Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет80/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   85
Сенсің тән шәрбәті”, –

дейтін өлеңі. Шынында бұл дұрыс емес. Өйткені, бұл не ғаруз не (а,а,а,в,а,а,а,в) ұйқасы емес, қазақтың буын санына негізделген алты буынды қара өлең ұйқасы (а,а,в,а). Сондықтан, араб тілінің қолданылған “ләззәті”, “шәрбәті” деген сөздер ол өлең құрылысына дәлел емес, оны тек сөздігі жағынан ғана алып қарауымыз керек.


…Бізше, шағатай әдебиетіне еліктеудің ең соңғы кезеңі деп, Абайдың “Білімдіден шыққан сөз” деген өлеңін айтуға болады. Мұның алдыңғы, төрт жолы қара өлең ұйқасымен келеді де, сонан кейінгі шумақтары “Бақырғани”, “Бәдәуи” түрлерінше (а,а,а,в,а,а,а,в) болып кетеді.

Айтшы, айтшылап жалынар,


Ұққыш жансып шабынар,
Ұқпай жатып жалығар,
Ұйқылы-ояу бой күйез”
Жас баладай жеңсік қой,
Байлаулы емес, ақыл ой,
Ойлағаны айт пен той,
Ыржаң-қылжаң ит мінез”.

Бұл – Абайдың Шығыс әдебиетіне еліктеу сатысының бетін ашуда өте құнды, өте керекті өлеңнің бірі.


…“Білімдіден шыққан сөз” тілі жағынан болсын, құрылысы жағынан болсын шағатай әдебиетінің үлгілерін өз дегеніне әбден көндіріп алған кезі екенін көрсетеді [17, 177 б.].
Абайдың жас кезіндегі жазғанынан басқа өлеңдерінде кездесетін араб, парсы сөздерін Қажым Жұмалиев үш түрге бөледі.
Бірінші: шығу тегі араб, парсы тілі болса да, қазаққа әбден сіңіп кеткен сөздер. Алла, хақ, халық уақыт, құдай, рахат т.б. деген сөздер.
Екінші түрі – әр алуан термин, атау сөздер. Аят, хадис, халиф, уәзір, т.б.
Үшінші түрі, мысқыл, кекесін үшін әдейі қолданылған кейбір араб, парсы сөздері: бәитсымал, т.б.
Сонымен бірге Абай өлеңдерінде шет тілдерден әр түрлі адам, қала аттары кездеседі. Бағдат, Фзули, Шәмси, Хожа Хафиз, т.б. Аплатон, Сократ, Салтыков, Толстой, т.б.
Абайдың сөз таңдауына қатысты Рабиға Сыздықова келтірген орынды, орнықты қисындар аз емес. Абай тұсындағы “кітаби тілдің” ғалым берген анықтамасы әрі қысқа, әрі нұсқа.
Ол тіл – қазақтың ескі жазба дәстүрінің жалғасы, “шағатай тілі” немесе “түркі” деп аталатын ортаазиялық ортақ жазба дәстүрдің негізінде қалыптасқан тіл болғандықтан, қазақ төл әдебиетінен өзгешеленетін белгілері болды. Ол белгілердің бірі – халық тіліне енбеген, көбінесе діни мазмұнды немесе абстракт ұғым атауы болып келетін араб сөздерінің едәуір мол қолданылатындығы болатын. Абай өлең тіліне, әсіресе прозасының тіліне бұл элементтерді де таңдай білген.
Абай араб, парсы сөздерін белгілі-бір стильдік мақсатпен таңдап қолданады.
Абай таза Шығыс әсері, Шығыс үлгісінде ғана жазылған өлеңдерінде ғана емес, жалпы шығармашылығында араб, парсы сөзін аз қолданған жоқ. Оның себебін ғалым Р.Сыздықова Абай тұсындағы қазақ әдеби тіліне жазба сипат беру үшін кітаби тіл элементтерін пайдаланылып отыру шартымен қисынды сабақтастырады. Абайдың “Ғылым таппай мақтанба”, “Сегіз аяқ”, т.б. өлеңдерінде пәруадигер, нәфратлі, ғибратлы, баһра, т.б. сондай қолданыстар.
Абайдың “Қыз сөзі”, “Жігіт сөзі” өлеңдерінде кітаби қолданыс бар.
Абай ілгеріде аталған “Алла деген сөз жеңіл”, “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” өлеңдерінде Алла, махаббат, тағрип, шүбә, мәджүр, куаһ, хаус, аманту, тағриф, нәфсі, иман, тахқиқ, тасдиқ, руза, бенде, мүнафық, кінә, т.б. сөздерді де белгілібір стильдік мақсатпен таңдап жұмсап отырған.
Яғни, Абай, араб, парсы сөздерін қолдануда да өзінің қозғаған жайын ұтымды жеткізудегі сөз таңдау тәсілін қолданып отырған. Шет тіл сөздерін қазақ тілінің аясында емін-еркін, ұтымды, дөп қолдану шеберлігін, ақындық алымын сөз таңдауда да аса айқын танытып отырған.
Абай “қара сөздеріндегі” шет тіл сөздері мен тұтас сөйлем, тіркестер де Абайдың сөз жұмсаудағы әдіс-амалын айқындай түседі. Сонымен бірге ислам негіздерін ұғындыру, тарата айту мақсатында жазылған, иманның жайын қозғаған көптеген қара сөздерінде шығыстан келген сөздер белгілібір терминдік қалпында, мәнде жұмсалып отырды.
Құлмат Өмірәлиевтің “Абай афоризмі” еңбегінде Абайға Шығыстың әсері әріден, мол әдеби, мәдени дәстүрлер үрдісін сабақтастықта қарастырып отырып таразыланады.
Еңбекте зерттеуші абайтанудағы ілгерідегі зерттеулердің белгілібір шеңберлерден шыға алмаған, әрі өрістей алмаған күйінен көп ілгері кеткен ғылыми қисындарға барғаны, баршамызға белгілі көрінгенімен, үстірт қана Абайға мүлде қатысы жоқтай, қозғалған мәселелерден сыр тартады.
“…Шығыс әдебиетінің шамшырақтары осы ұлы классик ақындар ғана емес, жалпы Шығыс әдебиеті шешендікте құрылған өнеге тіліне өте бай болып келеді. Оның діни білімі де, заң, право негіздері де т.б. тақырыпта жазылған алуан кітаптары да өсиет, үгіт сарынды шешендік тілге құрылған. Бұл афоризмдердің діни, қияли қабыршағын сыпырып тастаса, ақылды айтылған адамгершілік қағидалары шыға келеді… Қысқасы, тақпақтай сөйлеу, өмір сабағы қорытындысын айтып тастайтын үлгіде қанатты сөз айту, шешен сөйлеу – шығыс әдебиетінің табиғи тума қасиеті болатын.
Міне, Абай өзінің дидактикалық поэзиясында осылардың ішінде тәжіктің әрі парсының ұлы классиктері Сағди мен Хафизге жақын болса, қара сөздерінде Науаидің “Махбубуа кулубина”, Кейкабустын “Кабуснамасына” ұқсату бар-ды” [32, 39 б.].
Сонымен, Абайдың Шығыс ықпалымен туған шығармаларының үлкен бір арнасы – оның дидактикалық поэзиясы. Өсиет өлеңі. Дүние, тіршілік түйіндері жайлы нақыл сөз, афоризмдері.
Абайдың “қара сөздеріндегі” кітаби тілге тән синтаксистік ерекшеліктер де Абай шығармашылығына Шығыс әсерінің бір көрінісі.
Мәселен: “Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен” “Әрнешік білмек керек: Жоғарғы екі түрліден басқа иман жоқ” “Әрбір байқаған кісі білсе керек: күлкінің өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыратұғынын” “Жұрттың бәрі біледі: өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қайта жібермейтұғынын”.
Бұл үлгілер Қ. Өмірәлиевтің атап көрсетуінде Абайдың қара сөздеріне ғана тән, сол кездегі көне түркі әдеби тілі әсері негізінде жасалған ерекше бір синтаксистік үлгі.
Ал бұл жөнінде бұл ерекшелікті Р. Сыздықова ауызша, шешендік сөйлеу, шешендік үлгі, қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі есебінде қарастырғандығы туралы пікіріне ілгеріде тоқталдық.
Абай қарасөздеріндегі араб, парсы тіліндегі қолданыстардың жиілігін Абайдың 1993 жылы “Ел” баспасынан шыққан “Абай” (қарасөз, поэмалар) жинағында берілген сілтемелер арқылы жай ғана қарастырып көргеннің өзінде, шет сөздерді қолдануда (тек араб, парсы емесҚ.М.)
Назар аударарлық жайлар байқалды:
1-Сөзде шет сөз жоқ.
2-Сөзде 2 шет сөз.
12–2, 13–8, 22–1, 25–3, 27–6, 28–1, 31–1, 32–8, 36–2, 38–188, 43–5.
Бұл шет сөздердің көпшілігі араб, парсыдан енген түрлі мәндегі сөздер.
Иманның игтиқаты, махкамлемен, дәлел испат, тақлиди иманы, Құдай тағаланың ғафузы, хикмет, дағдысына, салахият, ғибратләну, хузур хасил, һауас салим, кәмелат, хаттә, мүслім, хаят, басар, кәлам, тәкин, мағрифитулла, ужуді һәмишә, ниһаятсіз, ғафлят, сүнатына, т.б.
38 қара сөзде қолданылған шеттен келген, кітаби сөздің молдығы бұл сөздің діннің жайын таратып айтқан табиғатында жатса керек.
“Бұл заманның моллалары хаким атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки бұзық фиғыл, әлинсан ғәздү ләма жәһилге қисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғараб-парсыдан тіл үйренсе, бірлі жарым болымсыз сөз бахас үйренсе соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады. “һай-һай!” менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді. Бұлардың көбі әншейін жәһил түгіл, жәһилләр кібік талап болса, қайда хақ сөздер келсе, қазір нисапқа қайтсын һәм ғибраттансын. Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген нисап, құры өзімшілдік һәм һәрбір өзімшілдік – әрбір адамды бұзатын фиғыл Растың бір ата – хақ, хақтың бір аты – Алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып ғадаләтпен тәптештеуге керек” [133, 27 б.].
Абай ақындығының бастауында халық әдебиетімен бірге Шығыс әдебиетінің ықпалы аса зор болды. Абай кішкенеден тани бастаған Шығыс поэзиясының әсерімен алғашқы өлеңдерін жазды. Мұхтар Әуезовтің атап көрсеткеніндей, ол бала кезде құлашын сермеген Шығыстық жағалаудан өмірінің ақырына шейін қол үзген жоқ. Әуелгі сырт қызығушылық, жай еліктеушілік бірте-бірте Абай поэзиясының бар жаратылысымен тұтасып кеткен, оның ақындық қуатын адамзаттық көркемдік биікке көтеріп әкеткен кең өрісті, мәнді, мағыналы арнаға айналды.
Қазақ әдебиеттану ғылымында болсын, абайтануда болсын ұзақ жылдар бойы Шығыс және қазақ әдебиеті мәселесі елеулі зерттеулерге айналмай, айнала алмай келгендігі белгілі. Оның түрлі себептері болды.
Абайдың ақындық әлеміне Шығыстың әдеби мектебі тигізген әсер, ықпал жөнінде зерттеулер болды. Оларда белгілі-бір дәрежеде көптеген өзекті мәселелер қамтылып, қарастырылды. Күні бүгінге шейін Абайдың өлең өрнегіне, тіл кестесіне, дүние танымына Шығыс әдебиеті қаншалықты әсер етті деген мәселе бір шама қарастырылды.
Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов өзінің “Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары” (1982) монографиясындағы “Абай мұрасының Шығысқа қатысы М. Әуезов зерттеуінде” деген тарауда былай дейді:
“М. Әуезовтің Абай мұрасының Шығысқа қатысы жайлы зерттеулері, ондағы ғылыми ойының қорлану, жетілу, жаңа сапа тауып түбірлі пікірлерге бет алу жолына ой жіберсек, әр кезеңде әр түрлі таным тұрғысынан айтылған ой толғаныстарын да көреміз” [29, 141 б.].
Осы пікірді тек М.Әуезовке қатысты емес, жалпы абайтанудағы Абайдың Шығысының зерттелу тарихына да қатысты қолдануға болар еді.
Абайдың Шығысы туралы ой өрісін тұтас шолып қарағанда, әр кезеңде, уақыт озған сайын бұл мәселенің түрлі ауқымда ашылып, қозғалып отырғанын көреміз. Назар аударалық бір мәселе: не дегенде де қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында Абай және Шығыс әдебиеті жайлы мол, тың таныммен құнарлана түскен зерттеулердің қарасы басым.
Соған қарамастан, Абайдың Шығысы тереңнен қопарып зерттеуге әлі де зәру. Абай поэзиясындағы шығыстық үлгілерді тұтастай, өзіндік айырым-белгілерімен, атап айтқанда Абайға араб поэзиясының әсері, парсы поэзиясы және Абай өлеңі, ортағасырлық түрік әдебиетінің, жазба тілдің Абай шығармашылығындағы көріністері, ХІХ ғасырдағы кітаби тілдің, шағатай тілінің Абай шығармашылығындағы көріністері мәселелерін әлі де арнайы зерттеулермен толықтыру қажет. Абайдың дін тануы, дүниетанымы мәселесі, нақтылы исламиятқа қатысы, соның ішінде сопылық поэзия мен оның Абай поэзиясына қатысы жайлы нақтылы зерттеулер қажет. Абайдың ақындық айналасы, Абай ақындығының бастау бұлақтары мәселесінде сөзсіз елеулі орны бар Шығыс әдебиетінің Абай поэзиясымен сабақтастық желілерін арнайы зерттеу – абайтану арналарын ғылыми негіздеуді орнықтыруда елеулі мәселе.
Бұл тұрғыда тек бір ғана М. Әуезовтің Абайдың Шығысы туралы айтқандарының өзінен әлі де толып жатқан қисындарды тауып, таратуға болар еді. Әрине, Абайдың өзінен өз бетімізше іздеп табарымыз да аз болмаса керек.
Жазушы Сәкен Жүнісовтің Мұхтар Әуезовтің “Абайтанудан” оқыған лекциясынан жасаған конспектісі 1996 жылы “Санат” баспасынан кітап болып шықты. Сондағы М. Әуезовтің Абайдың Шығысына қатысына байланысты қайсыбір мәлімет, түйіндерін басқа ешқайдан кездестірмейміз. Мұхтар Әуезовтің осындағы пікірлері, сөз жоқ, оның абайтанудағы Шығыс жайлы түйіндерін толықтыра түсер құнды ойлар.
“Арабта күшті адамдар болған. Гете “Шығыста 7 ақын бар. Ең төмені менен артық” деген. Міне, осылардың бірін де ол кезде медресеге жолатпаған.
…Медреседе Абай мантықты да (логика теософияны), (діни философия) да оқиды. Шағатай, фарсы тілдерінде еркін оқитын болған. Науаи, Физули (азербайжан), Сағдиларды көп оқыған.
…. Мешітте Құтпа оқытқан. Мұны уағыздайтын Қожахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани, Софы Аллаяр, Машраб (“Дюсон” деген жинағы) деген ақындардың өлеңдерін оқуға ұлықсат етілген. Мұның бәрі түркі тілінде жазылған. Абай шағатай, иран ақындарын көп оқиды. Мүти Рабби, т.б. арабтың жақсы философ ақындарын айтпайды. Өйткені оларға артық жете таныс еместігі.
Абуғали Сина, Аверроэс (Ибн Рушд) деген арабтың екі үлкен философы бар, қазіргі история философияда аталып жүрген.
…Мұтаззалид “Құранның бәрін қабылдай бермеу керек, ойланып барып қабылдау керек” дейді.
Мұтаззаламин “Ақылмен ойлау керек жоқ, тек илану керек құранның сөзіне, көңілге ештеңе алмау керек” дейді.
Абайдың осы мұтаззаламинді сөккен жері бар…
Сонымен Абай Шығыс мәдениетін жеңіп алды. Ол білімді медреседе жүріп алады. Бірақ, араб ақындарының кейбірін білгенмен оларға ссылка жасамаған” [134, 29 б.].
Абайдың Шығысын зерттеуде Мұхтар Әуезов ұстанған осы терең зерде, білімдарлық бүгінде қай кезеңдегіден де көкейтесті.

3.2.2 Жаңа жазба әдебиеттің жасалуындағы еуропалық үрдіс


Абай және ХІХ ғасырдағы қазақтың жаңа жазба әдебиеті, қазақ әдебиетіндегі Еуропа, орыс үлгісі жайлы мәселе – абайтану ілімінің қалыптасу тарихында үнемі қозғалып, қарастырылып отырған мәселе.
Абайдың Батысқа қатысы туралы, ақындық кітапханасы туралы алғашқы дерек Әлихан Бөкейхановтың 1904 жылғы “Семипалатинский листоктағы” (№250-252), “Абай Құнанбаев” мақаласында басылды.
“Сонымен Абай Спенсердің – “Тәжірибелерін”, Льюистің “Позитивті философиясын”, Дрепердің “Европаның ақыл ойының дамуын”,
Н.Г. Чернышевскийдің “Современниктегі” мақалаларын оқыды және олардың тағдырымен жақсы таныс болды” [85, 15 б.].
Әлихан Бөкейханов Абайдың асқан ақындық қуатын қуана айтып, оның табиғат көрінісі түскен жыл мезгілдері жайлы жырларын Европаның атақты ақындарының туындыларының қатарына қосты.
Джордж Кеннан Абай өлеңдерінің Лермонтов поэзиясымен поэтикалық туыстығына, үндестігіне алғаш назар аударған сияқты.
1909 жылғы Абай шығармаларының алғашқы басылымына жазған Кәкітай Ысқақұлы Абай ақындығының арналарынан мәлімет берді.
Алексей Белослюдов ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің жай-күйін білгірлікпен зерделейді. Оның мына бір пікіріне назар аударалық.
“ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ әдебиетінің жаңа кезеңі – жазба әдебиеті басталды”. Бұл жерде, біздіңше, сөз ХІХ ғасырдағы Еуропа үлгісіндегі жазба әдебиет туралы болып отыр.
Абайдың орыс, Батыс әдебиетінен алғаны, үйренген үлгісі жайлы таным абайтану ілімінің алғашқы негізгі қалана бастаған тұстан, күні-бүгінге шейін жалғасып отыр.
Абайдың танылуында, абайтанудың қалыптасуында “Қазақ” газетінің тарихи орны болды. Абай ақындығының ерекшелігін ғылыми негізде зерделеген еңбектің басы – Ахмет Байтұрсынұлының “Қазақтың бас ақыны” мақаласы. Осында Абайдың орыс мәдениетінен үйренген үлгісіне Ахмет Байтұрсынов былай деп назар аударды:
“Орыс адамдарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет-ықыласпен күтіп алып, төр түгіл тақтан орын берген” [12, 218 б.].
Абай өлең сөздің неше түрлі үлгі, өрнегі барын, оларды ойдан шығармай, көпшілігін орыс әдебиетінен алғанын, орыс өлеңіндегі өрнектердің қазақ тіліне жарайтындығын ең алғаш Абайдың бастап көрсеткенін А. Байтұрсынов зор көсемдігіне балайды.
А. Байтұрсынов Ә. Бөкейхановтың Абай жайлы мәлімет-дерегінен үлкен ойшылдық табиғатын танытар зор мән табады.
“Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әр түрлі Еуропа білім иелерінің кітаптарын оқыған. Тәржіма халін жазушы Ғалихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай – Спенсер, Луис, Дрепер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған. Өлең жазушылардан орыстың Лермонтов деген терең пікірлі ақынның өлеңдерін сүйіп оқыған” [12, 221 б.].
Тіл тазалығы мәселесін қарастырғанда А. Байтұрсынұлы орыс жазушыларының тілдік қолданыстағы ұстанымдарын атап көрсетеді.
А. Байтұрсынұлы орыстың жақсы жазушылары көбінесе ескірген сөздерге жоламаған. Жаңадан шыққан сөздерден де қашқан. Өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашқан. Жергілікті сөздерге жоламаған дейді де, қазақ әдебиеті қатып-пісіп жетпеген уақытта қазақ сөзін ескі, жаңа деп талғамаймыз, ескі сөзден де қашпаймыз, біздің мықтап қашатынымыз жат сөзшілдік болмағын баса айтады.
Бұл тұста жалпы, қазақ әдебиетінің теориялық мәселелерінің қай-қайсысын болмасын сөз етуінде үнемі айтып отырмағанымен, Абайдың үлгісі, Абайдың дәстүр, үрдісі ғалымның үнемі назарында болғаны даусыз.
Абайдың орыс әдебиетіне қатысын ұстанып ұғындыруын Рымғали Нұрғалиев Ахмет Байтұрсынов мұрасының негізгі арнасының бірі деп атап көрсетті.
1916 жылы Нәзір Төреқұлов “Әдебиетімізге көз салу” мақаласында былай деп жазды: “Еуропаға еліктеу меніңше қорқынышты емес. Үйткені Еуропа мәдениетінің бір асылы дух критицизма – рух сыны, бұл бізді жүре алмайтын тұйыққа, шыға алмайтын шыңырауға алып кетпек. Еліктеуіміз өлшеуден шығып бара жатса, рух сыны бізді және көзімізді ашып, қатемізді көрсетер. Абай әдебиетіміздің атасы, бұл жолдың қорқынышсыз, біздің үшін пайдалы екендігін сезіп, сол жолға бұрылды. Әйтпесе Абай үшін араб, ғажам жолы да ашық еді…” [85, 85 б.].
Мұхтар Әуезов “Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі”, “Абай – әдебиеттің басшысы” мақаласында Абайдағы Еуропа үлгісінің бір мән, бір қырын танудың сырлы қақпасын ашқан ой тартады. “Бұдан соңғы бір үлкен үлгісі – қызметі қырдағы қалың қазаққа Еуропа мәдениетінің есігін ашқан. Орыстың Пушкин, Лермонтов, Крыловтарын қазаққа танытушы – Абай. Мәдениетті жұрттың ысылған тілімен айтқан тәтті күй, нәзік сезімдерін Абай қазақтың дүкен көрмеген жалпақ тілімен өзіндей тәтті қылып, сезімді қылып айтып берген. Сондықтан Абай қазақ оқушысының сезімін де тәрбиелеген. Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында бұл тілдің барлық байлығы оралымдылығы, өрнектілігі табылған” [85, 105 б.].
Абайдың қазақ тілінің қуатын көтеріп, құнарын арттырудағы шығармашылық өріс, алымына орыс, Еуропа әдебиеті мен мәдениетінің де зор ықпалы болды.
Абай қайсыбір тұста, әсіресе аударма шығармаларда орыс әдебиетінен сөз жасам үлгілерінен пайдаланды. Абай өлең құрылымында да орыстық, Еуропалық үлгіні жатсынбай, жаңаның басы болды.
Абайдың ойшылдық, сыншылдық алымында да орыс әдебиетінің әсер-ықпалы өлшеусіз. Осы орайда Абай поэзиясын мейілінше зерттеген теоретик ғалымдар мен абайтанушылардың түйін-тұжырымдары бұл тоқтамдарды бекітіп, шегелей түсетіндігін, жаңа танымдардың қозғаушы күші болмақтығын айтқан жөн.
ХІХ ғасырдағы жаңа жазба әдебиет түрі, стилі жағынан ХІХ ғасырға шейінгі және сол тұстағы дәстүрлі әдебиет үлгілерінен көп өзгешелік, ерекшелікпен қалыптасқан әдебиет болды. Сол үлгі, өзгешеліктің негізгі түрлері Абай шығармаларында туып, қалыптасты. Орыс, Еуропа үлгісі Абай шығармасының бар түрінде кездесетіні даусыз.
Нақтылы қандай түр, үлгі, үрдіс екендігі абайтанушы ғалымдар зерттеулерінде белгілі бір деңгейде ашылып, айқындалған. Бұл белгілер өлеңдегі ырғақ, буын өлшеуіне, сөз тіркесін құруға, ұйқас жөндеріне, т.т. қатысты жайлар.
М. Әуезов Абайдың “Сен мені не етесің?” деген өлеңінде тоқталуында былай дейді: “Әні де қазақ айтып, естіп жүрген ән-күй ырғақтарынан мүлде бөлек. Бұндайлық өлең түрін құрып, ән өзгешелігін іздегенде, Абай қазақ музыкасы үшін әдейілеп речитатив өрнегін тапқан тәрізді. Тегінде речитатив музыкасында драмалық-уақиғалық мазмұн молырақ болады…” [119, 142 б.].
Осы тұста М. Әуезов Абайда Лермонтов лирикасының зор әсері бар тәрізді дегенді алға тартады. Бұл – Абайдың әр жолдың ырғақ, буын өлшеуін қатты өзгерткен, кей жолы төрт-бес сөзден құрылса, кейде 1 сөз 1 жол болып келген, Абайдың өлең уәзінің өзі тауып, соған лайықтап ән шығарған ең алғашқы өлеңі.
Бұл өлең туралы әдебиет зерттеушілердің пікірі үнемі Әуезов тұжырымыен үндесе бермейтінін айтқан жөн. Мәселен, Қ. Өмірәлиев, Р. Сыздықова пікірлері (“Абай және Шығыс” тарауыҚ.М.). “Сен мені не етесіңнің” жаңалығын
Қ. Жұмалиев, З. Ахметов, Т. Әлімқұлов, т.б. көрсетті.
Абайдың өлеңге әкелген жаңалығын М.Әуезов: “Әлденеше жаңа шумақты, жаңа ырғақ, ұйқасты буынға қазақ поэзиясы ғана емес, өзінің де еңбектерінде бұдан бұрын болмаған түр, стильдер туғызады” [119, 145 б.].
1890, 1891, 1892, 1893 жылдары Абайда он бір буынды төрт жолды шумақ ұйқаспен жазылған бір-ақ өлең – “Жазғұтұры” ғана бар дейді М. Әуезов.
Бұл жылдар – Абай шығармашылығында өлеңнен қара сөзге ойысқан, аударма еңбектері көбейген кезең. Яғни, Абайдағы осы тұстағы көп жаңа түрге орыс әдебиетінің ықпалы айқын.
Бұл – абайтанушы М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, З. Ахметов, Әлімқұлов әсіресе айқын көрсетіп берген өзгешелік. М. Әуезов алғаш рет Абайдың жаңа түр енгізген бір өлеңі “Келдік талай жерге ендіні” бөліп атап көрсетті.
“Бар өлең өзгеше бір ұйқаспен жалғыз ұйқаспен берілген. Түр жағынан өзгешелік тағы бір тың жаңалықпен байланысты. Бұнда тұрақты шумақ жоқ. Әуелгі шумақ алты жолдан басталып, соның ең соңғы жолында берілген ұйқасқа кейінгі төрт жолды, үш жолды шумақтардың үйлес келген ұйқастары тізбектеледі. Өлеңнің аяғына шейін сондай үйлесімдер созыла барады. “Бергенді”, “ергенді”, “белгі енді”, “желгенді” деген сияқтылар болады” [119, 147 б.].
Абайдың “Көлеңке басын ұзартып” өлеңінде де орыс әдебиетінің ықпалы айқын. М. Әуезов бұл өлеңнің табиғат жайында реалистік дәстүрмен ірі суретшілдікпен туғызған шығармалар қатарында жаңа сапада бөлекше көрінетіндігін, орыс классикалық поэзиясы дәстүрінен ауысқан ірі ерекшелік барын атап айтты. Табиғат көркін ақын көлденеңнен көрмейді, дүние суретін өз көңілімен шарпыстыра, матастыра жырлайды дейді.
Орыс әдебиетінің ықпалы әсіресе Абайдың аударма өлеңдерінде көрінуі заңды. Абай аудармада автормен жарыса отырып, қазақ өлеңінде жаңа түр тапты.
М. Әуезов үнемі осы жайды айқын ашып отырды. Нақтылы үлгіні таратып, талдап беру арқылы. М. Әуезов “Абай Татьяна мен Онегиннің ішкі сезім сырларын ашқанда, өз қолынан келген ақындық, шеберлік, ізденушілік өнерінің бәрін жұмсайды. 1889 жылға шейін Абайдың өзі жазған өлеңдерінде Татьянаның хатындай немесе соңғы жауабындай және де Онегиннің ”Хұп білемін сізге жақпас“ деген хатындай өлеңді ұшырата алмаймыз. Бұл өлеңдерге Абай бұрын қолданбаған тың түр табады. Онысы – шалыс ұйқсты қолдану. Ырғақ жағынан да Пушкиннің қысқа жолдарына жақын отыруға тырысады… Абайдың ақындығы осы еңбек арқылы өзі де биік белге шыққандай болады”.
Аударма арқылы түр табу – Абайдағы жаңашылдықтың өзекті бір саласы.
Қажым Жұмалиев Абай поэзиясын тіл қолданыс тұрғысынан арнайы зерттеуінде былай деп мәселенің мәнін аша түсті: “Бірақ, бізше Абайдың орыс әдебиетінен алған үлгісі оның еңбектерінің басқа жағында. Абай өзіне шейінгі ақындардың ешқайсысында болмаған жаңаша сөз, жаңаша сөйлем құрылыстарын көп кіргізген ақын. Жеке сөз, жеке атаулары араб, парсы сөздерінен көп қолданылса да, жаңаша сөз, сөйлемдердің үлгісін жасап, оны әдебиетке енгізу жағын зерттесек, мұның терең тамыры араб, парсыда емес, орыс әдебиеті, орыс тілінің негізінде жатқандығын көреміз” [17, 183 б.].
Абайдағы сөз жасамның түп негіз, қайнар көздері Қ. Жұмалиевтің бұл пікірі айтылғаннан кейін де жан-жақты қарастырылып келеді. Алайда, Қ. Жұмалиев пікірі сол орынды айтылған орнықты тұжырым күйінде өз мәнінде құндылығын ортайтпайды. Абай тілінің ішкі сырындағы елеулі бір қыр есебінде бұл мәселе абайтануда жалғасып, жасай береді.
Абай орыс әдебиетінің образ жасау, ой беру әдісін ұтымды пайдаланды. Жатсынбай, еркін игеріп, меңгерді. Абай қазақтың тілінде бұрын қолданыста болмаған жаңа сөзді қандай жол, қандай әдістермен жасады дегенде
Қ. Жұмалиев нақтылы дәлел, дәйекпен ой түйінін ашудың жөнін алғаш қисындады.
“Абайдың жаңа сөздері әртүрлі жол, әртүрлі әдістермен жасалынады. Кейбіреулері қазақта қолданылмаған, өзінің кіргізген сөздері. Кейбіреулері, сөздің түбірі бұрын болса да, Абайдың қолданысындай жалғау, жұрнақтармен қоса айтылмайтын сөздер тобы бұрын бар, қазірде де қолданылатын сөздердің алдына жаңа эпитет, жаңа теңеулер қойып жаңа образ жасап, жаңаша көркемдік мән беру. Немесе, сөздерінің бәрі, күнбе-күн қолданылатын сөз болса да, дағдыдағы қалыптан сөз орнын ауыстырып, жаңаша экспрессия жасау, қысқасы әралуан етіп сөз, сөйлемді жаңарту” [17, 185 б.].
Қажым Жұмалиев осы тұста Абайдың тарихи ұлы еңбегі орыс тілі, орыс әдебиетін үлгі етіп қазақтың әдебиет тіліне жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылысын кіргізгендігі емес, оның өзі енгізген жаңа сөздері мен “мен сынық жан”, “ауру жүрек ақырын соғады жай”, “жалтаңдаған жас жүрек”, “қонады бір күн жас бұлт, жартастың төсін құшақтап”, “жас жүрек жайып саусағын” дегендей жаңаша сөйлем құрылысы, жаңаша сөз қалаулары дейді.
Соның мысалдары: жаңа сөз – алқайды, тақыл, кекіді, кезнесіп, т.б.
– жалғау, жұрнақ арқылы жаңартылған;
құ-былға, өкімдеп, долығы, т.б. бұрын;
құ-тылу, өкім, долы.
жай сөз алдына жаңа эпитет, теңеу қою – кер өсек, желкек шал, хаттай таныр.
метафора – талаптың тұлпары.
метонимия – ауру жүрек.
кейіптеу – күнді уақыт көтеріп…
Қажым Жұмалиев Абай орыс әдебиетінен үйрене отырып, Абайлығын сақтап қалды дейді. Абайдың сөз өрнегіндегі көп үлгі, сөз жоқ, орыс әдебиетінің нәрінен дарыған. Аударма Абай тілін дамыта байыта түскен фактор болды.
Абайдың жұмбағына көп үңілген Тәкен Әлімқұлов Абайдың көбіне Лермонтовтың бір өлеңін екі нұсқада аударып, өз шеберлігін өзі жарыстырып отырған тұстарын көрсетеді.
“Ысылған реалистік” аударма дәстүрі қазақ топырағында Абайдан басталатынын, аударма мәдениеті де сол Абайдан басталғанын Т. Әлімқұлов өзі сан қырынан саралаған. Абайдың аударма шығармаларының бар сыр, бар қуатын, ақындықтың өзгеше болмысын сезініп сезінтіп отырып желілейді. Аударма өнерінің теориялық негіздемесін таратады.
…Абай аудармаларының тексті өте-мөте нығыз, тығыз, шымыр келеді, ішті дүниелер; поэзиялық аударма – екі тілдің жарысы, ойдың, сезімнің, образ жүйесінің жиынтығы сомдалып шығуға, аударушының қанымен қайнап шығуға керек; аудармашы – автор түпнұсқасымен бәсекеші, аударма құты – қашпас қазына. Абай ширатып аударады. “Әсіресе поэзиялық аударма түпнұсқасымен жарыса, жұтына, құйқылжи шыққанда іштей толысып, сырттай түлейтінің бар” [90, 107 б.].
Абай аудармаларынан Т. Әлімқұлов асқан үлгілік, шынайылық, нәрлілік, жаңашылдық, қым-қуыт қиыншылық көреді.
Т. Әлімқұлов Абайдың шығармашылық сырына қатысты көп-көп қисынды, тосын, анық тұжырымдар жасайды. Құр таңырқаудан, құрғақ тамсанудан туған долбар емес – сөз дәмін сезіп, сезінтіп, ақынның жүрек соғысын нәзік аңдап, барлап айтқан құнарлы сөз. Осыдан 40 жылдай уақыт бұрын абайтанудың өзекті-өзекті мәселелерінің көкжиегін көп кеңіткен, дерек, дәйегі мол, тың, сұңғыла талдау.
Абай шығармаларына орыс әдебиетінің ықпалын көп таратып айтқан зерттеушінің мына бір тұжырымы елеулі. Терминдік мәні бар ұғымды алға тартады. “Орыс әдебиетінен сын (астын сызған біз Қ.М.) реализмнің дәстүрін қабылдады” [90, 110 б.]. Байқайсыз ба критический реализм – сыншыл реализм емес – сын реализмі. Сыншыл – критичный болса керек.
Тәкен Әлімқұлов қазақ топырағында ысылған реалистік аударма дәстүрі Абайдан басталады. Аударма мәдениеті де сол Абайдан тарайды деп жазды. Зерттеуші аударманың мәселесін қозғауында да Абайдың ақындық жойқын қуатын тым нақты, дәл ашады.
“…Орыс өлеңі ырғақ, екпін үйлесіне қарай құрылады да, буын мөлшерінің бірдей болып отыруын шарт қылмайды. …Буын мөлшерінің біркелкілігіне құралатын қазақтың силлабикалық жырына Абай батыл жаңалық енгізгенде, сол орыс поэзиясынан үйренгенін көреміз. Әрине, Абай ол дәстүрді қалай болса солай қолдана салған жоқ. Өз халқының рухына мейілінше жатық етіп қолданды. Екі тәжірибені білген ол орыс поэзиясының ішкі ырғағын, десте-десте екпінін қазақтың ежелден келе жатқан халық жырының серіппелі бума-бунақтарына ұластыра, бауырластыра түсті. Осының нәтижесінде қазақ өлеңінде тың да, келісті де ырғақ, ұйқас туды, бір сөзбен айтқанда жаңа форма пайда болды… [90, 37 б.].
Мысалы: “Сен мені не етесің” өлеңін келтіріп, талдайды.
Ұйқас: а б б в г г – а-а 8
Өлең құрылымы: 4
2
7 буын.
Осы бағытта ол өлеңнің ішкі формасына көбірек ден қойды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет