Менің есімім Тулғанова Зарина Аширалықызы. Мен Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды университетінде, екі шет тілі мамандығында оқимын. Бұл
бағдарлама жайлы 11 сыныптан білемін және тапсырып көрдім. Белгілі
себептермен соңғы турға жете алмадым. Енді тағы да бағымды сынап көргім
келеді.
Шынымды айтсам, менің болашақ ұстаз болуыма анамның үлесі зор. Бала
кезімнен анамның қалай сабақ өтетіні, әдістері, оқушылармен жұмысын және
бұның қаншалықты маңызды екенін біліп келдім. Мұғалім болуға
қызыққаным соншалық, анамның
оқушыларының дәптерін алып, дұрыс
жазылғанды көк сиямен қате етіп, өзім мұғалім секілді үстінен қызыл сиямен
дұрыстап қоятынмын. Ал 11 сыныпта мен ҰБТ-ға дайындық курсына
жазылдым. Сол кезден бастап, менің ішімде мақсат пайда болды: «мектеп
мұғалімі» стереотипін өзгертем деген. Бізде үш куратор болды, олар тек
куратор ғана болып қоймай, бізге әпке, сырлас, құрбы секілді болды. Мен
ойымды еш қысылмастан айтуды, өзімді еркін ұстай білуді үйрендім. Мен
оқудан жалықпадым, ондағы мұғалімдердің сабақ өту тәсілдері маған
ұнайтын: ойынмен, сергітумен, ең бастысы ұрыссыз. Және дәл осы
ұстаздарым маған «Modern Teacher Academy» бағдарламасымен таныстырған
болатын.
Сіздер неге мені таңдау қажетсіздер? Менің түсінгенім: оқушымен қандай
байланыс орнату ол сенің қолыңда және мен өз оқушыларыммен жоғарыда
айтқанымдай қарым-қатынаста болғым келеді. Балаларға сабақты қызықты
өткізе отырып, білімге деген құлшынысын арттыру. Олардан тек қана білімді
оқушы шығарып қоймай, жас ұрпақтың сыни ойлау қабілетін арттырып,
бәсекеге қабілетті, саналы тұлға шығарғым келеді. Және «Modern Teacher
Academy» бағдарламасы менің дамуым мен болашағыма көптеген
мүмкіндіктер беретіні сөзсіз.
Соңғы кездері педагог мамандығына үлкен көңіл бөлініп жатыр. Педагог
мамандығын престижді санап жатыр. Оның барлығын дұрыс деп ойлаймын.
Себебі, ғалым болсын, дәрігер болсын, олардың барлығын педагог оқытты
емес пе? Ғылымның бастауы-білім. Білімді беруші-педагог. Мүмкін, бұл
мамандық оңай болмас. Себебі әр нәрсенің өз қиыншылығы болады ғой.
Бірақ адам өз жұмысын сүйіп таңдаса және одан ләззәт ала білсе,
еш нәрсе
кедергі бола алмайды деп ойлаймын. Болашақта өзімнің «ұстаз» мәртебесіне
лайықты бола алатыныма сенімдімін!