Байланысты: Шындалиева М.Б. Публ.жанрлары мен пішіндері (копия)
Этнографиялық очерктер. Этнография (гректің etnos – тайпа, халық, grapho - жазамын)- қоғамдық ғылымның тайпалар мен халықтарды зерттейтін бір саласы. Этнография қазіргі халықтарды және ертеде өмір сүрген көне этностық топтардың шығу тегін, ру-тайпалық құрамын, қонысын, олардың өзіндік ерекшеліктері мен бәріне бірдей ортақ жайларды, тарихи және мәдени қарым-қатынастарын, күнделікті тұрмысын, кәсібін, қоғамдық және мәдени қарым-қатынастарын, рухани мәдениетін жан-жақты зерттейтін ғылым саласы [70,558-б]. Ал, этнографиялық очерктер - белгілі бір халықтардың материалдық, қоғамдық, рухани мәдениетінің өзгешеліктері мен солардың шығу тегін егжей-тегжейлі көркем тілмен жазатын шағын прозаның бір түрі. Этнографиялық очерктер халық өмірін тікелей бақылаудың нәтижесінде көзбен көріп, қолмен ұстап, сан алуан деректер жинап барып, өткен өмір мағлұматтарын қазіргі деректермен салыстырыла отырып жазылады. Әр халықтың тұрмысы мен мәдени дамуының тарихи процесінде бақыланған негіздерге сүйенген жағдайда ғана толыққанды этнографиялық очерктер жазылады. Этнографиялық очерктерге тән төмендегідей ерекшеліктерді атауға болады:
- қазақ өмірі мен тіршілігіндегі, мәдениеті мен өнері, тұрмыс-салты, әдеті мен ішетін асы, қолөнері барлығы келіп этнографияны құраса, этнографиялық очерктер осы туралы көркем тілмен айтуды мақсат етеді;
- қазақтың болмыс-бітіміне, қадір-қасиетіне ауадай қажетті осы таным мен сенімдерді жазып, зерттеп қоюмен ғана шектелмей, келешекке аманат етіп тастау;
- қазақ халқының материалдық, қоғамдық, рухани мәдениетінің өзгешеліктерін, солардың шығуын зерттеп, зерделеп, келешекке аманат етіп, аман сақтап қалу міндеті де осы очерктер үлесінде көрініс табады. Ұлттық салт-сана мен дәстүрді анықтайтын факторлар туралы С.Қалиев: “Әр ұлттың өзіне тән тіршілік кәсібі, тарихы мен мәдениеті бар. Ол мәдениет сөйлеу тілінен, ойлау жүйесінен айқын көрініс табады. Сондай-ақ, ұлттық мәдени ерекшелік сол халықтың өмір сүру тәсілінен, діни наным-сенімінен, әдет-ғұрпынан, салт-санасы мен дәстүрінен өзекті орын алады” [71,53-б],- дейді.
Қазақ халқының салт-сана, дәстүрлерін дәріптеп жазу, тану мүмкіндіктері де - тәуелсіздіктің жемістерінің бірі. Тәуелсіз даму дегеніміздің өзі - бұрын болған тұрмыс-тіршілік ерекшеліктерін зерделеу, келешекте ұлттық тұрқымызды сақтауға, ұмыт болып бара жатқан дәстүр көздерінің қадір-қасиетін ашуға өте пайдалы танымдық очерктер жазу да - өнер.
“Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы тарихтың толқынында өзінің ұлттық “Мен” дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет қана мүмкіндік алып отыр... Бірақ, бұл мүмкіндік қана, ол шындық, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет” [72,292-б],- дейді Н.Ә.Назарбаев.
Шоқан Уәлиханов қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының, фольклорлық шығармаларының шығу тарихы мен тәлімдік мәнін тұңғыш зерттеп қана қоймай, “Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы запискасы”, “Жоңғария очерктері”, “Қырғыздың Манас жыры туралы”, “Шаман дінінің қазақтар арасындағы қалдығы” т.б. толып жатқан еңбектерінде сол елдердің этнографиясы туралы тебірене жазады. Бір ғана “Жоңғария очерктерінің” өзінде шығыс халықтарының әдебиеті, мәдениеті, салт-санасы, тұрмысы туралы көптеген мәліметтер келтіреді. Жоңғария халқының мәдени, рухани байлықтардан алыстап бара жатқанын өкіне жазған Шоқан оның себебін былай түсіндіреді: “... Орта Азияның бүгінгі әкімдері ертедегі атақты батыр, әрі қолбасшы хандары секілді өлең-жыр, мемуар-естеліктер, музыкалық әсем сазды шығармалар жазбайтынын, оның орнына қошқар сүзістіріп, бөдене немесе әтеш таластырумен уақыт өткізіп күн кешетінін” [73,74-б],- барлық жағынан жұтаңдыққа ұшыраған халықтарға аяныш сезімін білдіреді. Осы еңбегінде қытай, ұйғыр, қазақ, қырғыз, дүнген халықтарының салт-сана, дәстүр, мәдени ескерткіштері, діни көзқарастарына тоқтала отырып, ХІІ ғасырдағы Ыстықкөл маңында мешіт, моншалар болғанын, қытай мен моңғол пір тұтқан тас құдайлардың да болғанын, кейіннен қырғыздар бұл ғимараттарды қиратып жібергенін де тарихи деректерге сүйеніп, білгір этнограф ретінде толық айғақтармен баға береді. “Манас” жырының “Көкетайдың асы” бөлімін жазып алып, Еуропа ғалымдарына ұсынуды мақсаты етуі де тегін емес. Бұл - қырғыз халқының Манас батырының басына жинақталған бүкіл қырғыз халқының ертегі, аңыз, нақыл сөздер, салт-дәстүрлерінің энциклопедиялық жиынтығы. Осы жырдың бір бөлімінің өзінде қырғыз халқының этнографиясынан хабар беретін мәліметтер мол кездеседі. Орта Азияның көшпелі халықтарының ортақ қасиеттеріне негізделген бұл еңбек этнографиялық очерктің үздік үлгісі деуге болады. Шоқанның этнографиялық очерктерінің құндылығы ғылыми ауқымының кеңдігі, тарихи шындықтың бетін ашуға негізделген, тәлімдік мәніне де көп көңіл бөлген, барлық түркі халықтарының мәдениеті, әдебиеті, салт-сана, дәстүрлерін байланыстыра қарастырып, бір-біріне әсерін, ерекшеліктерін сәтті аша алған деуге болады.
1870 жылы Ыбырай Алтынсарин “Орынбор ведомоствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрлерінің очеркі”, “Орынбор ведомоствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очерктері” атты еңбектерін жазған. Бұл қазақ этнографиялық очерктерінің алғашқы үлгілері деуге болады. Қазақтардың өлген адамды жерлеу рәсімдерін сөз еткенде өлген адамның “күнәсін сатып алу” деген молдалардың шығарған “заңы” екенін әшкерелейді. Бұл еңбекте өлген адамның жаназасын шығару, бейіт тұрғызу, әйелі, қызы, анасы бір жыл бойы қара жамылатынын, дауыс айтып жоқтау айтатыны, бата жасау, азасына мал шығаруы т.б. дәстүрлер жан-жақты сөз болады. Ас беру рәсімінің 63 жастан асып өлген атақты, бай адамдарға жасалатынын, ат жарыс, палуан күрес, көкпар ойындары болатыны, астың тарқар кезінде қаралы белгілердің алынатыны да баяндалады. Ы.Алтынсариннің бұл этнографиялық очеркінің бүгінгі күн жастары үшін де мәні мен құндылығы зор. “Орынбор ведомоствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очерктері” атты еңбегінде қазақтың өзара қарым-қатынасы, ауыл, ру арасындағы дау-жанжал, ағайын, құданың көп болуының үлкен мәнге ие екендігі жан-жақты талданады. Очеркші мұнда қазақтың сол кездегі әдет-ғұрпының жақсы жақтарын құптағанмен, кейбір жағдайларға көңілі толмайтынын сынап та отырған. Мысалы, қыздарды жасынан күйеуге беруге, әмеңгерлік заңымен күйеуі өлген әйелге өзінен екі-үш есе жасы кіші жеткіншектерді атастыру әдеттерін сынайды. Егер өлген адамның жасы кіші інісі болмаса 60-70 жастағы шалға атастыруын да құптамаған очеркші әшкерелейді. “Мұхаммедтің заңы бойынша, жақын қарындасына да үйлене беруге ұрықсат етеді. Бұл заң қазақтан басқа мұсылман елдерінің бәрінде бар. Қазақтың жері көп, малмен көшіп-қонып жүргендіктен, қол жинап, жауынан қорғану үшін тұрмыс заңы тудырған салт-дәстүр болуы ықтимал. Алайда оның генетикалық жағынан да пайдасы бар” [74,93-б],- деген автор қазақтың жеті атаға дейін бір-бірінен қыз алыспау заңын құптайды. Бұл очеркінде Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының салт-дәстүрлерін зерттеп қана қоймай, озығы мен тозығын ғылыми зердеден өткізіп, өзінің көзқарасын білдіреді. Қазақты “ұры”, “бұратана”, “жабайы”, “мәдениетсіз” деп ойлаған кейбір орыс чиновниктеріне өзіндік өнері мен мәдениеті бар халық екенін таныту мақсатында осы очеркін жазған автор қазақтың адамгершілік, иманжүзділік, қайырымдылық қағидаларына негіздей отырып түсіндіруді көздеген.
Әлихан Бөкейханов - қазақ халқының мал шаруашылығын зерттеген, оны ғылыми жолға қойған алғашқы ғалымдардың бірі. Ол туралы М.Базарбаев пен М. Аққұлыұлы былай дейді: “Щербина экспедициясынан” кейін 1903 жылы С.П. Швецов бастаған Сібір темір жолы бойында орналасқан Челябі мен Том (Томск) қалалары аралығын мекендеген қазақтардың мал шаруашылығын зерттеуге бағытталған экономикалық экспедициясының басы-қасында болады. Экспедиция Сібір темір жол басқармасының тапсырмасы мен қаржысына жүргізілген-ді. Әлекең өзіне экспедиция жүктеген мақсатқа сай, қазақтың қой және қой шаруашылығының егжей-тегжейін терең зерттейді” [75,12-б]. Сол өңірдегі қой шаруашылығын ғана емес қазақ жерінің басқа аймақтарындағы қазақтардың бағып отырған қой тұқымдарын, шаруашылығын бір-бірімен салыстыра отырып қарастырады.
Осы экспедициясы кезінде зерттелмей қалған қазақ өлкелерін Адай уезі (қазіргі Атырау мен Маңғыстау облыстарының кейбір аудандары), Қызылтау болысы мен Павлодар уезінің экономикалық жағдайы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасын жан-жақты қамтып, зерттейді. Әсіресе Әлихан Бөкейханның қой шаруашы-лығына қатысты жазған “Овцеводство в степном крае” [75,153-190-б] еңбегінің маңызы зор. Онда қазақ жерінде кеңінен тараған қой тұқымдары, жердің табиғи ыңғайына қарай сұрыпталуы, қазақ қойының қасиеттері мен сырт пішіндері де жан-жақты сөз болады. Бұл этнографиялық очеркте қазақы қойдың түрлі тұқымдары, жемі, шөбі, күтімі, жайылымы мен қыстақта күту жайлары, қазақтың қойды бағудағы түрлі әдіс-тәсілдері жан-жақты қамтыла отырып, әр өлкедегі қой күтіміне байланысты мәліметтер салыстырыла беріледі. Әлихан Бөкейхановтың бұл этнографиялық очеркі - ауыл шаруашылығының бір саласын ғана жан-жақты қамтыған, көптеген деректерді жинаған, статистикалық мәліметтерге негізделген толымды еңбек.
Қазақ халқының салт-сана, әдет-ғұрыптарын жетік білген қаламгерлер қазақтың құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру тағы басқа дәстүрлері жайлы очерктерде кезінде баспасөз беттерінде жиі жариялап, көпшіліктің көңілін тұшынтып отырған. Кейіннен осы танымдық, тәрбиелік мәні зор очерктердің басы қосылып, кітап болып шыққандары да бар. Биқұмар Кәмалашұлының “Моңғолиядағы қазақтардың дәстүрлері”, Құрманбай Толыбаевтың “Бабадан қалған бар байлық”, Ахмет Жүнісұлының “Пәниден бақиға дейін”, Сейіт Кенжеахметұлының “Жеті қазынасының” бірінші және екінші кітабы т.б. әдеби-этнографиялық әдіспен жазылған танымдық шығармалары енген. Бұл аталған кітаптардың бәрінде де қазақтың өзіне ғана тән тұрмыс-тіршілік ерекшеліктері, салт-дәстүрі, наным-сенімі мен ой-қиялының қалыптасу жолдары әдеби көркемдік үлгілерді мол пайдалану арқылы жан-жақты баяндалған. Бұл очерктердің маңызды тұсы – ұлтымыздың өзіне ғана тән сипатын танып-білуге, ұмыт болып бара жатқан кейбір дәстүр көздерін қайта ашуға септігін тигізетіндігінде. Тәрбиенің атасы – халық педагогикасы десек, жоғарыдағы аталған кітаптардағы этнография-лық очерктер осы асылдың бір бөлігі. А.Жүнісұлының “Пәниден бақиға дейін” кітабы үш бөлімнен тұрады және әр бөлімі қысқа-қысқа очерк үлгісімен жазылған. “Тал бесік”, “Дүние бесік”, “Жер бесік” аталатын тараушаларында автор қазақтың ұлт болып қалыптасқандағы екі нәрсені: тіл мен әдет-ғұрыпты кие тұтқанын арқау етеді. Бірінші бөлімде “Төсек тойы”, “Жарыс қазан”, “Шілдехана”, “Бесікке салу”, “Тұсау кесу”, “Ашамайға мінгізу”, “Тоқым қағу”, “Бастаңғы”, т.б. толып жатқан қазақ халқының қалыптасқан салты мен торқалы тойларына тек түсінік қана беріп отырмаған, автор осы наным-сенімдерге өз ұсыныстарын жасаған. “ өзіміз жүрген ортаны алсақ, осыдан жиырма шақты жыл бұрын жастар балағымен жер сыпыратындай епетейсіз кең балақ шалбар киюші еді, артынан қырыққан серкеш бұттанып өте тарын киетінді шығарды.
Бұл киім ғана болғанмен, оның артында этиканың жағасынан алып жатқан жау бар. Біз осыны өзіміз сөз еткелі отырған той-томалақтың төңірегінен іздейік. Бұның бір жағы батыстағы лаңдықтың бізге тиген кері ықпалында да жатыр... Менің өз басым өлтірісін өткізіп, қысамын ішіп, некесін оқытып, қыздың пәктігін сақтап, тойын өткізетін ескі салтты ұнатамын” [76,51-б]. Осы жерде қазақ жеріндегі қазіргі салт-дәстүр бұрынғыдан көп ауытқымай отырғанын тілге тиек етеді. Қазақтың ойын-сауық түрлерінің шығу тегі, мән-мағынасын түсіндірген жазушы “Шешеке”, “Хан ойыны”, “Асық ойыны”, “Ай керек”, “Ақ сандық - көк сандық”, “Жасырынбақ” т.б. ойын түрлері баланың тез ойлану, қағылездігін қалыптастыру үшін қажет екендігін дәйекті түсіндіреді. “Қыз қуар” ойыны туралы “қазақтың еш елге ұқсамайтын аса ерекше салты. Бұрын да, қазір де бұл кәде өз тұғырынан түспей келеді. Бұнда да бәйге төбе жұрт жиылады. Жұрт жүйрік аттарын сайлап, қыз-келіншектеріне мінгізеді. Жігіттер жағы да сүйтеді. Басқалардағыдай емес, “Қыз қуарға” кәрі-жас, еркек-әйел тұтас қатысқандықтан халық өте көңілді болады. Үлкен тойларды, аста, құрбан айтта, ораза айтта болатын бұл думанға жұрттың келмейтіні кемде-кем” [76,76-б]. Очеркші бұл ойынды қазіргі кезде қазақ жерінде кеңінен етек алдырсақ, қазақ жастары ат үстіне машықтану, шынығуды үйренетін еді деген тілек айтады. Очеркшінің қысқа салт-дәстүрді дәріптейтін шығармалары халық салтын заман талабына, мүмкіндігіне сай орнымен қолдана білсе ғана халық өз алдына ұлт деп түйін түйеді.
Құрманбай Толыбаевтың “Бабадан қалған бар байлық” [77] этнографиялық-танымдық очерктер жинағында қазақ ұғымындағы шаңырақты өмір тұтқасы, биікке көтерілген төбесі деп бағалайды. Шаңырақтан бастап, отбасы, дастархан, билік, отау, асар, той түрлері, ас түрлері, қазақ әйелдерінің қолөнері, қазақ үйінің мүліктері бәрі-бәріне жіті тоқталып, кеңінен түсінік береді. Осы очерктердің ішінде “Асарға” байланысты түйіндер орынды жасалып, бұл дәстүрдің артықшылығын дұрыс пайымдаған автор былай дейді: “Асардың ел қолдаған жөн-жосығы бар. Кез келген кісі асар салмайды. Ел назарын аударған, жұрт қолдаған сипаты сақталады. Күші мығым, қайратты жігіттердің құрбы-құрдастарын жәрдемдесуге шақыруы асарға жатпайды. Асарды үйінде қайратты кісісі жоқ не науқасқа шалдығып қалған, шаруасының науқаны өсіп бара жатқан адамдар жасайды. Ағайын-жұрты мұны қостайды. Сөйтсе де, асар салушы жиналған қауымды қанағаттандыратындай дәрежеде дайындалады. Жұмыс істеушілердің қажетіне керектіні толық әзірлейді” [77,30-б]. Осындай қазақ арасында кеңінен таралған ымыралы салттың әлі күнге дейін орындалып келе жатқаны, оның бауырмалдық, ізеттілік жағынан жастарды тәрбиелеуге әсерінің молдығы жан-жақты, дәлелді мысалдармен баяндалған. Қ.Толыбаевтың “Кіндік шеше” атты этнографиялық очеркінде автор өз кіндік шешесі, аналық мейірімі, кіндік шешесімен өз үйінің арасындағы жігі кірігіп, тұтас құймаға айналып кеткен туыстық, бауырмалдық сезімдерді көркем тілмен, орнықты дәріптейді. Барды көріп, жақсыны бағалап, оның байыбына баруды очеркші өз санасына орнықтыру арқылы жүзеге асырады, егіздей өскен екі үйдің баласы қос бұлақтай тоғысып, өмір айдынында бірге жүзеді. “Тілес те оқуын бітіріп, ауылға келді. Жұмыс істеп, сәл де болса қорым бар жігітпін ғой, Тілестің маман атанып оралғанына сай мерейін асыру үшін жолдас-жоралардың басын қосып сияпат көрсеттім. Мұны естіген елдің бәрі ризалықпен құптады.
- Кіндік шешесінің тілеуін ақтады!..- десіп, арнайы бағаларын беріп жатты. – Бұл екеуі әрқашан бір үйдің ортақ қуанышы еді ғой... Менің бойымда ақ жүректік қасиеттер болса, ол екі шешемнің ізгі ниеттері арқылы дарыған. Солар ғой менің жебеушілерім!..” [77,225-б]. Ана атаулының ізгі қасиеттері елеулі маңызға ие, осы арқылы қанаттанған баланың санасында адамдық, ізгілік өнегелерге үйрету, тәлім беру - тәрбиенің үлкен бір қыры.
Этнографиялық зерттеудің ең негізгі қайнар бұлағы – халықтардың өткен, қазіргі өмірін тікелей бақылаудың нәтижесінде жүзеге асады, сан алуан зерттеулер екі тәсіл арқылы, бірі ел ішінде тұрақты немесе ұзақ уақыт бірге тұру арқылы, екіншісі, қысқа мерзімге барып тұру арқылы жүзеге асады. Әсіресе, ХХ ғасырда тарихи-этнографиялық шолу очерктер көптеп жазылып, бірсыпыра кітаптар жарық көрді. Соның бірі Х.А.Арғынбаевтың “Қазақ халқындағы семья мен неке” [78] еңбегінде халқымыздағы семья мен некенің шығу, даму тарихын зерттеуге арналған. Нақтылы деректер негізінде семьяның формаларын, қарым-қатынас, туыстық жүйені, әйелдер мен балалар жағдайын, көне неке формаларының сақталуы, әмеңгерлік, балдыз алу, қалың мал мәселелерінің, некелік қатынастың қоғамға әсері туралы толыққанды зерттеу жүргізген автор ескі мен жаңа дәстүрлерді ғылыми тұрғыда жан-жақты сипаттайды. Садық Қасимановтың “Қазақ халқының қолөнері” [79] еңбегі ұлттық ою-өрнек, киіз басу, ши орау, ер қосу, зергерлік сияқты қолөнер туралы, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, олар туралы қызықты деректер, құнды мағлұматтар, қолөнермен шұғылданушыларға қажетті кеңестер де берілгендігімен құнды. Ж.Бабалықов пен А.Тұрдыбаев-тың “Қырандар” [80] еңбегінде саятшылық пен сайыпқырандар жайлы сыр шертеді. Құсбегілер баптап аңға салатын он бір қыран түрінің ерекшеліктері, түр-тұлғасы, мінез-қылығы, қимыл-мәнері, ұшу-қону, аңға түсу т.б. қасиеттері егжей-тегжейлі талданады және қыран ұстау, баптау, үйрету, түлету, аңға салу жолдары да қызықты берілген. Мыңбай Ысқақовтың “Халық календарында” [81] күнтізбенің негізгі қағидалары, даму жолдары, европалық және шығыс халықтарының календарындағы ерекшеліктер, тарихы туралы мәліметтерге толы. Хасен Әбішевтің “Аспан сыры” [82] да халықтың астрономиялық ұғымдарына, оны мәніне, ай, күн, жұлдыздар т.б. түркі халықтарында белгілі рөл атқарғандығын өзіне дейінгі еңбектерге сүйене отырып, жүйелі ғылыми тілмен баяндайды. Садық Қасимановтың “Қазақтың ұлттық тағамдары” [83] мал союдан бастап, оны жіліктеу, табақ тарту, құрт-ірімшік қайнату, сүзбе сүзу, қымыз, шұбат ашыту, айран ұйыту, нан, бауырсақ пісіру т.б. тағамдар жайлы кеңінен сөз болады. Х. Арғынбаевтың “Қазақтың мал шаруашылығы жайындағы этнографиялық очерк” [84] кітабында қазақтың революцияға дейінгі мал шаруашылығы этнографиялық тұрғыда сипатталып, ел арасынан жинаған деректері мен архив және әдеби мұраларды жан-жақты пайдалану негізінде жазылған. Көші-қон, төрт түлікті бағып-қағу, ауа райын бақылау, мал ауруларын емдеудегі халық тәжірибесі толық қамтылып, сан-қилы әдет-ғұрыптарды баяндауға да жеткілікті көңіл бөлінген.
Ақселеу Сейдімбектің этнографиялық толғаныстарға толы очерктері далалық тарихи танымды арқау етеді. Осы очерк түрлері “Күңгір-күңгір күмбездер” кітабынан бастау алып, “Қазақ әлемі” этномәдени пайымдауларға толы фундаментальды кітабымен тұжырымдалған. Бұл еңбектердің бәрінде де қазақтың тарихи, рухани, мәдени, дәстүр мен салт-сана байлықтары арқау болады.
Ақселеу Сейдімбектің “Ойсылқара” атты этнотанымдық очеркі қазақ халқының мал баптаған, көнекөз қариясы Қожабектің төлтума қасиеті, ата кәсібін ардақтауы, түйе түлігіне деген адалдығы, қазақ халқының бойына туа бітетін асыл қасиеттердің қайнарының осы қария бойында сақталғандығын тілге тиек етеді. Ата кәсібіне адал Қожабек қария түйе түлігіне келгенде жайбарақат қала алмай, күнделікті тіршілікте адам баласына тән сипаттарын көрсетіп отырады: “Ауыл арасында аяғын шаңдағаннан аспаған өңшең шірік! Нарға – ашамай, қоспаққа – жазы салып көрмеген соң, түйеде несі бар деймін-ау бұлардың... Әлгі, кешегі күзеуге көшіп-қонамын деп алып кеткен сары інгеннің өркешінен қанын сорғалатып әкеп тастапты. ... Қап, обал-ай, обал-ай... түйе тіздеп, тізесін бүктіріп көрмеген өңшең тікбақайлар, сол...
“...Нарым қымбат, нарымнан да арым қымбат”, аузын үріп, аяғын сыпырған малымның арқасына батқан қада менің жүрегіме батады деп неге ойламайды бұл жұрт” [85,243-б],- деп жүрегіне батқан зілді қарт ақтарып салады. Расында да, қазақ өз тіршілігінде ең асылын түйенің ботасына балаған, аялап өсіретін қызына “Бота”, “Ботакөз” деп ат қойып қадірлеген. Очерктегі Қожабек қарт бойындағы қасиеттер салт-дәстүр, рухани сананың озығын бойына жинақтаған даланың данышпан оқымыстысы сияқты көрінеді. Дала сыры мен қазақ тұрмыс-тіршілігінің білгірі Қожабек қарт төрт түлік малды күнкөрістің негізгі тірегі ғана емес, игілік атаулының басы және қазақ әлемінің рухани қайнары деп түсінеді. Сондықтан да, мал жаю мен оны бағу тәсілдерін жете меңгеру, оны қадірлеп күтуді үйрену күн талабынан түспейтін мәселе екенін жастарға меңзеп қана қоймай, оны сыр етіп шертеді.
“Түйенің жаңа туған жас төлі бота делінеді. Еркелеткенде ботақан, боташым дейді. Ботадан кейін бір мен екі жас арасында тайлақ болады. Одан әрі түйенің сұлуланған еркегі – құнан атан, дөнен атан, бесті атан, атан делінеді. Төрт жасқа дейінгі бура, жалғыз өркешті болса, үлөк немесе нардың бурасы дейді. Тайлақтан өтіп, бураға қосылар шақтағы ұрғашы түйені бүлдіршін немесе бұзбаша дейді. Тіліміздегі “бұзбаша көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді” деген сөз содан шыққан.
... Боталаған түйені жасына қарамай-ақ айыр өркешті болса інген, жалғыз өркешті болса аруана, мая, нардың інгені деп атай береді. Айыр түйенің асыл жақсысын жампоз десе, нардың тектісін жаспоз нар дейді” [85,250-б]. Одан кейін де түйе малында жиі кездесетін ауру түрлері, оны емдеудің жолдары, қолданылатын ем-домы да жан-жақты әңгімеленеді. Очеркші өз кейіпкерін дала академигі дәрежесіне көтере отырып, дала сырының майталман білгірінің бейнесін толық ашып бере алған. Табиғат, адам, онда өмір сүретін жан-жануарлар әлемі жұмбағы мен сыры мол дүние екенін, қазақ әлемінің этномәдени құндылықтары әрбір қазақ баласының жадында жүруі керек екенін әр очеркінде еске салып отырғандай әсерде қаласың. Жазушының “Сәйгүлік” очеркіне де үйір-үйір жылқымен Ұлы даланың төсін билеп келе жатқан қазақ жұртының тіршілігі арқау болған. Бұл очерктен аңғарылатыны, сырт қарағанда ат спорты туралы сияқты көрінгенімен, қазақ халқының жылқы малы туралы өзінің қалыптасқан түсінігі, сенімі, таным-талғамы бар екендігін кеңінен баяндайды.
“Техника күші қолқанат болғанға дейін (кейін де) сәйгүлігін сайлап, тарланды таңдап міне алған елдің айы оңынан туып отырған. Орта ғасырға дейін аттың жалын тартып мініп, үзеңгіге табан тіреген елдің айбары астам, мерейі үстем еді. Сонсоң да айшылық алыс жерді жақын етер пырақтың ұшқырлығы мен күшіне, мінезі мен бітіміне адамзат баласы ұдайы көңіл бөліп отырған. Осыдан елу миллион жыл бұрын өмір сүрген тоқтыдай ғана ұсқынсыз эогиппусты жылқының арғы тегі еді дегенге білікті зоологтар болмаса, былайғы жұрттың сене қоюы екіталай. Қолға үйретілген жылқы туралы ең алғашқы дерек біздің жыл санауымызға дейінгі үшінші мыңжылдықта кездеседі. Содан бері адамзат баласының тарихын жылқысыз елестету мүмкін емес” [85,298-б],- деп жылқы малына қатысты арғы-бергі тарихтағы деректерді байыпты зерделеген очеркші этнотанымдық құндылығы жоғары тұңғиыққа бойлайды. Расында, әрісі көшпелілер, берісі қазақтар танымында жылқы түлігіне байланысты өзіндік таным-түсінік қалыптасқан. Осы очерктің бір кейіпкері Тай Тілегенов атбегілік қасиетімен елге танымал, атақты сыншы, жарысқа қатысатын жүйріктердің жазбай танитын білгірлігі де кеңінен әңгіме болады. Ақселеу Сейдімбек “Сәйгүлік” очеркінде бұрынғы қазақ сыншылары мен атбегілерінің, бапкерлерінің зеректігі қазіргі ат жаттықтырушыларының бойынан табылып жатса деген тілекті байқауға болады және осындай тың толғаныстарын тарихи деректерге сүйене отырып жазған автор қорытындыларын әрі нақты, әрі дәлелді бере білген.
А.Сейдімбектің “Бүркіт” этнотанымдық очеркі аңшылық пен саятшылықтың бір түрі - құсбегілікті арқау еткен. Саятшылық - қазақ халқының ежелгі өнерінің бір түрі деп бағаланған. Бұл өнер күн көру немесе пайда табу үшін емес, табиғатпен қоян-қолтық араласудың, оны жақын сезінудің жолы екені мәлім. “Бүркіт” очеркінде автор құсты баулып, баптаудың егжей-тегжейіне зер салып, оның жұмбақ сырларын аша отырып, бүркіттің текті құс екенін, бапты-бапсызы, әлдісі мен әлсізі болатынын, басқа құстарға қарағанда өзіндік ерекшелігін, баптаудың әр түрлі әдісін де әңгімелейді. Соның ішінде шеңгелдестіру әдісі туралы былай дейді: “Шеңгелдестіру үшін қолға үйренген бүркітті түз қыранына салады. Ол үшін балақ бауына түлкінің жон терісін немесе бір санын қызарта байлап қоя береді. Түз құсы жемге қарай құдияды. Мұндай жағдайда қос бүркіт жерге шеңгелдесіп түседі” [85,237-б],- дейді. Дала құсын қолға үйретудің, баптаудың қиындығы көп еңбек екенін, құс үйрететін адамның шыдамды, ерік күші мол болса ғана жетістікке жететіні жайлы да ой толғайды. Қазақ этнографиясы туралы көптеген еңбектер жазған Ақселеу Сейдімбек қазақ халқының асыл қасиеттерін жас ұрпақ бойына сіңіруге, әдет-ғұрып, салт-санамызды жетік білуге, бойына дарытуға, өзінің ой-пікірлері, айтылған әңгімелері мен бейнелеген кейіпкерлері арқылы өрелі ой толғайды.
Сонымен, этнографиялық очерктерде ұлттық салт-дәстүрлер, ұлттық өнер түрлері, ұлттық ойындар мен спорттың түрлері, ұлттық тағам түрлері, ұлттық мерекелер, тарихи ескерткіштер т.б. туралы кеңінен жазылады. Бұл очерктерде нақтылы этнографиялық деректерді молынан пайдалана отырып, публицистикалық көркем тілмен жазылса ғана оқушы зердесінде қалады.