Мектепке дейнгі ұйымдарда тәрбиелеу мен білім беру үрдісінің
жаңа бағыттары
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетнің доценті, п.ғ.к Ф.Н.Жұмабекова
Тәуелсіз мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңі болашақ ұрпақ қолында екенін
ескере отырып, жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу – кезек күттірмейтін
мәселелердің бірі. Елімізде мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілердің саны
жылдан жылға көбейіп, балабақшаларға деген халықтың сұранысы арта түсуде.
Мектепке дейінгі тәрбие әлемі өзіндік өзгешелігі бар, сыр сипатымен, қиял
ғажайып қызықтарымен сәбилердің балдай тәтті қылықтарымен елітетін ерекше
сыйқырлы әлем. Олай дейтініміз, ақ жаулықты әжелер мен асқар таудай
аталарымыздың немерелері, шөберелері ардақты әкелер мен аяулы аналардың
көзінің ағы менен қарасы, ал балабақшадағы меңгерушілердің бөбектеріміздің
бақытты балалығын алаңсыз өткізуге аялы алақанымен қамқорлық жасап,
дамытушы орта арқылы жағдай туғызып, өмірлерінің мәні мен сән салтанатын
келтіретін болса, әдіскерлер, музыка жетекшілері, психолог мамандар және бала
жанының бағбаны тәрбиешілер көздерінің нұры, көңілдерінің гүліндей аялап,
мейіріммен, әдептілікке, сұлулық пен сезімге, ақыл-ойын ұштап, санасына сәуле
беріп, қарапайым білім нәрімен сусындатады.
Қоғам дамуындағы, заман ағымындағы болып жатқан соңғы өзгерiстер мен
бiлiм беру саласының алғашқы сатысы болып саналатын мектепке дейiнгi
ұйымдарда болашақ ұрпақтың дүниетанымын дамытуға, жеке тұлға ретiнде
қалыптастыруға сәбилiк шақтан бастап толық жағдай жасауды, тәрбиелеу мен
бiлiм беруге аса жауапты қарауды басты мiндет етiп қойып отыр. Аталған
мiндеттердi шешуде кезек күттiрмейтiн мәселелердiң бiрi ретiнде бүгінгі тілге
тиек етіп отырған Елбасының жолдауында ұсынылған 2010 - 2014 жылдарға
арналған «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырудағы мектепке дейінгі тәрбиені
жетілдіру, дамыту бағытында ең маңызды, қарқынды қадамдар жасалуда.
Cоңғы жылдардағы қолға алынып жатқан реформалар тарихи деректер мен
болашақты зерделеуге ерекше мән берілуі, еліміздің саяси әлеуметтік даму
талаптарынан туындайтын үздіксіз тәрбие мен білім берудің жүйесін жетілдіру
ісі адамзаттық құндылықтарға негізделіп, жаңа серпін алуда. Тәуелсіздікке қол
жеткізіп, әлемдік ынтымақтастықтағы мемлекеттердің қатарында тұғыры биік,
өз саясаты мен экономикалық, әлеуметтік дамуын қалыптастырған ел ретінде
дербес деп танылуы Отандық білім берудің алдында жаңа міндеттер мен
жаңаша талаптар қойып отырғаны белгілі. Балабақшада тәрбиелеу мен білім беру
үрдісінің жаңа бағыттарының алғашқысы ретінде аталған міндеттерді шешудегі
мектепке дейінгі ұйымдардың желісін көбейту, білім мазмұнын жаңарту,
тәрбиелеу мен білім беру сапасын арттыру, қалыптасқан білім беру сипатын
қайта қарап, өткен тәжірибелерді саралап, әлемдегі озық үлгілермен
сабақтастықта өзіміздің ұлттық болмысымызды ескере отырып жетілдіруге баса
назар аудару қажеттілігі туындап отыр. Осы бағдарламада балаларды мектепке
дейінгі тәрбиемен және оқытуды қамтамасыз етудің төмендегідей нақты
кезеңдері көрсетілген:
1 кезең -2010 жыл-балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытуды
қамтуды 48 % -ға қол жеткізу;
2 кезең – 2011 жыл - балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқыту 56,6 %
қамтамасыз ету;
3 кезең – 2012 жыл - балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқыту 60,8 %
қамту;
4 кезең –2013 жыл - балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқыту 65 %
қамту;
5 кезең – 2014 жыл - балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқыту 70 %
қамту қарастырылған.
Мектепке дейінгі сәбилерді қолдауға арналып бөлінетін қаржының көлемі
жергілікті бюджеттен тек қана мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру
көлемі әр жыл сайын өсіп, ол тұрақты жүзеге асырылып келеді. Мысалы: бұл
мақсатқа 2003 жылы 4553,5 мл. теңге бөлінсе, 2004 жылы ол 6542,2 мл.
теңгеге жетті, ал 2005 жылға 7563,3 мл. теңге жоспарланды. Республикада
1283 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді. Олардың 179 жеке меншік, 1104
мемлекеттік ұйымдар. Мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамытуға
Республикалық бюджеттен 2006 жылға қосымша 1 млд. теңге бөлінген.
2010-214 жылдарда 9605,3 - 224,0 млн. теңге бөлу қарастырылған.
Балабақшалар санының көбейуі өте қуанышты, ал енді оларда тәрбиелеу мен
білім беру үрдісін сапалы ұйымдастыру үшін қазіргі заманғы балабақша –
қандай болу керек? деген сауалға жауап іздеп көрейік. Балабақша - бүгінгі таңда
іші-сырты педагогикалық, психологиялық, эстетикалық және дидактикалық
талап - талғамдарға сай, баланың үйлесімді дамуына барлық жағдайлар
жасалған болуы керек. Баланың өз құрбыластарымен және үлкендермен өзара
қарым-қатынас арқылы даму аясын өте кең ауқымда маңызды эмоционалдық
және тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететіндей болуы шарт.
Балабақша – балалардың жеке басының дамуына сәйкес өзінің құқығы мен
талап-тілектерін қанағаттандырып, қабілеті мен мүмкіндіктерін жетілдіре
түсетін орта болуы және отбасымен тығыз педагогикалық ынтымақтастық
орнатуы маңызды. Матералдық-техникалық базасының нығайтылуымен қатар
балаға психологиялық жағымды ахуал туындатып, тәрбиелеу мен білім беру
үрдісін ұйымдастырудың озық үлгілерін пайдаланудың барлық жолдары
қамтылған болуы керек. Инновациялық технологияларды пайдалануға толық
мүмкіндік жасалып, арнаулы педагог мамандармен қамтамасыз етіліп, олардың
өзінің кәсіби тұлғалық сапаларын, шеберлігін шыңдап, оқу - тәрбие
жұмыстарын ұйымдастыруына жағдай жасайтындай болғаны абзал.
Балабақшада
оқу - тәрбие жұмысын ұйымдастыруда балабақша
меңгерушілері балалар мен тәрбиеші педагогтардың қызметінде жетістікке
жетуге мүмкіндік туғызып, ата-аналардың көзқарастары мен ұсыныстарын
қанағаттандырып, балалармен барлық оқу үдерісіне қатынасатын мамандардың
жағдайын жасауға ықпал етіп отыруға міндетті. Жаңалыққа жаршы, үнемі
ізденіс үстінде болатын тың ой-идеялардың иесі болуы және бақылау мен
басшылық жасаудың үлгісін өзгертуі маңызды. Бүгінгі таңда әрбір педагог оқу-
тәрбие үдерісін ұйымдастырудың қажеттілігін ескере отырып бірқатар
төмендегідей мәселелерді қаперінде ұстануы қажет:
- өзінің алдына қойған мақсат, міндеттерінің нақты болауын қадағалауы;
- педагогикалық үдерісті қалай ұйымдастыру қажет деген мәселені жан-жақты
алдын-ала ойланып алуы;
- ол өз қызметінде жетістікке жетудің өлшемдерін айқындап алғаны тиімді
болмақ.
Екінші жаңа бағытта: білім мазмұнын жаңарту мәселесі. Мектепке дейінгі
тәрбие мен оқытуды дамытуда үздіксіз іздену, болашаққа ұмтылу барысында
өзінен бұрынғы теория мен тәжірибенің ең бағалы, озық жақтарын алып, сын
көзбен қарап, қайта жасау қажеттілігі туындайды. Балабақшалардағы оқыту мен
тәрбиелеудің педагогикалық жүйесі мен құрылысын зерделеп, тиімді әдіс-
тәсілдерін қарастыру және ұйымдастырудың сапасын арттыруды жүзеге асыру
қажет. Ол үшін, балабақшаның оқу-тәрбие үдерісінің сапасын жақсартуды үнемі
назарда ұстап, реттеп отыру, яғни білім беру бағдарламаларын іріктеу және оны
тиімді жүзеге асыруға баса назар аудару, сапалы оқу-әдістемелік еңбектер
дайындау және жаңа технологияларды ұтымды пайдалану қажеттілігі
туындайды. Мектепке дейінгі тәрбие саласында балалардың білім беру
бағдарламаларын меңгеруіне және тәрбие мен білім сапасын көтеру аясын
едәуір кеңейтуге мүмкіндік беру мәселесін қарастыру қажет. Мектепке
дейінгі тәрбиенің тұжырымдамасы мен стандартына сәйкес дамытушы,
жетілдіруші және денсаулықты сақтау мен нығайтуға арналған ортаның сапасын
арттыру мәселесіне басым көңіл бөлу.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті Мектепке
дейінгі тәрбие мен оқытудың стандартына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарда:
2000-2009
ж
«Балбөбек»,
«Қарлығаш»,
«Қайнар»
республикалық
бағдарламалары тәжірибеге енгізілсе; 2009-2010 жылдары «Алғашқы қадам» (1-
3 жас), «Зерек бала» (3-5 жас), «Біз мектепке барамыз» (5-6 жас) мектеп жасына
дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеу бағдарламалары әзірленіп, бекітілді. Бұл
бағдарламалардың оқу-әдістемелік кешені (жекеменшік, отбасылық балабақшалар,
және ата-аналарға арналған консультациялық пункттер үшін әдістемелік
нұсқаулықтар мен дидактикалық материалдар) дайындалуда. Бұл кешендерде білім
беру мазмұнын жаңартуға яғни, жеке адамның біліктілігі мен жан-жақты
дамуын қалыптастыру үшін негіз болып табылатын білім берудің әрбір
деңгейі бойынша білімдер жүйесіне (кешені) баса назар аударылған.
Білім
мазмұны–әлеуметтік мәдени феномен ретіндегі әлеуметтік тәжірибенің
бірлескен көрнісі, яғни кешенді жүйе тұрғысынан мәдениеттегі
ұласымдылық пен қоғамның әлеуметтік дамуын жүзеге асырады. Білім
мазмұны ж
ас ұрпақтың өркениетті, демократиялық қоғамда өмір сүруі үшін
оған қазіргі кезеңдегі білім жүйесі мен дүниетанымын кеңейтудің, жаңа ақпарат
ағымын саналы түсінудің, оны бағалай білудің, кез келген жағдайда
шығармашылық шешім қабылдай білудің, рухани адамгершілік қағидаларды
игертудің бағыттарын белгілейді. Ғалымдардың білім мазмұнына берген
анықтамаларында:
В.С.Леднев,
Б.П.Есипов,
Р.Қоянбаев,
С.А.Умрейко,
Н.В.Савин, Я.Лернер: «білім мазмұны дегеніміз - берілетін білім, іскерлік
және дағдылар жүйесі, шығармашылық іс-әрекет, эмоциялық қарым-қатынас
тәжірибесі» деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырымдар мектепке дейінгі білім
беру мазмұнын жаңартуда басшылыққа алынып, балабақшада жас
ерекшелігіне сәйкес
тәрбиелеу мен оқыту үдерісінде балалар меңгеретін,
іріктелген қарапайым ғылыми білім, білік, іскерлік, дағдылар жүйесі
және
сол арқылы баланы мектепке дайындап, танымдық қызығушылығын, ақыл-ойын,
жан–жақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталады
.
Б ілім мазмұны–мектепке дейінгі жас ерекшелігіне арналған мемлекеттік
стандартта белгіленіп, баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына және әрі қарай
дамуына ықпал ететін қажетті білімдер жиынтығы екендігі айқындалған. Оның
ең негізгілеріне тоқталатын болсақ: білім мазмұны дамытушылық сипатта
болып, баланың әлеуеттік мүмкіндіктерін ашуға бағытталуы тиіс. Білім
мазмұнының жүйелілік сақталуымен қоса, оның кіріктірілген болуы да маңызды
және ол көп мәдениеттілік тәрбиені қамтамасыз етуі көзделеді. Мектепке дейінгі
білім мазмұнының базистік оқу жоспарында іс-әрекеттің алуан түрлерінің
қамтылуы және оның негізгі компоненттері: мақсаты, міндеттері, құралдарын
таңдауы, әдіс-тәсілдерді таба білуі, бақылау жасай алуы т.б қарастырылуы және
баланың денсаулығын сақтау мен нығайту және психологиялық тұрғыдан
жағымды жағдай жасау қажеттілігі ескерілуі тиіс.
Үшінші жаңа бағытта: мектепке дейінгі ұйымдарды педагог мамандармен
қамтамасыз ету, кәсіби біліктілікті көтеру, қайта даярлау және тәрбиеші
педагогтардың құзіреттілігін қалыптастыру мәселесі ең маңызды болып отыр.
-
Жоғары оқу орындарында және кәсіптік, техникалық білім беру ұйымдарында
мектепке дейінгі білім берудің 18 мыңнан астам педагог қызметкерлерді
даярлау және қайта даярлау курстарынан өткізу жоспарланған. Мектепке дейінгі
ұйымдарда Осы орайда, Астана қалалық мамандардың білімін жетілдіру және
қайта даярлау институты тарапынан ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Тәрбиешілердің біліктілігін жетілдіру бағытында 10 модуль бойынша 1700
мамандар курстан өткізіліп, 200 мектепке дейінгі ұйымдардың мамандары қайта
даярланып куәліктерін алды. Бұл тәрбиешілердің кәсіби шеберлігінің шыңдала
түсуін, кәсіби қабілеттілігі мен құзіреттілігінің артуына, білім сапасын
арттыруға ықпал етіп, өздігінен зерттеу іс-әрекетін жүргізу дағдыларын
қалыптастырды. Сондай-ақ, балабақшалардағы иновациялық қызмет дәстүрлі
басқару жүйесін өзгертуге әсер етіп, істің жайын шешуде педагог пен
тәрбиеленуші басты тұлға бола отырып, білім беру ұйымдарының басшылары
ғылыми-әдістемелік тұрғыдан көмекші ретінде және кәсіби сұраныстар мен
талаптарды қанағаттандыруға баса назар аударды. Эксперименттік алаңдар
ашылып, озық іс-тәжірибелер тарату бағытанда бірқатар іс-шаралар атқарылуда.
Соңғы 4-5 жылдың көлемінде 60-тан астам балабақшалар ашылу саны
жағынан көңіл қуантарлық болғанымен, сапаны жақсартуға әлі де басым көңіл бөлу
қажет, онда оқу-тәрбие үдерісін іске асыратын мамандар тапшы. Мектепке дейінгі
тәрбие ұйымдарына арнаулы маман дайындап жатқан оқу орындары жоқ,
педколледж бітіргендер тұрақты жұмыс жасай алмайды себебі, еңбек ақы төмен,
тұратын жері жоқ, әлеуметтік жағдайлары шешілмеген т.б.
Бүгінгі балабақшаға қандай педагог қажет?!
-
бала жанын түсінетін, баланы ерекше сүйе білетін, өз баласындай жақсы
көре алатын маман болуы;
-
жаңа бағдарламалар мен оқу-әдістемелік құралдарды жаңа инновациялық
технологияларға негіздей отырып жүргізе білетін маман болуы;
-
ол педагогикалық үдерісті шығармашылықпен ұйымдастыра алатын және
еркін ойлай алатын болуы;
-
тәрбиенің іргетасы болатын балабақшаға жаңа көзқараспен келу,
балабақша меңгерушісінен бастап, тәрбиеші, күтушілеріне дейін дипломы
болса да – кездейсоқ мамандарды, балажан еместерді, обал мен сауапты айыра
алмайтындарды, күнделікті ізденіп, жаңармайтындардың бала жанында
болмауы;
-
тәрбиешінің өзі ұлттық педагогиканы, ұлттық психология мен этиканы
терең меңгерген, баланың ішкі жан дүниесін түсінетін болуы тиіс;
-
соңғы үлгідегі жаңа техникалық құралдарды компьютер, интерактивті
тақталарды еркін пайладана білуі (, айпад, айфон т.б);
-
тәрбиеші педагогтардың мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиенің сапасын
арттыруды қамтамасыз ете алуы және мектепке дейінгі ұйымдардағы әр
баланың дамуы мен эмоционалдық көңіл күйінің жақсы болуына педагогкалық
ұжымның жауапкершілігін арттыруға өз үлесін қоса білуі;
-
мектепке дейінгі білім берудегі стратегиялық бағыттардың бірі
инновациялық технологияларды пайдалана алуы;
Тәрбиеші – педагог барлық уақытта тәрбиеленушілермен өзара қарым-
қатынаста ынтымақтастықта, бірлестікте, өзара түсіністік пен келісім және
шығармашылық бірлестік жағдайында еңбек етуі және білім беру жүйесіндегі
көптеген өзгерістерге ілесу үшін педагог өзін - өзі үнемі жетілдіру үстінде
болуы керек.
Болашақта мектепке дейінгі ұйымдардағы оқу–тәрбие үдерісін жаңаша
бағытта ұйымдастыруды жетілдіруде бірқатар ұсыныстарды айта кетуді жөн
көрдік:
-
балабақшалар санын көбейтумен қатар тәрбиелеу мен білім беру сапасын
арттырудың жолдары қарастырылса;
-
уақытша шығармашылық топ құру арқылы мектепке дейінгі ұйымдарда
тәрбиелеу мен білім мазмұнының тұтас педагогикалық үдерісін қамтамасыз
ету үшін республикалық деңгейдегі төл туынды бағдарламалар мен оның оқу-
әдістемелік кешендері жасалса;
-
білім беру бағдарламаларының мазмұны арқылы баланың жеке басының
дамуына, шығармашылық қабілеттерін арттыруға, коммуникативтілікті және
баланың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуді, олардың интеллектуалдық,
көркемдік-эстетикалық дамуын, жалпы адамзаттық құндылықтарды баланың
бойына сіңіруге баса назар аударылса;
- мектепке дейінгі білім беруге арналған (қала мен ауылдың ерекшелігіне
сәйкес аймақтық, үлестік) оқыту мен тәрбиелеуде балама, аймақтық, үлестік
және авторлық бағдарламалар дайындау қолға алынса
;
- балабақшаларға арналған бағдарламалардың мазмұнын меңгерудің сапасын
бағалау жүйесі жасалса;
- мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш білім беру мазмұнының
сабақтастығын қамтамасыз етуге көңіл бөлінсе;
-
жаңа стандартқа сәйкес оқу-әдістемелік кешендердің басылымнан
жарияланбай кешеуілдеп жатқандығы көңіл құлазытып, оқу-тәрбие үдерісін
ұйымдастыруда кедергі келтіруде, осы мәселе жуық арада өз шешімін тапса;
-
дайындалған бағдарламалар, мемлекеттік тілде емес орыс тілінде дайындауы,
қазақ тіліне аударылуды, аудармалардың мазмұны оқу-тәрбие үдерісінде бірқатар
кедергілер келтіріуде, және мамандардың «кездейсоқ» немесе арнаулы маман
болмауынан «технологиялық карта», «циклограмма» дайындау тәрбиешілер үшін
өте қиындықтар туындатуда;
-
жаңа бағдарламалар бойынша тәрбиешілермен, әдіскерлермен және
меңгерушілерге арнайы курстар өткізу, семинарлар мен педагогикалық оқулар
және ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, тренингтар өткізу
мәселелері қолға алынса;
-
балабақша мамандарына эксперименттік алаңдар жұмыстарын үйлестіру
және озық іс-тәжірибе тарату бағытында арнайы әдістемелік көмек көрсетілсе;
- арнайы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған еңбектер (3-6 ай болатын
балаларға, көз кемістігі бар балаларға, тіл мүкістігі бар балаларға т.б) мектепке
дейінгі жастағы балалары бар отбасыларына педагогикалық, психологиялық
қолдау жасалып, кеңес берілсе, әдістемелік, диагностикалық тұрғыдан көмек
көрсетілсе;
- қазақ халқының озық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрып үлгісінде жеті жасқа дейінгі
балалардың мінез-құлқын қалыптастыру мәселелерін зерттеу және қазақ
халқынын, ұлттық ойындары, ұлттық ойыншықтары, музыкалық ойындары, ән-
күйі арқылы балаларды ойшылдыққа, тапқырлыққа тәрбиелеудің тиімді
жолдары қарастырылса;
- тәрбиелік әсері күшті ұлттық ойыншықтарды, дидактикалық ойындар мен
материалдарды, көрнекі және техникалық құралдарды, электрондық
оқулықтарды жасаудың ғылыми негіздері қарастырылса;
- инновациялық технологияларды ендіруде: ресурстардың жеткіліксіздігі,
материалдық және моральдық ынталандырулардың аздығы, педагогикалық –
түзету жұмыстарын жетілдіруге және балаларға жүктемелердің шектен тыс
болуын жоюдың жолдары қарастырылса;
Астана жағдайында әрбір аудандық оқу бөлімінде арнайы мектепке дейінгі
тәрбиеге арналған әдістемелік бағытта ғана қызмет ететін әдіскерлерге штат
берілсе; (Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандары бойынша).
Аталған басым бағыттар жүзеге асырылса біздің осы заманғы мектепке
дейінгі тәрбиелеу мен білім беру үдерісінің мазмұнының жеке тұлғаға
бағытталуын, әлеуметтік қызметтерді орындау үшін қажетті білім көлемі мен
сипатын, іскерліктері мен дағдыларын, әдеттері мен жеке дара қасиеттерін
кәсіби құзіреттілікті жетілдіруге ықпал етеді. Бүгінгі таңда балабақшалардағы
тәрбиелеу мен білім беру: жаңа мазмұн, жаңа әдіс - тәсілдер, жаңа қарым-
қатынас, тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арасындағы бірлескен қызметтің
жаңаша ұстанымдарын жүзеге асыруға қол жеткізілсе мектепке дейінгі
тәрбиенің бүгіні бұлыңғыр, ертеңі ескерусіз болмайды деп ой қорытамын.
Достарыңызбен бөлісу: |