18-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылау
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.
2. Бақылау объектілері:
1) тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, конкурстық комиссия (аукциондық комиссия), сараптама комиссиясы, сарапшы;
2) өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасы шегінде әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, сондай-ақ олар жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлер не қызметтер көрсету бойынша бірлескен атқарушылар ретінде тартатын тұлғалар;
3) тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысатын тұлғалар;
4) мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор болып табылады.
3. Уәкілетті орган тексерулерді мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде:
1) тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының не конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның), сараптама комиссиясының, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасап әлеуетті өнім беруші, конкурсқа не аукционға қатысушы, өнім беруші не олардың уәкілетті өкілі жазбаша өтініш бергенде жүзеге асырады. Мұндай шағымды қарау осы Заңның 47 және 48-баптарында көзделген шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады;
2) құқық қорғау органдарының қаулылары келіп түскен кезде;
3) тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы алынған ақпаратты талдау нәтижелері бойынша жүзеге асырады.
4. Уәкілетті орган бақылау іс-шараларын, оның ішінде камералдық бақылауды жүргізу нәтижесінде бақылау объектісінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғанын анықтаған кезде мынадай шаралар қабылдайды:
1) бақылау объектісіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқама, хабарлама жібереді;
2) міндеттемелері тиісті түрде орындалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып жасалған, күшіне енген мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен, бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған бақылау объектілерінің кодтары мен шоттары бойынша, сондай-ақ бақылау объектілерінің банк шоттары (корреспонденттікті қоспағанда) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.
5. Бақылау іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бақылау объектісінің құрамында қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар әрекет жасау (әрекетсіздігі) фактісі анықталған кезде, уәкілетті орган мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аталған әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы ақпаратты және осындай фактіні растайтын құжаттарды құқық қорғау органдарына беруге міндетті.
6. Уәкілетті орган мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.