Мемлекеттік тәуелсіздік – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясы



бет1/3
Дата18.02.2022
өлшемі25,18 Kb.
#25861
  1   2   3
Байланысты:
Мемлекеттік тәуелсіздік


  1. Мемлекеттік тәуелсіздік – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясы




    1. Тәуелсіздік – басты құндылық

Қазақстан территориясында кемінде кейінгі екі мыңжылдықтан астам уақыт бойы жергілікті прототүрк, түрік және қыпшақ-қазақ негіздеріндегі мемлекеттілік өмір сүрді. Әртүрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген тәуелсіз мемлекеттік құрылымдар әркелкі аталды: сақтардың арғы мемлекеттік құрылымдарынан бастап қазіргі тәуелсіз Қазақстанға дейін. Жергілікті компонент өзіне тән тілі, антропологиялық ерекшелігімен, ерекше зияткерлік әлеуетімен, бірегей толеранттылығымен, діни көзқарастарымен, баға жетпес әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен, шаруашылық-мәдени типтерімен негізінен тұрақты, өзгеріссіз және автохтонды болып қала берді.



Бүгінгі таңда көршілес мемлекеттермен шекарамыз әлемдік стандартқа сай шекара бағандары арқылы межеленген. Қазіргі таңда бүкіл Батыс Еуропаны немесе бес Францияны қамтитындай орасан зор территорияны уысында ұстап, қорғап қалуға тек сайдың тасындай, азаттыққа ұмтылған ұлы рухты, Отанға деген шексіз махаббатқа, тамаша да мінсіз жауынгерлік қасиеттерге: батылдық пен батырлық, қайсарлық пен қаһармандық, ар мен намыс, ерік-жігер мен күшке ие тұрғындары бар қуатты мемлекеттер ғана қауқарлы болды.

Егер де осы қасиетті жерде өмір сүрген бабаларымыз ел мен жерге адал болмағанда, біз соңғы үш мыңжылдықта алма-кезек орын алған әскери-саяси оқиғалардың аласапыран геосаяси құйынының иіріміне сіңіп жоқ болар едік. Біз мыңдаған жылдарды артқа тастап, тағдыр соқпағынан сүрінбей өтіп, мемлекеттігіміздің, тіліміздің, мәдениетіміздің, жазуымыздың, ұлттық өзегіміздің сабақтастығын сақтай отырып, аман қалдық, жеңдік. Келешекте де біз оны ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы көздің қарашығындай сақтап, сонау түркі заманында қазіргі Моңғолияның аумағында орналасқан Үтікен елді мекеніндегі тас ескерткіштерде біздің арғы бабаларымыз тасқа қашап жазып кеткен ұлы мұратқа жетелейтін «Мәңгілік ел» идеясын болашақтың бағдаршамы ретінде ұстанатын боламыз.

Қаншама замандар бойы Қазақстан аумағында біртіндеп, тарихи заңдылықпен 20-дан астам мемлекет бірін бірі алмастырған.

Осы бір мемлекеттердің алма-кезек алмасқан тізбегінде 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығы айрықша орын алады. XVIII ғасырдың 30-ыншы жылдарынан бастап Қазақ хандығы тәуелсіздігінен айрыла бастады, ал ХІХ ғасырдың 20-сыншы жылдарының басында Орта жүз бен Кіші жүзде мемлекеттіліктің негізі – хандық билік мүлдем жойылды. 1845 жылы Жәңгір хан дүние салғаннан соң Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында орналасқан Бөкей ордасында да хандық билік жойылады.

Қазақстанда патша үкіметінің отаршылдық озбырлығы күшейіп, мал баққан қазақтар үшін өмірлік маңызы бар жайылымдарды пайдалануға тыйым салынды. Бұл қазақ халқының ұлт-азаттық күресіне ұласып, халықтың наразылығын тудырды. Сырым Датұлы, Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған көтерілістер патша отаршылдары мен жергілікті феодалдардың, хандар мен олардың айналасындағылардың тарапынан жасалған қысымшылыққа қалың бұқараның берген жауабы еді. Жалынды патриот өр рухты ақын Махамбет шаруалар көтерілісінің идеялық көсемі болды.

Он жылдан астам уақытқа созылып, қазақтың үш жүзінің басын қосқан Кенесары Қасымұлы ханның басшылығымен басталған ұлт-азаттық қозғалыс Ресейдің қамқорлығындағы қазақ мемлекеттігін қалпына келтіріп, оның территориясының тұтастығын сақтап қалуға бағытталды. Жеңіліс тапқанына қарамастан, бұл Қазақстан аумағында болған аса ірі көтерілістердің бірі болды.

Қазақстандағы барлық көтерілістердің негізгі қозғаушы күші феодалдық қанау мен отаршылдық езгіге қарсы күрескен қарапайым қалың бұқара болды.

ХХ ғасырдың басындағы тәуелсіздік үшін күреске оны еуропалық үлгіде жүргізуді көздеген реформаторлық зиялы қауым басшылық етті. Қозғалыс басшылары мен «Алаш» партиясы федеративтік Ресейдің құрамындағы демократиялық автономия құруды аңсады және елді буржуазиялық-демократиялық жолмен дамыту принципін ұстанды. Ұлттық интеллигенцияның неғұрлым радикалды бөлігі бұл мәселелерде социал-демократиялық принциптерді ұстанды.

1916 жылғы көтерілістің барысында Қазақстандағы хандық институт еңсесін көтере бастады. Көтерілісшілер өздерінің ханын, сардабектерін (әскери қолбасшыларды) сайлап жергілікті билеушілерді, қазынашыларды және т.б. тағайындай бастады, яғни басқару жүйесін қалыптастырды. Бұл Ресей империясына бодан болған барлық кезеңдегі ең қуатты ұлт-азаттық қозғалыс болды. 1916 жыл көп ғасырларға жалғасқан қазақ халқының ұлт-азаттық күресі өзінің шарықтау шыңына жетті.

Азаттық пен тәуелсіздік үшін көптеген халықтардың өкілдері күресті: қазақтар мен орыстар, өзбектер мен украиндер, поляктар мен қырғыздар, белорустар мен қарақалпақтар, немістер мен башқұрттар және т.б.

ХХ ғасырдың басында шаруалардың жаппай қоныс аударуы белең алды, бұл үдеріс 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін де толас таппады. Байырғы қазақ жерлері, әсіресе ең шұрайлы жерлер, қоныс аударушы шаруалардың пайдасына зорлықпен тартып алынды. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс басып-жаншылған соң он мыңдаған адам қаза болып, жүз мыңдаған адам елімізден аулаққа көшуге мәжбүр болды.

1917 жылдан бастап 1991 жылдарға дейінгі аралықта Қазақстан шынайы егемендігі де, тәуелсіздігі де болмаған одақтас республикалардың бірі ретінде КСРО-ның құрамында болды. Бұл бір қиын-қыстау, қарама-қайшылықты жылдар еді.

Осындай қиын-қыстау кезеңдерде халықтың күресі ұзақ жылдар бойы жалғаса берді. Тоталитарлық кеңестік режимге қарсы 300-ден астам бас көтерулер болды. ХХ ғасырдың 60-ыншы жылдарының басында «Жас тұлпар» деп аталатын студенттік қозғалыс қанат жайды. 1979 жылдың маусымында сол кездегі Целиноградтың тұрғындары, түрлі ұлт өкілдері орталықтың осы аумақта неміс автономиясын құру туралы пиғылына қарсы жаппай демонстрацияға шықты.

1986 жылдың желтоқсанында Алматының студент жастары қазақ тіліне, ұлттық мектептерге, мәдениет пен кадр мәселелеріне тиісті статусты талап етіп, ашықтан-ашық әміршілдік-әкімшілік жүйеге қарсы шықты. Бұл бас көтеру ұлтшылдық сипатта емес еді және мемлекеттік құрылысты құлатуға, республикамыздың басқа халықтарына қарсы ашық қарсылыққа үндеген жоқ болатын.

Жастар қозғалысы республикамыздың басқа да қалаларында – Қарағанды, Жезқазған, Көкшетау, Талдықорған, Целиноград және т.б. өріс алды. Жаппай репрессия басталды және бұл оқиғаларға «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде сипаттама берілді. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың пікірінше, 1986 жылдың желтоқсанындағы оқиғалар біздің жастарымыздың сана-сезімінің қаншалықты өскендігі мен утопиялық социалистік идеялардың қаншалықты түрде құрдымға кетіп бара жатқандығын көрсете отырып, тәуелсіздікке қол жеткізудің бастауы болды: «1986 жылдың желтоқсанында Алматы ұлт мәселесін шешудегі социалистік доктринаның күйрегендігін айқын көрсетті». Бұл бас көтерулер тек КСРО-ның ыдырауының ғана емес, сонымен бірге бүкіл социалистік лагерьдің күлі көкке ұшқандығының жаршысы болды.

ХХ ғасырдың 80-90 жылдары аралығында республикамыз біздің арғы бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің даңғыл жолына түсті. 1990 жылдың сәуірінде Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Н.Ә. Назарбаевты республикамыздың Президенті етіп сайлады, бұл бізді ғасырлар бойы аңсаған азаттық пен егемендікке бір табан жақындата түскен маңызды қадамдардың бірі болды. Осы институтты енгізу мемлекеттік билікті компартия мен орталық биліктен неғұрлым тәуелсіз етуге, жаңа мемлекеттің негізін қалауға мүмкіндік берді.

1990 жылдың 25 қазанында біздің республикамыз Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны жариялады, онда республикалық заңнаманың одақтық заңнамадан басымдығы баса көрсетілді. Бұл құжат Қазақстан аумағының бөлінбейтіндігін және оған қол сұғылмайтындығын бекітті. Республика халықаралық құқықтың шынайы субъектісіне айналып, дербес сыртқы саясат жүргізу құқығын алды. Кейіннен Қауіпсіздік кеңесі қалыптастырылды. Алмаз қоры құрылды. Республиканың дербес Қарулы күштерін құру бойынша шаралар қабылданды.

1991 жылдың 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Қазақстан өз еркімен әлемдегі төртінші ядролық әлеует қорынан бас тартты. Бұл халқымыз аңсаған тағдырлы шешім болды.

1991 жылдың 7 қыркүйегінде республикалық компартия, келесі айда –Қазақстан Жастар одағы (ЛКЖО) таратылды да, сөйтіп қоғамдық сананы идеологиясыздандыру, отарсыздандыру, тоталитаризмнен кері шегіну үдерісі басталды.

1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің сессиясында Қазақ ССР-і Қазақстан Республикасы деп қайта аталды.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заңы қабылданды, ол заң бойынша республика тәуелсіз, демократиялық, унитарлық және құқықтық мемлекет болып жарияланды.

Осылайша, 1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақ халқының және көпұлтты республикамыздың басқа халықтары өкілдерінің сан ғасырлық арманы орындалды – тәуелсіз ел – Қазақстан Республикасы қайта өрледі.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде үлкен демографиялық өзгерістер болды, тәуелсіз, зайырлы және демократиялық Қазақстанның негізі қаланды.

Тарихшылар әр нәрсені салыстырып қарағанды ұнатады. Олай болса, 1917 жылдан 1947 жылға дейін, яғни 30 жыл ішінде «Кеңес елін модернизациялау» деген желеудің салдарынан 50 млн-ға жуық адамның өмірі қиылып, оның ішінде Ұлы Отан соғысы кезінде 28 млн-нан астам адам құрбан болған екен. Ел аштықты, ГУЛАГ жүйесін, «басқаша көзқарастағыларды» қудалауды бастан өткерді.

Ал дәл осындай 30 жыл мерзім ішінде Қазақстан қантөгіссіз, ешқандай ашаршылық-нәубетке ұрынбай жаңғырудан өтіп, өміршең және іс-әрекетке қабілетті мемлекет құрды. Жаңа тәуелсіз мемлекетті құру оңай болды ма? 90-ыншы жылдардағы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен қазіргі кезеңдегі халықтың әл-ауқатын, сол кезеңдегі мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын қазіргі кезеңмен салыстырар болсақ, көп нәрсеге көз жеткіземіз.

Кеңестер Одағының шекпенінен енді ғана шыққан мемлекетте экономиканы қайта құру, жаңа саясатты қалыптастыру, әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру үшін ресурстар, білікті мамандар, мемлекеттің қазынасында қаражат болған жоқ. Осының бәрін «жоқтан жасау» қажет болды. Шетелдік инвестицияға мұқтаж болдық.

Бүгінгі жетістіктердің барлығы Қазақстан халқының даналығы мен төзімділігінің, тәуелсідіктің елең-алаңында ел тізгінін қолға алған азаматтардың арқасында іске асты. Тәуелсіздікті алғаннан оны сақтап тұрудың қиындығы басымырақ. Осындай ересен жауапкершілікті арқалай отырып, басқарып отырған халықтың көңілін табу оңай іс емес. Сондықтан да, кейінгі уақыттағы елімізде болған мазмұн-мағынасы тереңнен зерттеп, зерделеуді қажет ететін оқиғаларды назарға алсақ, Мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаевтың барлық бастамаларын ел болып қолдау, елімізді саяси-экономикалық дағдарыстан алып шығу барша қазақстандықтардың азаматтық парызы.

Тәуелсіздік – бұл біздің халқымыздың ең басты құндылығы және ең маңызды байлығы. Бұл біздің тарихымыздағы ең маңызды да тағдыршешті оқиға. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау – Отанымыздың әрбір азаматының аса маңызды міндеті әрі қасиетті борышы.

Біздің әрқайсымыз аңсаған азаттық пен тәуелсіздігімізді ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа аманаттау үшін тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту үшін барымызды салуымыз қажет.





    1. Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет