қатігездікті өмірде қолдануға немесе қайталауға тырысады. Масс-медиада таралатын ақпараттың басым бөлігін қабылдайтын аудитория медиамәтіннің түпкі мәнін түсінбей, ақпаратты тікелей қабылдайтын пассивті тұтынушылар қатарына жатады. Сондықтан, жеке тұлғаларды зиянды ақпараттан қорғау мәселесі медиабілімнің «инъекциялық» теориясында қарастырылады. Бұл теориялық тұжырым медианың тікелей, әрі қарқынды ықпалы болатындығын білдіреді. Әрбір медиамәтін тез арада реакция тудыртатын стимул болып саналады. «Қорғану» теориясының негізгі мазмұны тұтынушыда медиамәтін мен шынайылықтың аражігін ажырату іскерлігін дамыту. Бұл теория ХХ ғасырдың 20-40-шы жылдары дамыған Батыс елдерінде кеңінен тарады. «Қорғану» теориясының жақтаушылары медианың адам психикасына тигізетін төмендегідей әсерлерін зерттейді: - медианың танымдық әсері: қысқа уақыттағы, күнделікті, үздіксіз немесе кең көлемдегі әсерін; - қарым-қатынас немесе дүниетанымға тигізетін әсері: ортақ көзқарастың қалыптасуы, ой-пікірдің пайда болуы, өзгеруі немесе бекітілуі; - эмоциялық әсері: уақытша реакция тудыруы; - физиологиялық әсері: уақытша иллюзияның пайда болуы, эмоциялық тұрақсыздық. - мінез-құлыққа тигізетін әсері: имитация, белсенділік (жарнамадан көрген затын бірден алуға ұмтылу және т.б). Медиабілімнің «қорғану» теориясының басты мақсаты – медианың жағымсыз әсерін (әсіресе, кәмелетке толмаған аудиторияға) барынша төмендету. 90-шы жылдардың басында «қорғану» теориясы ЮНЕСКО-ның «Балалар мен экрандағы зорлық-зомбылық» Халықаралық палатасының (Thе UNЕSCO Intеrnаtionаl Clеаringhousе on Childrеn аnd Violеncе on thе Scrееn) қолдауына ие болды. Бұл ұйым бірқатар елдердегі медиапедагогтармен серіктестік байланыс орната отырып, медианың балалар мен жасөспірімдерге тигізетін жағымсыз әсерін зерттеуге арналған халықаралық деңгейдегі ғылымипедагогикалық конференциялар ұйымдастырып, арнайы журналдар мен ғаламтор сайттарын құрды. Осы іс-шараны ұйымдастырушылар «экрандағы зорлық-зомбылықпен» күресіп қана қоймай, жастар мен жасөспірімдердің медиабілімін, сыни ойлауын дамыту бағытында жұмыстар жасалуы керектігін жақсы түсінді. Сондықтан да, 2002 жылдың соңына қарай бұл ұйым өз атауын өзгертіп, ЮНЕСКО-ның «Балалар, жастар және медиа» атты Халықаралық палатасына айналды (Thе UNЕSCO Intеrnаtionаl Clеаringhousе on Childrеn, Youth аnd Mеdiа) [62]. Медиабілімнің «қорғану» теориясымен келіспейтін ғалымдар да бар. Шетелдік ғалымдардың бірқатары (C.Bаzаlgеttе, Е.Bеvort, D.Buckinghаm, J.Gonnеt, L.Mаstеrmаn, T.Pаnhoff, C.Worsnop) медианы адам өмірінің маңызды бөлігі деп санайды. Олардың пікірінше, медианың жағымсыз әсеріне қарағанда, пайдасы мол және медианың осы артықшылығын педагогикалық үдерісте белсенді түрде пайдалану қажет.
2. Медиабілімнің этикалық теориясы (Еthic Аpproаch, Morаl Аpproаch) Медиабілімнің этикалық теориясына сәйкес, медиа аудиторияның этикалық-моральдық қағидаларын қалыптастыруға қабілетті деп есептелінеді. Осы жағынан бұл теорияның негізгі мақсаты айқындалады: аудиторияны медиабілімнің белгілі бір этикалық модельдеріне үйрету. Педагогикалық стратегия медиа мен медиамәтіндердің этикалық аспектісін зерттеуге негізделеді. Аталған теория бойынша моральдық құндылықтар әлеуметтік-мәдени және саяси мазмұнға тәуелді болады. Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл теорияны медиабілімнің идеологиялық, эстетикалық, экологиялық, сыни ойлау теорияларымен біріктіріп, түсіндіруге болады. Қазіргі уақытта демократиялық құндылықтарға, ізгілікке, этникалық, ұлттық, діни толеранттылыққа негізделген медиабілімнің этикалық теориясы көкейкесті мәнге ие болды.
3. Медиабілімнің «сыни ойлауды» дамыту теориясы (Criticаl Thinking Аpproаch, Criticаl Аutonomy Аpproаch, Criticаl Dеmocrаtic Аpproаch, Lе Jugеmеnt critiquе, L’Еsprit critiquе, Rеprеsеntаtionаl Pаrаdigm). «Сыни ойлау» терминінің мәні мен мазмұны американдық философиялық ассоциация (АPА) тарапынан төмендегідей анықталады: сыни ойлау адамның сеніміне, көнгіштігіне, бағалаудағы әділеттігіне және т.б. факторларға тәуелді болады. Бұл теория тұтынушыларды медианың манипуляциясынан сақтауды көздейді. Медиа саласындағы сыни ойлау – бұл ассоциативті қабылдау, синтездеу, анализ жасау, медиа мен медиамәтіндердің әлеуметтік ортадағы қызметін бағалау, медиа саласында виртуалды эксперимент жасау, логикалық және интуитивті болжам құруды қамтитын күрделі рефлексивті ойлау процесі деп анықталады. Американдық медиапедагог Б.Дункан (B.Duncan) көзқарасы бойынша медиасауаттылық оқытушылар мен студенттердің медиамәтіндерді қабылдаудағы сыни позициясын дамытуға ықпал жасайды. Осы қабілетті дамыту үшін студенттерді келесі жұмыстарға бағыттау қажет болады: - олардың медиамәтін жайындағы алғашқы көзқарастарын мұқият зерттеу; - сыни талдау кезінде олардың жағдаятты жеке (идеологиялық) қабылдау ерекшеліктерін пайдалану; - ақиқатты өтіріктен, шынайы деректі ойдан шығарылған оқиғадан және т.б айыра білу. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының өнімі саналы іс-әрекеттің нәтижесі болып саналады. Сондықтан, Л.Мастерман (L.Mаstеrmаn) медиамәтінді сыни талдауға мүмкіндік беретін 4 сұрақты ұсынады: 1) медиамәтінді құрастырушы кім, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын кімдер бақылап отырады? 2) адамның психикасына әсер ететін эффектілер қалай жасалады? 3) медиамәтінді құрудағы құндылық бағдар? 4) медиамәтінді аудитория қалай қабылдайды? Осы сұрақтар негізінде аудиторияның «сыни ойлауын» дамытып, ақпаратты сыни талдау іскерлігіне үйретуге болады. Батыс елдерінде медиабілім беру мен болашақ мамандардың сыни ойлауын дамытудың технологиясы мен әдістемесін жасаған көрнекті медиапедагогтардың бірі Л.Мастерман болып есептелінеді. Ғалымның зерттеулерінде аудиторияны сыни ойлауға үйретуде маңызды деген 4 негіз аталып өтіледі: - медиамәтіннің авторлары мен медиа саласындағы бақылау; - медиамәтіннің әсер ету эффектісін жасау тәсілдері (яғни, ақпаратты кодтау тәсілдері); - медианың көмегімен іс-әрекеттерді репрезентациялау; - медианың аудиториясы. Американдық медиапедагог зерттеушілер Л.М.Симэли мен Э.Уоттс Пэйлиотэ медиабілім беруде келесі шарттар орындалуы қажет деп есептейді: 1) медианы сыни түсінудің дамуы; 2) әртүрлі мақсатта таратылған медиамәтіндерді талдай алу үшін студенттерге әлеуметтік, мәдени, экономикалық және саяси негіздегі білімдерді игерту; 3) аудиторияның хабарланы таңдау және қабылдау мүмкіндіктері мен қызығушылығын көтермелеу (яғни, әртүрлі саладағы хабарламаларды іріктеуге, интерпретациялауға және әсерін талдауға жағдай жасау) CLЕMI деп аталатын француздық медиабілімдік орталықтың директоры Ж.Гонне (J.Gonnеt) сыни ойлау теориясының дамуын қолдайды және бұл теорияның негізгі мақсаты – студенттерді еркін ойлайтын, демократиялық қоғамның толерантты азаматы ретінде дайындауға ықпал жасау деп есептейді. Дегенмен де, медиабілімді тұтас түрде «сыни ойлауды» дамыту деп түсінбеу қажет. Сыни ойлау тұлғаның медиасауаттылығының көп көрсеткішінің бірі болғандықтан, медиабілімді адамның сыни пікірлей алу қабілетімен шектеуге болмайды.
3. Медиабілімнің идеологиялық теориясы (Idеologicаl Аpproаch). Ғалымдардың көзқарасына сәйкес, медиа қоғамдық пікірді манипуляция жасауға, белгілі бір әлеуметтік топтың немесе ұлттың қызығушылықтары мен ұстанымдарына әсер етуге қабілетті құрал болып табылады. Бұл жағдайда ең қатты зардап шегетін кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер. Осыған 30 сәйкес, аудиторияның бұқаралық байланыс құралдары жүйесін өзгертуге деген қалауын тудыру немесе қалыптасқан медиа ең үздік екендігіне сендіру сияқты медиабілімнің басты мақсаттары туындайды. Қалыптасқан медианың дұрыс екендігіне аудиторияның көзін жеткізудің жалғыз жолы – басқа елдердегі медиамәдениетті сынау, салыстыру. Бұл теория медианың аудиторияға тигізетін ықпалын өте жоғары деп бағалайды. Медиа идеологияны бұқараның санасына жеткізетін құрал деп есептелінеді. Аталған теориялық тұжырым Ресейде ХХ ғасырдың 60-80-шы жылдарынды қарқынды түрде негізге алына бастады. Біз зерттеу жұмысымыз аясында Еуропадағы және Ресейдегі идеологиялық теорияның даму ерекшеліктерін қарастырдық. Нәтижесінде, өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан 80-ші жылдарына дейін идеологиялық тұжырымдаманың «батыстық» және «кеңестік» түрлері болғандығын анықтадық. Бірінші түрінде медиапедагогтар негізгі назарды әртүрлі елдердегі медиамәтіннің саяси, әлеуметтік және экономикалық аспектісін сыни талдауға аударды. Ал, екінші түрінде ғалымдар Батыстық капитализмде құрылған медиамәтіндерді сыни талдау қажет деп түсінді. Медиамәтіндегі идеологиялық көзқарас аудиторияда түрліше қабылданып, түрлі әдіспен талдануы мүмкін. Медиапедагогтардың көзқарасы бойынша, студенттер өздері «объективті» деп санаған ой-пікірмен келісуі, ешқандай қарсылық танытпауы мүмкін. Дегенмен де, әртүрлі елдерде медиа агенттіктер тарапынан құрылған медиамәтіндердің шынайы идеологиялық мәнін анықтауда қиындықтармен бетпе-бет келеді.
4. Медиабілімнің экологиялық теориясы (Еcologic Аpproаch). Бұл теория эколог ғалымдар мен философтардың еңбектеріне сүйенеді (В.И.Вернадский, Л.Н.Гумилев және т.б). Медиапедагогтардың ойынша, жеке тұлғалардың экологиялық қабылдауын дамыту қажет. Бұл адамның медиасауаттылығының негізгі бөлігі болып табылады және медиамәтіндерді бақылау, шектеу және сыни талдауға жағдай жасайды. «Экологиялық» оқудың негізгі мазмұны медиабілімнің «этикалық», «эстетикалық» және сыни ойлауды дамыту теорияларына негізделеді. Медиалық ақпаратты қабылдаудың экологиялық мәселелері адамгершілікэстетикалық мазмұнды қарастырады және экологиялық іс-әрекет руханитұлғалық ресурс ретінде түсіндіріледі. Біздің көзқарасымыз бойынша, медиабілімнің экологиялық теориясы қорғану, алдын-алу қызметтеріне негізделеді. Аталған теория білім беру мекемелерінде жеке тұлғалардың этикалық, эстетикалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасайды.
5. Медиабілімнің аудиторияның «қажеттіліктерін қанағаттандыру» теориясы (Usеs аnd Grаtificаtions Аpproаch). Бұл теория медиа саласы бойынша «қажеттілік және қанағаттануға» арналады. Медиабілімнің «тұтыну және қанағаттану» теориясына сәйкес, кез-келген медианың аудиторияға ықпалы шектеулі, яғни тұтынушы өз қажетіне қарай медиамәтінді іріктеп, бағалай алады. Бұл жағдайда медиабілім берудің негізгі мақсаты: әрбір тұлғаның қалауына және қажеттілігіне сәйкес келген медиа өнімнің мүмкіндігінше жағымды жақтарын алуға көмектесу болады. Біздің көзқарасымыз бойынша «қажеттілік және қанағаттану» теориясы мен «сыни ойлау теориясы» арасында бірқатар айырмашылықтар бар. Медиабілімнің «қажеттілік және қанағаттану» теориясы медиа ақпараттың «жағымды» жағына сүйенсе, «сыни ойлау» керісінше, медиа ақпараттың «жағымсыз» жақтарына негізделеді. Яғни, аудиторияны медианың манипулятивті ықпалынан сақтандыруға тырысады. Бұл жағынан Ю.Букингэмнің төмендегі пікірімен келіспеуге болмайды: «Студенттердің өзіндік көзқарасын қалыптастыруға деген ұмтылысын бағалаймыз, бірақ, медиабілімнің мақсаты олардың дүниетанымын кеңейту болуы қажет». Бұл теория бойынша, медиа адамның дүниетанымын қалыптастырмайды. Ол интеллектілік тұрғыдан дамуға мүмкіндік беретін адамзаттың қажеттілігінің бір бөлігі болады. Тұтынушылар өздеріне қажетті, өздерін қанағаттандыратын медиамәтіндерді өздері таңдап алады. Сондықтан да, бұл жағдайда аудитория пассивті объект емес, керісінше белсенді субъект ретінде қабылданады. Аталған теория ХХ ғасырдың 40-50-шы жылдары кеңінен тарады. Қазірге дейін бұл теориялық тұжырымның жақтаушылары көп.
6. Медиабілімнің практикалық теориясы (Prаcticаl Аpproаch). Бұл теорияның екінші атауы «көбейту кестесі түріндегі медиабілім» болып табылады, яғни медиа аппараттармен практикалық жұмыс істей алу қабілеті көбейту кестесін білу сияқты маңызды болып табылады дегенді білдіреді. Балалар медиатехникаға қызығушылық танытса, демек оларды сол қажеттілікке үйрету қажет: суреттер, фильмдер, видеолар түсіру, интернет сайттарын құруға және видео, аудио материалдарды дыбыстауға, монтаждауға және т.б іскерліктерін қалыптастыру керек. «Практикалық» теория бойынша медианың аудиторияға тигізетін әсері маңызды емес, ең бастысы білім алушыларды медиалық құрал-жабдықтар немесе техникалық құралдарды тәжірибеде пайдалана алуға дайындау қажет. Осыдан, жеке тұлғалардың практикалық іскерліктерін арттыруға деген қажеттілік туындайды. Медиабілімнің практикалық теориясы 30-шы жылдар мен 50-шы жылдар арасында көкейкесті болды. Қазірге дейін осы теорияны көкейкесті санайтын ғалымдар да бар. Олардың пікірінше, медиамәтіндерді сыни талдауды үйретуден бөлек, киномеханиктер, видеооператорлар, фотографтар және т.б арналған үйірмелер мен клубтар ашып, нақты практикалық жаттығуларға негізделген оқытуды ұйымдастыру қажет. Медиамәтіндерді физика, математика, биология, тарих және т.б «міндетті пәндерді» оқыту үшін иллюстрациялық материал ретінде қолдануға болады. Алайда, көптеген педагогтар бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын тек көрнекілік ретінде ғана қабылдап, медиамәдениеттің оқыту үдерісіндегі тәрбиелік және эстетикалық мүмкіндіктерін тәжірибеде нәтижелі түрде қолдана алмайды. Аудиовизуалды медиабілімнің Еуропалық Ассоциациясы оқушылар мен студенттерге медианың тілін видеокамералар, видеомагнитафондар және телемониторлар арқылы түсіндіру үшін оқыту жүйесін ойлап тапты. Ол бойынша студенттер медиамәдениеттегі «кадр», «ракурс» және т.б ұғымдардың мәнін практикада жақсы біледі, медиамәтінді арнайы эффектілермен көркейтуді меңгереді, камераға түсірудің тәртібін біледі, өзбетімен шағын видеофильмдер дайындай алады. Жалпы, медиабілімнің «практикалық» теориясы жауапты мәнге ие, алайда тұлғаның медиамәтінді сыни талдау қабілетінен гөрі, техникалық құралдарды қолдана алу дағдысын дамытуға басымдық беріледі.
7. Медиабілімнің мәдени теориясы (Culturаl Studiеs Аpproаch). Медиабілімнің мәдени теориясы бойынша аудитория медиамәтіндермен ұдайы диалогтық байланыста болады. Бұл теорияда кез-келген медиамәтін күрделі құрылым немесе «код» ретінде қарастырылады. Басқа мақсатпен таратылған ақпарат өзге бір бағытта талдануы мүмкін. Мәдени теория ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Батыс Еуропа елдерінде пайда болып, қазірге дейін өзектілігі жоғары теориялар қатарына жатады. Медиабілімнің мәдени теориясына М.М.Бахтин мен В.С.Библердің «мәдениеттер диалогы» теориясының мазмұны сәйкес келеді. Медиаға қатысты шетелдік және отандық еңбектерді талдаудың нәтижесінде медиабілімнің негізгі тұжырымдамасы медианың тәрбиелік, білімдік және шығармашылық мүмкіндіктерін пайдалану екендігіне көз жеткіздік. Әлемдегі жетекші медиапедагогтар тұлғаның медиабілімін бірнеше сатылар бойынша жетілдіруді ұсынады. Мысалы: медиамәтінді қабылдау, оның «тілін» оқу, қиялды іске қосу, есте сақтау қабілеті мен ойлаудың түрлерін (әсіресе, сыни, логикалық, шығармашылық, интуициялық), идея мен образдарды саналы тұрғыда түсіну іскерліктерін дамыту және т.б; медиа материалдары арқылы тұлғаның креативті практикалық іскерліктерін дамыту; медианың тарихы, құрылымы, тілі және теориясы жайында білімдерді меңгеру. Жоғарыда аталып өтілген кезеңдер медиапедагогтың нақты қандай медиабілімдік теорияға басымдық беретіндігіне қарай өзгере береді. Әр кезеңді студенттерде жеке дамытуға болады, мұндай жағдайда бірінші кезеңде білім алушының сыни ойлауы дамыса, екінші кезеңде тәжірибелік іскерлігі, ал үшінші кезеңде ақпараттық қабілеті дамиды. Студенттерге медиабілім беру үдерісін әр кезең бойынша жеке жүзеге асырғаннан гөрі, кешенді түрде әр кезеңді қамту тиімдірек болады. Американдық және Канадалық медиапедагогтар тарапынан медиабілімнің келесі негізгі ерекшеліктері нақтыланған: - барлық медиамәтіндер мақсатты түрде орындалған құрылымның нәтижесі болып табылады; - әрбір медиамәтін айрықша эстетикалық формаға ие; - медиамәтіннің формасы мен мазмұны бір-бірімен тығыз байланысты, әрбір медиа түрі баяндалу тілімен, белгісі, кодымен ерекшеленеді; - медиа шынайылықты құрайды; - аудитория медиамәтіннің мазмұнын жыныс, нәсіл, жас, өмірлік тәжірибе т.б. факторларға сүйене отырып бағалайды; - медиа әлеуметтік-саяси және коммерциялық мәнге ие; - медиа идеологиялық және құндылықтық хабарламадан тұрады.
8. Медиабілімнің эстетикалық теориясы (Аеsthеticаl Аpproаch). Медиабілімнің эстетикалық теориясының негізгі мақсаты – аудиторияға медиамәтіннің негізгі заңдары мен тілін түсінуге көмектесу, эстетикалық қабылдау мен талғамының қалыптасуына ықпал ету. Бұл теорияның өкілдері медиамәдениетті дамытуға ерекше күш салу қажет деген идеяны насихаттайды. Оқытушылар студенттерді көркемөнер туындылары мен эстетикалық талғаммен жасалған медиамәтіндерді сыни талдауға және бағалай білуге үйретеді. Шығыс Еуропа елдерінде медиабілімнің эстетикалық теориясы ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан 80-ші жылдарға дейін идеологиялық теориямен бір қатарда зерттеліп келді. Қазіргі уақытта бұл теорияның мазмұны идеологиялыққа қарағанда, мәдени теорияға жақын келеді. Медиабілімнің эстетикалық теориясы Батыс елдерінде ХХ ғасырдың 60- шы жылдарында қарқынды зерттелді. Ал, қазіргі уақытта медиапедагогтардың пікірінше, медианың көркемдік сипаты оның манипуляциялық әсерімен салыстырғанда аса маңызды емес. Сондықтан, медиамәтіндер оның эстетикалық сапасына қарай емес, мазмұнына, идеясына, символдар мен белгілерді қолдану дәрежесіне қарай бағалануы тиіс.
9. Медиабілімнің семиотикалық теориясы (Sеmiotic Аpproаch). Бұл теория ХХ ғасырдың 50-шы жылдарында қарқынды түрде тарала бастады. Семиотикалық теория бойынша кез-келген медиамәтін, яғни романнан бастап, тіпті жарнамаға дейін кешенді талдаудың объектісі бола алады. Аталған теорияның белсенді жақтаушылары қатарында Р.Барт, К.Метц, У. Эконы атап өтуге болады. Медиабілімнің семиотикалық теориясының негізгі мәні – медиамәтінді «дұрыс оқу» болып табылады. Бұл жағдайда медиамәтіндегі кодтар мен «грамматикаға», медианың тіліне аса мән берілуі қажет. Семиотикалық талдау үшін тек «жоғары деңгейдегі» өнер туындылары ғана емес, таратпа парақшалары, жолсілтеуші брошюралар, журналдар, газеттер т.б материал бола алады Медиабілімнің семиотикалық теориясы идеологиялық теорияға қарамақарсы және ол медиамәтіннің саяси, әлеуметтік мәніне емес, медианың тілі бойынша мәселелерге негізделеді. Осы теория бойынша аудиторияның сыни ойлауын дамытуға мүмкіндік пайда болады.
10. Медиабілімнің әлеуметтік-мәдени теориясы (Sociаl аnd Culturаl Аpproаch). Бұл теорияның негізгі мәні: мәдени (медиамәдениеттің даму қажеттілігі) және әлеуметтік (медианың педагогикадағы әлеуметтік рөлінің маңыздылығын мойындауы) тұжырымдар. Ресейлік ғалым А.В.Шариков 34 бойынша медиабілімнің әлеуметтік-мәдени теориясының негізгі айырмашылығына мыналар жатады: 1) медианың дамуы заңды түрде әр салада әлеуметтік кәсіби білімнің қалыптасуына алып келеді; 2) аудиторияның барған сайын артуына байланысты медиа тілінен көптеген тұлғаларды үйретудің қажеттігі туындайды; 3) қоғам уақыт өткен сайын медианың адам өміріне тигізіп жатқан әсерін мойындауда, сәйкесінше, бұл медиапедагогтарға медиабілім беру үдерісін дамыту қажеттігін көрсетеді. Сонымен, осы аталған теориялар медиабілімнің негізгі мазмұнын құрайды