5.Дене жаттығуларының жіктелуі Жіктеу дене жаттығуларын белгілі бір белгілерге сәйкес топ және шағын топ бойынша бөлуді білдірді. Әртүрлі дене жаттығуларының көптеген жалпы белгілері болады. Жаттығуларды топтарға бөлетін басты белгіні табудың маңызы зор. Бұл белгі педагогикалық жағынан алғанда елеулі болуы тиіс. Әртүрлі белгілер бойынша құрылған жіктеулер көптеген дене жаттығулары ішінен бағдар табуға және оларды алға қойылған міндеттерге сәйкес іріктеп алуға көмектеседі. Едәуір жалпы жіктеулердің бірінің негізіне дене тәрбиесі құралдары мен оларды қолдану әдістерінің тарихи қалыптасқан жүйелері алынған: гимнастика, ойындар, спорт және туризм алынған. Бұл топтардың әрқайсысының өзіндік мәні бар және бұдан әрі жіктелген шағын топтарға бөлінеді.
Гимнастика (грек.gymnazo-жаттықтырамын) - адамның денсаулығын нығайту, күш-қуатын, икемділігін, төзімділігін арттырып жетілдіру үшін қолданылатын методикалық әдістер мен арнайы іріктеліп алынған дене шынықтыратын жаттығулар жүйесі. Гимнастика адамды дұрыс жүруге, жүгіруге жаттықтырады. Адам мүсінінің қалыптасуына әсер етеді. Гимнастика дене тәрбиесінің жүйесінде айтарлықтай орын алады. Гимнастиканың өзіндік ерекшелігі мынада: дененің әртүрлі бөліктеріне, жеке буындарға, бұлшық ет топтарына, тіпті, олардың әрекеттері мен жағдайының әр жағына арнайы әсер ететіндігі (бұлшық еттерін босаңсыту, созу т. б.), жүк салмағын дәл мөлшерде түсіру, жаттығуларды музыканың сүйемелімен өткізу. Гимнастиканың осы ерекшеліктері оны сабақтарда дене әзірлігі және денсаулық жағдайы әртүрлі барлық жас шамасындағы адамдарға пайдалануға мүмкіндік береді.
Қозғалыс ойындары дене жаттығуларының басқаларынан айналысушылардың әрекетін ұйымдастыру және оған басшылық ету ерекшеліктерімен айрықшаланады. Жалпы ойын - адам мен хайуанаттардың мардымсыз іс-әрекеті, оған түрткі болатын себеп (мотив) ойынның нәтижесінде емес, сол процестің өзінде жатады. Ойын адамзаттың бүкіл дамуымен ілесіп, өзгеріп отырды. Ойынның мән-мағынасын мәдениет мұраларын зерттеуші тарихшылар, этнографтар, психологтар (балалар психологиясымен байланысты) т.б. зерттеді. Ойынның жаттығумен және демалумен байланысты болуы іс жүзінде шешуі қиын не шешіп болмайтын дау-дамайларды тұспалдап көрсетуге мүмкіндік береді. Кеңес психологиясы ойынды әлеуметтік-тарихи құбылыс деп қарайды (Л.Выготский, Д.Эльконин т.б.). Еңбек жоғары дамыған қоғамда ойын үлкендердің іс-әрекеті мен қарым-қатынасына жұмылдыру формасы ретінде қаралады. Мектепке дейінгі педагогикада бала дамуы мен тәрбиесінде қолданылатын ойындар түрі өте көп. Соның ішінде дене жаттығуларының бір түрі ретінде қозғалыс ойындарын қарастырады. Қозғалыс ойындарында балалардың ойындағы әрекеті кенет өзгеретін ситуациялық жағдайларда мақсатқа жетуді алдын ала қарастыратын бейнелі мазмұн (образды сюжет) немесе ойындық тапсырмалар негізінде ұйымдастырылады. Ойын әрекеті кешенді сипатта болады және әртүрлі қимыл-қозғалыс әрекеттерінің үйлесуінен тұрады (жүгіру, секіру т.б.). Ойында қимыл-қозғалыстық дағдылар нығаяды, денелік, сондай-ақ моральдық-еріктік қасиеттер дамиды.
Спорт аса жоғары нәтижелерге жетуге, жарыстарға қатысуға бағытталған жүйелі түрде айналысуды қарастырады. Спорт адамның дене және рухани күштеріне деген жоғары талаптар қояды, сондықтан оған жас шамалық дамудың белгілі кезеңіне жеткенде ғана және тиісті әзірлігі болған жағдайда қол жетеді. Мектеп жасына дейінгі балалар әртүрлі спорттық жаттығуларды ғана (шаңғы, коньки, шана, велосипед, жүзу т.б.) пайдаланады. Осындай әлдеқайда жеңіл спорттық жаттығулар техникасының негізін қалыптастыра отырып, балалар дене тәрбиесінің олардың жас ерекшеліктері ескерілетін басты міндеттерді шешеді. Туризм (франц.-tourisme, серуендеу, жол жүру) - адамның бос уақытындағы саяхаты, белсенді демалыстың бір түрі. Туризм халықтың қажеттілігін (денсаулығын жақсарту, күш-қуатын қалпына келтіру т.б.) қанағаттандырудың ең тиімді жолы. Туризм адамдардың қарым-қатынасын, танымдық қабілетін арттырып, мәдениет пен өнердің дамуына, ел экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, ел мәртебесін әлемге танытуға мүмкіндік туғызады. Ел ішінде саяхат жасау ішкі (ұлттық) туризм, шетелге саяхатқа шығу халықаралық (шетелдік) туризм, саяхат мақсатына қарай: экологиялық, ойын-сауық, танымдық, спорттық, балалар туризмі, әлеуметтік мақсатына қарай: іскерлік (конгресс, жәрмеңке), этникалық, діни туризм болып бөлінеді. 1975 жылы Дүниежүзілік туристік ұйым (ДТҰ) құрылған, ол (2006 жылғы дерек) 120-дан астам елді біріктіреді. Оған Қазақстан 1993 жылы мүше болып кірді. Қазақ жеріндегі туризмнің тарихи алғы шарттары б.з.б. 3-мыңжылдықта қалыптаса бастаған Ұлы Жібек жолының дамуы болып табылады. Қазақстанда алғашқы туристік ұйым 1931 жылы құрылып, оның төрағасы Ә.Жангелдин болды. 1993 жылы туризмді жетілдіру мақсатымен Мемлекеттік бағдарлама қабылданып, Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи орталықтырды жандандыру, түркі тілдес елдердің мәдени құндылықтарын қорғау мен дамыту, туризм инфрақұрылымын жаңарту мәселелері және 2030 жылға дейін туризмді дамыту жоспары белгіленді. 1998, 2000, 2001 жылдары Қазақстан Республикасының туризмге байланысты шыққан заң жобаларында ел экономикасында туризмнің құқықтық, экономикалық, ұйымдық негіздері қарастырылған.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы туризмде қимыл-қозғалыстық дағдыларды нығайтуға және дене қасиеттерін табиғи жағдайларда дамытуға мүмкіндік береді. Жүрудің түрлі әдістері пайдаланылатын серуендер ұйымдастырылады (жаяу, шаңғымен, велосипедпен т.б.). Жолда, аялдаған жерлерде әртүрлі дене жаттығулары қолданылуы мүмкін (мысалы, ағаш түбіртегінен секіру, арықтан секіру, жіппен секіру, доппен жаттығу қозғалыс ойындары т. б.).
Келтірілген жіктеу жалпылама, сондықтан қазіргі кезде жаттығуларды дене қасиеттерін дамыту үшін мәні басым белгілер бойынша (ептілік, шапшаңдық, икемділік, күш, төзімділік т.б.) жіктеу қолданылып жүр. Жаттығулар бір мерзімде дене қасиеттерінің барлығының дамуына әсерін тигізді, бірақ көп дәрежеде белгілі біреуін дамытады. Мысалы, қысқа қашықтыққа жүгіру көбіне, жылдамдықты, алысқа жүгіру - төзімділікті дамытады. Жаттығулар құрал-жабдықтардың және заттардың пайдаланылуы бойынша бөлінуі мүмкін (гимнастикалық орындықта, бөренеде, қабырғаға қойылған сатыда атқарылатын жаттығулар, таяқтар, доптармен атқарылатын жаттығу т.б.). Жаттығулар анатомиялық белгілер бойынша топтарға бөлінеді (иық, қол, аяқ, кеуде т.б. бұлшық еттеріне арналған жаттығулар). Құрылымдық белгі бойынша құрылған жіктелу қолданылады.