Мемлекеттілік дәстүрдің дәуірі



Дата18.11.2022
өлшемі399,38 Kb.
#51121

Биыл – «Ұлық ұлыс» Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл. Жошы ұлысы орнаған даңғайыр даланың Дешті Қыпшақ бөлігі – бүгінгі Қазақ елінің байырғы мекені. Қазақстан өзінің мемлекеттілік дәстүрінің қалыптасуында осы тарихи кезеңге үлкен мән береді. Алтын Орда тарихы тек Қазақстанның емес, Моңғолия, Ресей, Украина, Молдова, Кавказ бен Еуропаға дейінгі жер-судың шежіресі. Алтын Орданың алғашқы билеушісі Жошы, ал қос қанатты басқарған ұлдары Бату мен Орда Еженнен кейін елуден астам хан таққа отырған екен. 1465 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандар Шайбан Әбілқайырға өкпелеп емес, аталары Орда Ежен, Орыс хан іргесін қалаған Ақ Орда билігін қайта құрғысы келгені анық. Қазақстан дербес мемлекет ретінде осы мыңжылдыққа татитын мұраға ерекше назар аударып отыр.

Мемлекеттілік дәстүрдің дәуірі


Академик, қыпшақтанушы Б.Көмеков қазақ мемлекеттігі көшпелі сақ дәуірінен басталып, 2,5 мың жылға созылатынын айтқан еді. Қазақ хандығына дейін дәл осы аумақта 17 көшпелі мемлекет өмір сүрген. Ерте және ортағасырда мемлекеттіліктің екі негізгі сипаты болды – оның үздіксіздігі мен сабақтастығы. Мал шаруашылығы мен географиялық фактор Ұлы Далада көшпелі мемлекеттің табиғаты мен елдік атрибуттарын, Дала өркениетін қалыптастырды.
XIII ғасырда Дешті Қыпшақты шығыстан келген моңғол-түрік әскері жаулап алғаннан кейін, келуші және автохтонды мәдениеттің, материалдық және рухани күштің күресі болды. Моңғол және қыпшақ мәдениетінің ассимиляциясында, тілдік, діни, дәстүрге бай қыпшақ мәдениеті басқасын өзіне сіңіріп алды. Күлтегін ескерткішінде жазатын: «Ілгеріде Қыдырхан жынысынан Темір қақпаға дейінгі» түрік-қыпшақтардың қосылуымен осы кезең маңызды болды. Ол әсіресе Қазақ хандығына негіз болған Ақ Ордада ерекше көрініп отырды. Расында, тарихи және әдеби еңбектерде әртүрлі аталатын, бірақ заты бір Дешті Қыпшақ, Тұран даласы, Ұлы Далада сонау сақ, ғұн, көк түріктер мен кейінгі қыпшақ кезеңінде мемлекеттік дәстүр-салт орныққан еді. Патша ордасы, жазғы және қысқы астаналары, қызметкерлер иерархиясы, дипломатиясы, әскери тәртібі, мыңдықтар мен түмендіктерден тұратын қолы, оң және сол қанатқа бөлініп, белгілі территорияны қорғап отырды. Мәселен, түрік қағанатында қағанға қызмет еткен бұйрықтар мен тархандар, еркіндер мен тегіндер, хаттама жүргізген бітікші-бәдізшілердің болғанын білеміз. Алтын Орда мемлекетінде хан сарайында дәл осындай уәзір мен беклер-бек, бітікшінің болғаны белгілі. Моңғол билігінің келуімен Қыпшақ даласы біртұтас қағанаттың астына бірікті, мықты әскери тәртіп, ортақ заң жүйесі бекітілді.
Қытай деректеріне жүгінсек, «Чжоушу» кітабының 50-баяны, «Туцзюэ» бөлімінде «Туцзюэ (түріктер) – сюннулардың өзге бір түрі болатын, билеуші әулеті ашина деп аталады, олар өз алдарына бір қауым болып қалыптасқан» делінеді. Ал, Шығыс Қазақстандағы Берел қорымы мен Тарбағатайдағы Елеке сазында табылған б.з.д. IV-III ғғ. жататын патша қорымдарындағы адамдардың бас киімі, аңдық стиль мен ДНК зерттеулері олардың ортағасырлық түріктермен байланысын дәлелдеген еді. Академик О.Смағұл физикалық-антропологиялық материалдарға сүйене отырып қазақтардың қазіргі өңірде 4 мың жыл бойы мекендеп келе жатқанын айтады. «Біздің бабаларымыз ежелгі тас, темір дәуірлерінде, антикалық қола дәуірінде, бертіндегі Түркі қағанаты заманында дәл осы атамекенінде өмір сүрген. Нақты ғылыми дәлелдердің өзі ұрпақтар сабақтастығының 40 ғасырға жететінін көрсетеді. Халқымыздың осындай көне тарихын айғақтайтын материалдарды қазіргі қазақтардың дене құрылысынан, қандарынан, тері бедерлерінен, дәм сезімдерінен, қаңқа сүйектерінен, тіс құрылыстарынан анықтай алдық» - дейді ғалым.
Олай дейтін болсақ, Алтын Орда дәуірі қазақ мемлекеттілігі қалыптасуының қақ ортасында тұр. Ғалым В.П. Юдин «Чингиз-наме» деген еңбегінде «Қазақ даласының XIII-XIV ғасырдағы тарихын мұқият зерттемей Қазақ хандығының құрылу тарихын түсіне білу мүмкін емес» деген пікір айтады. Академик З.Қинаятұлы «XIII-XIV ғасырдағы Қазақ даласы дегеніміз – ұланғайыр Шығыс Қыпшақ даласын мекен еткен көшпенді Қыпшақ Сақтары және оған шығыстан келіп қосылған ежелгі Түркі тайпаларының басқосу тарихы» деп айтады. Тұтас халықтарды біріктіріп, алапат күшке айналған орданың бүгінгі мемлекеттіліктің мәйегі болғанын білген абзал.
«Жошы хан» кесенесі www.archaeology.kz/mura?id=450
Алтын Орданың қоғамдық құрылымы
Алтын Орданың тағдырлы тарихы отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарында қарастырылған. Бірақ елімізде дәл осы кезеңді жеке-дара зерттеумен айналысатын тарихшылардың саны аз. Тіпті, көркем шығарма туралы айтқанда Кеңес кезіндегі жазушы І.Есенберлиннің «Алтын Орда» трилогиясын еске алатынымыз рас. «Қазақстан тарихының көне замананнан бүгінгі дейінгі тарихының» бес томдығында Алтын Орда дәуірі турасында егжей-тегжейлі жазылған. Шыңғыс хан Моңғол империясын құрған соң, Қазақстан аумағы моңғолдың үш ұлысының құрамына кіргені белгілі: үлкен(далалық) бөлігі – Жошы ұлысының құрамына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі – Үгедейге қарады. Шыңғыс қағанның үлкен ұлы Жошы өз ұлысын тәуелсіз мемлекет етуге күш салды. Жошының ұлы Бату қолы Ресей жеріне, Еділдің батысындағы жерлерге жорық жасап, Жошы ұлысын Алтайдан Дунайға дейін кеңейтіп, орталығы төменгі Еділде орналасқан іргелі мемлекетке айналдырды. Тарихи әдебиетте бұл мемлекеттің аты «Алтын Орда» деп орнықты. (Қазақстан тарихы(көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. ІІ том. – Алматы: Атамұра, 1998. – 81 б.) Бірақ, «Алтын Орда» деген мемлекеттің емес, тікелей хан ордасының атауы деп қарастыратын зерттеушілер де бар. Қалай болғанда, Алтын таудан(Алтай) тараған, металл өңдеп, алтын құйған, аумағынан бірнеше «Алтын патша» табылған халық үшін «Алтын Орда» атауы жат болмаса керек-ті. Алтын Орданың астанасы Сарай-Бату(қазіргі Астрахань маңы) болды, кейінірек астана солтүстікке қарай Сарай-Беркеге көшті. Яғни, аталған аралықта қала-кітапханалар қиратылып қана қоймай, салынып жатқанын да ескеру керек. Бірақ Батудың өзі де, мұрагерлері де Алтын Орданы біртұтас орталықтан басқармағаны туралы айтылады. Орда-Ежен ұлысының әміршілері іс жүзінде тәуелсіз шешімдер қабылдап, өздерін Алтын Орда хандарына бағынышты деп санаса да, құрылтай жиналыстарына бармаған кездері де болған. Жошы ұлысын екі қанатқа бөлу арқылы бір жағын Орда Ежен, екіншісін Бату хан басқарып отырды. Орда Ежен ұлысына Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі, Ертіс бойы, Ұлытау мен Қаратауға дейінгі жерлер кірді. Орда Ежен – кейінгі Қазақ хандарының атасы екендігі белгілі. Оның ұлысы шығыстың тарихи деректерінде «Ақ Орда» деп аталады. (Қазақстан тарихы(көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. ІІ том. – Алматы: Атамұра, 1998. – 82 б.) Ордадағы биліктің тізгіні осы ұлыс ұрпақтарының арасында алмасып отырды.
Алтын Орданың саяси-мемлекеттік құрылысына келетін болсақ, онда ұлыстың мемлекеттік құрылысының түп негізі сақталды. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде қызмет адамдарынан, сондай-ақ көшпелі, әскери шонжарлардан құралған әкімшілік-шенеуніктік аппарат маңызды орын алды. Олардың ішінде түрік халықтарынан шыққан – қыпшақтар, ортағасырлық ұйғырлар, Еділ бұлғарлары елеулі рөл атқарған екен. Армияны және мемлекеттің ішкі істерін тікелей басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Хан атынан бүкіл әскери істі беклер-бек басқарды, ал азаматтық биліктің басы уәзір болды. Беклер-бек әскери өкіметтің өкілі ретінде «патшалар мен сұлтандардың кеңесшілері» - уәзірден дәреже жағынан жоғары тұрды; ол сондай-ақ басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарды басқарды және негізгі әмір ретінде азаматтық істерді шешкен кезде жоғары сот билігін өз қолында ұстаған. Уәзір орталық үкіметтің атқарушы өкіметінің басшысы, мемлекетті азаматтық тұрғыдан басқару ісінде ханның кеңесшісі болды.
Алтын Орда мемлекетін басқару ісінде даруғалар мен басқақтар да маңызды орын алды. Даруғалар негізінен салық жинау, басқақтар басқару міндетін де атқара отырып, жергілікті халыққа әскери бақылауды жүзеге асырды. Кейбір жергілікті жерлерде олар салық жинаумен де айналысты. Атқарушы өкіметтің орталық органы диуандар қаржы, салық және басқа ведомствоға ие болды, ал диуанның бітікші деп аталған хатшылық қызметкерлері де болды. Бұдан көріп отырғанымыздай, Алтын Ордада шенеуніктік-әкімшілік аппарат жұмыс істеп тұрды. Осындай қатаң иерархия мен тәртіп Алтын Орданың феодалдық-әскери құрылысын нығайтты.
Алтын Ордада әкімшілік және әскери істер ғана емес, Орталық Азияда Қыпшақ дәуірінен гүлденген білім мен ілім, медицина, сауаттылық та кемшін қалған жоқ. Әрине, моңғолдың шапқыншылығы оңтүстік өңірдегі ірі кітапханалар мен ғибадатхана, архитектуралық нысандарды күйреткенін білеміз. Дегенмен Орданың іргесінде сауат ашу мен қала мәдениетін таратуға хорезмдіктер, ирандықтар, түркі-бұлғарлар, қыпшақ, қарлұқ, қаңлылар және ұйғырлар, шығыстан қытайлар мен тибет буддистері ықпал етті. 
Сырттан келіп-кетушілер көп болғандықтан, Ұлыс халқының этникалық құрамы да әрқилы болғаны рас. Олар негізінен түрік халықтары, Еділдің бойы, Қара теңіздің қыпшақтары, Хорезм мен Еділ Бұлғариясының халықтары, сондай-ақ шығыс славяндары мен угро-финдер де болды. Билеуші моңғол әулеті осы халықтардың мәдени ықпалына түсіп, XIII ғасырдың соңына қарай түркі тілі мен ислам дініне көшті. (Қазақстан тарихы(көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. ІІ том. – Алматы: Атамұра, 1998. – 87 б.) Алтын Орда дәуірінде Еуразия даласындағы Жібек жолы тоқтап қалғанымен, халықтың келіп-кетуі толастаған жоқ. Ал, Жібек жолының бір бағытын теңіздің бойымен саяхатшы Чжэн Хэ жалғастырғаны тарихтан белгілі. Ол ары қарай батыс саяхатшыларының географиялық ашылуларымен жалғасын тапты. Түрік тілі және ислам дінінің келуімен Алтын Орда жаңаша кейіпке еніп, қолөнер, сәулет, монша, ыдыс-аяқ пен әшекей, геометрия, медицина дамып, Шығыс елдері және олардың астаналарымен байланысы нығая түсті. Мәселен, Алтын Орда астанасы Сарай-Батуға түрлі миссионерлер, қолөнершілер, құлдар да өзімен бірге мәдениет ала келді. Алтын Орда, Ақ Орданың тарихы тек шапқыншылық пен қанды соғыстар, хандардың ауыс-түйісі ғана емес, сол уақыт пен кеңістікте өмір сүрген халықтардың біртұтас шежіресі деуге болады. Алтын Орданың мұрасы XVI-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығынан да, сол кезеңдегі Орта Азияның, Сібірдің, Еділ бойының, Солтүстік Кавказ бен Қырымның түрік мемлекеттерінен көрінді. Мемлекеттің қоғамдық-саяси құрылысынан, атап айтқанда хан билігінің Шыңғыс ұрпақтарынан таралуы да соны көрсетеді. Сондықтан, биылғы жылғы Ұлық ұлыстың 750-жылдығы Қазақстаннан бөлек, алыс-жақын түрік халықтары үшін мерейлі дата болмақ.
Алаша хан кесенесі / www.archaeology.kz/mura?id=450
Алтын Орда – Алты Алаштың тарихы
Алтын Орданың тарихы біз үшін Қазақ хандығының алғышарты ретінде маңызды. Ол туралы Қазақ хандығының 550-жылдығын өткізу кезінде мемлекет қайраткерлері мен тарихшы-ғалымдар жан-жақты айтты. Сол кездегі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаев хандықтың 550-жылдығына арналған конференцияда: «Кең байтақ Еуразия даласын мекен еткен ежелгі тайпалар, асыл тарихтан тасқа қашап жазған Көк түріктері мен бірнеше ғасыр бойы біртұтас халықтың басын біріктіріп келген Алтын Орда дәуірі елдігімізді қалыптастырудың бастау арнасы болса, осыдан 550 жыл бұрын пайда болған мемлекеттік құрылым тамырлы тарихымыздың іргелі кезеңі» деген еді.
Қазақ хандығының құрылуы – Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу мен Түркістанның кең аумағы аралығындағы әлеуметтік-экономикалық және этносаяси үрдістердің оң нәтижесі болды. Хандық – қазақ халқының ғасырлар бойы сақтап, көздің қарашығындай қорғап келген мемлекеттік нышаны. Бұл бір әлемдік мемлекеттік құрылым тәжірибесіндегі айрықша ізденіс еді. Ол туралы конференцияда Б.Кәрібаев, М.Әбусейітова, Е.Сыдықов сияқты тарихшылар айтты. Қазақ хандығының құрылуымен бірге қазақ халқының құрылу процесі де кемеліне келді. Яғни, қазақ халқы қазіргі атауын шығарып, өзінің тарихтағы орнын анықтауға кірісті, «қазақ» атты нақты этноним қалыптасты. Қазақ хандығы кезеңінде қазақ мемлекеттілігі, оның территориясы мен белгілі этникалық құрамы айқындалды дейтін болсақ, Алтын Орда мен Ақ Орда уақытында соның берік негіздері қалыптасты. Хан билігін нығайту үшін ақша саясаты жүргізіліп, заңдар жинағы таратылды, ал сыртқы саясатты хан канцеляриясы алыс-жақын елдермен дипломатиялық-экономикалық мәселе жөнінде хат-хабар алысып отырды.
Яғни, Қазақ хандығының құрылуы тұтас аймақтық саяси және этногеографиялық процеске ықпалын тигізді. Осы жерде түбегейлі маңызды факторларды атап өтуге болады. Ол – қазақ мемлекетінің Алтын Орданың аумағында құрылуы; оның негізін қалаушылардың да Жошыдан тарауы; сол аумақта өмір сүрген халықтардың Қазақ хандығының этникалық құрамына енуі; сонымен қоса мемлекеттік басқару дәстүрлерінің жалғастығы сақталды.
Бұл пікірді Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі де растайды. «Алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақ даласын тұтас билеуді, сол арқылы Жошы ұлысын – Алтын Орданы қайта қалпына келтіруді көздеді. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашиди» еңбегінде: «Қасым хан күллі Дешті Қыпшақты бағындырып, Жошы ханнан соңғы уақытта ешкім қол жеткізе алмаған табыстарға жетті. Оның әскерінің саны миллионға ұласты» деп жазған. Сондықтан Қазақ хандығын Алтын Орданың мұрагері деп атауға негіз бар дейді.
Ұлық ұлыстың негізін қалаған Жошының туылуы мен өлімі туралы тарихшы-ғалымдардың арасында пікірталастар мен әртүрлі деректер көп. Дегенмен, бір ақиқаты – Жошы құрған ұлыстың Қазақ хандығына саяси-географиялық, этникалық-мәдени тұрғыда негіз қалыптастырғанын, ең маңыздысы қазақ мемлекеттілігінің қайнар бұлағы екендігі белгілі. Қазақстан территориясында өткен ғасырда академик-ғалымдар Қ.Сәтпаев пен Ә.Марғұлан зерттеген Ұлытау өңіріндегі Жошы хан мен Алаша хан кесенелері – Ұлық ұлысты айғақтайтын үлкен тарихи мұралар. Жалпы, Шыңғыс ханның Бөртеден туған ұлдарының ішінде жерлерген жері анықталған жалғыз ескерткіш осы Жошы хан кесенесі екен. Сондықтан бүгінгі қазақ жеріндегі Жошы кесенесі Ақ Орданың тарихы ғана емес, жалпы Моңғол империясы тарихынан сыр шертеді. Кесененің Қазақстан жерінде орналасуы Ұлық ұлыстың осы аумақта болғанын және Ақ Орданың қазақ мемлекеттілігінде ойып тұрып орын алатынын тағы да дәлелдей түседі.
Алайда, Жошының және оның ұрпақтарының атын таңбалап, ұрпақ алдында насихаттау жұмыстары кемшін қалып жатқанын жасыруға болмайды. Себебі, еліміздің бас қалаларында, музейлерінде Жошы мен оның құрған елі туралы көшелер мен орталықтар жоқтың қасы. Алтын Орда туралы сөз даңғаза мақтан, жалған кеудемсоқтық болмауы үшін нақты шешімдер қабылдануы тиіс.
«Алаша хан» Жезқазғаннан солтүстікке 90 км, «Жошы хан» солтүстік-шығысқа қарай 45 км жерде
Алтын Орданың 750 жылдығын өткізу шаралары
Осы орайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беріп, Алтын Орданың 750 жылдығына орай төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристерді тарту керектігін айтқан еді. Былтыр тамыз айында өткен «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумында да Мемлекет басшысы «Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс» деді. Өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнатып, оның тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі пайдалануды тапсырды. Алтын Орда дәуірінің құнды жәдігері Жошы хан кесенесінің алыс-жақын ел туристерінің қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Мәселен, Өзбекстанның Самарқанд, Бұқара қалалары мен ондағы көненің көзі болған орындар бүкіл әлемнің жұртшылығын тартады. Өзбекстанда қазір зиярат-туризмі, Нақышбандия туристік фестивалі жиі ұйымдастырылады. Мәселен, Рамазанды Өзбекстанда өткізу туралы жарнамалық өнімдер шығып, Өзбекстан Имам әл-Бухаридің отаны ретінде алыс-жақын мұсылман елдерінде насихатталып жатыр. «Global Muslim Travel Index» әлемдік рейтингінде Өзбекстанның зиярат-туризмі 22 орынға көтеріліп, ИКҰ ішінде мұсылман әлемінде турист көп келетін 10 елдің ішіне кіреді екен. 2019 жылы Өзбекстанға келген туристердің саны 6 млн 748 мыңға жеткен, (26,2 пайызға өскен), туристік қызмет экспорты 1 313 млн доллар(26,1 пайызға өскен), туроператор – 1482, визасыз мемлекет саны – 86(+47) (ӨР Туризмді дамыту мемлекеттік комитеті жинағы). Міне, дәл осындай туристік әлеуетті Қазақстандағы қасиетті орындар, тарихи ескерткіштер, ерекше археологиялық нысандар есебінен дамытуға болады. Тек оған тиісті инфрақұрылым, лайықты сервис керек. Туризмнің тәжірибесін алыстағы АҚШ-тан емес, қасымыздағы көрші мемлекеттерден алған тиімді.

«Жошы хан» кесенесінің жанындағы туристік кешен нобайы / www.ortalyq.kz
«Сындарлы қоғамдық диалог – қоғам дамуы мен тұрақтылығының негізі» жолдауына сәйкес 2019 жылы 31 желтоқсанда "Ұлық Ұлыс" – Алтын Орданың 750 жылдығына дайындық және оны мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Үкіметтің қаулысы қабылданды.( http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1900001059) Іс-шаралар жоспары бойынша: ұйымдастыру-дайындық жұмыстары, ғылыми-зерттеу жүргізу, тарихи-мәдени мұра объектілерін реставрациялау және салу, мәдени-бұқаралық іс-шаралар, ақпараттық қамтамасыз ету, имидждік бейне-өнімдерді шығару, туристік маршруттарды әзірлеу, көліктік-инфрақұрылым желісін құру қарастырылған. Оның бір бөлігі төмендегі кестеде көрсетілген.



Іс-шараның атауы

Аяқталу нысаны

Жауапты орындаушылар

Орындалу мерзімі

Қаржы көлемі
(мың теңге)

Тарихи-мәдени мұра объектілерін реставрациялау және салу

1.

"Жошы хан" кесенесінің жанында туристік кешен салуға эскиздік жобаны, ЖСҚ әзірлеу

эскиздік жоба, ЖСҚ

Қарағанды облысының әкімдігі

2020 жыл

44 000

2.

"Жошы хан" кесенесінің жанында туристік кешен салу

туристік кешен

МСМ, Қарағанды облысының әкімдігі

2020 жыл

800 000

3.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде "Алтын Орда және Қазақ хандығы залы" экспозициясын құру

зал құру және реэкспозиция

МСМ

2020 жыл

175 090

4.

Алаша хан кесенесінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу

ғылыми-реставрация
лық жұмыстар, аумақты абаттандыру

МСМ

2020 жыл

12 000

5.

"Ұлытау" ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі визит-орталығының құрылысын аяқтау; аумағын абаттандыру; экспозициясын құру

пайдалануға енгізу

МСМ,
Қарағанды облысының әкімдігі

2020 жыл

527 267

6.

Сарайшық қалашығында ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу

ғылыми-реставрациялау жұмыстары

МСМ

2020 жыл

30 000






















Алтын Орданың 750 жылдығына дайындық және оны мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Үкіметтің қаулысынан / http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1900001059
Кестеде берілген тарихи-мәдени мұра объектілерін салудан басқа, Алтын Орданың тарихи мұрасын зерделеуге арналған халықаралық конференция, археологиялық қазба жұмыстары, «Алтын Орда» көрмелерін өткізу, Алтын Орда, Жошы хан, Алаша хан және тағы басқа тұлғалардың тарихы туралы ғылыми-танымдық деректі фильмдердің циклін шығару, Ұлытау ауылының маңында туристерді қабылдау үшін этноауыл құру (ипподром, қонақжай үйлер), мейманханалар салу, гид-аудармашыларды дайындау, Жошы хан, Алаша хан кесенелері, Зыңғыр тас петроглифтері, Тоқтамыс хан, Едіге хан мазарлары, Алтын шоқы, Хан Ордасы төбелері, Кененбай су қоймасына жету үшін автомобиль жолдарын жөндеу, көлік тұрақтарын салу жоспарланған екен. Ұлытау өңіріне келетін туристерді тиісті ақпаратпен қамту, мобильдік байланыс сапасы, денсаулық сақтау мәселелері де маңызды болмақ. Ұлытау өңірінің тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін қалыптастыру және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу жөніндегі мәселе де пысықталуда. Бұл тапсырмалардың барлығы күзде жалпыхалықтық деңгейде өтетін шараға дайын болуы тиіс.
Елбасы Н.Назарбаев айтқандай «Біз кеше ғана пайда болған халық емеспіз. Бұл – ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер» екенін айғақтағымыз келсе, сол тарихи атауларды бүгінгі тарих бетіне таңбалап отыру керек. Расында, бүгінгі Қазақстан Республикасы – ұлттық-саяси дәстүрі ежелден жалғасып келе жатқан тарихи мекенде тұр. Қазақстанның аумағында ежелгі сақ, ғұн, қаңлы, үйсін, түрік заманынан бастап, Қазақ хандығында мемлекет ісін ұйымдастыру құндылықтары қалыптасты. Қазақстан Республикасы заңдастырылған мемлекеттік шекарасы, халықаралық қауымдастық мойындаған, әлемнің беделді мемлекеттерімен тікелей дипломатиялық байланыс орнатқан, сауда-экономикалық, қаржылық-инвестициялық қарым-қатынас жасауымен баянды. Бүгінгі Қазақ қағанаты үшін кешегі Алтын Орданың дәуірі алтыннан да қымбат.
Олжас БЕЙСЕНБАЕВ
Барлық құқықтар қорғалған. strategy2050.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз: https://strategy2050.kz/news/altyn-orda-aza-memlekettiligini-da-ty-d-uiri/

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет