Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 15 наурыздағы № 137 қаулысы
ҚAУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бір ай мерзімде Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін іске асыру жоспарын бекітсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі A. Мамин
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 15 наурыздағы
№ 137 қаулысымен
бекітілген
Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі
1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі (бұдан әрі - модель) Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 1-тармағын орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасының нормалары негізінде және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Aссамблеясының 1989 жылғы 20 қарашадағы 44/25 қарарымен қабылданған, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған Бала құқықтары туралы конвенцияның нормалары ескеріліп әзірленді және балаларды дамыту мен оқыту талаптарының өзгеруіне және өзекті ғылыми деректерге сәйкес мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды трансформациялау үшін қажетті өзгерістер бағытын айқындайды.
2. Осы модельде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) модель - мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту мен жетілдіру бағытын айқындайтын тәсілдер мен қағидаттар жиынтығы;
2) баланы толыққанды дамыту - қимыл белсенділігіне жағдай жасау, пайдалы және құнарлы тамақтандыру, достық қарым-қатынас орнату және дамытушы ортаны ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етілетін баланың физикалық, психологиялық, әлеуметтік, эмоционалдық денсаулығы мен қауіпсіздігі;
3) баланың қажеттіліктері - ойынға, қимыл-қозғалысқа, таңдауға, өз өмірін бақылауға, пайдалы іс-әрекетке, жақын жылы қарым-қатынас жасауға, араласуға, жаңа нәрсе жасауға, зерттеуге, эксперименттерге, танымдық белсенділікке қажеттілік;
4) дамытушы орта - заттар мен ойыншықтарға еркін қолжетімділікті және немен айналысатынын өз бетінше таңдауын, күні бойы өз идеяларын іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін, балалардың бастамасын қолдау үшін жоспарланған әртүрлі материалдары бар орта;
5) қарым-қатынасты қолдау - ересектердің балаларға деген мейірімді қарым-қатынасы, баланың дербестігін ынталандыруы, әр баланың жеке басын құрметтеуі, балаға қиын сәттерде қолдау көрсетуі;
6) инклюзивті білім беру кеңістігі - әр баланың жеке қажеттіліктері ескеріліп ұйымдастырылған орта, онда барлық балалар эмоционалдық, зияткерлік және академиялық қолдауды сезінеді, әлеуметтенуге қатысады және жеке басына, тәрбиелеу мен оқытудағы қалауына қарамастан қатысады;
7) сапалы маңызды өзара іс-қимыл - педагогтің әр баламен жеке қарым-қатынасы, баланың іс-әрекетіне және оның пікіріне шынайы қызығушылықпен қарау, тыңдау, қолдау көрсету, балаға жылы қарым-қатынас көрсету;
8) ерте дамыту - баланың туғаннан бастап мектепке барғанға дейін дамуы;
9) сәби жасы - туғаннан бастап үш жасқа дейінгі кезең;
10) педагог - педагогикалық немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, білім беру қызметін әдістемелік қолдау немесе ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адам.
3. Модель ұлттық құндылықтарды балаларды ерте жастан толыққанды дамытудың заманауи теорияларымен үйлестіруге бағытталады.