XIX ғасырдың алғашқы жартысынан бастап, ұлы орыс халқының алдыңғы қатарындағы прогрессивтік өмірді аңсаған ақын-жазушылар баланы жан-жақты барлық нәрседен хабары бар — жақсы азамат етіп тәрбиелеуде балалар әдебиетінің алатын орны зор екеніне мән бере бастады.
Ұлы орыс халқының XIX ғасырдағы классикалық мол әдебиеттерімен танысқан Ыбырай Алтынсарин балаларды тәрбиелеуде, оқытуда, олардың ой-санасына қозғау салып, дамытуда өзінің педагогикалық идеясын іске асыру үшін алдымен балалар әдебиетін жасауға бет бұрып, балалар әдебиеті тақырыбына жазылған орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Алдымен орыс халқының балалар әдебиеті тақырыбына жазылған еңбектерімен таныстырды. Жас ұрпақтарымызға үлгі етіп ұсынды. Бұл — қазақ халқы үшін, әсіресе оның жас ұрпақ балалары үшін, аса игілікті іс, жаңа бастама.
Ыбырай Алтынсарин И. Крыловтың «Егіннің бастары», «Қарға мен түлкі», «Қайырымды түлкі», Л. Толстойдың «Полкан деген ит», «Силинші», И.Дмитриевтен «Екі шыбын», орыс хрестоматияларынан, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан, «Тәкаппаршылық», «Дүние қалай етсең, табылады», «Талаптың пайдасы», «Үш ұры», «Алтын шаттауық», «Аурудан аяған күштірек», «Әке мен бала», «Білгеннің пайдасы», «Асыл шөп», «Бақша ағаштары», «Жаман жолдас» «Мейірімді бала» сияқты көптеген шығармаларды аударады.
Ы.Алтынсарин шығармаларының көбі балаларға арналғандықтан алдымен оның тілі жеңіл болуын қарастырды. Қарапайым, халықтық тілмен жазды. Осы кездерде, одан бұрын да қазақ әдебиетіне араласып, шұбарлай бастаған араб, парсы, татар, шағатай тілдері ЬІ. Алтынсарин шығармаларына енген емес. Діни сөздер мүлде кездеспейді. Қазақ әдеби тілінің бір тұтастығы мен тазалығы үшін күрескен. Мұның аса қүнды жақтары осы еді, баланың ұғымына қиын тиетін бірде бір түсініксіз ауыр сөздер жоқ. Екіншіден, сөйлем орамдары мейлінше қысқа, көбіне жай сөйлемдер болып отырады. Үшіншіден, жазылған әңгімелерінің көлемі шағын. Төртіншіден, оқиға желісі шұбалаңсыз, баланы жалықтырмайтын әрі қысқа, әрі жеңіл, әрі қызықты болып келеді. Нысанаға тиетін ойларды дәл айтады, бос сөзділік, артық суреттемелер жоқ.
«Балалар кітаптарының беттерін енді дерексіз моральдық өсиеттер, қиялдан шыққан сандырақтар, елжіреген бос сөздер толтырмауға тиіс. Оларға дүние мен адам туралы дұрыс мәліметтер беріліп шындық өмірдің әңгімелері айтылуға тиіс, қоғамды қазір толықтырып отырған және қазіргі балалар өмірге аяқ басысымен кездесетін мәселелер түсіндірілуі керек» — дейді. Н.А.Добролюбов, Ы.Алтынсарин шығармаларының барлығы да Н.А.Добролюбов айтқандай, осы талаптарға сай берілген. Онда асыра бағаланған, бұра суреттеген бірде-бір шығарма кездеспейді. Өйткені бала дәлдікті, әділдікті сүйетінін ұлы педагогтар мен жазушылар жақсы түсінген. Бұл жайттерді олар көп зерттеген.
Қазақ халқының ағартушыларының бірі ХІХ ғасырдың ақыны, ойшыл қоғам қайраткері,— Абай Құнанбаев.
Абай өзі — педагог болмаса да, Ы. Алтынсарин сияқты, баланы оқытуға, тәрбиелеуге көп көңіл бөлген, оған зор мән бере білген ақын. Баланы оқытудың да белгілі мақсаттары, алдарына қоятын тілектері барын айтқан. «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім»,— дейді Абай. Халық үшін туған ұл — халық үшін қызмет етсін дегенді басты міндет етіп қояды.
Абай халықтың болашақ жаңа қауымына, жас өспірімдерге арнап бір талай өлеңдер жазды, ақыл сөздер айтты. Жас өспірімдерді өнер-білімге шақырды. Абай өз өлеңдерін еріккеннің ермегі еткісі келмей, жастарға үлгі-өнеге көрсету үшін жазатындығын алдын ала ескертіп өтеді.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, —
дейді.
Абайдың жас өспірімдерге үлгі-өнеге көрсетуі олардың көңіл күйін оятуға күш жұмсаудан басталады. Одан соң өнер-білімге, ашығырақ айтқанда, орыс халқының үздік мәдениетіне шақыруды мақсат етеді.
Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Достарыңызбен бөлісу: |