Байланысты: Мемлекеттік емтихан сұРАҚтары-emirsaba.org
Жаттығу әдісі – мінез-құлықтың нормалары мен ережелеріне сай тәрбиешінің әр түрлі іс-әрекетті ұйымдастыруы. Тәрбиеленушілердің орындайтын жаттығулары – тәрбиешінің талаптарын орындап, адам игілігіне еңбек ету, басқаларға қамқорлық жасап, қуанышқа бөленуі.
Жаттығу әдісі оқушыны объект жағдайынан субъект жағдайына жеткізеді. Жаттығу әдісінің педагогикалық-психологиялық ерекшелігі - жаттығулар мен әрекеттердің баланың ішкі қасиетіне айналуы. Тапсырма бергенде баланың ішкі мүмкіндігін, күшін, бағытын жан-жақты терең зерттеп, қоғамдық бел-сенділігін басқару жалпы адамзаттық адамгершілік қасиетінің дамуына және оның дұрыс іс-қимылы мен мінез-құлық дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ойын – бала әрекетін дамытудың негізгі құралы. Ойын баланың мінез-құлқын қалыптастырып, ой-өрісін өсіріп, ортаға бейімдеп, өзін еркін сезуге үйретеді. Ойын – балалардың бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерін тәрбиелейді. Балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тілін дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері пәндері оларда табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сипатын қалыптастырады.
Ойын – мектеп балаларының негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров "Балалықтың қанына ойын азық" деп бекер айтпаған. Ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан (ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрас-тырған заттарды пайдаланады. Мазмұнды-бейнелі ойынның ерекшелігі: оны балалардың өздері жасауында, ойын қызметі айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.
Құрылыс ойынында бала сызық бойына әдемі үй құрылысын жасап, оның бояуларының бір-бірімен келісімді болуын қадағалайды. Құрылыс материалдарын пішіні, түсі бойынша симметриялы орналастырып, оларды көлемі (кең, тар), биіктігі (биік, аласа) бойынша салыстырады. Ойын барысында шығармашылық танытып, жаңа мазмұн ойластырып, белсенділік көрсетеді. Өзінің және жолдастарының тұрғызған құрылыстарының сапасына баға береді. Дидактикалық ойын барысында есту, көру, сезіну, қабылдау сияқты үрдістері дамып, балалар музыкалық ойыншықтар мен әр түрлі саздық аспаптардың дыбыс шығару ерекшелігін ажыратуға, заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге, әр түрлі қимылдарды орындауға үйренеді. Ауызша ойналатын дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш, келісімді білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі. Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір тәртіппен жинау үшін байқағыштық пен тапқырлық көрсетеді. Қимыл-қозғалыс ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақ-пақтар қолданады. Мұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапаларын қалыптастырады. Бала қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген құштарлығын ойын арқылы қанағаттандыратындықтан, ойынның қай түрі болсын балалардың, адамгершілік тәрбиесінің дамуында маңызды рөл атқарады.