Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы


-тарау. Ерте жас тобы (1 жастағы балалар)



бет3/189
Дата11.03.2023
өлшемі0,52 Mb.
#73441
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   189
Байланысты:
499 бұйрық

1-тарау. Ерте жас тобы (1 жастағы балалар)
1-параграф. Физикалық қасиеттерді дамыту

9. Физикалық дамыту балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын ойын түрінде және дене шынықтыру ұйымдастырылған іс-әрекеті арқылы жүзеге асырылады.


10. Мақсаты денсаулықты сақтау технологиясын қолдана отырып, балалардың денсаулығын нығайтатын, ағзаны шынықтыратын, негізгі қимыл түрлерін дамытатын жағдайлармен қамтамасыз ету болып табылады.


11. Міндеттері:


балалардың өмірін қорғауға және денсаулықты нығайтуға, ағзаның үйлесімді психофизикалық дамуы үшін жағдай жасау;


дененің өсуі мен дамуының табиғи процестерін жетілдіру, қимыл-қозғалыстарға деген биологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру, дене белсенділігін дамытуға жағдай жасау;


балалардың күн тәртібіне, қоршаған орта жағдайларына бейімделуі үшін жағдайлар жасау;


жүру, жүгіру, өрмелеу, лақтыру, секіру, тепе-теңдікті жетілдіруге мүмкіндік беретін негізгі қимыл түрлерін дамыту;


денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мәдени-гигиеналық дағдыларды қалыптастыру;


дене шынықтыру мен дене белсенділігіне қатысуға, дербес қимыл әрекетін орындауға қызығушылықты арттыру;


қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау.


12. Күтілетін нәтижелер:


негізгі қимыл түрлерінің бастапқы дағдыларын, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын меңгерген;


дене жаттығуларын орындауға ықылас танытады, ересектердің көмегімен өзін ретке келтіреді;


тазалық пен ұқыптылыққа қанағаттанған сезімін білдіреді;


тура жолдың бойымен жүреді;


ересектің көмегімен гимнастикалық тақтай бойымен жүреді;


негізгі қимыл түрлерін жетілдіруге арналған қимылды ойындарға қызығушылық танытады;


заттардың арасымен жүреді;


жұмсақ модульге немесе гимнастикалық скамейкаға көтеріледі және одан түседі;


допты шағын төбешіктен домалатады;


қимылды үйлестірудің бастапқы дағдыларына ие;


ересектердің көрсетуімен жалпы дамытушы жаттығуларды орындайды;


ересектердің көмегімен өзіне-өзі қызмет көрсетудің қарапайым дағдыларын сақтайды.


13. Дене шынықтыру (1 жастан 1 жас 6 айға дейін).


14. Негізгі қимылдар.


Жүру және тепе-теңдік сақтау жаттығулары. Еденде жатқан жолдың бойымен тура бағытта топпен жүру. Нысанаға дейін тура жолдың бойымен (ені 25-30 сантиметр, ұзындығы 2–3 метр) жүру, ересектің көмегімен гимнастикалық тақтай бойымен (ені 25-30 сантиметр) жүру, ересектің көмегімен модульге (биіктігі 10–15 сантиметр) шығу және одан түсу, еденде жатқан лентадан (арқаннан) аттап өту.


Еңбектеу, өрмелеу. Арқанның (биіктігі 50 сантиметр), доғаның, орындықтың астынан төрт тағандап еңбектеп өту, 2 метр қашықтыққа дейін бөренеден аттап өту, құрсаудан еңбектеп өту. Шағын саты бойымен жоғары өрмелеу (биіктігі 1 метр).


Домалату, лақтыру. Допты бір қолмен және екі қолмен ұстау, көлемдері әртүрлі доптар мен шарларды жинау, оларды өз бетінше себетке (жәшікке) салу, шарларды домалату, допты екі қолмен алға лақтыру, допты алға домалату (отырып, тұрып), допты (диаметрі 6–8 сантиметр) төменге, қашықтыққа лақтыру.


15. Мәдени-гигиеналық дағдыларды және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыру.


16. 1 жастан 1 жас 6 айға дейін.


Баланың дербестікке ұмтылысын қолдау, әрбір баланы күн тәртібіне біртіндеп үйрету.


Тамақтану алдында және лас болған кезде қолын жууға, 1 жас 1ай - 1 жас 3 айда қою тамақты қасықпен өз бетінше жеуге, ал 1 жас 6 айда – сорпа тамақты ішуге үйрету (нанды сорпамен бірге ішу, тек өз тәрелкесіндегі тамақты ішу), ересектің көмегімен майлықты қолдану, тамақтан соң ересектерге ілтипат білдіру.


Балаларды шынықтыруды ауа, су шараларымен, серуен кезінде ультракүлгін сәулелердің әсерлерімен жүзеге асыру, 2-3 минут бойы жылы құмның үстінде жалаң аяқ жүргізу, ауа ванналарын күніне бірнеше рет киіну-шешіну кезінде қолдану (ауа ванналарының ұзақтығын 2-3 минуттан, 6-10 минутқа дейін ұзарту).


17. 1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін.


Гигиеналық талаптарды сақтау бойынша жұмысты жалғастыру.


Үстел басына қолды жуғаннан кейін отыру, орындыққа өзі отырып, одан өзі тұру, тамақты төгіп-шашпай ұқыпты ішу, тамақтанып болғаннан кейін майлықты қолдану, орындықты жылжыту, алғыс айту.


Жуыну кезінде қолдарын (алақандарын бір-біріне үйкелеу) және бетін алақандарымен жуу, ересектердің көмегімен беті-қолдарын сүрту.


Киініп-шешіну кезінде киімдерін белгілі тәртіппен шешу және кию, оларды дұрыс бүктеу.


Түбекке сұрану, өз түбегінің орнын білу, тек өз түбегіне отыру.


Ескерткен кезде қол орамалды қалтасынан өзі алып, мұрнын сүрту және қайта салу.


18. Дене шынықтыру (1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін).


Жүру және тепе-теңдік сақтау жаттығулары. Еденнен бір шеті 15–20 сантиметр жоғары қойылған тақтайдың үстімен (ені 20 сантиметр, ұзындығы 1,5–2 метр), текшелердің, кегльдердің, құрсаулардың, таяқтардың арасымен топпен жүру; құрсаудан құрсауға өтуге үйрету; жұмсақ модульге немесе гимнастикалық скамейкаға көтерілуге және одан түсуге үйрету. Еденнен 12–18 сантиметр жоғары көтерілген арқаннан немесе таяқтан аттап жүру.


Еңбектеу, өрмелеу. Бөренеден (диаметрі 15-20 сантиметр) аттап өту, 35-40 сантиметр жоғары қойылған арқанның астынан еңбектеу, құрсаудан еңбектеп өту (диаметрі 45 сантиметр).


Домалату, лақтыру. Допты шағын төбешіктен домалату; допты тәрбиешіге, балаға домалату және лақтыру; допты алға, жоғары лақтыру, бала кеудесінің деңгейінде тартылған лентадан допты асыра лақтыру.


19. Жалпы дамытушы жаттығулар: қолды жоғары көтеріп, төмен түсіру, қолды алға созу, қолды арқаға қою, бүгу және қайта жазу, қолдың білектерін сермеу, айналдыру, қолдың алақандарын жоғары, төмен қарату, саусақтарды жұмып, ашу, ұсақ заттарды саусақтарымен іліп алу, отырып және тұрып оңға, солға бұрылу, заттарды бір-біріне беру, алға еңкею және түзу тұру, таяныштан ұстап, жүрелеп отыру, секіру.


20. Сауықтыру-шынықтыру шаралары.


Сауықтыру-шынықтыру шараларын табиғи факторларды (ауа, күн, су) пайдаланып, жүргізу. Топ бөлмелерінде тұрақты ауа температурасын (+21-22°С) сақтау, балаларға жеңіл киімдер кигізу.


Ұйқыдан кейін және күні бойы киініп-шешіну кезінде балаларды шынықтыруды жүзеге асыру. Ауа-райы жағдайын ескере отырып, күн сайын серуендер ұйымдастыру. Жауын-шашынды күндері балалармен жабық қысқы бақта қимылды ойындар ұйымдастыру. Жылдың жылы мезгілінде серуенде балалардың күн сәулесінің астында (3-5 минут) болуын қамтамасыз ету, құмның үстімен жалаң аяқ 2-3 минут жүргізу (алдын ала оның тазалығы мен қауіпсіздігіне көз жеткізу). Жаз мезгілінде серуеннен кейін жуыну және аяқты жуу кезінде гигиеналық және шынықтыру шараларын үйлестіру, әр баланың денсаулық жағдайын және оның судың әсеріне бейімделу деңгейін ескеру.


Арнайы шынықтыру шараларын ата-аналардың қалауымен, мектепке дейінгі ұйымның әкімшілігі мен медициналық қызметкерлері шешімімен жүргізу.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   189




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет