Әдістер мен тәсілдерге сипаттама Әдіс, метод (грекше odes-«бір нәрсеге жетудің жолы») – көздеген мақсатқа жетудің тәсілі, тәртіпке келтіретін қызмет жүйесі. Әдіс философияда зерттелетін нәрсенің ойша нұсқасын жасау үшін қажетті таным құралы болып табылады. Ғылыми негізделген әдістерді саналы түрде қолдану жаңа мағұлматтар алудың аса маңызды шарты. Танымның даму процесінде ғылыми ойлау жүйесінің индукция, дедукция, талдау және жинақтау, салыстыру, эксперименет, бақылау және басқа да әдістері жасалып, қарастырылды. Нақты ғылым түрлерінің арнайы әдістері болады. Өйткені олардың зерттеу обьектілеріне тән өзіндік ерекшеліктері бар. Дене тәрбиесінің тәжірибесі қаншама көп болғанымен, оның бәрі жан-жақты пайдаланыла бермейді. Сондықтан олардың сипаттамаларын білу, біздің дұрыс бағыт алуымызға, әртүрлі міндеттерді орындауға тиімді әдістерді таңдауымызға көмектеседі. Әртүрлі жаттығулар тобымен әрқилы жағдайда белгілі бір міндеттер орындау үшін қолданылатын дене тәрбиесі жаттығуларының тәсілін әдіс дейміз. Әрбір әдіс өзінің кұрамына кіретін әдістемелік әдістердің көмегімен жүзеге асырылады. Мысалы, көрсету әдісінің орындалу тәсілдері: жаттығуларды айна тәсілімен көрсету, керекті қарқынды немесе баяу қарқынды көрсету, т.б. Нақтылы үйрету міндетіне сәйкес іске асыратын әдіс жолын әдістемелік әдіс дейміз. Әдістемелік тәсілдер көп. Олардың бірі ескіріп, жоғалып жатса, екіншісі өзгеріп, ал келесі біреулері ізденіспен өмірге келіп жатады. Сабақ беру деңгейінің әртүрлілігі педагогтың осы әдістемелік тәсілдерді көп білуіне, кеңінен қолдануына байланысты. "Әдіс" деген түсініктен "әдістеме" түсінігін ажырата білуіміз керек. Әдістеме-белгілі бір мақсатқа, нәтижеге жету үшін істелінетін іс-әрекет барысындағы әдіс-тәсілдердің жүйелі бірлігі деген ұғымды білдіреді. Іс-әрекетті жүйелі әдістемелік бірлікте дұрыс жүргізу, яғни сол іс-әрекеттің мақсатына жетудің қысқа да нәтижелі жолын табу болып табылады. Ал, дене тәрбиесі процесінде әдістеме деп белгілі бір нәтижеге жету жолына бағытталған амалдар мен әдістер жүйесін айтады. Қай жағдайда да әдістеме нәтижеге жетуге бағытталған әрекет.