Мектепке дейінгі дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі пәнінен дәрістер жинағы


Балалардың денсаулық жағдайына, денесінің дамуына, функциялық мүмкіндіктеріне баға беру



бет132/138
Дата29.12.2022
өлшемі0,59 Mb.
#60170
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   138
Балалардың денсаулық жағдайына, денесінің дамуына, функциялық мүмкіндіктеріне баға беру. Бұл бөлімнің жұмысы мектепке дейінгі және балалар мекемелері дәрігерінің әр жылдағы тыңғылықты дәрігерлік тексеруімен жүзеге асады. Керекті жағдайда балаларды дәрігер-мамандар қосымша тексереді. Денсаулық жағдайына баға беру кешенді түрде: дәрігерлік тексеріс деректері, ауру-сырқаулық, жүйке-психикалық және дене дамуының ерекшеліктері негізінде жүргізіледі. Денесінің дамуына баға беру салмағы, бойының ұзындығы, кеуде қуысының аумағы негізінде, бұл көлемдерді тиісті жастағы, жыныстағы балалар үшін стандартты көрсеткіштерімен салыстыру кезінде жасалады. Сырттай қарағанда, тері мен дененің шырышты жамылғыларының сыртқы түріне (бояуын, реңденуін, ылғалдылығын, иілімділігін т.б.) сипаттама беріледі. Толықтық жағдайын да анықтау керек. Бұл үшін қолтықтың орташа тұсынан теріні қатпарлау керек. Егер қатпар 1,0-1,5 см болса, толықтығы орташа, ал қатпар 1,5 см-ден қалыңырақ болса, толықтығы орташадан жоғары; егер 1,0 см-ден жіңішкерек болса, ортадан төмен деп есептелінді (бұл жағдайда баланың қабырғасы, төсі, бұғанасы көрініп тұрады). Бұлшық ет тонусы (физиологиялық күш-қуат) иық, шынтақ, сан, жамбас, тізе, басқа буындардың енжар қимыл (мысалы, кеудеде жазылған қолды айқастыру және оларды қайта жазу, аяқты созу, бүгу) кезіндегі қарсыласу дәрежесімен анықталады. Әдетте, бүкіл сіңір аппаратының да әлсіз дамуымен қатар жүретін бұлшық ет гипотониясы әлсіз дамуымен байланысты көбіне, рахит ауруымен ауыратын балаларда байқалады. Гипотония және іштің бұлшық еттерінің әлсіз дамуы кезінде іш үлкейіп, формасының өзгеруі байқалады. Көбінесе, бұл жағ­дайда тік бұлшық еттер тарамдалып кетеді. Бұлшық еттердің мұндай өзгерістері, мысалы баланың шалқасынан жатқан жағдайдан отырған жағдайға көшкенде іш еттерінің қатты ширығуынан болады. Сәби жастағы балаларда іштің тік бұл­шық еттерінің тарамдалуы көбіне, кіндік жарығымен қатар жүреді. Гипотония жағдайында төменгі аяқтар сан, жамбас буындарында жеңіл бұрыш жасап майысады, қалыпты жағдайда олар тік болады. 3-7 жастағы балаларда бұлшық ет тонусын неғұрлым обьективті әдіспен зерттеуге болады. Бұл үшін тонусометр қолданылады. Ол шартты өлшемдер арқылы бұлшық еттердің ширыққан, босаңсыған кездегі тонусын анықтауға мүмкіндік береді.
Тұлға деп дененің отырған, тұрған, жүрген кездегі дағдылы жағдайын түсінеміз. Мектеп жасына дейінгі балалардың тұлғасының сол жастағы баланың анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерімен сабақтас өз ерекшелігі болады. JI.П.Африканованың деректері бойынша, мектеп жасына дейінгі балалардың үлкендерден айырмашылығы, бас алға шамалы иілген, иық белдеуі кеуде қуысы деңгейінен аспай алға аздап жылжыған болады (қырынан қарағанда), кеуде қуысы сызығы одан 1-2 см шығыңқылау іш сызығынан біртіндеп өтеді, омыртқа жотасының бүгілісі әлсіз көрінеді, жамбастың еңкіштігі онша үлкен болмайды. Тұлға туа пайда болмайды: ол бүкіл мектепке дейінгі шақ барысында қалыптасады да, мектеп жасында нығаяды. Бұған түрлі себептер әсер етеді: денсаулығы, дене құрылысы, жүйке-психикалық жай-күйі, т.б. Тұлғаның қалыптасуында балаларды денені түзу ұстап жүру дағдысына, денені белгілі бір жағдайда дұрыс ұстау қажеттігіне саналы психикалық икемделуге тәрбиелеудің маңызы зор. Дұрыс тұлға тек эстетикалық маңызға ғана ие болып қоймайды: тұлға бұзылған кезде ішкі органдардың жағдайы өзгереді, жүрек-тамыр, тыныс алу жүйелерінің қалыпты қызметі нашарлайды. Тұлғаның өзгеруінің негізгі себебі, тәрбиеде жіберген жаңсақтықтар болып табылады, егер бұған тиісті көңіл бөлінбесе, онда балада өз денесін дұрыс ұстамау дағдысы өзінен-өзі қалыптасып кетеді. Тұлғаны тексерген кезде бала әдеттегі табиғи жағдайда, ширықпай, қолдарының, кеудесінің бұлшық еттерін аздап босаңсытып ұстап тұруы керек.
Баланы тексеру үш жағдайда өткізіледі: алдынан, жанынан, артынан. Алдынан қарағанда басының қандай жағдайда тұрғаны (дұрыс, алға немесе жанына еңкеюі), иықтарының контуры мен деңгейі (симметриялы, шалқайған, бүкшиген) анықталады. Кеуде қуысын тексергенде оның формасы, симметриясы (дұрыс, цилиндрлі толық, жалпақ, қабысыңқы, қысыңқы, «тауық кеуде», симметриялы емес) анықталады.
Артынан тексергенде иық пен жауырынның орналасу жағдайына (симметриялы емес, иық пен жауырын бұрыштарының әрқалай тұруы), омыртқалардың құрылысына ерекше көңіл бөлу керек, себебі, арқаның формасы омыртқалардың табиғи иілгіштігімен де дұрыс болуы мүмкін, бірақ әртүрлі қисаюлар-кифоз (құныс), лордоз (омыртқа қатарының алға қарай иілуі), сколиоз (омыртқаның бір жағына қисаюы) кездесуі мүмкін. Омыртқалардың табиғи еңкіштілігі жалпақ арқа деп аталады. Нашар дамыған жауырындар жарғақ тәрізді деп сипатталады. Омыртқалардың мойыннан белге дейінгі бүгілісі бірыңғай ұлғайса, арқаны дөңгелек деп атайды, ол мектеп жасына дейінгі балаларда сирек кездеседі. Алайда, иықтар алға қарай бүкшиген еңкіштік өте жиі байқалады.
Жанынан тексергенде кеуденің ортаңғы сызықтан, іштен, арқадан, сан, жамбас, тізе буындарынан алға жылжуын анықтайды. Мектеп жасына дейінгі балаларда жетілмеген жауырындар, иықтың бүкшиюі, иық үстінің симметриялы еместігі, еңкіштік, кеуде қуысы линиясынан іштің (3-5 см-ге) шығып кетуі тұлғалардың неғұрлым жиі кездесетін бұзылулары болып табылады. Тізе мен өкшенің ішкі жағы тұрып тұрғанда бір-бірімен түзу жанасса, аяқ қалыпты деп есептелінеді. Егер тобық, табан қосылып, ал тізе қосылмаса, онда аяқ «о» тәрізді аяқ деп, егер тізе қосылып, тобық пен аяқтың басы қосылмаса онда «х» тәрізді аяқ деп сипатталады. Балалық жастағы жалпақ табандылық заңды құбылыс деген алып-қашпа пікір дұрыс емес. Ол бала табанында май талшықтарының үлкендерге қарағанда, өкше жағында көп дамығанына негізделіп айтылған. Табан құрылысының өзгеруі оның нақтылай жағдайының өзгеруі ғана емес, сонымен қатар табанды кем жағдайға, оған қосымша жамбастың, омыртқаның, тұлғаның өзгеруіне әкеліп соқтыратын жайлардың бірі. Мектепке дейінгі жаста тұлғаның өзгеруі табанның деформациялануы, әдеттегідей функциялық сипатта болады және негізінен бұлшық ет тонусы байланыс аппаратының әлсіздігімен анықталады. Мектеп жасына дейінгі балалар тұлғасының өзгеруі нормадан бірқатар ауытқулардың үйлесуінен көрінеді. Дене жаттығулары сабағының жүйелі түрде жүргізілуі олардың тірек-қимыл аппараттарының бекуіне көмегін тигізеді. Динамикалық бақылаулар 5-7 жастағы балалар тұлғасының өзгерісі сабақ барысында екі есеге дейін төмендеп, 25-29%-ға дейін және 13-15%-ға дейін азаяды.
Табан қалыптасуының мазмұны плантография әдісімен анықталады, яғни мұнда екі табанның ізін қағазға салып алады. Сосын іздің енінің ең үлкен және ең кіші бөлігін өлшеп алып, оларға қатынастардың көлеміне қарап, табанның мөлшерін береді: 1:4 нормада, 2:4 қатайған, 3:4 жалпақ. Балалардың денесінің даму деңгейін сипаттайтын маңызды факторлар бұлшық ет күші болып табылады. Сәби жастағы балаларда бұлшық ет күші баланың қозғалысына қарсы әсер ететін күштің көмегімен және ет тканьдерінің консистенцияларын қолмен ұстау арқылы (серіппелі, созылмалы, жұмсақ, әлсіз) анықталады. 2,5-3 жастағылардың бұлшық еттерінің күшін бала динамометрімен анықтауға болады: бала тілін алақанына қаратып ұстап, қолын алға созып қатты қысады. 3-4 жастағы балаларда, кеуденің жиырылғыш еттерінің күші де осылай өлшенеді. Кішкентай жастағы балалардың өз күшін барынша пайдалана алмағандығынан, бұл жастағы көрсеткіштер үлкен емес, 5-6 жастан бастап-ақ көрсеткіштердің жылдан-жылға біркелкі ұлғая беретіндігі байқалады. Екі қолдың күшін динамометрмен өлшегенде 2-3 рет қайталау керек және ең жоғарғы нәтижені жазу керек. 3-4 жастан бастап балаларға дәрігерлік тексеру жасағанда спидометр әдісімен өкпенің өмірлік сыйымдылығын анықтау керек. Дұрыс нәтижелер алу үшін алдын ала балаларға терең тыныс алу мен жеткілікті дем шығаруды үйрету қажет. Бала үш қайтара әрекет жасайды, олардың ең жақсысы жазып алынады. Өлшеу дәлдігі±200 см3. Өкпенің тіршілік сыйымдылығы кеуде қуысы, диаграмма, құрсақ қабы бұлшық еттерінің күшін бейнелейді. Динамикада анықталған оның көрсеткіштері жасқа байланысты даму және дене тәрбиесі құралдарының әсерін белгілеуге мүмкіндік береді. Балалар денесі дамуын неғұрлым дәл бағалау және дене жаттығуларын дұрыс таңдау үшін дәрігерде әрбір балның қозғалысының даму сипаттамасы болуы керек. Баланың өмірінің алғашқы жылындағы қозғалыс дамуын тексеру әр айда, мүмкіндігінше күнтізбелік санда, баланың туған күніне сәйкес датада жүргізу қажет. Қозғалысты және оларды даму деңгейін бақылағанда, баланың жасына лайықты көрсеткіштерден бастау керек. Балада қозғалыс дамуы қалыпты мөлшерден асатын болса, онда келесі жастағы топтар көрсеткіштеріне көшіру керек. Егер қозғалыс дамуы балада лайықты нормаға жетпесе, берілген талаптарды қысқартып, төменгі топ балаларына арналған көрсеткіштерді белгілеу керек. Балаларды зерттегенде олардың рефлекстері мен қозғалыс дамуын бір әдістемемен анықтаудың маңызы зор. Бұл дәл мәліметтер алып, оларды салыстыруға мүмкіншілік береді. Баланың өмірінің алғашқы жылында қозғалыс дамуын тексеруді дәрігер түске дейін, бірақ тамақтандырғаннан жарты сағат кейін не жарты сағат бұрын, яғни баланың қимылының белсенді уақытында жүргізеді. Тексеру кезінде олар толық шешіндірілуі қажет. Егер тексеріп қарау кезінде мазасызданып, жылап берілген қозғалыстарды орындаудан бас тартатын болса, тексеруді тоқтатып, оны сол күні кешірек немесе таяудағы күні, баланың көңіл күйі бар кезінде қайталау керек. Баланы тексерген кезде қайсыбір дағдыны оның бойынан анықтау әр уақытта бола бермейтінін есте ұстау керек (бұл әртүрлі себептерге байланысты-алаңдау, қозғалысты орындағысы келмеуі, т.б.). Сондықтан топ тәрбиешісі балалармен күнделікті жұмысында балаларда пайда болған жаңа қозғалыстың оларды орындауға әрекеттенуін ұқыпты байқап жазып отыру керек. Олардың белгілі бір қозғалысын дамыту үшін балаға жеке жағдай жасап, дәрігерге осы қозғалысты гимнастика мен массаж сабақтарының кешеніне қосуға кеңес беруі қажет. Сәби жастағы балаларға:

  1. Қызуы жоғары көтерілетін қатты науқастық;

  2. Тері ауруларының кең тараған түрі;

  3. Бұлшық ет пен тері асты май клеткаларының ауруға шалдығуы;

  4. Декомпенсация құбылыстары бар жүрек ақауы;

  5. Yшінші дәрежелі рахит;

  6. Қан ауруы жағдайда дене жаттығулары мен массаждарды қолдануға болмайды

Организмнің жұмыс істеу қабілеті және оның шынығу дәрежесі жүрек пен тыныс алу жүйелерінің функциялық мүмкіндіктеріне, олардың алуан түрлі дене ауыртпалықтарына қарсы жауап реакцияларына байланысты. Осы мақсатпен кейбір дене жаттығулары сабағының бала организміне әсері ескеріледі, тамыр соғысы, тыныс алу жағынан жауап реакцияларының ерекшеліктері, эмоциялық тонустың өзгеруі және сабаққа дейінгі, сабақ уақытындағы, аяқталғаннан кейінгі балалардың жалпы көңіл күйлерінің жағдайы ескеріледі. Баланың тамыр соғысы мен тыныс алуы сабақтың алдында, сабақ аяқталған соң есептелінеді. Есептеу сабақтан кейін тамыр соғысы, тыныс алу қалыпты жағдайға келгенде жүргізіледі. Сәби жастағы балаларда сабақтан кейін сол сағатта тамыр соғысы қалыпты жағдайда 15-20% тамырдың жиі соғу минутына 10-15-тен болса, олардың қалыпты сипаттан ауытқымағаны деп жақсы бағаланады. Тыныс алу жиілігінің көрсеткішінің бастапқы жағдайға келуі 2-3 минуттан аспауы керек.
Балаларда 3 жастан бастап бұлшық еттерге мөлшерлеп ауыртпалық түсіре отырып, функциялық сынаулар жүргізіледі. Мартине-Кушельский сынауы - 30 секундта 20 рет отыру (терең), қабырғаларды сынау - тест 1 минутта 30 баспалдаққа шығу, сынақтың ұзақтығы - 2 минут. Бұлшық етке түсетін ауыртпалықтың әсері мыналар бойынша: 1) жүрек тамыр жүйесі көрсеткіштерінің өзгеруі (тамыр соғысының жиілігі, қан қысымы) және ауыртпалықтан кейінгі тыныс алу жиілігі бойынша; 2) осы көрсеткіштердің бастапқы деңгейге қайта келу уақыты бойынша бағаланады. Тамыр соғысының денеге түскен ауыртпалықтан кейін 50-70% (қандай сынақ жүргізілгеніне байланысты) жиілену және максималды қан қысымының 10-20 мм сынап бағанасына жоғары көтерілуі, минималды қан қысымының 5-10 мм сы­нап бағанасына төмендеуі немесе өзгеріссіз сақталуы, тыныс алудың 1 минутта 5-8 тынысқа жиіленуі қолайлы сынау деп есептелінеді. Барлық көрсеткіштердің бастапқы деңгейге қайтып оралуы 2-3 минутта келулері керек. Функциялық сынаулардың деректерін ескере отырып, ба­лалардың денсаулық жағдайына баға беру бала организмінің мүмкіндіктерін дұрыс анықтауға және дене жаттығуларын мөлшерлеуге мүмкіншілік береді.
Кеңес өкіметі кезінде Денсаулық сақтау министрлігінің балалар мен жас өспірімдер гигиенасы институты талдап жасаған ұсыныстарына сәйкес денсаулығына қарай балалар төрт топқа бөлінді:
1.Бірінші топқа барлық денсаулығы мықты балалар кірді.
2.Екінші топқа органдары мен жүйелерінде функциялық ауытқулары (жүректің функциялық өзгерісі, жұтқыншақтағы өзгерістер-аденоидтар, көмекей бездерінің гипертрофиясы, басқа дене дамуының әлсіз болуы, тұлғасының айқын бұзылуы т.б.) бар балалар жатты.
3.Үшінші топқа асқынбайтын созылмалы ауруы бар ба­лалар кірді.
4.Төртінші топқа ауру декомпенсациясы сатысындагы балалар енді.
Балаларды қайсыбір топқа жатқызу бұлшық еттерді мөлшерлеп сынау кезіндегі денсаулық жағдайының динамикалық мәліметтеріне, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйелерінің функциялық жай-күйінде берілген бағаға негізделеді. Мектепке дейінгі мекемелерге көбінесе, бірінші және екінші топқа жататын балалар қатысады. Профилактикалық тексеру кезінде денсаулық жағдайында қандай да бір ауытқу бар балаларды анықтап, оларды үнемі бақылауға алып отыру қажет. Мұндай балалар диспансерлік есепте маман-дәрігерлердің бақылауында болуға тиіс.
Мектепке дейінгі балалар мекемелеріне дене жаттығуларымен айналысуларына болатын, іс жүзінде денсаулығы жақсы балалар қатысады. Жиі ауыратын немесе созылмалы ау­руы бар балалар үнемі дәрігердің бақылауын қажет етеді. Науқасы асқынбайтын кезеңде олар дене тәрбиесінің жалпы бағдарламасы бойынша айналысуға тиіс. Сырқаттанып тұрғаннан кейінгі сабақтардың алғашқы күндері организмге түсетін ауыртпалық әр бала үшін жеке-жеке төмендетілуге тиіс (қиын жаттығуларды орындаудан босату, әрбір жаттығуларды қайталауды азайту т.б.). Денсаулық жағдайының жақсару дәрежесіне қарай, функциялық сынау нәтижелерін ескере отырып, денеге тиетін ауыртпалықты жайлап өсіру керек. Балалардың денсаулық жағдайы, даму деңгейі, машықтығы өзгеруі мүмкін. Сондықтан, қайта тексерулер кезін­де болған өзгерістерді ескеру, соған сәйкес тағайындалған жаттығуларды ауыстыру қажет. Мысалы, тыныс алатын органдары ауруға шалдығып жазылған балаға жүгіруге, денеге көп ауыртпалық түсіретін басқа да жаттығуларға шек қою керек. Бұлшық етке түсетін ауыртпалықтың лайықты екенін анықтау үшін дене шынықтыру сабақтарында байқаулар жүргізіледі, оның өзінде қажудың сыртқы белгілерін бақылау пайдаланып, хронометрия және пульсометрия (тамыр соғысын анықтау) жүргізіледі. Кезекті немесе арнайы тексеру кезінде дәрігер баланың жүрек-қан тамырлары және басқа да жүйелері қызметінің толық қалпына келгенін бағдарлама бойынша айналысуға рұқсат етеді. Баланың денсаулығы нашарлаған жағдайда, әсіресе, оның бойында функциялық сынақтарға қолайсыз жауап реакциялары болған кезде, дәрігер денеге күш түсетін әрекеттерге уақытша шек қояды. Тәрбиеші баланың денсаулық жағдайын бағалауда дәрігерге сенімді көмекші болуға тиіс. Түрлі тәртіп кезеңдерінде (ұйқы, ойын, сабақ, тамақ, т.б.) балалармен күнделікті байланыс жасай отырып, ол әрбір баланың денсаулық ерекшелігін ескереді, өзі де түрлі ауытқуларды белсене анықтап отырады. Мұндай бақылаулар әрбір балаға жеке-жеке қатынас жасап, тіпті, баланың денсаулық жағдайындағы өзгерістерді бастапқы сатыларында анықтауға, оларды дәрігерлерге көрсетуге мүмкіндік береді. Балабақшаның дәрігері топтардың тәрбиешілеріне балалардың денсаулығы жағдайына берілген бағаны жеткізеді, жалпы және қозғалыс тәртібіне, денеге түсетін күштің мөлшеріне қатысты жеке-жеке нұсқаулар береді. Топтардың тәрбиешілері бұл нұсқауларды денсаулық бетшесіне кіргізіп, әр балаға жеке-жеке қатынас жасайды. Бала­бақшаның медбикесі балалардың денсаулығына (топ тәрбиешілерімен біріге отырып), шынықтыру шараларын, дене жаттығуларының, сабақтарының алуан формаларын гим­настика, сабақ, қимыл-қозғалыс ойындары) ұйымдастырып, өткізуге үнемі бақылау жасап отырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет