Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет12/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   85
Қисса өлең – діни қиссалар, нәзирагөйлікпен жырланған қисса-дастандар ХІХ ғасырдағы қазақ рухниятының аса көрнекті арнасы. Ол шоқындыру саясатынан шошынған ел тұлғаларының ислам негіздерін тарата сөйлеп, имандылық бастауларына тартқан күш қаруы болды. Қазақ әдебиеті тарихының үлкен жоқшысы профессор Бейсенбай Кенжебаев бұл ағымға діни ағартушылық деген баға берді.
Белгілі бір кезеңде “дін” атауынан “қашып” “ағартушы ақындар” деп атаған әдебиет өкілдері Әбубәкір Кердері, Шәді Жәңгіров, Мұсабек, Мақыш Қалтаев, Нұржан Наушабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев жайлы Бейсенбай Кенжебаев мынадай мәлімет береді.
“Бұл ақын-жазушылар тек мұсылманша, хадимше оқыды. Бұхара, Қазан, Троицк, Ташкент, Уфа, Орынбор секілді шаһарлардағы мұсылманша мектептер мен медреселерді бітірді. Мұсылманша орта, жоғары дәрежелі білім алды. Кейбірі тіпті көп оқып ғұлама болды. Меккеге барып қайтты. Қажы атағын алды” [55, 30 б.].
Б. Кенжебаев ХІХ ғасырдағы қиссалар жөнінен кейінгі саясат қысқан кездің өзінде кең мәлімет берді. Оның айғақтамалары отарлаушы саясаттағы миссионерліктің әуелі мұсылман дініне, сонан соң христиан дініне негізделгенін ашып отырады.
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап мұсылман дін басшылары қазақты нағыз мұсылман етуді мықтап қолға алды. Қазақ арасында дін оқуын, дін жұмысын, жалпы мұсылманшылық үгітін күшейтуге тырысты. Осы ретпен түрлі мүфтияттар қазақ даласына Бұхарада, Самарқанда, Қазан, Уфада оқыған татар, башқұрт, қызыл бас молдаларын көп жіберді.
Мұсылман дін басыларының бұл іс-әрекеттерін патша үкіметі де қолдады: патша үкіметі молдаларды указбен тағайындады. Ол указной молда атанды.
“Қазақ арасына шеттен келген молдалардың бір қатары, солардан көріп қазақ арасынан шыққан молдалардың кейбіреулері араб, парсы ертектерін, көбінесе арабтың әулие-әнбиелері, пайғамбар, сахабалар туралы аңыз, ертектерін қазақ тіліне аударып, қазақша қисса-дастан қылып жазып, бастырады. Олардың кейбіреулерінде қазақтың ертек, аңыздарын қисса етті, өз жандарынан да қисса, өлең жазып шығарды. Бұл жөнінде Ақмолланың, Кәшәфитдин Шаһмардановтың, Ғали Махмудовтың, Мәулікей Жұмашевтің тағы басқа осылар сияқты молдалардың бастырған, жазған кітаптары дәлел бола алады ” [55, 10 б.].
Б. Кенжебаев ХХ ғасыр басындағы әдебиет өкілдеріне қосқан көпшілік ақын ХІХ ғасыр орта шенінде өмірге келгендер. Шығармаларын жазып шығарғандар. Олардың ХІХ ғасыр әдебиетіне қатысы жоқ деуге болмайды.
ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілері, олардың тегі дегенде (ауыз әдебиет – ауызша әдебиет, жазбаша – жазба әдебиет) Б. Кенжебаев атаған ақындар, олардың шығармашылық мұрасы тек ХХ ғасыр басы емес, ХІХ ғасыр әдебиетінің де даусыз еншісі.
Әуелбек Қоңыратбаев “Есім сері-Зылиқа”, “Күлше қыз-Назымбай”, т.б. шығармаларда жазба әдебиет ерекшеліктері кездесетінін айтты.
“Бұл жырлар халық фольклоры мен жазба әдебиетті ұштастырып, байланыстарды. Сол себепті олардың фольклорлық және авторлық сипаты бар” [56, 237 б.].
Қисса-дастандар туралы зерттеулердегі зерделеу әр қилы. Сол қисындарды шендестіре қарағанда, қиссаның ішке бүккен “жұмбағы” ашыла түспек.
Ғалым Өтеген Күмісбаев “Қазақ арасына шығыстан келген қисса-дастандар туралы” зерттеуінде қисса-дастанның қазақ халқының әдебиетіне әсеріне тоқталды.
ХІХ ғасырдағы нәзираның ықпалы Өтеген Күмісбаев атаған “Қыз Жібек”, т.б. эпосқа түскен. Өтеген Күмісбаев жазба әдебиет демегенімен, ол келтірген деректердің өзі қиссалардың жазба мәдениет туындысы екендігін аша түседі.
“Сыр бойынан ертеде тамаша ақындар шыққан. Олардың көпшілігі Бұқара, Ташкент, Хиуа мектеп-медреселерінде оқып, мұсылмандық білім алып, Шығыс әдебиетінің түпнұсқасымен танысуға мүмкіндік алды. Солардың біреуі – Шораяқтың Омары – (1878-1924) он бестен астам дастан жазған кісі. Шығыс поэтикасының көркемдік құралдарын жақсы меңгеріп, соны өз шығармаларында пайдалана білген” [49, 199 б.].
Тағы да мынадай мәлімет келтіреді. “Елгібайұлы Жақып дегеннің “Әбу Әли Сина” атты дастаны Қазанда революцияға дейін жарық көрген. Демек аңыз жазба әдебиетіне де ауыса бастаған” [49, 199 б.].
Қисса-дастандар діни негіздеріне байланысты көп уақыт әдебиет тарихынан алар орнынан аулақтап қалды. Олардың ХІХ ғасыр әдебиетінің түр, сапа жөнінен байып, кемелденуінде орасан зор ықпалы болды. ХІХ ғасырдағы,
ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің аса бір ауқымды арнасы қисса-дастандар мәселесі қазірде де белгілі әдебиеттанушылар тарапынан үнемі қозғалып, қарастырылып отыр.
Ғалым Аслан Жақсылықов “Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы” [38] монографиясында “книжная литература Восточных кисса и дастанов” – (“Мұсылмандық кітаби әдебиет” Қ.М.) терминін қолданды. Бұл атау шығыс қисса-дастандарының даралық сипатын, ХІХ ғасырдағы, ХХ ғасыр басындағы әдебиет үлгілерінің бірі екенін оқшаулап көрсетіп тұр. Ол үлгінің іштей бірнеше топқа, түрге таралып бөлінуі – өз алдына бір мәселе. Сол тұрғыда, ілгерідегі В.В. Радлов, А. Байтұрсынұлы, Б. Кенжебаев, З. Ахметов,
Ш. Сәтбаева, Қ. Өмірәлиев т.б. еңбектеріндегі қиссалардың мазмұн, мән жағынан ажыратылуы кейінде қисса-дастанды арнайы зерттеген ғалымдар Бақыт Әзібаеваның, Өтеген Күмісбаевтың, Алма Қыраубайқызының [57], Зұфар Сейітжанұлының [58], еңбектерінде толыға түсті..
Б. Әзібаева жүйесінде қазақтың төл дастандарының өзі алты түрге бөлінген. 1) ғашықтық; 2) хикаялық; 3) қаһармандық; 4) ғажайып-фантастикалық; 5) діни; 6) тұрмыс-салт.
Бұл – Б. Әзібаева топтауындағы қазақ дастандарының екінші түрінің, “қазақ топырағында пайда болған, яғни қазақтың төл дастандарының” жіктелуі. Ал бірінші түрді ғалым “Шығыс сюжетіне құрылған қазақ дастандары” деп ажыратады. Ал жалпы қисса-дастандарды Б. Әзібаева үлкен 3 топқа бөледі.
Б. Әзібаева дастандардың тууында халықтың эпикалық дәстүрінің ықпалы күшті болды, дастандар халық әдебиетінің бай саласына айналды дейді.
Дастандарды эпикалық поэзияға жатқыза отырып, ғалым олардың дәстүрлі батырлық, ғашықтық жырларға ұқсамайтын ерекшеліктерін ашады [59, 5-14 бб.].
Зерттеуші кейінгі тұжырымдамаларында мәселені айқындай түсіп, дастан жанрына байланысты жаңа байламдар жасап, “дастандық эпос” атауын ұсынады [Әзібаева Б. Қазақтың діни дастандары // Әдебиеттанудың өзекті мәселелері. – Алматы, 2002. – 431 б. 131 б.].
“Қазақ арасына Шығыстан келген қисса-дастандар” – деп, Өтеген Күмісбаев өзі атаған дастандарды “Тақырып, мазмұн, идеялық-көркемдік ерекшелігіне қарай 4 топқа бөледі” 1 – махаббат, ізгілік, достық, жақсылықты жырлайтын дидактикалық лирикалық қисса-дастандар “Ләйлі Мәжнүн”, “Жүсіп-Злиха”, “Мұңлық-Зарлық”, “Тахир-Зухра”, “Бозжігіт”.
2 – діни бағыттағы: “Сал-сал”, “Сейт Баттал”, “Жұм-жұма”, “Зарқұм”.
3 – қиял-ғажайып, фантастикалық “Шаһмардан”, “Абулхарис”, “Абулшахма”, “Шәкір-Шәкірат”.
4 – батырлық, ерлік, ақ пен қара күресі. Романтикалық сарындағы қисса-дастандар: “Рүстем-Дастан”, “Ескендір”, “Қисса-Баһрам”, т.б. [6,203 б.].
Шығыстық қисса-дастандардың түп-төркін, жанрлық сипатын арнайы қарастырып, ғылыми еңбек жазған көрнекті ғалым Алма Қыраубайқызы былайғы зерттеу-зерделеуге бастау болар негіздемелер жасады. Көркемдік әлемі ғажайып нұрға малынған ортағасырлық түрік әдебиетінің қадау-қадау мәселелеріне ғылым мүддесімен бойлады.
А. Қыраубайқызы дастандардың басылым жайынан мол дерек келтіре отырып, олардың жинақталу, жүйелену мәселесін ілгері оздырар ой қозғайды. Қиссаның дәстүрлі ерекшеліктерін ғалым стиль, тұрақты желі, қалыпты сюжет арасында қарастырды. Әсіресе ХІХ ғасыр қиссаларын орта ғасырлық нұсқаларымен салыстырып, көп ұқсастық табуы-олжалы ізденіс.
А. Қыраубайқызының түйіндеп берген, алғаш айқындап, айтқан бір жайы – қисса стилінің (орта ғасырлықҚ.М.) ХІХ ғ., ХХ ғ. жазба әдебиетке әсері.
“Қиссаның стиль ерекшеліктері ХІХ-ХХ ғасыр басындағы ақындардың бәрінде кездеседі.
…Жазу стилін былай қойғанда қисса-дастандардың ХХ ғасыр басындағы әдебиетте поэма, повесть, роман жанрын туғызудағы ролі ерекше болды. Біз “поэма” деп жүрген Абайдың “Ескендір”, “Масғұты”, “Әзім әңгімесі”, Мағауия Абайұлының “Медғат-Қасым”, М. Сералиннің “Гүлқашимасы”, т.б. қисса-дастан дәстүрінің кей жақтарын сақтай жазылған, қисса мен қазіргі поэма ерекшеліктерін қатар алған дастандар деген ойдамыз.
…Сұлтанмахмұт тұсында еуропалық әдебиеттен үйрене бастаған қаламгерлердің қисса дәстүрінен қаншалықты шығып кеткісі келгенімен, еуропалық ұғымдағы роман жанрын әлі игеріп үлгермегені аңғарылғандай” [57, 128 б.].
Алма Қыраубайқызының зерттеуіндегі аса назар аударарлық бір түйіні – қиссаның фольклорға немесе жазба әдебиетке қатысы.
“Қиссаны жазба әдебиетке жата ма, әлде фольклордың дүниесі ме? – деген сұрақ төңірегіндегі мәселеде бірізділік жоқ (Ы.Дүйсенбаев лиро-эпостың бір саласы ретінде, яғни фольклорлық мұра ретінде қарастырады Қ.М.). Ауызша әдебиетке жатқызу жағы басымдау. Бұл жерде қисса-дастанның түп-төркіні көп жағдайда жазба әдебиеттен келген және оның қазақша нұсқаларын шығарушылар жазба ақындар, олар жинаушы ғана емес, сол сюжетті жазып шығарушылар екенін ескермеуге болмайды. Белігі ғалым Х. Короглы: “Ләйлі-Мәжнүн”, “Гүл-Санаубар”, “Баһрам-Гүләндам”, тағы басқалар дені сауатсыз ортаға классикалық өзге әдебиеттен бірден келіп сіңді дегенді елестету қиын. Оны басқа ортадан айтушылардың біреуі алып келіп, әрі қарай ауызша әдебиетке айналу үрдісі басталған. Қисса-хандар (қиссашылар) жазба әдебиетті де пайдаланды. Оны парсы кейде, араб, үнді тілдерінен аударды”, – дейді (Короглы Х. Узбекская литература М., 1976, 31-бет).
… Яғни, қисса-дастандардағы жазба және ауызша әдебиет дәстүрлерінің көрінісін анықтау үшін, әлі талай-талай жұмыстар арналары тиіс. Біз оны жазба әдебиет тұрғысында қарастырдық. Қиссаның жазба әдебиет стиліндегі машығы орта ғасыр ескерткіштерімен салыстыру арқылы жақсы аңғарылады” [57,
135 б.].
Қисса-дастандар шығу төркініне мазмұн мәніне, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіне қатысына қарай негізінен, Б. Әзібаева, Ө. Күмісбаев,
А. Қыраубайқызы, З. Сейітжанұлы зерттеулерінде қарастырылды. Ілгеріде бұл мәселе В.В. Радлов, А. Байтұрсынов зерттеулерінде қозғалды.
Б. Әзібаеваның қиссаларды топқа бөлуінде оларды мәніне қарай, сонымен бірге шығу төркініне қарай ажырату көрінеді.
1. Ислам дінін уағыздайтын дастандар: “Сал-сал”, “Сейітбаттал”, “Зарқұм”. 2. Ертегілік-аңыздық және ғашықтық дастандар: “Сейфулмәлік”, “Бозжігіт”, “Абулхарис” т.б. 3. Шығыс сюжетіне шоғырланғанымен, қазақтың төл туындыларындай болып кеткен дастандар: “Мұңлық-зарлық”, “Шәкір-Шәкірат” [60].
Ө. Күмісбаевтың жіктеуі ілгеріде көрсетілді.
А. Қыраубайқызы ХІХ-ХХ ғасырдағы қисса-дастандардың шығу төркініне қарай бөлді: 1. “Мың бір түн”, “Тотынама” желілері; 2. “Шаһнама” желілері;
3. Орта Азиялық желілер [57, 6 б.].
Әрине, А. Қыраубайқызы айтқандай, бұл саралауларға дұрыс-бұрыс деп шешім айту ерте. Кітаби әдебиет, нәзирагөйлікпен жырланған қисса-дастандар кейінгі кезеңде кеңірек жан-жақты зерделене бастады. Сол орайда ілгерідегі ғылыми негіздерді есте ұстай отырып, бүгінгі ғылым жетістігінің игілігіне айналдыра отырып ой кеңітер іргелі зерттеулер әлі де қажет.
“Шоқан Уәлиханов – филолог” монографиясында көрнекті ғалым Шәмшиябану Сәтбаева Шоқанның Шығыс әдебиетінің кейбір шығармалары туралы пікірлеріне арнайы тарау арнады. Ш. Сәтбаеваның көрсетуінде
Ш.Ш. Уәлиханов еңбектерінде халықтардың өмір-тұрмыс, ұғым-түсініктеріне, буддизм, зороастра, шаманизм, ислам, христиан сияқты дін түрлеріне байланысты туған аңыз-әңгімелер, “Мың бір түн”, “Тоты-наме”, “Құран”, “Зафар-наме”, “Юсуп-Зулейха”, Фирдоуси, Хакани, Хорезми, Бедиль, Ходжа Ахмед Яссауи, Джами, Хафиз, Навои, тағы басқа ірі әдеби құбылыстар мен ақын-жазушылар туралы тұжырымдар бар” [61, 80 б.].
Ғалым Шоқанның қазақ арасында таралған қисса-дастандар ішінде “Құран” желілерінен таратылған, тартылғандарына назар аударғанын айтты.
Зерттеушілер негіздемелеріне қарағанда қисса-дастан ХІХ ғасырда тек нәзирагөйліктен тумаған. Қисса-дастанның дәстүрлі ерекшелігін, сипатын, яғни жанрлық шарттарын сақтаған түрлі мазмұндағы жаңа туындылар да аз болмаған. Ілгеріде бұл туралы Ә. Қоңыратбаев, Б. Әзібаева т.б. пікірлері келтірілді.
В.В. Радлов кітаби өлеңдердің ерекшелігін, басқа өлең сөзден айырым белгілерін ажыратар сипаттарына ғылыми негіздеме салды.
“Кітаби өлеңдерге келсек, көлемді әңгіме “Сейфулмәлік” Мир-Али-Шира (Ә.НауаиҚ.М.) жырының үлгісімен жазылған немесе кітаби тілден қазақ тіліне көшіріліп жырланған деуге болады, өйткені түпнұсқаға өте жақын келеді. “Һамра” мен “ Бозжігіт” түпнұсқада бір бөлігі қара сөзбен, бір бөлігі өлеңмен жазылған Орта Азияның өзіндік халық аңыздары. Олардың, әсіресе, “Бозжігіттің” көлемі өте үлкен. Соңғы жырды шығарушы таза халықтық әуенді қабыстыра алған. Ол көп өлеңдерін халық жырларының негізіне құрған, шағын әңгімелер негізі хикаялардан алынған, “Алтынбас және Күмісаяқ” сияқты өлеңдер халық ертегілеріне өте ұқсас” [50, 19 б.].
В.В. Радлов жариялаған “Бозжігіт” дастанының үлгісі сол тұстағы көп қиссадан бөлек көрінеді. Дастан шағын-шағын тақырыптарға бөлініп, өзгеше бір құрылым үлгісінде жазылған.
Әуелі сол қиссаны шығарушының алғысөзі берілген сияқты. “Бозжігіт” кітабын Уфа шаһарында көргенін, өзі “Бозжігіт” кітабын мың сегіз жүз қырық екінші жылда жазғанын айтады. Шәкірттерінің өтініші бойынша әнмен жазғанын айтады.
Жыр кәдімгі қазақтың эпикалық жыр дәстүрінде басталып, баяндалып
7 шумақ, 11 буынды өлеңмен келеді де “Қыздың айтқан сөзі”, “Бозжігіттің түсінде сабыр қыл деп айтқан сөзі”, “Қыздың түсінде жігітке берген жауабы”, “Қыздың түсінде айтқан жауабы”, “Жігіттің қызға берген жауабы”, “Жігітке қыздың берген жауабы”, “Досының жауабы”, “Аттанып бара жатып айтқан сөзі”, “Бұлардың зынданда айтқан сөзі”, “Бұлардың зынданнан құтылған жері”, “Жігіттің жауабы”, “Керуеннің жауабы”, “Жігіттің жауабы”, “Керуеннің қайтқан жері”, “Хан қызының қыздарға жырлап айтқаны”, “Ханшаның зары”, “Қыздың жауабы”, “Қыздардың айтқан жар-жары”, “Хан қызына айтқан сөзі”, “Әкесіне қыздың берген жауабы”, “Қыздың жұртына барғаны”, “Қыздың жылап айтқаны”, “Қыздың жігітке берген жауабы”, “Бозжігітке досының жырлап айтқаны”, “Хан баласының жауабы”, “Жігіттердің сөзі”, “Боз жігіттің досын жоқтап жылағаны”, “Бозжігіттің құдайға налыс қылғаны”, “Қалған досының сөзі”, “Бозжігіттің досына жырлағаны”, “Досының жауабы”, “Бозжігіттің өлген жері”, “Бозжігіттің жауабы”, “Қарашаш сұлудың сөзі”, “Қарашаш сұлудың әйнектен жырлағаны”, “Ханның қызына берген жауабы”, “Қарашаш сұлудың сөзі”, “Қарашаш сұлудың қыздарға жылағаны”, “Қыздардың Қарашаш сұлуға жырлап айтқаны”, “Қарашаш сұлудың сөзі”, “Жігіттің жырлағаны”, “Досының үйіне барған жері”, “Жігіттің жауабы”, “Жыршының жыр бастаған жері”, “Жыршының жауабы”, “Ханымның баласын жоқтап жылағаны”, “Ханымның баласын іздеп барғаны”, “Ханымның жылаған жері” деген 48 сюжеттік желіге ұласады.
З. Сейітжановтың “Тарихи эпос” (1994) монографиясында [62]
ХІХ ғасырдағы қисса-дастандарды қазақтың эпикалық жырларымен айырмашылық жағынан нақтылы ажырата қарастырған тұсы бар. Бірақ көңіл негізінен нақты тарихи эпостың халық эпосымен арақатысына бөлінген. “Шыңжаң қазақ әдебиеті” монографиясында ғалым қисса-дастандардың
ХІХ ғасырдың аяғына қарай екі бөлініп қалған қазақтың Шыңжан жағындағы әдебиетінің елеулі арнасы болғанын атап көрсетті.
“Шыңжаң өлкесін мекендейтін қазақтардың рухани өмірінде және олардың жазба әдебиетінің туып қалыптасуында елеулі рөл атқарып келе жатқан жанрлық түрдің бірі – қисса дастан” [53, 96 б.].
Ғалым ғашықтық арқау болған дастандарды “ғашықтық мазмұндағы нақты тарихи жыр” деп бөлген.
З. Сейітжановтың Шыңжаң өлкесінде туған “Хасен-Жәмила” жырын қарастыра келіп, табиғат суретін беру әдісіне, жырдың кей нұсқаларының тақырыпшаларға бөлінуіне, кейіпкерді көркемдік әңгімелерден гөрі психологиясын суреттеуіне қарағанда бұл топтағы жырларға жазба әдебиет әсері болған; нақты тарихи эпостың бір ерекшелігі – көне эпикалық жырлармен де, жазба әдебиетпен де байланыста туады деген пікірі үлкен зерттеуден туған түйін.
Ғалым шығыстан ауысқан қисса-хикаялармен қазақ өмірі туғызған дастандар арасындағы ұқсастық, айырмашылықты нақты ажыратқан. Махабатты дәріптеу, қиындықпен күрес, қайғылы аяқталуы, яғни жастардың махаббат еркіндігіне ұмтылуы, жауыздықты айыптау, адалдықты дәріптеу – ұқсастығы. Шығыс сюжетіндегі толып жатқан “хикаят” “жебеуші”, суретті көріп, түсінде көріп ғашық болу, маймыл патшалығы, ит басты адамдар, зәңгілер, алып құс, Сүлеймен пайғамбар, диюдің жаны салынған сандық, құмда дию мен пері соғысы, яғни мифтік аңыз элементтері – ғашықтық мазмұндағы нақты тарихи эпостарға тән емес.
Ғалымның мына бір түйіні де жанды. “Шығыс Түркістандағы қазақтардың да нақты тарихи эпостарының жыршылары мен жыр тыңдайтын ортасы болды. Әрі көп жырлардың бірнеше варианттары бар. Бірақ бұл жырлар – классикалық эпос та емес, жаңа жазба шығармалары да емес. Эпикалық дәстүрдің реализмі басым жаңа бір кезеңі” [53, 47 б.]. (Жазбаша десе шеҚ.М.).
Әдебиеттану ғылымында кейінгі кезең зерттеулерінде ХІХ ғасырда,
ХХ ғасыр басында қазақ өмірінен туған жырларды түрге бөлу, жанрға жатқызу әрқилы. З.Сейітжанов ғашықтық дастандарды нақты тарихи эпосқа жатқызады; А. Қыраубайқызы аралық дастандар, – дейді, т.б. осы мәселені жүйелейтін уақыт жетті.
Ортағасырлық қиссалардың дәстүрлі үлгісін проф. Б. Кенжебаев жүйе, тұрақты желі, стиль жөнінен қарастырудан бастаған.
1914 жылы Қазанда Каримовтар баспасында шыққан “Қисас-Сұл Әнбиядағы” 79 қисса-хикаяны үш үлкен топқа бөліп жіктеді.
Бірінші: жер, көл, адамзат, хайуанат, жын-шайтан, періште, Адам ата, от, топырақ жайлы түсінік, мақала, әңгіме.
Екінші: әулие-әнбиялар, пайғамбарлар, солардың өмірбаяндары, іс-әрекеттері туралы қиссалар, ертектер, аңыздар.
Үшінші: шежіре – мұсылман жыл есебінің, һижраның алғашқы он жылы ішінде болған тарихи оқиғалар, календарь – жыл, ай, күн аттары, назым өлеңдер.
Кітаптың басында бағышталуы, ақырында қорытындысы бар. Екеуі де өлеңмен жазылған. Жинақтағы шығармалар Құраннан, Інжіл, Таураттан жиналған. Біразын автордың өзі шығарған [20, 19 б.].
А. Қыраубайқызы “Шығыстық қисса-дастандар” монографиясында қисса-дастан жанрының тұрақты желілерін бірнеше түрге бөледі. Балаға зарығу, мінсіз кейіпкер, патшаның тастанды баласы, аң асыраған бала, түс көру, Иранбақты іздеу, теңіз оқиғасы, жолдағы қауіп-қатер (аждаһа, дию т.б.), жазира арал, сарай салдырған қыз, бақ пен бағбан, сарайдағы патша әскерімен соғыс, т.б.
А. Қыраубайқызы орта ғасырлардағы, ХІХ ғасырдағы нәзира дәстүрінің туу, жандану үрдісін түрік оянушылығымен, қазақтың ұлттық оянушылығымен өте орынды сабақтастырды.
Қисса-дастанның жанрлық сипат, көркемдік ерекшеліктері замана көшінде өзгеріп түрленуі, әрине, заңды. Бұл өзгерістер ХІХ ғасырдағы туындыларда айқын. Ғалым А. Қыраубайқызы дәстүрлі қисса жанрының қазақ әдебиетіне Европа үлгісі ықпалын тигізе бастаған тұстағы сипатын былай саралайды.
1. Ертегілік, мифтік сипаты көмескіленеді.
2. Қазақ өмір тіршілігі көбірек енді. Қазақи ұғымға сай суреттеушілік пайда болды.
3. Өмір шындығына жақындата жырланды.
4. Оқиғалар жүйесі тиянақталып, қосалқы кірістірулер алынып тасталды.
5. Тұрақты желілер сақтала бермейтін болды [57, 128 б.].
Қисса-дастан ХІХ ғасырда тек нәзира дәстүрінде жырланған шығарма емес, қиссалық қисындарды сіңіріп, негіз ете отырып жазылған, дәуірдің көкейтесті күйі, жаңа бетбұрыс, беталысы бағдарланған шығармалар.
Осы жөнінде де түйінді, жаңа бір ізденіс, зерттеулерге бастайтын ой ұшығын профессор А. Қыраубайқызының, З. Сейітжанұлының аталған еңбектерінен табамыз.
М. Әуезов Абайдың поэмаларын Еуропа әдебиетіндегі Шығыс сюжетіне жазылған шығармалармен үндестікте қарастырды. Сол тұрғыда, ХІХ ғасырдағы жазбаша, жазба әдебиетке дәстүрлі үш арнаның да ықпалы болғаны даусыз. Халық ауыз әдебиетінің өзінде Шығыс ықпалы аз емес.
ХІХ ғасыр әдебиетіндегі қисса-дастандардың шығу төркінін, туу себептерін, көркемдік сипатын (сөз қолданыс, өлең түрі, желілік құрылым, т.б.) әлі де әрі қарай таратып, нақтылы зерттеулер қажеттігі даусыз.
Бұл нәзирагөйлік дәстүрдің қайта жандануының бір ұшы, отаршылдық саясатта жатқанын, исламның ғылыми негіздерін қараңғы елге жеткізу, ұғындыру мақсатын ұстағанын – қисса-дастандардың жандануына ХІХ ғасырдағы қазақ елінің әлеуметтік тұрмыс-күйі, саяси ахуал, тарихи жағдайының себепкер болғанын есте ұстай отырып, ХІХ ғасырда туған қисса-дастанның жанрлық сипатын жан-жақты ғылыми негіздеу жалғасын табуы керек.
ХІХ ғасырдағы қиссалар кеңестік кезеңде кітаби ақындар шығармашылығын қарастыруға орай айтылды, арнайы зерттеу нысанына қайтадан айналғаны Р. Бердібай, Ө. Күмісбаев, З. Сейітжанов, Б. Әзібаева,
А. Қыраубайқызы, Т. Тебегенов, С. Дәрібайұлы, Н. Мәтбек, Э. Қансейітова,
Г. Асқарова, Е. Карбөзов еңбектерінде.
Ғалымдар Ө. Күмісбаев, А. Қыраубайқызы атап айтқандай, ХІХ ғасырда нәзира дәстүрінде жазылған қиссаларды ортағасырлық негіздерімен салыстыра қарастыру, бұл жанрдың жасау тарихын, көркемдік табиғат туысын аша түспек. Сонымен бірге қисса-дастанның ауыз әдебиетімен, қазақ поэзиясындағы эпикалық дәстүрмен байланысын қарастыру да оның табиғатын танудағы ілгері қадам болмақ. Бұл мәселе – арнайы зерттеу нысаны.
ХІХ ғасыр әдебиетіндегі қисса-дастандар ауызша әдебиет пен жазба әдебиеттің аралық туындысы. Ол халықтың бай ауыз әдебиетінің көркемдік алымдарынан да ауыз тиген, ортағасырлық Шығыс әдебиетінің жазба дәстүрін де мол сіңірген, ауыз әдебиетінен жазбаға өтер “өтпелі дәуірдің” (М. Әуезов) көркемдік құбылыстарын пайдаланған, жаңа жазба әдебиет үлгісіне де құлаш ұрған күрделі көркемдік әлем. Таза дін, дүниетаным аясында да, ғашықтық қызық-құмарлық төңірегінде де, түрлі тұрмыс тауқыметінің екпінінде де, адамның ұшқыр қиял, алыс арман, аңсағанына ұмтылысы негізінде де жырланған ұланғайыр шығармашылық теңізінің таза жанрлық, стильдік, түр, тек жөнінен зерттелуі – қазақ әдебиеттану ғылымының бүгінгі еншісі. Сонымен бірге, сол бай мұраны туғызушы жеке тұлғалардың, әдебиет тарихында көбіне “кітаби ақындар” аталған жыр сүлейлерінің ғұмырбаян деректерін толықтыра түсу, шығармашылық мұрасын тереңнен арнайы қарастыру да ғылым міндеті.
“Абай заманында араб, парсы, түркі әдебиетіндегі тақырып тек сюжеттік желіні негізге алып, нәзирагөйлік дәстүрімен немесе аудару жолымен қисса-дастандар жазған 140-тан астам белгілі “кітапшыл ақындар” тобының дүниеге келуі әдебиет тарихында елеусіз қалар жай құбылыс емес-ті. Мысалы, Абаймен дәуірлес Майлы, Мәделі, Ораз, Ақылбек, Сәді (Шәді Қ.М.), Мәулекей, Мақыш, Әріп, Ақық, т.б. жазған қисса-дастандар негізінен ХІХ ғасыр ішінде жарық көрді” [29, 148 б.].
ХІХ ғасыр әдебиетінің фактісі ретінде нәзирагөйлік, шығыс қиссалары алғаш рет арнайы, бөлек қарастырылды. Ілгеріде қиссалар негізінен, ХІХ ғасыр аталғанымен, ХХ ғасыр басының әдеби құбылысы ретінде қарастырылды. Себебі оқулықтарда, әсіресе жоғары мектеп бағдарламалары мен оқулықтарында ол ХХ ғасыр басындағы әдебиетінің материалы ретінде беріліп жүр. Әдебиет тарихындағы олжалы қоржынды әсіресе ХІХ ғасырдың еншісі есебінде де бөліп көрсету қажет. 1801 жылдардан бастап І ғасыр бойы жазылып, жарияланып отырған әдеби мұра. ХІХ ғасыр әдебиетінің еншісі.
Қазірде ортағасырлық нәзира тудырған, арғы арналары біздің дәуірімізге шейінгі мифтерден, кейінгі “Құран” желілерінен, “Мың бір түн”, “Тотынама”, “Шахнама” желілерінен тараған қисса-дастандардың ХІХ ғасырда қайта басылуын арғы түпнұсқамен салыстыра қарау, текстологиялық тазалау жасау – бір мәселе. Келесі мәселе – ортағасыр туындысын ХІХ ғасырда нәзира дәстүрінде жаңғыртудың үлгілерін кітап болып тасқа басылған қиссалар арқылы саралау, ажырату. Яғни, нәзира жанрының бар болмысын ашу. Үшінші мәселе нәзира ықпалымен туған төл әдеби мұраның тегін анықтау. Яғни, шығармадағы 1) Шығыс әдебиетінің әсері; 2) Халық ауыз әдебиетінің әсері;
3) Сол ХІХ ғасырда қазақ көркем сөзіне, атап айтқанда, қисса-дастанға орыс, Еуропа әдебиеті тигізген әсер.
Сөз жоқ, қисса-дастандар күні бүгін жан-жақты қарастырылып зерттеліп отыр. Алайда ХІХ ғасырдағы қисса-дастандардың жаратылысы біртұтас емес; олардың әлі де жанрлық сипатын ажыратып, жан-жақты ғылыми сипаттамасын жасауды жалғастыру қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет